Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2937 1 пікір 10 Қараша, 2022 сағат 13:27

Ғұлық-ғұлық!

Бір жемқор қайтыс болды. Тықыр таянғанын сезді де, у ішкісі келді. Бір кесе уға қарап тұрды да, сіміріп салғысы келді. Жұтынды. Көздерін жұмды. Бірақ, жарық дүниені қимастан, қиналып, терлеп кетті. Кесені аузына апара бергенде, әйелі қасына жетіп келді.

– Не ішейін деп жатырсың? – деп сұрады.

– У.

– Уы несі?

– Ұсталып, сотталғанша, өлгенім артық.

– Әкел бері! Өзім-ақ іше саламын! – деген әйелі кесе толы уды сіміріп салды. Жемқордың көздері бақырайып кетті.

– Өй, мұның не?

– У емес, су ғой мынауың?

– Жаттығып тұрмын.

– Сен өлгенде, қара жер тояды деймісің? Мені кімге қалдырып кетесің, а?

– Алғашқы махаббатыңа.

– Ол сен сияқты жемқор емес. Таза адам. Тимейді маған. У ішкен деген не масқара? Одан да, мына тоғызыншы қабаттан секіріп кетпейсің бе?

– Аяғым, қолым сынады ғой... Қорқамын...

– Әшейін айтып тұрмын. «У ішемін» дегенді қой. Еркек емессің бе, түрмені де көріп қайт. Дүниеге адам болып келіп, түрме көрмей кеткендер қаншама?

Ол ойланып қалды. Шынында, түрме қандай екен? Көріп қайтсам ба?Азар болса, бес жыл берер. Бес жыл дегеніңіз бес күндей өтеді де шығады. Ойнап–күліп қайтпаймын ба? «Зек» болып. «Авторитет» болып.  Жоқ. Одан да, өлгенім артық. У ішпесем болмас.

Жемқор қалтасынан ұнтақ түріндегі уды шығарды. Әйелі ас бөлмесіне кеткенде, кеседе қалған суға салды. «Ал, хош, жарық дүние! Мен өлейін деп жатырмын. Жарық дүние, саған ризамын Іштім, жедім, жымқырдым, қымқырдым. Асадым, жасадым, жұттым, ұттым, құрттым!». Жемқор кеседегі уды сіміріп салды. Бірақ өлмеді. Басының айналғаны болмаса. «Қап, китайский у болып шықты ғой». Он жылдан кейін ғана өлетін, он жылдан кейін ғана әсер ететін бе? Енді ол америкалық уды алды. Бір түйір зат екен. Жұта салды. Сол екен, тыпырлап-тыпырлап, ауа жетпей, қолдарын ербеңдетіп, ана жаққа жүгіріп, мына жаққа жүгіріп, алдынан шыққан әйелін қағып кетіп, жерде домалап жатқан жаңғақты шағып кетіп, көзінен жасы ағып кетіп, гүрс құлады да, екі аяғын аспанға көтеріп, күрк-күрк жөтеліп, сәл-пәл бөгеліп, сосын серейді де қалды. Өлді! Ураа, өлді! О дүниеде бұрын өлген жемқорлар қолдарына тікенек ұстап қарсы алды. Мәңкүр-Мүңкірге тест тапсырып еді, құлап қалды. «Жұмаққа барайыншы?» – деп сұрап қалды. Бірақ, жібермеді. Тозақ отына жіберді. Сол жақта бос орын бар екен. Тозақ отынан қап-қара, күйелеш-күйелеш болып шықты. Өйткені, ол суға салса батпайтын, отқа салса, жанбайтын, жемқорлардың жемқоры еді. Ебін тауып, «Сүйектер» қоры төрағасының орынбасары қызметіне де орналасып алды. Бір күні төрағаға:

– Мына сүйектерді сатып, ақшасын пайдаланайық? – деп үгіттеді. Скелет төрағаның көздері жоқ болса да, таңқиған мұрнынан бу шықты.

– О дүниеде жемқорлыққа жол жоқ. Болған да емес.

– Болмаса, болады.

– Тозаққа кетеміз.

– Ол жақта да, қарап жатпаймыз.

Не керек, «Сүйектер» қорының төрағасын көндіріп, сүйектерден пайда көре бастады. Бірақ... Әттеген-ай, жер астындағы жемқорлығы әшкере болып, екінші мәрте тозаққа жіберілді. Өртеп жіберді. Ол туралы мынадай сатиралы өлең де шығарылды:

«ҒҰЛЫҚ, ҒҰЛЫҚ!»

– Алло, бұл кім екен?

– Талтаңбаев Жұмекен.

– Ойебай, сіз өліп қалғансыз,

У ішіп, о дүниеге барғансыз,

Жарық дүниені жапырып,

Сапыратынды сапырып,

Бәрін алып қалғансыз.

Талайдың басын жарғансыз,

Сотталайын деп жатқанда,

Алаулап, таң атқанда,

Өліп қалғансыз...

Дегенмен, жарайсыз,

Қалайсыз?

– Сол, өліп жатқан,

Теледидар көріп жатқан,

Қызықтарым сөніп жатқан,

«Хабарласайыншы» – деп,

Өзіңе көңіл бөліп жатқан...

–Топырағыңыз торқа болсын,

Ішкеніңіз сорпа болсын!

– Қорлығым аз емес,

Бұл жақта жаз емес,

Үйрегің қаз емес,

Дегенмен, әлі шашым бар,

Ирелең қасым бар.

Тозаққа кеттім,

Әрең жеттім

Көз жасым бар.

Иегім қышып отыр,

Қысқасы, ішім пысып отыр.

Жанымда қыз скелет,

Менімен ойнайды тістелеп...

– Айтшы, сізге не керек?

– Не деген «далбайсың»,

Орынбасар едің ғой,,

«Единица» салғайсың!

Сен де жедің ғой,

Адам болып қалғайсың!

Айтпақшы, кімге сенесің,

Айтшы, қашан келесің?

– Өйй, тозағыңа құрып кет!

Деді жемқор Ұлықбек,

Сөйлескісі келмеді,

«Ғұлық, құлық...» –деп,

Ғұлық, ғұлық» –деп...

Енді, бұл адам сенбейтін әңгіме. Жемқорларды жер жұта қоймасын. Ұзақ өмір сүрсін. Ешкімге өлім тілемейміз. Кейіпкер жемқор Ұлықбек сияқты Қайрат Боранбаевтың досы ма, басқасы ма, о дүниеге кете қойған да жоқ. Құдай сақтасын! Бірақ, Қайрат Боранбаев 2019 жылы «Азияда Чунджа» ЖШС арқылы газды жеткізу кезінде «ҚазақГаз» (Бұрынғы «ҚазТрансГаз») ұлттық компаниясының қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жүзеге аырды. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ басқарушы директоры Ибадулла Серді және «ҚазақГаз» ҰҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Тайырмен, сенімді адамы Роман Нахановпен бірге не істемеді десеңізші? Араны ашылғандар 145 миллиард теңгені асап жіберіпті! Ой, қомағайлар-ай! Таңданғанымыз  соншалық, сатиралық өлең кейіпкері Ұлықбек сияқты «ғұлық ғұлық» – деп қала жаздадық қой...

Мұхтар Шерім

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371