Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Әдебиет 2963 2 пікір 4 Қараша, 2022 сағат 13:50

Бостандық ағаштары

+++

Махаббат келген ерте. Кеш ұғындым.
жымиған гүлдер менше.
қаққан үнсіз құрмалы есігімді,
мен ашып үлгергенше,
адасып ақылымнан үлгергенше,
Кетіпті ол, тым жырақтап.
Өтті солай зарлық жыл, мұңлық апта.
...ал, бүгінде,
бүгінде бәрі өтпелі,
сағаттай сол қолдағы, әдеттегі.
сарсаң жыл сағынышын мол еккелі,
сандал тал сағасынан жел өпкелі,
ол дәурен өшкен, көшкен бастан оңай,
мың жылқы тарпып өткен жас моладай
жүректі,
жүрмін, енді, жарлы құсым,
не құзға, не төбетке тастай алмай.

***

Түндер сені сұрады, жел де сені,
бұлан ойым бұлтпенен белдеседі.
Тағдыры ғой, - деймін мен, - оны әкеткен,
әйтпегенде аңдаусыз сөнбес еді.
Таулар сені сұрады, кеш те сені,
Мен болғандай бүлігі, бәстесері.
Жолдары ғой, - деймін мен, - оны әкеткен,
әйтпегенде төбемнен өшпес еді.
Көктер сені сұрады, жер де сені,
Өзді-өзімен қаталап шөлдеседі.
Жүрегі ғой,- деймін мен,- оны әкеткен,
Жүрексізге махаббат бермес еді.
Білем, білем сезімдер ес білгенін,
Ес білгелі жөңкіген көшкіндерін.
Құстар сені сұрады
жалғыз ғана,
сұрамады жайымды ешкім менің...

Айлы түнгі сұлу немесе тылсым кеш туралы

Он жеті ме, он сегіз... жас шамасы,
пүліш ерні сұлулық астанасы,
қарашығы көз жасы тұнбасындай,
еду-еду аңыздай ел ішінде,
Бір сұлумен.. (яғни келісімге,)
келе алмастан қажыған қара басы,
Жігіт менмін.
бір түні,
«ла – ла –ласын»,
шырқаған әлгі арудың көрдім өзін.
білмей ме екен сөз баққан ел мінезін?
жарым түнге сіңеді жалғыз өзі,
жас перідей күледі жалғыз өзі.
Қарасаңыз, орманнан адасқандай,
қарасаңыз, орманнан әрі асқандай.
Айкезбелік дейміз бе, жо білмеймін,
мысалы жасынменен жанасқандай,
Бозарып
кенет түннің қос білегі,
үкі даусы жіңішке естіледі.
әлгі ару
қайда екен
жоғалды ма,
оралды ма,
білмейді ешкім оны.
..Миуалы кезеңнің баламасы,
бұлттар деймін шырқаған «ла – ла –ласын»,
Тұрдым аунап.
түс екен бәрі мұның,
«Айға қарап ұйықтама» деді анашым...

***

Өтті, - деді өмірден, сол адамды..
сыры қалды, бөз қалды, сарай қалды,
сарай іші ақ түтек борай қалды,
мен ойландым:
демек оның күдігі, күлгені өтті,
өксігені, өпкені, дүрмегі өтті,
ән салғаны, әрнеге тамсанғаны,
қуанғаны,қажыған, шаршағаны,
Шілде ішінде, қыркүйек, қарашада,
көнермеген сезімін еске алғаны,
естелігін өткеннің жастанғаны,
жұмыс күні құрбыға кешіккені,
дүйсенбіде жоспары басталғаны,
әдепкіде әлдекім «әй» дегені,
әріректе суынған ой дерегі,
әмиянын салғаны төс қалтаға,
әуезімен әдемі сөйлегені,
Өтті бәрі, өкпесі өзге адамға,
үңілгені сарғайған жазбаларға,
үңілгені сарғайған альбомына,
сағыныштың күлтесі маздағанда,
Терезеден күмістей қар жауғаны,
алдағаны, өзінен алданғаны,
алқаптағы жап-жасыл қарбыздардың,
таңдай алмай бірісін дал болғаны,
Айлы түнге, ақ түнге көз тіккені,
көзілдірік, күртеше, сөздіктері,
ұялғаны тұңғыш рет жар алдында,
үнсіздікте жанары үздіккені,
Өрілмеген, өрілген қыз бұрымы,
сыбыр сөзі, көктемгі, күзгі мұңы.
өтті бәрі, бауырлап көшкен бұлттай,
Өтпегені –
бір уыс ізгілігі...

Сен жоқта

Сен жоқта
адамзат неше рет өзгерді,
неше рет көктемгі ұлудай түледі.
неше рет қараған қойқоңыр көздерге,
неше рет толқытқан арудың білегі,
әкеңді сезіне білсең ғой бүгіндей.
сен жоқта ежелгі Шумерлер тілінде
Гилгамеш туралы жазбалар табылды.
және де Византия елдері бірінде
дабылдар қағылды.
адамдар алғаш рет от жағып үйренді,
алғаш реет тайпалық одақтар құрылды,
үйренді бақсылар аса алып билеуді
садақшы сарбаздың иығы жырылды.
және де
Пифагор мектебі ашылды,
Эфклид ұстаздық жасады ғасырға.
неше рет жауындар төпелеп, басылды,
неше рет үрейге бөледі жасындар.
сен жоқта Пайғамбар дүниеге келген-ді,
ілімін таратып жалқаулау жаһанға,
кезіпті, кезіпті алуан шөлдерді,
ғаламға мәуесін, сәулесін шашарда.
және де
бермудқа кемелер жұтылды
жұтылған секілді ескілер жаңаға,
күн қанша күңіренді,
ай неше тұтылды,
әрбірі сиясын бояды санаға.
сен жоқта ер Данте елі үшін жан берді
байрағы бейдауа бөгелек кезеңнің.
Бруно өртелді,
Коперник сенделді,
адамзат алқызыл түстерге безенді.
жер құшты қаншама, қаншама жас сәби,
жас сұлу тым ерте ілінді құрыққа.
және де туылды Ахмет Иассауи
ол менің ұстазым екенін ұмытпа.
сен жоқта Мәулана мәснауи қалдырды,
жүрегі өртеніп ышықтың отына
өр Хафиз,
мені естен, мені естен тандырды
сен оны сүйе біл, сен оны бақыла.
және де Мәжнүннің, қарашы, зарына
ол үнсіз әуендер оқиды кереңге.
назар сал әр бұта, әр саусақ табына,
хақиқат әрқашан, әрқашан тереңде!
сен жоқта жүрдім мен жолдармен не түрлі,
аламан жастықтың бағында теңселіп,
ол күндер паравоз түтіні секілді
бәріне сүйініп, бәрін де еңсеріп
келемін. Қызым, сен, өзге бол менен де,
шалдықпай салғырттық аталар індетке.
еш әуес болмағын жазу мен өлеңге
содан соң
өзіңді сүйгенді құрметте.

Димаш Құдайберген жайлы ода

Желке тұсы, кірпігі, қарашығы,
ән салады мейірі, жаны ашуы,
жауырыны, мойыны, қатар тісі,
тең өлшенген Тәңірдің жарасымы
ән салады. Кекілі, көзқарасы,
ән салады қазақтың паң даласы.
саршұнағы, жусаны, суырлары,
ымырт сіңген қаланың қарбаласы.
Ән салады бүршігі, қасат қары,
келіншектал, майдамтал шашақтары,
бөртегүл мен қалампыр пиязшығы,
иектері кемсеңдеп жас аққалы.
Сақ ұланы, сырбаз ер, шаһит баба,
оянады жымиып жатып қана,
оянады тылсыммен уағдаласып,
алтынменен жағасы жақұттана.
Оянады Қозы мен Баян жаны,
қобыз кеуде құлпытас шайырлары,
оянады морт сынған ер найзасы,
бұршақ толы бойтұмар мойындағы.
Оянады абыздың мол арманы,
телміргені, тапқаны, жоғалғаны,
жүрегіне сіңгені, толғатқаны,
дүбір-дүбір болашақ қадамдары.
Ән салады бешпеті, алақаны,
ой жанары, сана іші, жан отауы,
күбірлесіп тұнжыр кеш дұға оқиды,
бір әуенмен қызғылтым таң атады.
Ән салады түйсігі, түймелері,
көктем бейне аспанкөз түрге енеді.
күмбез дүние әнімен буланады,
ол тек қана армандай білген еді.

Бір күндер болады...

Бір күндер болады,
Күлкі білмейтін.
Бір түндер болады,
Кірпік ілмейтін.
Бір сезім болады,
Сыр ақтаратын.
Бір әзіл болады,
Жылап қалатын.
Бір бауыр болады,
Серік болмайтын.
Бір ауыл болады,
Көлік бармайтын.
Бір сырың болады,
Бөліске - жетім.
Бір шылым болады,
Теріс шегетін.
Бір уайым болады,
Тас та жылайтын.
Бір қайың болады,
Басқа құлайтын.
Бір бақыт болады,
Түкірген көбі.
Бір уақыт болады,
Күтіңдер мені!

Бостандық ағаштары

Бостандық ағаштары,
Басқадан бағы асқалы.
Неліктен гүлдемеді,
Неліктен жақ ашпады?!
Бостандық ағаштары,
Желбегей жел еркесі,
Өзі – мұнда,
Қайда жүр көлеңкесі?!
Буынсыз жапырақтар,
Белгісіз тұстарды ашып.
Шойын мен мыстар басып,
Ақырапта барады құстар қашып.
Байқап өт бұл орыннан,
Кәрі емен суарылған.
Атамның жазбасымен,
Әжемнің көз жасымен.
Байқап өт бұл орыннан,
Тұл ағаш суарылған.
Төбеттің зәріменен,
Бөбектің зарыменен.
Бостандық ағаштары,
Басқадан бағы асқалы.
Бар ма екен бір дерегі,
Неліктен гүлдемеді?

Дежавю

Алыста.. алыста... жүр едім кеште,
жүр едім ойда,
жүр едім есте.
Түнемел, экватор, түтіннен қашық,
күтпеуден қашық
күтуден қашық.
Кенеттен, кенеттен орнаған дауыл
өзегі қатқыл
өрнегі ауыр,
мінбері жұтаң, мейірімі келте.
бәрінен бейғам,
бәрінен ерке
жүрегім, жүрегім шыдамай түнге,
шыдамай желге,
шыдамай күлге,
қоштасқан көкеділ бүрімен балғын
тінімен ақшыл,
гүлімен жалқын.
сол сәттен келмеген көңілге құстар,
сенуге құштар,
өмірге құштар,
сол сәттен енбеген көңілге сана,
сырлар да ала,
сымдар да ала.
жүрегім, жүрегім іздеймін сені,
жүремін алға,
жүремін кері,
жүрегім, жүрегім сенсіз түн өлі,
сенсіз үн өлі,
сенсіз тіл өлі.
....көрінді сол жүрек ішінен нудың
ішінен талдың,
ішінен күннің.
көрінді қанжардай қырынан айдың,
құмынан шөлдің
шағынан райдың.
қараймын, көкорай аңғар да бөтен,
арман да бөтен,
бөтен де бөтен.
қараймын, күмісбет шамдар да бөтен,
қалмаған бөтен,
қалған да бөтен.
Жігіттер, іздеңдер алғашқы таңды,
алғашқы ізді,
алғашқы жанды.
Жігіттер, іздеңдер алғашқыларды,
алғашқы ізгі,
алғашқы мәңгі!

Батырхан Сәрсенхан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019