Алматылық ғалымдар: Әлем халқының 70%-ы латын әліпбиін қолданады
Қазақстанда латын тіліне көшу мәселесі сонау тәуелсіздік алған жылдардан бері дүркін-дүркін көтеріліп келеді. Себебі, қазақ елі үшін латын әліпбиінің тарихи маңызы зор. Қазақ әліпбиі ретінде 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын графикасы қолданылып келді. 1940 жылы «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң шығып, саяси себептермен кириллицаға өттік. 2017 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ әліпбиінің латын графикасына қайтуы керектігі туралы айтты.
«Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел, соның ішінде посткеңестік кейбір елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», деген болатын.
Сол кезде, Тұңғыш Президент қaзaқ тілі әліпбиінің 2025 жылғa дейін лaтын грaфикaсынa кезең-кезеңмен көшyін қaмтaмaсыз етілyін міндеттеген еді. Содан бері елімізде латын әліпбиіне көшу бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Әліпбидің дайын болуы және оған халықтың жаппай көшуі үлкен шаруа екені белгілі. Сондықтан біздегі әліпби ауыстыру процесін үш кезеңге бөліп көрсетсек болады:
Бірінші кезең: 2018-2020 жылдaрда лaтын грaфикaсының нормaтивті-құқықты бaзaсы жaсaлып, орфогрaфияның ережелері дaйын болды.
Екінші кезең: 2021-2023 жылдaр «Ұйымдaстырyшылық және әдістемелік» деп aтaлады. Осы yaқыт аралығында лaтын грaфикaсын оқyғa бaғыттaлғaн семинaр тренингтер ұйымдaстырылып, жеке кyәлік лaтын қaрпінде шығaды.
Aл, 2024-2025 жылдaры мемлекеттік оргaндaр мен бұқaрaлық aқпaрaт құрaлдaры лaтын қaрпіне көшіп, бүкіл іс қaғaз жaңa әліпби негізінде жүргізілмек. Мемлекеттік оргaндaр мен бұқaрaлық aқпaрaт құрaлдaры лaтын қaрпіне көшіп, бүкіл іс қaғaз жaңa әліпби негізінде жүргізіледі деп күтілуде.
Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясын әзірлеуді тапсырды. Ол латын графикасына көшуде асығыстық таныстпау керектігін атады.
"Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз екі рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады", - деді мемлекет басшысы.
Президент үстірт жасалған реформаның ешқандай жақсы нәтижеге әкелмейтінін атаған болатын.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова 1990 жылдары латын әліпбиіне көшкен елдерден алатын үлгіміз болғанымен, әр елдің ерекшелігіне сай әліпбиі де әртүрлі болатынын айтты. Сондықтан бұл байыппен істелетін іс.
«Латын әліпбиіне көшкен түркітілдес елдердің тәжірибесі 2007 жылдан бері Институттың зерттеулері мен Институт ғалымдарының жеке ізденістері аясында ғылыми көзқарас тұрғысынан сараланды. Соның нәтижесінде әр елдің әліпби реформасының өзіндік ерекшелігі болатыны, бұл жағдайда өзінің ұлттық жазуына икемді болу принципі басшылыққа алынатыны анықталды. Дегенмен өзге елдің тәжірибесі біздің жазу реформамызға өзгеріссіз қолданыла алмайды. Әр ұлттың өз ерекше жолы бар.
Түркия өткен ғасырдың 20-жылдары әліпби ауыстырса, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан ХХ ғасырдың 90-жылдары ауыстырды. Ал Қазақстан жазу реформасын XXI ғасырда, яғни техника мен технология дамыған, жаһандық үрдістер күшейген, әлем экономикалық-мәдени жағынан астасқан жағдайда жүзеге асырғалы жатыр. Сондықтан біздің реформаның аталған бауырлас елдердің тәжірибесінен алатын тұстары болғанымен, олардың барлығы қазіргі жағдайға сәйкес өзгеріске, түзетуге, толықтыруға түсетіні айқын»,-деді ол.
Сондай-ақ ғалым әліпби жасау – мамандардың жұмысы, бірақ халықтың санасында қалыптасқан ортақ танымға негізделуі керек екенін жеткізді.
«Әр саланың өз мамандары болады. Сол саланың қоғам тұтынатын өнімдерін әзірлеуде, ол өнім қоғамның үдесінен шығып, дұрыс қызмет етуі және сапалы болуы үшін, әрдайым сала мамандарына арқа сүйеген дұрыс. Демек осы әліпби жасау жобасы тілтанушы ғалымдар дайындаған өнім болуымен ерекше. Алайда әліпбидің тілтанымдық өнім ретінде лингвистикалық қызметіне қоса, оның жаппай елдің тұтынуында болуымен ерекшеленетін тағы бір қоғамдық қызметі бар. Әліпби жасау кезінде терең лингвистикалық ғылыми ізденістер мен тілдік материалдың талдауына сүйену ғана жеткіліксіз. Сонымен бірге сол әліпбиді тұтынатын қоғам санасында орныққан әрбір таңбаға қатысты қалыптасқан ортақ танымдық бірлікке, мазмұнға да зер салуымыз керек»,-дейді Анар Фазылжанова.
Латын әліпбиін үйрену үшін ниет пен аздаған уақыт болса жеткілікті, деп санайды тіл білімін зерттеуші ғалымдар. Бірақ оның болашағымыз үшін берер пайдасы мол болмақ.
Филология ғылымдарының докторы, Алдаш Айман Мырзалықызы дүниежүзілік ғылым мен білімді игеріп, техникалық даму үдерісінен артта қалғымыз келмесе, бізге латын әліпбиіне өту қажет екенін айтты.
«Қазіргі таңда әлем халқының 70% осы әліпбиді қолданады. Латын әліпбиіне көшу рухани байланысты нығайтуға және қазақ тілін әлемдік деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бүгінде біздің еліміз қарқынды дамып жатқан мемлекет ретінде өмірдің барлық тұстарын жаңғырту бойынша өзіне ауқымды міндеттер қойып отыр. Латын әліпбиіне көшу – ғылымды қажетсінетін технологияларды енгізуге және цифрлық Қазақстанды қалыптастыруға мүмкіндік береді»,-деді ғалым.
Abai.kz