Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1232 1 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 16:59

«Кonaev CUP 2022» халықаралық шахмат турнирі басталды

Бүгін Қонаев қаласында балалар жылына арналған «Кonaev CUP 2022» халықаралық шахмат турнирі басталды. Спорт додасының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Жылдам шахмат турниріне Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Грузия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Армения және Қазақстаннан жалпы саны 300-ден астам спортшылар қатысып жатыр. Оның ішінде, 12 гроссмейстер, 30 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар. Дода швейцариялық жүйеге сай өтеді. Турнир 9 кезеңнен тұрады, 1 күн ғана болады. Әр спортшыға 10 минут 2 секунд уақыт беріледі. Жалпы жүлде қоры – 4 млн теңге. Жарыста жасы 4-тен асқан шахматшылар бақ сынайды.

Сонымен қатар шарада Қазақстанды төрткүл дүниеге танымал етіп жүрген гроссмейстерлер бой көрсетті. Олар:
• Алматы облысы шахмат және шашка федерациясының Президенті Саят Егенбердиев;
• Әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, Азия Вице-чемпионы, жылдам шахматтан Азия ойындарының жеңімпазы, Әлемдегі ең мықты ондық тізіміне енген Динара Садуақасова;
• Шахматтан ҚР құрама командасының капитаны, ҚР және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Ринат Жұмабаев;
• ҚР бірнеше дүркін чемпионы, 18 жасқа дейігі жастар арасында әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қазыбек Нөгербек;
• Бүгінгі турнирдің бас төрешісі, Жансая Әбдумәліктің анасы, шахматтан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алма Аширова;
• Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

«Сіздерді Қонаев қаласында көргеніме қуаныштымын. Қонаев қаласы бүгінде спорттық іс-шаралардың орталығына айналды. Бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық даму жоспарының басым бағыттарының бірі. Осындай ірі спорттық шара болашақта жоғары дәрежелі спортшыларды дайындап, тәрбиелеуге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді құттықтау сөзін алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Салтанатты шарада өңір басшысы Алматы облысының спортын дамытуға қосқан үлесі үшін 4 гроссмейстерді Алғыс хатпен марапаттады.

«Қонаев қаласында алғаш рет болып отырмын. Өте қуаныштымын, осындай керемет шараны өткізіп жатыр. Әрине, ең алдымен Алматы облысы әкімдігіне, шахмат федерациясына алғысымды білдіремін. Шахмат турнирін өткізу – балалардың, жасөспірімдердің шеберлігін шыңдауда өте маңызды рөл атқарады. Себебі, бұл спорт түрінде жас айырмашылығына мән берілмейді. Кішкентай балақайлар мықты гроссмейстерлермен ойнауы мүмкін. Биыл дәл осындай форматта Атырау қаласында да шахмат фестивалі өтті. Келешекте спорт додалары мейлінше жиі ұйымдастырылады деп ойлаймын», - деді тілшілерге сұхбат берген гроссмейстер Динара Сәдуақасова.

Ал облыстық шахмат федерациясының Президенті Саят Егенбердиевтің айтуынша, мұндай шара өңірде бұрын-соңды болмаған.

«Ашылу салтанатынан соң облыс әкімімен сөйлестік. Ол біздің Қапшағай су қоймасының жағалауында «Шахмат үйін» салу туралы идеямызды қолдады. Бұл жерде coworking орталығы, алдыңғы қатарлы IT технологиямен жабдықталған кабинеттер, ойын алаңдары болады деп жоспарлап отырмыз. Мұнда облыстағы мықты жаттықтырушылар шахматтан сабақ береді», - деді Саят Егенбердиев.

Турнирдің алғашқы ойыны Марат Сұлтанғазиев пен Динара Сәдуақасова арасында өтті.

 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440