Ресей агрессиясы: Қазақстан өзгеріс алдында
Украинадағы соғыс әлем елдерін қорғаныс саласына ерекше қарауға мәжбүрледі. Ресей әлемде қалыптасқан қауіпсіздік келісімін жойды, сол арқылы "мемлекеттер қауіпсіздікте" деген түсінікті жойды.
Ресеймен жасалған келісімнің көк тиындық құны жоқтығын Мәскеудің өзі дәлелдеді. Ресей Украина аумағының тұтастығына кепілдік берген елдің бірі еді, бірақ өзі сол келісімді бұзды. Бұл Ресеймен одақтас мемлекеттердің де сақтану керектігін аңғартты. Ресеймен одақтастық ел аумағының тұтастығына кепіл бола алмайтындығына көп мемлекеттің көзі жетті.
Бірқатар елдер өзге елдерден қару сатып алуды арттырса, кей елдер әскери доктринасын өзгертуді бастады. Орталық Азия елдері қару сатып алу бойынша басымдықты Ресейге беріп келді. Алайда Украина соғысы бұл шешімге бірқатар өзгерістер енгізуді қажет етеді, ендігі таңда ОА елдері тек Ресейден емес, Түркия, Қытай және Израильден қару алуды көздеп отыр.
Қазақстан бір апта бұрын әскери доктринасын өзгертті. Сарапшылар әскери доктринаның өзгеруі Қазақстан билігінің геосаяси жағдайға байланысты алаңдаушылығы артқанын білдіреді деп топшылайды. 24 ақпан күні Қазақстан қорғаныс министрлігі доктринаның өзгергенін мәлімдеді. Доктринада жаппай қырып-жою қаруын қолдану, жаңа физикалық принциптерге сай түрлерінің пайда болуы мен әскери және азаматтық инфрақұрылымға кибершабуыл жасалу деген мәселелер қарастырылған. Ресейдің соңғы уақытта ядролық қару қолданамыз дегенін ескерсек, бұл қауіптерді негізсіз деуге болмайды. Ал кибершабуыл соңғы уақытта еселеп артты, әсіресе азаматтық секторға.
Қазақстанның әскери доктринасына шекара күзетін күшейту, әскерді заманауи қарумен қамтамасыз ету мәселесі өткір қойылған. Қаруды тек қана Ресейден емес, өзге елдерден сатып алу керектігі де айтылған. Ал Қазақстан әскері әзірге кеңестік және ресейлік қарумен қаруланған. Бірақ өзгеріс енгізілген доктринаға назар аударсақ, қару сатып алу жағын диверсификациялау мәселесі өткір тұр.
Қазақстан Украина соғысына назар аудара отырып, аумақтық қорғаныс жасақтарын құруды бастады. Бұл Украинаның ірі қалаларын ақпан-наурыз айларында сәтті қорғап қалған қарулы құрылымның бірі болды. Жүздеген мың жас жігіттер аумақтық қорғаныс жасақтарына мүше болып, Киев, Сум және Чернигов, Харьков облыстарында ұрыс жүргізді, басқыншы әскерін шегіндіріп, бірқатарын толық талқандай білді. Бұл тәжірибені өзге мемлекеттер де үйренуге ниетті, соның бірі Қазақстан. Қазақстан аумақтық қорғаныс жасақтарына бұрын әскерде болғандарды алып, оларды жылына екі ай жаттықтыруды (айлығы сақталады) ойластыруда. Ал жалпы бұған қатысты нақты ақпаратты әскери құпия ретінде ұстауда.
Украина соғысы осылайша бірқатар өзгерістерді әкелді. Әсіресе Ресейдің өз одақтастары үшін бұл есті жиып, ел қорғаныс ойлау керектігін нақты түсіндірді.
Ка Мырза
Abai.kz