Қорға талас - қазақ көшіне қиянат боп жүрмесін!
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ-Ж. Тоқаевқа
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
ҚР Премьер–Министрі
Ә. Смаиловқа
Құрметті Әлихан Асханұлы!
ҚР Премьер–Министрінің орынбасары,
Сыртқы істер министрі
М. Тілеубердіге
Құрметті Мұхтар Бескенұлы!
Әлемді қамтыған саяси дүрбелеңдер мен санкциялық үрдіс, экономикалық дағдарыстар, ең бастысы қоғамдық санадағы қарама-қайшылықтар біздің еліміздің де дамуына өз әсерін тигізуде. Еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік рухани өміріндегі қордаланған проблемалар өз шешімін табуы тиіс.
Осы орайда қазақ елінің ұлттық мүддесі үшін күресте нар көтерер ауыр жүкті арқалаған, үмітін үкілеп, болашақта Қазақстанды демократияшыл, әлемнің әлеуетті елдер қатарына қосуды көздеген Президентіміз Қ-Ж.Тоқаевтың ЖАҢА ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН атты қиын да күрделі реформалық өзгерістеріне ақ жол тілеп, еңбегіне толық қолдау білдіреміз.
Тарихи Ата жұрттың болашағына алаңдап, көңілдерінде күмәні мен күдігі қатар жүрген 6,5 миллион қазақ бауырларымыз шетелдерде өмір сүруде. Олардың қатарында туған жеріне деген сағынышы көкіректен кетпеген отандастарымызды қосыңыз.
Әрбір мемлекеттің даму іргетасы – жергілікті халық, жер-ана және ел қауіпсіздігі екені белгілі. Еліміз дамуында қазақ халқының санының артуын көздеген бірқатар көші-қон бағдарламасын бекітті. Алайда соңғы жылдары шетелден келген қандастарымызға белгіленген жеңілдіктер алынып тасталды. Мәңгілік ел құру үшін шекараны нығайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шетелде жүрген қандастарды тарихи отанына қайтарып, тез арада азаматтық беру керек. Бұл бүгінгі күннің басты мәселесі екенін Үкімет ұмытпағаны жөн.
Шетелде жүрген қандастарымыздың соңғы жылдары тарихи отанына қайтуы, олардың елге оралуы тым азайып кетті. Тәуелсіздік жариялағаннан кейін 1992 жылы Қазақстанға келген қазақтардың жоғары саны 105 896 адамдар болатын, 2012 жылы оралмандар саны 47 112-ге төмендеді, Жаңаөзен оқиғасынан кейін 2015 жылы тіпті 4 949 адамға дейін түсті. Ал өткен 2021 жылы Үкіметтің қабылдау квотасы бойынша 4 187 қандастар деген статус алған қазақтардың бар болғаны 2 420-сына ғана Қазақстан Республика азаматтығы берілді. Қалғандары өз тарихи отанына келіп азаматтық ала алмай, жәрдемақысыз қиналып жүр. Осы үрдіспен шетелдегі бүгінгі 6,5 млн қазақтың жыл сайын 2 420-ына ғана азаматтық беретін болсақ, олар Қазақстанға оралу үшін әлі 100 жыл уақыт керек екен.
Осы жағдайды түзету үшін бір жыл бұрын «Отандастар қоры» АҚ Сыртқы істер министрлігінің басшылығына берілді. Бұл дұрыс шешім болған еді. Себебі шетелдегі қазақтармен байланыс елшілік, консулдық арқылы болады. 2 жыл бойы жасаған пайдасы жоқ Тұжырымдамада (Концепция) елге келген қандастарымызға 5 жылға дейін ҚР азаматтығы берілмейді делінген. Тель-Авив қаласының Бен-Гурион әуежайында шетелден келген еврейлерге бір күн ішінде Израиль азаматтығы беріледі.
Екі жыл бойы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон тұжырымдамасының (Концепция) жобасы әлі талқылауда. Бірақ бұл көші-қон жобасы қазіргі саяси жағдайды ескермеген. Қазақстан 30 жыл бойы шетелден бір миллион қандасымызды қабылдады, бұл туралы «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларация, Қазақ ССР «Тәуелсіздік туралы» заңында және көптеген заңнамалар бар. Сондықтан қайтадан Концепция жасаудын қажеті жоқ. Оның орнына нақты қандастарды қабылдау Бағдарламасын жасау керек.
Биыл көрші елден келімсектер саны көбеюде (130 000 адам), оларға ықтиярхат, азаматтық алу оңай, қалаған қалаға, облысқа тұруға рұқсат, сөйтіп «жалпақшешейлік» көрсетудеміз. Алайда Түркіменстаннан келген қандастарымызға (700 аса адам) біз айтқан жерге ғана барасыз деп мәжбірлеудеміз. Еңбек министрлігі керек емес тағы да бір бюрократиялық кедергі, «қандас статусы» дегенді ойлап шығарып, азаматтық 5 жылдан кейін беріледі деп отыр. Бұл қазақ көші-қонына қиянат емес пе?
Азды-көпті шетелдегі ағайындардың арқасүйер қоғамдық ұйымы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы еді. Алайда бұл Қауымдастық соңғы жылдары шетелдегі қандастармен жұмысын тоқтатты, оның орнына Астана қаласының жанынан үкіметтен ақысыз жер алып, оған коттедждер салу бизнесімен айланысып кетті. Бұрындары да осындай бірнеше программаларда «халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіреміз» делінген болатын, алайда Еңбек министрлігі және облыстық әкімдіктер оралмандарға жағдай жасай алмады, жұмыспен қамтымады.
Германия, Польша, Грекия, Израиль және басқа да мемлекеттер қандастарын келем дегендеріне үкімет тарапынан жәрдем беріп, жағдайын жасап, миллиондап қабылдап жатыр. Ал шетелде қалғандарына өзіндік рухани-мәдени ұлт екендігін ұмытпасын деп гуманитарлық, құқықтық, қаржылай қолдау көрсетуде, диаспора балаларына ақысыз стипендия, оқуға грант беруде. Осы жұмыстардың координациясы және қаржыландыруы Сыртқы істер министрлігінің құзырында.
Мысалы ретінде, Ресейдегі «Россотрудничество» бастаған «Русский мир», институт Пушкина деген ұйымдарын, Қытайда Конфуций, Германияда Гете институтын, Британдық Кеңес, Француз Альянсы, Испанияда Сервантес деген институттарды, т.б. айтуға болады. Бауырлас өзбек, әзербайжан ағайындар да шетелдердегі қандастарымен жұмыс істейтін ұйымдар құрып, өздерінің саясатын жүргізіп отыр. Жоғарғы айтылған елдерде бүкіл координация, бағыты белгілейтін Сыртқы істер министрлігі.
Ал бізде бұл мәселе бір мекеме емес, бірнеше мекеменің еншісінде. Белгілі жүйе жоқ, тұрақтылық жоқ, құзыреттілік жоқ, шетелдік қандастарға қолдау көрсетуде бірегей саясат нашар. Сондықтан биылғы 2022 жылдың басында Премьер-Министр, Сыртқы істер министр М.Тілеуберді «Отандастар қорына» шетелдегі қандастарымен жұмысты координат жасауды тапсырды. Алайда шет мемлекеттерде бірде-бір өкілдігі жоқ Еңбек министрі, Зауытбек Тұрысбековпен бірігіп, Қорды қаржысымен өздеріне алмақшы.
Халықаралық тәжірибеде елдің мәдениеті, тарихы мен тілі, рухани дүниесін әлем жұртшылығына танытуда «жұмсақ күш» арнайы құрылымдар құрылып, олар сол мемлекеттің сыртқы саясатының құрамдас бөлігі ретінде қызмет атқаратыны белгілі.
Мәселе шетелдегі қазақтармен тұрақты жұмыс істеп, қолдау көрсетіп, олардың елдегі әлеуетін Қазақстанның имиджін көтеру, игілігіне жарату жағын ойластыруымыз керек. Оның үстіне, түрлі себептермен көшіп жатқан, сол шетелдердегі жаңа қазақтар пайда болды. Мысалы, АҚШ пен Ұлыбританияға кеткен қазақтардың саны шамамен 100 мыңға жетіп қалыпты. Шетелдегі қазақтар мен отандастарымыздың әлеуетін қолданатын уақыт келді деп есептейміз. Оларды Жаңа Қазақстанның ерікті жанашырлары, қолдаушылары ретінде «жұмсақ күшке» айналдыруымыз керек.
Шетелдегі қазақтарды қайтару мәселесі туралы теория тұжырымдама емес, оның орнына нақты Бағдарлама жасау керек. «Отандастар қоры» Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде қалғаны жөн болады.
Аталған ұсыныстардың жүзеге асырылуы, еліміздегі көші-қон мен диаспоралық саясаттың жаңа реформаға сәйкес келуі Жаңа Қазақстанның жарқын жолға түсуіне жол ашады деп сенеміз.
Қазақстан Республикасының Еңбек Ері,
Халық жазушысы, ақын М.Шаханов
Мемлекет тарихы институтының директоры,
профессор Әбіл Еркін Аманжолұлы
Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары,
Мемлекеттік комиссия мүшесі, академик, профессор Б. Аяған
Мемлекет тарихы институтының
аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к, профессор К.Аминов
Мемлекет тарихы институты
директорының орынбасары Ж.Н. Қалиев
ҚР Дипломатиялық қызметінің құрметті ардагері, экономика ғылымдарының докторы,
ЕҰУ профессоры Батырша-ұлы Сайлау
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
ақын, журналист Иса Қазыбек Жарылқасынұлы
ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты Тәжмағамбетова Мақпал Мазаққызы
ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты Дүйсенбинов Берік Сәлімжанұлы
ҚР ҰҒА академигі, ЕҰУ-ның профессоры,
тарих ғылымдарының докторы Көмеков Болат Ешмұхамедұлы
Генарал-майор, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің экс-төрағасы, ҚР Ішкі істер министрлігінің ардагері Бұлғақбаев Болатбек Ақылбайұлы
ҚР СІМ ардагері, полковник Ысқақ Абай
ЕҰУ-дың Халықаралық қатынас факультетінің
профессоры Әлпеисов Әміржан
«Тұран» білім беру корпорациясының Вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы, «Тұран-Астана» университетінің профессоры Әлиев Орақ Жолмырзаұлы
Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сартқожа Қаржаубай
Кәсіпкер, «DACO-MOTORS» ЖШС
директоры Тау Сырымбек
ҚР ІІМ полковнигі, Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қозғалысы төрағасының орынбасары Қарақыстық Сланқожа
Жамбыл облысы Шу ауданының Құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ардагер Байжұман Қазақбай
ҚР мәдениет қайраткері, «Egemen Qazaqstan»
газетінің шолушысы Қайратұлы Бекен
ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәріп Амантай
Алматы облысының Құрметті азаматы, ақын,
Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қоғамы
төрағасының орынбасары Тобаяқ Бахытжан
Жамбыл облысы Шу ауданының Құрметті азаматы,
оқу-ағарту саласының үздігі Тұрмағамбет Атабек
Ақын, журналист, тарих ғылымдарының
кандидаты Рахметұлы Сұраған
Қоғам қайраткері Тынысбек Талапбек
Филология ғылымдарының
кандидаты, қоғам қайраткері Бәміш Бақытбек
Ғалым, Моңғолия Ғылым академиясының
академигі Аятханұлы Мағыш
Тарих ғылымдарының кандидаты,
этнограф, белсенді Қатыран Досымбек
Филология ғылымдарының кандидаты Баят Ерболат
Қоғам қайраткері, Көші-қон заңы жобасын
жасаушыларының бірі, кәсіпкер Айыпұлы Рахым
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бодаухан Қайрат
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Құрманәлиев Кәрімбек Арыстанбекұлы
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы,
«Қайнар» университетінің ректоры Омар Еренғайып
ҚР Тарих және әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы,
профессор Меңдікұлова Гүлнар Малбағарқызы
«Jastar janary» ұлттық, қоғамдық-мәдени порталының Бас редакторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ғайнуллина Венера
Жамбыл облысы Мәслихатының экс-депутаты,
кәсіпкер Тұрмағамбетова Мәкен
«Қара шаңырық» ұлттық тәрбие мектебінің жетекшісі,
тарихшы, журналист Саттарқызы Тұрар
«Жалын» қоғамдық-саяси журналы
Бас редакторының орынбасары Біләл Құдиярхан
Abai.kz