Жұма, 22 Қараша 2024
Соғыста жүрген сұлулар 2466 0 пікір 7 Қараша, 2022 сағат 14:52

Қару ұстаған украин «Қарлығашының» әңгімесі

Басы: Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Оксана Рубаняк

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Александра

Украинадағы соғыста жері үшін жан беріп жүрген бүгінгі нәзік кейіпкеріміз «Қарлығаш» есімді парамедик қыз. Ол майданға аттанғанға дейін кітап жазып, сурет салып, шығармашылықпен айналысқан.

Өзі 24 жаста, Кіші сержант деген шені бар.


– 24 ақпанда таңертең көзіңізді ашқанда ең бірінші не ойладыңыз, не істедіңіз?

– Шынымды айтсам, қатты қорықтым. Соғыстың басталғанына сенгім келмеді. Басталған күні аяқталады деген ойға сенгім келді.

– Соғысқа бару туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

– 24 ақпанның кешінде бұл соғыстың бірнеше сағатқа, не бірнеше күнге, тіпті бірнеше айға ғана созылмайтынын түсіндім. Сол кезде Украина Қарулы Күштерінің қатарына қосылып, Отанымызды қорғауға өз үлесімді қосуым керек деп шештім. Осы оймен кейін Украина Қарулы Күштерінің әскери бөліміне айналған шекараны қорғау күштеріне барып қосылдым.

– Бұл жердегі қызметіңіз қандай, күніңіз қалай өтеді?

– Мұнда мен соғыс даласында медициналық көмек көрсетумен айналысамын. Алғы шептегі әскерилердің қасында жүремін, ешқайда кетпеймін. Мен жараланғандарды эвакуациялау бригадасына жеткізетін адаммын. Менің ойымша, менің миссиям өте маңызды. Мен жаралы жанның тірі қалуы үшін бәрін істеймін. Оның жақындары мен достарын қайта құшағына алып, арманы мен мақсатын іске асыруы үшін аман қалғанын қалаймын, сондықтан қолымнан келген көмекті аямаймын.

Менің жұмысым әдетте тек қана медициналық көмек көрсету ғана емес, бүкіл бөлімшенің ем-домын жүргізу. Бір бөлімше – 30 ер адам. Күнде ауырып келіп жатады. Кейбірінің тамағы ауырады, кейбірі жөтеледі.

Бүгін күнім тыныш өтіп жатыр. Себебі біз контузия алған адамдарды емдеп жатырмыз. Мен қазір оларға таблеткалар таратамын, жараланғандардың жағдайын бақылаймын, құжаттаманы толтырамын.

– Сіздің бөлімшеңізде гендерлік кемсітушілік бар ма?

– Менің бөлімшем туралы ондай ештеңе айта алмаймын. Барлығы өз орнымен. Кейде бір-бірімізбен әзілдесеміз. Бірақ көңілге тиетін сөздер айтылмайды. Мысалы, жігіттер маған ауыр заттарды көтертпеуге тырысады, көмектеседі, осылайша менің мұндағы өмірімді жеңілдетеді. Бірақ окопты ерлермен бірдей қазамын. Ол жерде маған көмектеспейді (күлді). Әрине, физикалық тұрғыдан алғанда, оңай жұмыс емес.

– Қандай қиындықтарды бастан кештіңіз?

– Маған физикалық тұрғыдан қиын болды. Шамамен 20 кг-нан астам жүкті көтеріп жүремін. Оның ішінде бронежилет, каска, автомат, әскери жабдық, жолдорба, медбике дорбасы кіреді. Өз салмағымның жартысындай жүкті үнемі көтеріп жүруге, кейде жүгіруге тура келеді.

– Толыққанды соғыс кезінде сізді не таңғалдырды?

– Мені тағғалдырған нәрсе көп. Әсіресе, ресейліктердің украиндарға деген қанпезер қарым-қатынасы. Олар басып алған жерлердің тұрғындарына малға қарағандай қарайды. Бұл өте сұмдық жағдай.

– Қазір сіздің рухыңызды түсірмей тұрған не?

– Рухымды сындырмай тұрған нәрсе – осы ісімнің бекер еместігі. Менің отбасым бар. Жарым екеуміз бір бөлімшедеміз. Менің болашаққа құрған жоспарларым бар. Бірнеше кітап басып шығарғым келеді. Басып алынған Мелитопольде әжем өмір сүреді. Сол үшін өмір сүруге құлшынамын, күресемін.

– Украинаның болашағынан қандай перспективаларды көресіз?

– Мен бұл сұраққа қалай жауап берерімді білмеймін, өйткені бұған дейін көптеген саладан алыс болдым. Кітап жазып, сурет салатынмын. Мен бейбітшілік орнағанын қалаймын, соғыстан кейін бәріміз Украинаны қалпына келтіріп, экономикасын көтереміз. Туризмнің дамығанын қалаймын. Менің ойымша, көптеген шетелдіктер соғыстан кейін Украинаға көп сапарлайды.

– Соғыстан кейін өміріңіздегі не нәрсені мәңгілікке өзгертесіз?

– Шын мәнінде, соғыс мені әлдеқашан өзгертті. Танктың нысанасында тұрғаныңда, үстіңе снаряд құлап келе жатқанда, екі секундта бүкіл өмірің көз алдыңнан өтеді. Мұндайда мен өзгермедім деп айта алмайсың. Өте қорқынышты сәт. Демің тартылып, денең бүрісе бастайды. Екі секунд сайын бүкіл ғұмырыңды сарапқа салып шығасың. Менің тұйық мінезім танк оғының астында қалғанымда ұшты-күйлі жоғалды. Соғыстан кейін ашық-жарқын мінезді болатын шығармын. Біз қоршаудан шыққан кез – менің өмірімдегі ең қуанышты сәт болды. Екі сағаттан кейін біз жаққа жаудың танкі атқылай бастады. Мұндайда өзгермедім деу мүмкін емес.

– Украиналықтар мен әлемге не айтасыз?

– Мен украиналықтарға бұл өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ дегім келеді. Медициналық көлік алу үшін 100 мың гривенді жинау мүмкін емес деп ойлайтын едім. Бірақ біз сұрағанымыздан да екі есе көп жинадық. Бұл шынымен керемет жағдай. Мен оны күткен жоқпын.

Украиналықтардың күші – бірлікте. Украиналықтардың күші – алапат. Біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Өзімізге сенуіміз керек, жеңетінімізге сенуіміз керек.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315