Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәдениет-әдебиет 3114 7 пікір 24 Қазан, 2022 сағат 16:02

Мемлекеттік сыйлық иегерлері туралы жылы лебіз

Президент Тоқаевтың қаулысымен Қазақстан Республикасының Абай атындағы 2022 жылғы мемлекеттік әдебиет сыйлығы:

Ардагер жазушы Сегізбай Кәдірбекке – «Тағдыр толқыны» романы үшін;

Жазушы Сәукетаев Тұрысбекке – «Желқайық» романы үшін;

Ақын Жайлыбай Ғалымға – «Ай таңбалы арғымақ» өлеңдер мен поэмалар жинағы үшін берілді.

Біз қаламгерлерді мемлекеттік марапатымен құттықтай отырып, әріптес іні-ағалырының пікір-сараптамаларын ұсынамыз:

 

«Мен жазушы Сегізбайұлының он сан хикаяттары мен отыз-қырықтан асатын әңгімесін, эсселерін талдап, таразыламақ емеспін. Таяуда ғана жарыққа шыққан «Тағдыр толқыны» бұдан бұрынғы жарияланған төрт романның жалғасы екенін еске салып, жазушының ел тарихының кезеңді белестерінде ғұмыр кешкен халқының қилы тағдырын өрнектеп, талай тамаша шығармалар жазғанын, оның бәрі де қалың оқырмандарының көңілінен шығып, жүректеріне жеткендігін айту еді. Қазақ халқының өзінің өмір жолын, төл тарихын білуге, одан тиісінше тағылым алуға тиісті екен­дігіне жол ашқан, сексен деген сирек бұйыратын арман жасқа аман-сау, шығармашылығы да зар күйінде жеткен көрнекті жазушының ел алдындағы абырой-беделі биік белестен көрініп, оқырманын да, өзін де қуанта беруіне тілек қосамын. Жасай бергін, жақсы жазушы, аяулы азамат, ескі досым, Кәдірбегім!»

Қуанышбай Құрманғали сыншы  (1942-2021)

Дала жыршысы – Кәдірбек Сегізбаев

«Ағыл-тегіл сөз қазынасы қазақ әдебиетіне ежелден тән. Ол бізге сонау есте жоқ ескі замандардан бері үзілмей келеді. Осындайда Мәшһүр-Жүсіптің «Қазақтың әулиелігі – тілінде» деген түйіні ойға оралады. Санасы айқын халықтың тілі көркем, танымы зор, көкірек көзі кө­реген болмақ. Ұлттық дү­ниета­нымға, дәстүрге берік жазушының бірі Кәдірбек Сегізбаев. Ақан сері, Иманжүсіп, Біржан сал жыраулық ұлы дәстүрдің заман азарда үзілер жұқанасы болса, уа­қыт өзгерген сайын ауылы көзден бұлбұл ұшып бара жатқан ур­бан­далған қазаққа салт-дәстүрді ұлықтау өзін жоғалтпау үшін жасалған ұлы түйсігі екені даусыз. Адамды түйсігі ғана алдамайды. Әлемді жаулап алған кино ин­дустриясында жаһандану қаңсығы тозып, керісінше оның ыдырауы басталатын мезеттің жұлдызы енді туып келе жатыр. Әдебиет рухы соны қалайды. Сондықтан дәстүрлі проза ескірді деп үкім шығаруға еш негіз жоқ. Айтулы жазушы Кәдірбек Сегізбаев «Бел асқан» атты романында нақты прототиптері бар, XIX ғасыр басындағы қазақ жерінің шығыс шетіндегі өмір суреттерін қаз-қалпында берген. Әлбетте, автордың қазаққа лайық зердемен, эпикалық кеңдікпен әсірелей суреттейтін тұстары баршылық. Ол алпысыншы жылдарда әдебиетке келген жазушылардың баршасына ортақ белгі. Романның үлкен ны­шандық белгісі, қазір ұмытыла бас­таған, тіліміз әбден шұбарланған соң қолдануға зауқы жоқ ескі сөздердің молдығы, бәрі ескі өмір салтынан туындайтын тілдік лексикалық қор. Мұндай тілі бай ділмәр романды оқымай кеткеніме екі онжылдықтың жүзі болыпты. Біртүрлі жатырқай бастағаныммен, әуелгі тосырқау лезде ұмы­тылып, «Беласқан» жетегіне алып кеткен. Алдыңызға қайың астаумен толты­рып, бір жабағының етін тұтас салып бергендей көрінген. Ысырап емес, қазыналы дәстүр. Сондықтан аста-төк молшылыққа бір кенеліп қалудың сәтін түсіргеніне шүкір дейміз»

Айгүл Кемелбаева жазушы, сыншы

 

 

«Тұрысбек – бүгін ғана жеткен прозашы емес; өткен онжылдықтағы «Ай қараңғысы» және кез келген басқа да романы осы мәртебеге татитын. Бүгін бәйгеге «Желқайық» түскен екен. Айтары жоқ, осы жаңа ғасырда дүниеге келген ең озық туындылардың бірі. Мұндай биік көркемдік деңгейде жазылған, бүгінгі қазақ қоғамының көкейтесті мәселелерін көтерген соқталы романның Мемлекеттік сыйлыққа жетпей қалуы – көңілінде алалық жоқ зиялы қауым үшін, көзі қарақты, ұлт мүддесін ойлайтын оқырман қауым үшін үлкен өкініш болар еді».

Мұқтар Мағауин Халық жазушысы

Роман – Бестселлер жазған – Тұрысбек Сәукетаев

«Мені романның жалпы құрылымы ерекше қызықтырды. Сіз бұл романды соңынан басына қарай парақтап, бел ортасынан кері бұрылып, тіпті әр тараудағы бөлімдерді жеке-жеке жіліктеп те оқи аласыз. Жаңашыл романист оқырманның уақытын, талғамын, зердесін – бәрін-бәрін ескеріп отырған. Тағы бір кереметі, оқырман романның ортан белінен түссін, мейлі соңынан кері қарай жүрсін, 600 бетке жуық көлемді дүниені тұтас оқуға мәжбүр болады.

...Әсірелеп, әрлеуден аулақпыз, романнан мұңлы қоңыр әуен еседі. Кей тұста қоңыр әуен аза жырындай аңырап кетеді. «Желқайықтан» «елімайлап» келе жатқан халықтың зары естіледі. Бахтияр – туған анасын ғана білетін шата. Зухра – тұл жетім, Биназар – Абыралыдағы сынақтардан дерт жұқтырған сырқат жан, Аманбаев – ғылымға келген құбыжық, Қосымхан – Сібірге тауар тасып, Тайгада орыстардың аяғын итше жалап жаны қалған қуыс кеуде, тірі өлік. Сыған – Барон қылмыс әлемінің тұтқыны. Бахтиярдың анасы – «Амур толқындарына» жалғыз өзі билейтін қосүрейлі мұңлық. Тұрар – Чернобыль апатына ұрынып, еркектік қабілетінен айрылған азбан. Әйелі Роза – еріксіз жезөкше. Профессор Ахметовтың ұлы дауасыз наркоман. Қызы – зәңгіге алданып байға тиіп, ақыры ес-ақылынан айрылып тынған елірме-ауру. Осылай кете береді. Және осының бәрі – ХХ ғасырдың қазаққа тартқан «сыбағасының» жемісі...

… ХХ ғасырдың мазмұны тұтастай, соның ішінде 1980–90 жылдардағы оқиғалар дерлік қамтылған жазушының «Желқайық» романы – қазақ прозасының кең тынысын кезекті рет әйгілеген кесек дүние».

Дәурен Қуат жазушы

 

 

«Мен Ғалым жырларының табиғатын көкірегінде қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңер едім.

Шынында да, Ғалым Жайлыбай шығармалары – бүгінгі қазақ өлеңіндегі шертпе күй! Егіліп отырып ет-жүрегіңді елжіретіп, шым-шымдап сыр төгіп отырып сүйегіңді үгетін оның жырларындағы баппен қағылып, байыппен шертілетін әуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың қалмайды».

Темірхан Медетбек ақын

Ғарыш мінезді ғазалдар жазған – Ғалым Жайлыбай

«Ұлттық әдебиетіміздің көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Ай таңбалы арғымақ» атты жыр жинағындағы ғарыш мінезді ғазалдарды оқып шыққанымда өнерге шынайы берілген өлең табиғатын көргендей әсер алып, Сарыарқаның самал желі есіп қоя бергендей күйді басымнан кештім.   Адамгершіліктің аялы алақанын сезініп, мінезі өз замандастарының ешқайсысына да ұқсамайтын ақын жырларын парақтағанымда ұзақ жыл бойы көрмей кеткен сырласымды тапқандай балаша қуанғанымды несіне жасырайын.

Дәл бүгінгідей өнердегі «биігін» өлермендікпен алуға кіріскендердің айғай-шуы әбден жалықтырып, дүниеден жұбаныш таппай, төрт қабырғаның ортасында жалғыздығыңмен арпалысып, жаның тұншыққанда Арқаның ауасындай тынысыңды ашып жіберетін осындай жұпар жырларды аңсайтын кездерің көп. Өйткені жаныңды ауырта беретін сағыныштың жарасын Сарыарқаның жазира төсінде соғатын самал желдің лебі ғана жазып, қайғыңды тербеп, қан базардың мағынасыздығынан қамыққан көңіліңе, жүрегіңді аяусыз жаншыған жалғыздық дертіне жусанның жұпар иісі ғана шипа болып, көкірегіңдегі шер-шемен болып қатып қалған мұз мұңыңды сайын даладағы көктемнің шуағы ғана ерітіп жібере алады емес пе. Найзасын намысқа қайрап, қылышын кекке суарған талай-талай батырларды да, жаны жібектей нәзік талай-талай ақындарды да дүниеге әкелген, шексіздігінен сағымның өзі адасқан дала табиғатында бәрімізді де аялай алатын дархан мінез бен баршамызды да бауырына басқысы келетін қазақтан басқа ешкім түсінбейтін құпия кеңдік бар.

Неге екенін білмеймін, адамгершілікті ар тұтқан, өмірдің қара суығын жүрек сәулесімен жылытқысы келген ақындардың арманыңды аспандата түсетін ғарыш мінезді ғазалдарымен сырласқанымда, таза ауа жұтқандай тынысым кеңіп сала береді. Шер күйім болып шертілген сол өлеңдер қаңқылдаған қаздардың үнін, бозторғайдың шырылын, шілденің аптап ыстығын, сахараның ақбөкендерін бір сөзбен айтқанда сұлулықты тірілтіп, дүние-жалғанға жан бітіріп, өмірге құштарлығымды оятқандай болады. Қобыздай күңіренген жаным жұбанып, өліараға тап келген өмірдің қайғы-қасіретін ұмытып, сол сәтте өзімді айда жүрген ғарышкердей сезінемін».

Аманкелді Кеңшілікұлы сыншы

 

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338