Аққали Ахмет. Сен оны ұмытпауға тиіссің!
Cуретте: Ғайпен Бейісов 20 жаста. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті (бұрынғы КГБ) мұрағатында сақталған 1941 жылы соғыс алдында лейтенант формасында түскен фотосуреті
Сіз сонау екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Берлинде ашылған «Алаш» мектебі мен Венада сахналанған қазақ пьесасы туралы білесіз бе? Бәлкім, білмеуіңіз де мүмкін. Өйткені қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінің бірі - Түркістан легоинерлерінің тағдыры түбегейлі зерттеліп, ашық айтылмай сіз бен біздің көп нәрседен хабарсыз жүре беруіміз заңды нәрсе.
Тұтқынға түскен түркістандықтар тамұқ кешті
1899 - 1907жылдары Гаагда, 1929 жылы Женевада әскери тұтқындар туралы конфенция қабылданған болатын. Әлгі конфенциялардың шарты бойынша бірінші, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мемлекеттер соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қарады. Ал адамгершілікті де, аяушылықты да білмеген Кеңес өкіметі «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар»-деді де миллиондаған тұтқындардың тағдырын тозаққа салды.
Cуретте: Ғайпен Бейісов 20 жаста. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті (бұрынғы КГБ) мұрағатында сақталған 1941 жылы соғыс алдында лейтенант формасында түскен фотосуреті
Сіз сонау екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Берлинде ашылған «Алаш» мектебі мен Венада сахналанған қазақ пьесасы туралы білесіз бе? Бәлкім, білмеуіңіз де мүмкін. Өйткені қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінің бірі - Түркістан легоинерлерінің тағдыры түбегейлі зерттеліп, ашық айтылмай сіз бен біздің көп нәрседен хабарсыз жүре беруіміз заңды нәрсе.
Тұтқынға түскен түркістандықтар тамұқ кешті
1899 - 1907жылдары Гаагда, 1929 жылы Женевада әскери тұтқындар туралы конфенция қабылданған болатын. Әлгі конфенциялардың шарты бойынша бірінші, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мемлекеттер соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қарады. Ал адамгершілікті де, аяушылықты да білмеген Кеңес өкіметі «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар»-деді де миллиондаған тұтқындардың тағдырын тозаққа салды.
Неміс зерттеушісі Кристиан Штрайттың «Они нам не товарищи» еңбегінде атап көрсетілгендей неміс армиясының «Россиядағы әскердің тәртібі туралы» бұйырығының 3 тармағын сөзбе-сөз келтірсек мынандай жолдарды оқимыз: «По отношению к личному составу Красной армии, в том числе военнопленным, требуется крайняя сдержанность и высочайшая бдительность, так как есть основание рассчитывать на коварные методы борьбы. Особенно непроницаемыми, не годдающимися расчету, коварными и бесчувственными являются азиатские военнослужащие Красной Армии»(Военно-исторический журнал №1, 1992. с. 58.). Аталған еңбекте екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен түркістандықтардың еврейлермен парапар қорлық, сұмдық пен азапты бастан кешкендігін мұрағат деректерімен дәлелденеді.
Кеңес Одағының тарапынан құрбан болған адамдардың саны бұл соғысқа қатысушы мемлекеттермен салыстырғанда да мейлінше көп болды, қалаларға, елді-мекендерге, өнеркәсіп пен көлік жүйесіне келтірген зиян адам айтқысыз ауыр сұмдықпен пара-пар еді. Неміс-фашистері басып алған кеңес територияларында «Остланд», «Үлкен Түркістан», «Еділ-Орал» сияқты мемлекеттік құрылымдарды, сондай-ақ Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «индустриалдық облыстарын» құруды жоспарлады. Соғыстың алғашқы күндерінде майданға республикадан көп адам ресурстары жөнелтілді. Мұрағат деректеріне сүйенетін болсақ тек Атырау облысы бойынша соғыста хабар-ошарсыз кеткен, қаза тапқан он сегіз мыңнан астам жерлесіміздің тізімі жасақталған. Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтардың бірі екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тұтқындар жөнінде және Түркістан легиондарында қызмет еткен (әрине көпшілігі өз еріктерімен емес) қазақтар жөнінде біз өте аз білеміз. Тұтқынға түскендерді көріп, естісек болғаны олардың барлығы сатқындар болып елестейді. Біздің санамызға осындай байламды ондаған жылдар бойы коммунистік идея тұрақты түрде құйып келді. Ал енді сол сана сезімді қирататын уақыт жетті.
Түркістан легионы, М.Шоқай т.б. туралы 1968 жылы С.Шәкібаевтің «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы шығып, кейін 1972 жылы орыс тілінде жарық көрді. Бұл кітап қызыл империяның саясаты тұрғысында жазылғаны да белгілі болатын.
Тәуелсіздік жылдары Түркістан легионы жөнінде Амантай Кәкеннің «Түркістан легионы» (-Астана, 2000. -96 бет) және филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Садықованың «История Туркестанского легиона в документа» (-Алматы:Кайнар, 2002. -248 с.) атты еңбектерін атап өтуге болады.
- Бұл жабық жатқан тақырып. Сірә, жуырда ашыла қоймас. Қызығып жүрген ешкім жоқ. Бәрін көтеруге жалғыз менің әлім жетпейді,- деген екен сонау тоқсаншы жылдардың басында марқұм Хасен Оралтай.
Ғайпен ақсақалға 2003 жылдың 10 желтоқсан күні Германиядан жазған хатында Х.Оралтай «Кітабыңызда тағы бір қомақты кітап жазылуын қажет ететін көп тарихи деректер берілген, тіпті бір емес екі кітапқа сия қоймайтын деректер баршылық. Ана Батыста біз тек Ағаев атын ғана білетін «Алаш қосындары» тақырыбы және Берлиндегі комитет төңірегі... неміс пен орыс мұрағаттары да кәдеге жаратыла отырылып зерттелсе, жалпы алғанда Түркістан, жекелегенде қазақ тарихының бір ақтаңдағы әйгіленген болар еді» деп жазды.
2008 жылдың қараша айында Хасен Оралтай мырза әкесі Қалибектің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілетен шараға қатысуға Алматы қаласына келген кезде Ғайпен қарттың бақилық болғанын естірткенде «өкінішті-ақ, кездесе алмай қалдым, түркістандықтар туралы көп мәліметті білетін ақсақал еді» деген пікір білдірген болатын.
Қай заманда, қай елде болмасын опасыздықтың аты опасыздық, сатқындық болып қала береді.
Дегенмен де соғыс туралы ащы шындықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шекендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес жауынгерлері мыңдап қырылып, тірі қалғандары қоршауды бұзып өтіп партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерлерде азап шекті. Сондай тұтқындардың бірі - соғыс жылдарында Түркістан легионы қатарында болған атыраулық Ғайпен Бейісов еді.
«Бұлбұлдың үні»
Ғайпен Бейісов 1921 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданына қарасты Талқайраң ауылында дүниеге келген. Он сегіз жасында партия мүшелігіне кандидаттықа қабылданып, Бақсай аудандық партия комитетінде жұмыс жасайды, әскерге алынып, училищеге оқуға жіберіледі. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 15-ші қыркүйекте Украинадағы Лоховица қаласының маңындағы ұрыста ауыр жараланып, неміс фашистерінің қолына түсіп, бірнеше айлар бойы лагерь азабын бастан кешіп Түркістан Ұлттық комитетіне жұмысқа тұрады. Соғыс жылдарында Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесінің Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысқан. 1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген сезікпен Ғ.Бейісов, Х.Абдуллин, Закиров, Е.Қалдыбаев тұтқындалып, ату жазасына кесіледі. Бұл кезеңде кеңес армиясының қарқынды шабуылынан қаймықан неміс-фашисттері шапшаң шегінуде болатын. Тағдырларына қарай үкім орындалар түнінде түрме күзетшілері қашып кетіп, бұлар аман қалады. Неміс түрмесінен босаған соң Қызыл Армия қатарына қабылданып, 1946 жылы әскер қатарынан босап елге оралған Ғ. Бейісов 1946 жылы РКФСР Қылмыс заңының 58-1б бабына сәйкес «халық жауы» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылып, атышулы Сібір, Степлаг, Карлагтың тозақ өмірін бастан кешіп, 1956 жылы босайды. Одан кейінгі жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарының кәсіпорындарында инженер қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тек 60 жылдан кейін Қазақстан Республикасының Бас Әскери Прократурасының № 12/3-06(Р) 2006 жылдың 24 сәуірдегі қорытындысымен ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алған. Сол қортындысымен бірге Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мұрағатында сақталған 1941 жылы соғыс алдында лейтенант формасында түскен фотосуретін қоса алған. 2007 жылдың 8 мамыр күні бақиға озды.
Ғайпен Бейісовтың «Тамұқтан өткен тағдыр» (-Алматы: «Өлке», 2002, 400 бет) атты деректі әңгіме кітабындағы басты тұлғалар екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тарихтың «ақтаңдақтар» беттерінен ойып, өз орындарын алатын қайраткерлер екендігін кәрі тарихтың өзі дәлелдеп берді. Естеліктерін 1955 жылы Қоянды басқармасының лагерінің 3-бөлімінде жүріп жаза бастаған. Көп күрсінткен күрең жылдар Ғайпекеңнің жадынан қалай өшсін.
Аталған кітапта Мұстафа Шоқай, Вели Каюмхан, Хамза Абдуллин (әдеби бүркеншек есімі Сайран), Мәулікеш Қайболдин(Асан Қайғы), Мәжит Аяпбеков(М.Дара), Баймұрза Хайт, Қарес Қанатбаев, Қази Қазыбеков(Қази), Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт) т.б. сияқты соғыс кезіндегі Берлиндегі Түркістан Комитетінің көрнекті өкілдерінің қилы тағдырлары жан-жақты әңгімеленеді.
1944 жылы Берлин қаласындағы баспадан Ғайпен Бейісовтың «Бұлбұлдың үні» атты кітапшасы үш тілде басылып шыққан. Қазақшасы латын ғаріпімен басылған. Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігін еске түсірген автордың айтуынша Максим Горькийге еліктеп жазған «Ана» әңгімесінің кейін қолға тиген кітапшада жоқ екендігіне өкініш білдіреді.
Кітапшаның орысшасы «Голос соловея», ал немісшесі «Динахтигаль» атауларымен белгілі болды. Бұл кітапшаның шығуына жәрдем берген «Жаңа Түркістан» газетін шығарушылардың бірі Хамза Абдуллин болатын. Хамза Абдуллин соғыс аяқталған соң Сталиндік лагерьдің ащы дәмін татып оралған. Ол тозақ лагерінде жүріп грузин халқының атақты «Жолбарыс тонды жиһанкез» («Жазушы» баспасы, Алматы-1974 ж, 255 бет). атты жыр дастанын қазақшаға аударғаны белгілі.
1944 жылы шыққан кітапшаның арада көптеген жылдардан кейін автордың қолына тиюіне себепші болған да Х.Абдуллин. Кітапшаның фотокөшірмесін ақсақалдың қолынан кезінде көрген болатынбыз. Аталған кітапшанының фотокөшірмесін «Шалқар» газетінің бас редакторы Уақап Қадырханұлынан сұрап алған (Егемен Қазақстан газеті, 26 қаңтар 2005 ж). Ғайпен ақсақал «халық жауы» болып сотталғанымен Отанын сатпағанын дәлелдей алмай пұшайым болғанын жыр қылып айтатын. Үш тілде шыққан кітабында «Бұлбұлдың үні», «Ананың қамқорлығын ұмытпа», «Жауынгердің күнделік дәптерінен үзінді», «Жараланған жүрек», «Демалыста» атты қадау-қадау әңгімелері басылған. Бұл кітап неміс армиясы басшылығының саяси-тәрбие бағыттағы тапсырысы бойынша шығарылғанмен, кітапшада кеңес өкіметіне қарсы бірде-бір сөз жоқ екендігін, оқыған жанға айқын да нақты білініп тұрады. Әңгімелерінің барлығы Отанға, туған жерге деген сағыныш лебімен ерекшеленеді демекпіз. Сонымен, 1936 жылы Берлин қаласында Мұстафа Шоқай радио арқылы барлық түркістандықтарға арнап, сөз сөйлегені белгілі. М. Шоқайдың сөйлеген сөзі үнтаспаға жазып алынып сақталған, кейін тәуелсіздік жылдары телевидение, радио арқылы берілді. Осы арада Мұстафа Шоқайдың радиода сөйлеген сөзін келтіре кетейік:
«Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап, Еуропаның һәр тарапында жүрген бүгінгі Түркияда тұрған, Түркістан жастары бірігіңдер!
Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың - еліміздің бақытына қызмет етпек.
Мұны ұмытпаңыздар!
Бәріміздің құбыламыз - өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ!
Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мухаббат уәзифа болмақ.
Мұны ұмытпау керек!
Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін - күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек.
Онсыз біздің күніміз қараң.
Мұны ұмытпау керек!»
Мұстафа Шоқай сөздерінің соңын «Мұны ұмытпау керек!» деген сөздермен аяқтап отырғанын аңғарамыз.
Соғыстың қаһарлы жылы - 1943-те Ғайпен Бейісов түркістандықтардың көсемі Мұстафа Шоқайдың өсиетін «Сен оны ұмытпауға тиістісің!» деп жалғастырды.
1943 жылы желтоқсан айында Украинаның Миргород қаласында тұрған 162 Түркістан жаяу әскер дивизиясының (командирі генерал-майор, хинди тілінің маманы Нейдермайер) 1-ші полкінің (командирі Харьков әскери академиясын бітірген Қази Қазыбеков) жауынгерлері алдында далалық радио торабы (репродуктор) арқылы Вермахтының Жоғары Бас командованиесінің Түркістан насихат взводының унтер-офицері шенінде ол былай депті:
«Сен, мүмкін қараңғы түнде туған шығарсың, сенің бесігіңнің үстіне қайғының қара бұлты төнгенде, қорыққаныңнан көз жасың көктен құйған жауындай жауған шығар. Сол уақытта, сені тыным таппай бейшара анаң жұбатты, сенің жөргегіңді құрғатты. Сенің түзу, берік болып өсуің үшін қызмет етті.
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Анаң екі мықыны талып, бүкшеңдеп орақ орғанда, сен іште жатып еңбек күйін тыңдадың. Сен дүниеге келіп көзіңді ашқанда, түнде шатасып жылағаныңда, анаң түн ұйқысын төрт бөліп, көзін талдырып, бесік күйін жырлап, сені тербетті, сен үшін жанын пида қылды. Сенің мазасызданбауыңа тілектес болды.
Сенің тілің шықпай тұрғанда, ең бірінші «Ана» деуге тілің келген, сен тіл үйреніп сөйлей бастағанда «Ана» деген сөзден бастағансың. «Ана» деген сөз аз - сен оны ұмытпауға тиістісің.
Анаң басқа ауылға қыдырғанда, сені екі елі қасынан қалдырмады. Сенің шүлдірлеп жаңа ғана сөйлеп келе жатқан тіліңді қызық көріп еркелетті. «Сенің табаныңа қадалған тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп тілек тіледі, бұл сенің денсаулығың үшін, дұрыс адам болып шығуың үшін тілектестігі еді.
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Сен даладан жүгіріп үйге келгенде «Қайдан келдің қарағым?» дейтін анаң, сонда сен еркелеп, тамақ сұрайтынсың. Сонда «не ішесің, қарағым?» деп, анаң барын алдыңа ұстайтын. Түсте әкесі сабаннан келгенде, анаң пісірген май бауырсақпен шай ішетінсіңдер, сонда, сен әр немені айтып, анаң мен атаңның ортасында отыратынсың.
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Сен жігіт боп өстің, қан майданда жауыңмен алыстың, енді анаңның сүтін ақта! Анаң үшін, отаның үшін, халқың үшін қызмет ет! Жауыңа қайырымсыз бол! Сенің амандығыңды анаң тілеуде, оның көзінен көл болып, теңіз суындай жастар ағуда. Кеше қан майданда, жауып тұрған қорғасын жаңбырдан аман қалдың, мүмкін анаңның тілегі үшін аман қалған шығарсың.
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Сен жігіт болып өстің, қыздарға көз салдың, ғашық оты ерікке қоймады, жастықтың мастығында жүре бердің. Ол жастық сенің басыңды сыйқырларша айналдырар, сенің көз алдыңа періштедей ғашық жарың елестер. Тек, сол жастыққа ауаланба, өзіңді-өзің берік ұстауға тырыс. Бұл саған «жастық дәуіріңді құр өткіз» деген сөз емес, ойнай бер, күле бер, жастықтың мастығында суға жүзген балықтай жүзші, саған ешкім қарсылық етпейді, кімде-кім қарсылық етсе, ол адам өмірге әлі түсініп болмаған адам, ол адаммен шатаспа, көңіліңді бөлме, ісіңді жалғастыра бер. Анаң саған осылай ақыл айтқан.
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Сүюдің де сүюі бар, кейбір жастар махаббаттың мәнісі осылай деп, он екі ай көтеріп, омыртқасы үзілген анасын ұмытып, қол ұстасып бір «қуыршақтың» соңынан тайып береді. Міне, осындайлардан аулақ бол. Сен бақытсыздыққа ұшырасаң, елден бұрын анаң есіңе түседі.
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Сенің ата-бабаң Темір, Абылай жау ортасында қол-аяғы шынжыр кісенмен байлаулы қалғанда, ашуы келіп, шынжыр кісенді тісімен үзіп, әлемге атағын шығарып, бар өмірін халқы үшін, ұлты үшін сарп еткен. Сен сол атақты Темір, Абылайлардың ұрпағы екеніңді біл, жадыңнан шығарма, балалық қылма!
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Ата-жұртың Сені сол Темір, Абылайлардың жолын қуатын қажырлы, қайыспас ер жүрек деп біліп, жауыңа қайырымсыз етіп тәрбиеледі.
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Сен ертең қолыңа қару алып, дұшпанға баратындығыңды біл! Егер, сен жау ортасында жараланып қалсаң да, дұшпанға берілмеуге тырыс. Сол кезде атаң Темір, Абылайдың қайратын есіңе түсір, солардың істегеніндей ерліктер істе! Сонда жау саған ештеңе де ете алмайды. Сонда сенің жас қаның ыршып, қайнай түседі. Сол уақытта ер болғаныңды байқамай да қаласың.
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Сағынып күткен елің, асыр сап өскен жерің, зарығып, зарланған ұлын көргенше асық. Сол елді, сол жерді, тек қана білектің күшімен, найзаның ұшымен көре аласың, жауыңнан босата аласың, сонда ғана сағынған мауқыңды баса аласың. Сенің алдыңда қол жетпес асу, таудай талап бар, бойды кернеген ашу, қайнаған ызалы кегіңе ұласқанда ғана ала алатындығыңды біл!
Сен оны ұмытпауға тиістісің!
Есіңде болсын, әркімнің де анасы бар, әркімнің де анасы осылай өсірген. Баласы анасы үшін, туған халқы үшін, кіндік қаны тамған отаны үшін қызмет етсе, сонда ғана халқың, отаның, туған анаң саған риза болады. Сенің денсаулығың олар үшін үлкен қадірлеген халқыңа, ақ сүтін берген анаңа қызмет қылумен өткіз. Сонда ғана балалық борышыңды ақтаған боласың. Дүниеге келіп байлаулы бұзау болып өтпе. «Халқым», «Елім» деген ерлердің біреуі болуға тырыс. Сонда балалық борышыңды ақтайсың!
Сен оны ұмытпауға тиістісің!»
Сол кезде бар-жоғы жиырма екі жаста болған жігіттің жүрегінен жарып шыққан жалынды сөздердің мазмұны мен маңызын түсіну бүгінгі ұрпаққа сабақ боларлықтай.
Сөйлеген сөзді Түркістан легионының жауынгерлері жылы қабылдап, көздеріне жас алған. Ғ.Бейісовтің жалынды сөзіне риза болған полк командирі Қази Қазыбеков сол сәтте «Досым Ғайпенге» деген арнау өлеңін шығарып, қоштасар сәтте қолына ұстатқан.
Қилы заманның қиын тағдырын қайыспай көтерген,Түркістан легионерлерінің айбынды сарбазы Ғайпен Бейісовтің тілегі болашаққа жалғанарына сенеміз.
Венада саханланған алғашқы қазақ пьесасы және «Алаш мектебі»
Бейісовтің «Бұлбұлдың үні» атты әңгімесінің ең өзекті де негізгі ойы - Бостандық, Азаттық.
Ғайпен Бейісов өзінің деректі әңгіме кітабында 1944 жылдың 10 мамыр күні Австрия астанасы Вена қаласында Түркістан түріктерінің І Құрылтайы болып өткендігін, келесі күні атақты Вена опера балет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты қысқа екі актілі пьесасының қойылғанын айтады. Пьеса Сырым Датұлының ұлт-азаттық күресі туралы оқиғаларды баяндайды. Сырым ролінде артист Мұхамбетқали Батыргереев ойнапты. Пьесаны журналист Мәжит Жақсылықов сахналап, музыкасын Вена консерваториясында оқып жүрген Ғалым Абсаламов пен Түркістан легионының көркемөнер үйірмесінің жетекшісі, скрипач, әрі дирижеры Айтекеш Толғанбаев екеуі бірігіп жазады. Бұл - кәрі Европа төрінде театрдағы қазақ халқының ұлт-азаттық күрес жолындағы тарихын баян еткен алғашқы туындылардың бірі болды. Аталаған қойылым туралы Ғайпекең: «Әлі есімде, шымылдық жартылай ашық тұр. Қазақтың кең даласы. Алыста ойлы-қырлы белестер көрінеді. Ұзын жолдың бойы. Екі көзі жоқ қарияны бір жас қыз жетектеп келеді. Қарт тұрып:
Мұнарда мұнар мұнар күн,
Сәулесіз меңіру қара түн.
Қара түнді қақ жарып,
Қазақтан енді шығар кім?..» деп басталатын еді» деуші еді.
Қази Қазыбековтың бұл пьесасы Түркістан Ұлттық Комитетінің органында жариялануы мүмкін-ау деген ойда келеді.
«Тамұқтан өткен тағдыр» атты кітабында Ғайпен Бейісов Берлинде 1943 жылы салынған «Алаш» мектебі турлы мәліметтер береді. Бұл мектеп оберкоманда Вермахтың барлау тобының 4-бөліміне қараған, барлау тобының жетекшісі фон Ганний Граф, орынбасары Әлихан Ағаев болған. Ғ.Бейісов Ә.Ағаевпен бірнеше рет кездесіп, жүздескен көрінеді. Ол Әлихан Ағаевты «орта бойылыдан биіктеу, артық біткен еті жоқ, қанжырдай қатқан кеуделі, әскери адам» деп суреттейді. Кейін Ә.Ағаев 1944 жылы он екі адамдық топты екіге бөліп Атырау жеріне десант болып түскені белгілі. Бұл туралы кезінде мерзімді баспасөздерде жазылды.
Азап лагерінде жатталған Мағжан жырлары
Соғыстан кейігі жылдары Ғайпен Бейісов азап лагерінде жүріп қазақтың атақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін тыңдап, жаттап алған, көп қыйыншылықты бастан кешірген қарияның есте сақтау жадысына енді таңғалмасқа болмайды. Ол 1954 жылы Жезқазған лагерінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Шеген Құдамановпен бірге жазасын өтеген. Кезінде Ш.Құдаманов Қазақ КСР-ның Бас прокуроры болған 1937 жылдың құрбаны Сүлеймен Есқараевтың жан-жолдасы екен.
Осы жылдары Ғайпен ағамыз лагерьде жүріп Ш.Құдамановтың ауызынан естіген М.Жұмабаевтың мына өлеңдерін жатқа айтқанын 2006 жылдың 1 қазанында өз үйінде жазып алған едім. Сол кездесуімізде қария Мағжанның «Сарыарқа», «Ленин туралы» атты өлеңдерінен есінде қалған үзінділерді айтып берген болатын. Есінде қалған ақынның басқа да өлеңдерін латын ғаріпімен жазған блоконотынан көрсеткен еді. Кейін беремін деген де болатын, өкінішке орай бақилыққа аттанып кетті. Қазақы салғыртығымыздың қырсығынан, уақытында алмаппыз, ал енді ол жазбалардың қайда қалғаны да белгісіз. Сол өлеңдерді еске түсірген ақсақал ақынның бірінші өлеңінде кеңестік шолақ белсенділердің әпербақан саясатынан запы болған ақын дүниені қайта құрып, туған жер топырағынан тәрбилі де, жаңа тұрпаты адамдардың келуін аңсайды деп түсіндірді дейді Ш.Құдаманов. Ақсақалдың естіп, жадында сақталып қалған өлең жолдары төмендегіше, «Сарыарқа» өлеңінде ақын:
Дүниені топан басса екен!
Асқар таудан асса екен!
Қанды көбік шашса екен!
Сол уақытта жаңадан
Сарыарқаның топырағынан
Жаратар едім жаңа адам-десе,
«Жер жүзін топан басса екен» өлеңінде төмендегіше:
Жер жүзін топан басса екен!
Асқар таудан асса екен!
Таудай толқын құтырып,
Улы көбік шашса екен-деп жырлайды. (Ескерту: бұл жолдар ақынның кейінгі кезде жарық көріп жатқан кітаптарына да ене бастады. Мысалы, Мағжанның «Жер жүзін топан басса екен» деген өлеңі Көп томдық шығармалар жинағының 2-томында бар. - автор)
Ғайпекең Мағжанның Ленин туралы мына бір өлеңін де жатқа айтатын:
«Күн батысқа қарасам,
Көрінбейді ала шаң.
Ала шаңның алдында
Екі етегі делдейіп
Безіп келеді бір адам.
Ал, бұл кім деп қарасам
Өзіміздің баяғы
Иван екен есалаң.
Бұл өлең шумағынан Батыста басталған революциялық төңкерістерді сипаттай отырып, Лениннің образын орыс халқында көп кездесетін Иван есімімен байланыстырады деп ой түйіндейтін ол. Ақынның «Пайғамбар» атты өлеңінде:
Қап-қара түн. Толқындары қара қан.
Қара түнде өңшең соқыр шұбырған.
Сол шұбырған сансыз соқыр алдында
Ентелеген кәдімгі Иван есалаң-деген жолдарды кездестіреміз» деуші еді жарықтық. (Мағжан Жұмабаев Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. Өлеңдер, дастандар, аудармалар.-Алматы:Жазушы, 2002.-208 бет.).
Өмірі азапты күндер мен қайғылы түндерді бастан кешіріп, шар болаттай шыңдалған Түркістан легионерлерінің соңғы тұяқтарының бірі Ғайпен Бейісовтың тағдыры міне, осындай еді. Сен оны ұмытпауға тиіссің, жас ұрпақ!
Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының докторы, доцент
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Abai.kz