ӨЛЕҢНЕН БАСҚАҒА ҚАТАЛДЫҒЫ ЖОҚ ЖӘРКЕН
Қарлыға ИБРАГИМОВА
Жәркен Бөдешті биылғы Президент стипендиясы иегерлерінің тізімінен көргенде шын қуандық. Көңіліңде із қалдырып, қадірі артқан адамыңа қолдан келер бар жақсылығыңды үйіп-төккің келетіні бар. «Жұлдызтас» атты жұқалтаң кітабын оқып тауысқанымда ақынға құрметім бұрынғыдан да еселене түсті.
Жарыққа шыққанына екі жыл болса да, бұл кітап қолыма жақында ғана тиген. «Оқып шықшы» деп ақынның өзі беріп, өтініп-тіленген жоқ. Ондай мінез Жәркен Бөдешке тумысынан жат. Кітабын дорбасына салып алып, таратып жүргенін көрмеппіз. Насихатсыз-ақ оқылады. Ақынмын деп арқырап, аяққаптай кеудесін қайда ұрарын білмей жүргендердің өзі Жәркеннің поэзиясына тізе бүгеді, мойындайды.
Жәркен Бөдештің болмысына таңғаласың. Баладай аңғалдығына қызығасың кейде. Өзінің мінезі де қызық. Кейде сондай мұңлы, сондай бейкүнә, шарасыз адам. Өлеңнен басқаға қаталдығы жоқ. Талантты адам көрсе, баладай елпек қағады. Жастық боп төселе кетуге де дайын. Сөйте тұра «Дүниеде өлеңнің алдында ғана адалмын» дейді. Мұнысы қыздан да нәзік, патшадан да тәкәппар жырларына қылау түспегенін қалағанынан шығар.

Тағдырлы ақыннан ғана шынайы өлең туады деген бәлки қасаң, бәлки дұрыс қағида бар. Кейбір ақындардың уайымды қолдан жасап, боркеміктей езіліп, тағдырлы ақын болып көрінуге тыраштанатыны бар. Кімдерді тұспалдап отырғанымызды біліп отырсыз, әрине. Бөдештің ұлының тағдыры басқаның басына түссе шыдас берер ме еді, кім біліпті?! Арып-ашып туған жеріне жетті. Қытайдан қашып шыққасын біраз жыл іздеуде де болды. Жақындарының айтуынша, погондыларды көрсе, күні бүгінге дейін секемденіп, пырылдап шыға келеді екен. Отанына оралғанымен, ет жақын, туған-туыс атаулыны арғы бетте қалдырып, жалғыздық та көрді.
Ағайын-туыстың алыста қалғаны аздай, Әбдірахмандай ұлының қазасы қайыстырған Абайдай, Базары мен Назарын жоқтаған Кенендей, Майгүлінен айырылған Мұқағалидай Жәркенге де жиырма бесінде қыршынынан қиылған Айдарының қасіреті қатты батты. Есіне алуға да ауыр тиетін сол жылдары жұбаныш үшін ащы өмірдің улы сусынын да жұтты. Жан дүниенің азабын ащы су жеңе алмақ емес, алайда. Ұрттаған күні қиялы лапылдағанымен, өлең жазып, қаламын былғаған емес. Өйткені бәріне адалдық, тазалық болғанын қалайды. Сөйтіп жүріп қаламын суытып алған кездері де болды. Біраздан соң ес жиды, баланың қайғысымен бүгіле бермейін деп, жігерін жаныды. Қаламын қайта қолына алды. Ендігі жерде өз-өзін өлеңмен жұбатты. Маңдай мен жүректегі әжімі сол жылдары көбейе түссе керек. Содан да «Қарашы маңдайыма кере қарыс, Әжімі иірім-иірім терең ағыс...» деп жырлады.
«Артыма бұрылып қарағанда қуанышым аз. Уайым, қайғы, қиял көп екен» - деп күрсінді бізбен әңгімелесіп отырып ақын.
Жәркен өзінің бар болмысын мына бір жыр шумағына сыйдырған сынды:
Пысықай жан емеспін,
Жоғалтпаған сабақ, жібін, инесін,
Жоғалтпаған пар ат жеккен күймесін.
Жоғалтпаған оқалы тон, түймесін.
Мен бір құнтсыз адаммын,
Қолдағысын жоғалтқыш.
Қатал, мосқал тағдырдан,
Таба алмаған үйлесім.
Жәркеннің шын аты - Жармұхаммед. Анасы Пайғамбарды бей-берекет мазалай беруге болмайды деп, Жәркен деп еркелеткен екен. Поэзияға да Жәркен болып келді. «Өлеңді сүйген жарымнан да артық сүйемін», - дейді ақын. Әсірелеп әрі шындап айтқанда, «өлеңнен өзге жақыны жоқ».
Ақын өлеңін түнгі он бір мен таңғы он бірдің аралығында жазады екен. Осы уақытта жазуға отырса, өлең өздігінен ағылып-төгіледі. Ал шабыты келмесе, ала қағаздың бетін қанша шиырласа да өндімейді екен. Кейде өлең шіркіннің беймаза уақытта, жол үстінде келіп, «қысатыны» бар. «Ондайда он шумаққа дейін миыма сақтай аламын. Он шумақтан соң ұмытамын», - дейді өзі. Өлең жазып жатқанында «шешең тіріліп келді» десе ғана орнынан тұруы мүмкін, басқаға дүние күйіп барады десең де, қозғала қоймайды. Өлеңнің құдіреті туралы сөз етіп отырып: «Ақындардан Сағи Жиенбаевтың өлеңдері сұмдық. Сағида тілмен жеткізгісіз сұлулық пен тереңдік бар. Оның өлеңдерінің мықтылығын, тереңдігін ешкім айта алмай келеді» - деп өкіне таусылды. Ал өзі туралы: «Шығармашылықта барлық потенциалымды көрсетпек тұрмақ, күні осы күнге дейін әйелімнің сұлулығын да ақынның тілімен суреттеп біте алмадым», - дейді. Гүлшатты, Құдай қосқан қосағын жарты тәулік мақтады. «Адамгершілігіне, адалдығына тәнтімін, алдымнан қиып өтпейді» деп сүйсінді. Сол Гүлшатына ақын бола тұра, әлі күнге бірде-бір өлең арнамапты. Оның өзі бір хикая...
Өз басыңдағы күйдің не екенін білгің келгенде, кейде поэзияға жүгініп, ақындардың кітаптарын парақтап жатамыз. Жәркендегі мына бір шумақтар бір менің ғана емес, көп адамның көңіл пердесін, көкейіндегісін дөп басар:
Өмірім - көктайғақ,
Көңілім - ақ тайлақ,
Табаным тайып кетер ме екен деп, -
Ептеп басамын,
Епті ойнап.
Тау-тасқа -
Ой-қырға -
Қу тірлік сандалтпай қойдың ба?
Таудай қарыз бар -
Таудай парыз бар -
Ырғайдай мойнымда.
Көп томдығы тұрмақ, әлі күнге таңдамалысы да жарық көрмепті. «Келер жылы кере қарыс екі томдық шығарсам, отыз баспатабақпен қанағат қылам,» - деп отыр Жәркеннің өзі.
Жазар жырына қазақылықты қазық еткен Жәркеннің жайы осы. Жәркенді қызу пікірталас пен қоғамдық ойдың мінберінен көре бермейміз. Алайда ол өз миссиясын поэзиясымен-ақ атқарып отырған сынды. Ағылып-төгілген өлеңдері - осының дәлелі.
«Халық сөзі» газеті