Дүйсенбі, 20 Қазан 2025
Аласапыран 144 0 пікір 20 Қазан, 2025 сағат 13:00

Бір соғыста екі жеңімпаз болмайды!

Сурет: lrt.lt сайтынан алынды.

Өткен жұма әлем назары тағы Ақ үйге ауды. Трамп пен Зеленский жолықты. Қос елдің басшылары әуелі БАҚ алдында емен-жарқын әңгімелесті. Зеленский Трампқа алғыс білдірсе, Трамп Зеленскийді «көп қиындыққа шыдап келе жатқан мықты лидер» деп мақтады. Онан соң кездесу жабық есіктің арғы жағында жалғасты. Ұзын-ырғасы 2,5 сағатқа созылды.

Бірінші әңгіме - Путинмен кездесу:

Трамп жария әңгіме кезінде Путинмен кездесу туралы: «Путинмен Венгрияда жолығамыз. Себебі Виктор Орбанды мен де, Путин де жақсы көреміз. Ол мықты лидер және кездесуімізді ұйымдастыра алады. Венгрия Путин үшін де қауіпсіз жер болмақ», - деді.

Онан соң: «Путин соғысты тоқтатқысы келеді. Өйтпесе, ол оны неге айтады. Зеленский де соғысты тоқтатқысы келеді. Біз оны көріп отырмыз», - деді.

Ал Зеленский керісінше: «Біз соғыстың тезірек тоқтағанын қалаймыз. Ал Путин мұны қаламайды. Сондықтан, Ресейге қысымды арттыру керек», - деді.

Екінші әңгіме - Tomahawk зымыраны туралы:

Трамп: «Украинаға көп қару беріледі. Бірақ, соғысты Tomahawk-сыз тәмамдаған дұрыс. Біз соған жақын сияқтымыз», - деді.

Зеленский Трампқа ұсыныс жасап, «Tomahawk зымыранын мыңдаған дронға айырбастауды» ұсынды. Трамп бұған қызығушылық білдіріп: «Рас, бұл тиімді ұсыныс. Біз өзіміз де дрон шығарамыз. Өзгелерден де сатып аламыз. Ал Украинаның дрондары шынымен мықты дрондар», - деді.

Ал жабық есіктегі әңгімеден кейін Зеленский: «Tomahawk - басы ашық мәселе. Әзірге АҚШ жағдайды ушықтырғысы келмейді. Бірақ, бұл біржола бермейді деген сөз емес. Бұл зымырандарды беру мәселесі әлі әңгіме болады», - деді.

Үшінші әңгіме - Украина территориясы туралы:

Ашық әңгіме барысында Трамп: «Украинаның енді 1991 жылдың шекарасына шығуы екіталай», - деп сөйлеген.

Ал жалпы кездесуден соң: «Соғысты осы жеткен жерде аяқтау қос тарапқа да тиімді болады», - деп сөйледі.

Ал президент Зеленский: «Украина территориясын Украинасыз ешкім шешпейді. Ресеймен келіссөздің ең қиын тұсы - территория мәселесі. Сөз болып отырған территория - Украинанікі, біздікі. Путин Украинаны тұтас алғысы келді. Оның дәп қазір Украинаны тұтас алмағанының себебі ниетінің жоқтығы емес, шамасының осы болғаны», - деді.

ТРАМПТЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗІ:

Трамп: «Зеленскиймен кездесу мазмұнды, қызықты, жақсы өтті. Мен президент Путинге айтқанымды президент Зеленскийге де айттым. Соғысты тоқтатып, келісімге келетін уақыт келді.

Қазірге дейін жеткілікті қан төгілді. Ал меншік шекарасын соғыс пен соғыстағы ерлік анықтайды. Оларға қазіргі жеткен жерде тоқтаған дұрыс!

Екеуі де өздерін жеңімпаз деп жарияласын. Қалғанын тарих өзі анықтайды. Атысты, өлімді, соғысқа қисапсыз жұмсалып жатқан шығынды тоқтату керек!

Егер мен 2022 жылы президент болсам, бұл соғыс мүлде басталмас еді. Әр апта сайын мыңдаған адам өліп жатыр. Жетер осымен. Бейбітшілікті ту етіп, отбасыларыңа оралыңдар», - деді.

Трамп бұл сөздерді өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ЖАУАБЫ:

Ал бұған президент Зеленский: «Трамп дұрыс айтады. Біз тұрған жерімізде тоқтауымыз керек. Украина өте үлкен елге қарсы соғысып жатыр. Мәселе бізде емес, мәселе Путинде. Ол біздің жерімізге қайта соғыс бастап келмеуі үшін бізге өте сенімді, мығым қауіпсіздік кепілдігі қажет. Алдымен ұрыс қимылдары тоқтауы қажет, артынша нақты келіссөздер өтуі шарт», - деді.

Қосымша: Зеленский: «Путин мені жек көреді. Мен де оны жек көрем. Бірақ, әңгіме менің жеке басымда емес. Олар бізге соғыс ашты. Бізді, бәрімізді өлтіргісі келеді. Демек - ол біздің жауымыз. Олар күн сайын біздің адамдарымызды өлтіруде және тоқтағысы жоқ. Демек - ол біздің жауымыз. Жек көрудің себебі осы. Басқаша болуы мүмкін емес», - деді.

ЖЕР БЕРУГЕ ҚОС ТАРАП ТА КӨНБЕЙДІ!

Түйін: Трамп пен Зеленский келер аптада тағы сөйлеспек. Ал территория мәселесі – «айттым - бітті, кестім – үзілдімен» шешіле салатын мәселе емес. Ресей әскер кіргізіп, қанқасап жасап жатқан жерлер - Донбасс (Луганскі мен Донецкі), Херсон мен Запорож Украинаның жері. Халықаралық қауымдастық мойындаған аумақтар. Бұған тағдыры талауға ерте түскен Қырымды да қосыңыз. Украина соғыстың жеткен жерінен ұрысты тоқтатып, келіссөзге отыруға көнгенімен, оны Ресейдікі деп мойындай салуға көне қоймайды. Егер оп-оңай көнер болса, 4 жылға жуық неге күресті? Неге соғысты? Жүздеген мың адамның қаны неге төгілді? Бұл заңдық жағынан да, моралдық жағынан да оңай шешілетін мәселе емес!

Бұл жерлерді Ресей де псевдореферендум өткізіп, өз Конституциясына қосып алған (2014-те). Демек, аталған 4 облысты жарым-жартылай Украинаға беруге Путин өлсе көнбейді. Ресейдің аш-жалаңаш, жылтыр көтен, жалаңбұт қоғамы Кремльден: «Алақандай 4 облысты 4 жыл соғысып неге түгел ала алмадың? Біз өзіміз ашқұрсақ қалсақ та, қазынаны соғысқа жұмсағаныңа неге көндік?» деген сұраудың сан түрін жақсылап сұрайды. Әзірден мұндай сөздер айтылуда. Тіпті, солай болған күні Пригожин секілділер Мәскеуге қайта жорыққа шығуы ғажап емес. Өйткені Ресей идеологиясы соғыс агитациясына негізделген. Қоғамы милитаристік-империалистік үгітпен тәрбиеленген. Ал әскери құрылымында түрлі топтар мен тұлғалар соғысты тұрақты табыс көзіне айналдырған. Олар ертең кешегі Пригожиннің «ерлігін» қайталап, билік жүйесін жағадан алуға әбден дайын отыр. Сондықтан, Трамптың ұсынысына Путиннің көне салуы да екіталай…

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 999
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10296