Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко
Украина әйелдерінің батырлығы қазіргі күні бүкіл әлемді таңғалдырып отыр. Әскер қатарына қосылып, отанын қорғау – әркімнің қолынан келе бермейтін батылдық. Маргарита Ривчаченко атты украин қызы да Отан қорғау – өз борышым деп білген өжет адам. Бейбіт күнде журналист болған ол, қазір қан майданда фельдшер қызметін атқарып жүр. Бұл туралы ELLE.UA басылымы жазыпты.
Кейіпкердің аты-жөні: Маргарита Ривчаченко,
Жасы: 25-те,
Шені – кіші сержант.
– 24 ақпанда таңертең көзіңізді ашқанда ең бірінші не ойладыңыз, не істедіңіз?
– Дабылдан бірнеше минут бұрын оянған едім. Телефоныма көп хаттар келіпті. Содан кейін әкеме қоңырау шалдым. Елде соғыс басталғанын естідім.
– Соғысқа бару туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?
– Аяқ астынан қабылдадым. 24 ақпанда менің әскерилерге көмектесуім керек деп ойладым. Басқа жолды көрмедім. Ол кезде әскери қызметші болам деген ой болмады. Жөртөлеге жасырынғаннан гөрі, қару-жарағы бар әскерилердің қатарында жүргенім қауіпсіздеу шығар деп жорамалдадым.
– Бұл жердегі қызметіңіз қандай, күніңіз қалай өтеді?
– Әртүрлі. Кейде тыныш, бірнеше адамға кеңес беріп қана қоямын. Кейде жағдай ушығып кетеді. Науқастарды ауруханаға жеткізу керек, төтенше жағдайларды бақылауға алу керек болады. Сонымен қатар, біз атыс полигонына шығып тұрамыз. Мен тактикалық медицинадан сабақ беремін, өзім де жаттығамын.
– Сіздің бөлімшеңізде гендерлік кемсітушілік бар ма?
– Менің бөлімшемде жоқ. Ол жерде мені қорғайды. Бірақ басқа бөлімшелерде жағдай әртүрлі. Егер сіз кіші сержант болсаңыз, оның үстіне әйел болсаңыз, сізге кәсіби маман ретінде сенбеуі мүмкін, шеттетуі мүмкін.
– Қандай қиындықтарды бастан кештіңіз?
– Біріншіден, физикалық дайындық тұрғысынан қиын. Бронежилет киіп, жаттығу жасаймыз. Сіз полигонға шыққанда тек қарап отырмайсыз, бүкіл сауыт-сайманды киіп алып, жүгіріп жүріп, сабақ өткізесіз.
Екіншіден, бостандығыңыз шектеулі екенін түсіну керек. Өз бетіңізше ештеңе істей алмайсыз. Бірақ іс жүзінде ниет болса, бәрін жеңуге болады.
– Толыққанды соғыс кезінде сізді не таңқалдырды?
– Бірлік бар жерде мәселені тез шешуге болатындығы таң қалдырды. Мен мұнда еріктілер туралы айтып отырмын. Олар жоқ нәрсені тауып келеді.
– Қазір сіздің рухыңызды түсірмей тұрған не?
– Менің жақындарым мен болашақ армандарым. Концлагерьден аман қалып, кейінірек терапевт болып істеген әйелдің өмірі туралы Эдит Эгердің «Таңдау» кітабын оқыған соң, менде соғыстан кейін басқаларға көмектесем деген арман пайда болды.
– Украинаның болашағынан қандай перспективаларды көресіз?
– Біріншіден, Украина бұрыннан бар мемлекет, алдағы уақытта да жасай бермек. Екіншіден, халықты, экономиканы оңалтудың қиын кезеңі күтіп тұр. Бірақ біздің халқымыз ғасырлық соғысты бастан өткерді, соған қарамастан өзін, мәдениетін және генофондын жоғалтпады. Сондықтан біз одан әрі өмір сүре береміз. Бұрынғыдай болмайды, бірақ өмір сүруімізді тоқтатпаймыз. Сондай-ақ елде бала саны көбейеді деп ойламын.
– Соғыстан кейін өміріңіздегі не нәрсені мәңгілікке өзгертесіз?
– Күрделі сұрақ. Мен енді ешқашан «ешқашан болмайды» деп айтпаймын. Соғыс «қозғалыс траекториямыздың» өзгермейтініне күмән туғызды. Сондықтан мен ештеңеге уәде бермеймін.
– Украиналықтар мен әлемге не айтасыз?
– Алғыс айтқым келеді. Украинаның Қарулы Күштеріне рахмет айтқан халықты көргенде, мен де дәл солай рахметін қайтарғым келеді. Тағы айтарым, біз әлі қиналамыз. Өте қиын болады. Ұзақ уақыт бойына қиындық көреміз. Бірақ біз күштіміз. Біз сүйе алатын халықпыз. Өз бауырларымызға, елге, халыққа деген сүйіспеншіліктің арқасында біз жеңіске жетеміз.
Дайындаған Айжан Темірхан
Abai.kz