Сенбі, 18 Сәуір 2026
Күбіртке 5083 0 пікір 16 Сәуір, 2026 сағат 14:07

Қандастар көшін тежеген кім?

Сурет: автордың жеке архивінен алынды.

Қазақстан ертең кадр тапшылығына ұрынады. Бұл – болжам емес, ашық айтылған шындық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде еңбек күші жетіспейтінін, білікті маманға сұраныс арта беретінін бірнеше мәрте ескертті. Ғылым мен білімге сүйенбеген елдің болашағы бұлыңғыр екенін де нақты айтты. Сонымен қатар Президент шетелдегі қазақтарды тарихи Отанына қайтару – қасиетті парыз екенін атап өтті. Бірақ осы саясат неге толық жүзеге аспай отыр?

Бүгінде елімізде парадокс қалыптасты. Бір жағынан, «кадр жетіспейді» дейміз. Екінші жағынан, дайын кадрды қабылдай алмай отырмыз. Бір жағынан, «қандастар келсін» дейміз. Екінші жағынан, келгенін түрлі кедергілермен кері қайтаруға мәжбүрлейміз. Бұл – кездейсоқ сәйкессіздік емес, жүйелі кемшілік.

Бүгін әлемде жаңа үрдіс қалыптасып келеді: дамыған елдер басқа мемлекеттерден білікті мамандарды тартуға көшті. Тілі басқа, ділі басқа, тіпті мәдениеті бөлек болса да, кәсіби маман болса – құшақ жая қарсы алады. Бұл – жаһандық бәсеке талабы. Бірақ біз осы үдерісте өз қандастарымызды екінші орынға ысырып қойған жоқпыз ба?

Шетелдік маман уақытша келеді. Ол өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырмайды. Қажет кезде кетіп қалады. Ал қандастар ше? Олар өз болашағын осы елмен байланыстырады. Тәуелсіздік алғалы бері өзге ұлт өкілдері тарихи Отанына үдере көшіп жатқанда, қазақтар керісінше Қазақ еліне қарай ағылды. Бұл – көз алдымызда болған шындық. Бұдан сабақ алатын уақыт жетті.

Мәселен, Қытайда білім алған қазақ жастары – Қазақстан үшін дайын кадр. Олар қытай және ағылшын тілдерін меңгерген, бәсекесі жоғары ортада шыңдалған, жетекші оқу орындарын бітірген мамандар. Бір маманды шетелде даярлау үшін еліміз кемінде 100 миллион теңгеден артық қаражат жұмсайтынын ескерсек, мұндай дайын кадрларды тиімді пайдалана алмау – үлкен стратегиялық қателік.

Қытай экономикасының бүгінгі жетістігі ғылым мен білімнің, технология мен өндірістің қарқынды дамуының нәтижесі екені белгілі. Алайда соңғы жылдары бұл елде жаңа бір үрдіс байқалып отыр: жасанды интеллект пен роботтандырудың кеңінен енгізілуі, өндіріс пен қызмет көрсету салаларында автоматтандырудың күшеюі, сондай-ақ жоғары білім алған жастар санының шамадан тыс артуы еңбек нарығында бәсекені күрт күшейтті. Соның салдарынан тіпті жоғары оқу орнын тәмамдаған жастардың өзі тұрақты жұмыс таба алмай отырған жағдай қалыптасты. Солардың ішінде мыңдаған қазақ жастары бар. Олардың алды Қазақстанға келіпте жатыр.

Бұл – Қазақстан үшін тарихи мүмкіндік. Дайын, көптілді, бәсекеге қабілетті кадрлар өздері келіп тұр. Бірақ біз сол мүмкіндікті пайдаланып отырмыз ба? Өкінішке қарай, жоқ.

Қандастардың азаматтық алуы үшін алдынан шығатын талаптардың күрделілігі көпшілікті алаңдатып отыр. Атап айтқанда, сотталмағаны туралы анықтама алу, бұрынғы азаматтығынан шығу, сондай-ақ қазақ тілінен, Қазақстан тарихынан және заңдарынан тест тапсыру сияқты талаптар бар. Мәселе – бұл талаптардың барлығына бірдей жағдай жасалмағанында. Мысалы, Қытай, Түркия, Иран сияқты елдерде қазақ тілінде білім беретін мектеп болмағандықтан, ондағы қандастар қазақ тілін жүйелі түрде оқымаған. Соған қарамастан олардан тіл, тарих, заң бойынша бірдей талап қою – әділетті шешім емес. Бейімдеуге уақыт беріп оқыту керек дейміз  Оған олардың виза уақыты немесе құжат уақыты өтіп кетеді, сол үшін кері қайтуға мәжбүр. Осы жағдайларды көрген соң кейбірінің атажұртқа қайта оралмастай көңілі суыйды. Мұның салқыны  сондағы елге көшсем деген Өзге келем деп отырған жастарды, қандастарды үркітеді. Сонда кім ұтады?

Оның үстіне, кейбір елдерде сотталмағаны туралы анықтама алу іс жүзінде мүмкін емес немесе өте күрделі. Жас ерекшелігі де ескерілмейді. Мұндай талаптар көші-қонды жеңілдету үшін емес, керісінше тежеп тұрғандай әсер қалдырады. Шетелден келген қазақ – мигрант емес, ол – тарихи Отанына оралушы. Алайда қазіргі талаптар оны өз елінде бөтенсітетін жағдайға жеткізіп отыр.

Қандастарды солтүстік өңірлерге қоныстандыру саясаты да қайта қарауды қажет етеді. Қытайдан келген жастардың басым бөлігі бүгінгі заманға сай мамандықтарды игерген: өндірісті автоматтандыру, ауыл шаруашылығын цифрландыру, жаңа технология, қаржы, ІТ, бизнес сияқты Қазақстанға аса қажет салаларда білім алған. Бұл – ел экономикасын алға сүйрейтін нақты күш.  Кейбірінің мамандығы тек Алматы мен Астана сияқты ірі экономикалық орталықтарда ғана  сұранысқа ие.

Тағы бір маңызды жайт – бұл жастар жеке дара емес. Олардың ата-анасы, бауырлары бар. «Сен ғана керексің, өзгесі басқа өңірге барсын» деу – өмір шындығына жанаспайды. Көп жағдайда олар – отбасының жалғыз баласы. Мұндай жағдайда ата-анасын тастап, бейтаныс өңірге көшуге мәжбүрлеу қисынсыз. Ал барғысы келсе де, ол жақта өз мамандығына сәйкес жұмыс жоқ, үстіне ресми қолданыстағы орыс тілін толық меңгермеуі тағы кедергі болады.

Осындай шынайы жағдайларды ескермей, оларды мамандығына сәйкес жұмыс жоқ өңірлерге бағыттау – кадр саясаты емес, көзбояушылық. Бұл – дайын маманды тиімді пайдаланбау ғана емес, оны біртіндеп жоғалтуға алып баратын шешім.

Бұған қоса, солтүстік аймақтардағы тілдік орта да бейімделуге үлкен кедергі келтіреді. Күнделікті өмірде де, іс қағаздарында да орыс тілінің басымдығы сақталып отырғаны жасырын емес. Қазақ тілін толық меңгермеген, өзге тілдік ортадан келген жастар үшін бұл – қосымша психологиялық және әлеуметтік тосқауыл. Олар тек жұмыс табу емес, қарапайым тұрмысқа бейімделудің өзінде қиындық көреді.

Осының бәрін ескермей, «солтүстікке бармайды» деп кінәні қандастардың өзіне аудару – әділетсіз. Мәселе адамдарда емес, саясатта. Егер мемлекет шын мәнінде дайын кадрды сақтап қалғысы келсе, онда ең алдымен сол кадрға қолайлы орта мен нақты мүмкіндік ұсынуы керек.

Бүгінде елге келіп, құжат рәсімдей алмай, қайта кетіп жатқан қандастар аз емес. Олардың арасында білікті мамандармен қатар, кәсіпкерлер мен инвестиция әкелуге дайын азаматтар бар. Бұл – жай ғана көші-қон мәселесі емес, экономикалық және демографиялық шығын. Қандастар арасында «ескі Қазақстанда көші-қон жеңіл еді, қазір қиындады» деген пікірдің жиі айтылуы да бекер емес.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1961–1962 жылдары Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы қатынас шиеленіскен кезеңде жүздеген мың қазақ еш кедергісіз Қазақстанға өтіп, бірден азаматтық алған. Сол кездегі саяси жағдайдың күрделілігіне қарамастан мұндай мүмкіндік болған. Ал бүгін тәуелсіз мемлекет бола тұра, өз қандастарымызға түрлі әкімшілік кедергілердің қойылуы ойландырмай қоймайды.

Мәселенің түп-төркіні – саясатта емес, оны іске асыруда. Президент деңгейінде нақты бағыт бар. Бірақ орындаушы буынның жұмысы сол саясатқа сай келмей отыр. Кейбір шенеуніктердің әрекеті ел мүддесіне емес, керісінше кедергі келтіріп отырғаны байқалады. Соның салдарынан көші-қон саясатының тиімділігі төмендеп, ел дайын кадрлардан айырылып жатыр.

Егер бұл жағдай өзгермесе, болашақта еңбек күші тапшылығы күшейіп, оның орнын толтыру қиынға соғады. Сондықтан қандас мәртебесін алу рәсімін жеңілдету, артық талаптарды қысқарту, шетелдегі қазақ жастарын тартудың нақты бағдарламасын әзірлеу, қоныстандыру саясатын икемді ету, ірі қалаларға орналасуға мүмкіндік беру, бейімдеу және жұмысқа орналастыру тетіктерін жетілдіру қажет. Ең бастысы – қабылданған мемлекеттік саясаттың нақты орындалуына жауапкершілікті күшейту керек.

Қорытындылай айтқанда, қандастар көшін тежеп отырған сыртқы күш емес. Ол – өз ішіміздегі басқарудың жүйесіздігі, осы салаға жауапты шенеуніктердің қысқа ойлайтын біліксіздігі мен немқұрайдылығы. Стратегиялық мәні бар мәселені ұсақ әкімшілік кедергілердің құрбанына айналдыру – мемлекет мүддесіне жасалған қиянатпен тең.

Біз бүгін тек көші-қонды емес, елдің демографиялық, экономикалық және кадрлық болашағын жоғалтып алу қаупіне тіреліп отырмыз. Дайын кадрдан айырылу – жай ғана қателік емес, ол ертең орны толмас шығынға айналуы мүмкін.

Егер бұл жағдай дер кезінде түзелмесе, Қазақстан өзіне керек мүмкіндікті өз қолымен итеріп жіберген ел ретінде тарихта қалуы ғажап емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген көші-қон саясаты нақты іске асуы үшін ендігі жауапкершілік – орындаушы биліктің мойнында. Осы салаға жауапты мекемелер мен басшылардан нақты сұрау болмайынша, жағдай өзгермейді. Қандастар тағдыры – жай статистика емес, ол – ел тағдыры.

Қайрат Ғабитханұлы, профессор

Abai.kz

0 пікір