Мен жаңа Қазақстанды көруді армандаймын
Санаға салмақ салмаған сайлау өтті. Жеңімпаз анық. Әрі қарай не болмақ?!
Мен жаңа Қазақстанды көруді армандаймын. Барлық адам заң алдында бірдей болатын әділетті, жаңа Қазақстан. Онда судья болу – барынша құрметті әрі жауапты іс. Себебі, судья ешкімге тәуелді емес. Президентке де, сот төрағасына да тәуелсіз. Өзінің ар-ожданы, халыққа берген антынан басқаға алаңдары жоқ.
Жақсылығы мол жаңа Қазақстанда кенттік және облыстық әкімдерден бастап барлығын халық сайлайды. Демек, олар қарапайым халықтың игілігі үшін жұмыс істейді, бюджет ақшасын ұрламайды.
Ешкімге қажеті жоқ мега жобалардың орнына барынша сапалы әрі арзан білім ошақтары мен тамылжыған саябақтар, саясы мол скверлер, теп-тегіс, айнадай жалтырап жатқан жол салады. Бал күлкілі балалар балабақшаға, мектепке тегін барады. Заман талабына сай сапалы және лайықты білім алады. Білім ошақтарында тегін әрі дәмді тағамнан татады. Барлық жерде де. Тіпті, шалғайдағы шағын ауылдарда да.
Жаңа әлемде ана болу өте құрметті әрі пайдалы. Өйткені, бірінші баладан кейін отбасы жеңілдетілген пайызбен ипотека алуға құқылы, әрі ипотека 30 пайызға азаяды. Төртінші сәбиден кейін ипотекалық қарыздан біржола босатылады.
Жаңа Қазақстанда бюджеттен ақша ұрлау – Отанға опасыздық жасаумен тең. Сол себепті қатаң жазаланады. Мемлекеттік қызметкер болу құрметті лауазым, бірақ, олар бай емес. Мемлекеттік қызметкер барлық жағдаймен қамтамасыз етілген, сөйте тұра өзіне ешқашан «бентли» сатып алып, аумағы үш гектар жерге сәулетті вилла сала алмайды.
Онда студенттер жоғары оқу орындар тегін оқиды әрі нақты білім алады. Жеке университеттер деп аталатындардың көпшілігі жабылады. Іле ұмытылады.
Жаңа Қазақстанда балалар үйі мен қарттар үйі болмайды. Өйткені, қариялар мен балаларды тастап кету қолайсыз әрі тиімсіз.
Барша азаматтар мемлекеттік тілді мейлінше жақсы біледі әрі құрметтейді. Қазақ тілін жетік меңгеру үшін барлық есік ашық, тіл білгендер артықшылыққа ие.
Көлікті түнде ашық қалдыра аласыз және оған алаңдамайсыз. Өмір сүру деңгейі өте жоғары болғандықтан, біреудің мүлкін ұрлау арқылы өмір сүрудің еш қажеті жоқ.
Кез-келген жұмысшы, күзетші, құрылысшы, жүргізуші және басқа мамандық иелері жақсы жалақы алмақ.
Жаңа Қазақстанда кәсіпкерлер өз есепшоттарындағы мыңғырған миллиондардың саны емес, жұмыс орындарының санын мақтаныш көреді.
Әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристер біздің елдің дидарын көрсек деп дәметеді. Олай болатын себебі, ежелгі ертегілердегідей жақсы да, жайлы қонақ үйлер салынған. Керемет табиғат, шағын авиациалық ұшақтар, тегіс жолдар, қауіпсіз орта кімді болсын қызықтырмай қоймайды.
Онда барлық дамыған елдердің инвесторлары біздің елімізге инвестиция салу үшін кезекке тұрады. Себебі, жемқорлық та, ұры шенеунік те жоқ. Ал, әділ заң жекеменшік құқығын және оның мызғымас беріктігін қорғайды.
Онда көлік кептелісі болмайды, қалалардың үстіндегі қара түтін жоқ. Заңсыз құрылыстар бұзылған, оның орнын гүл көмкерген саябақтар мен ажарлы алаңдар басқан.
Жаңа Қазақстанда тұру пайдалы әрі тиімді. Ауыл тұрғындары өз елін ғана емес, жер шарының жартысын қажетті өнімдермен қамтамасыз етеді.
Жастар бір-бірін сүйіп қосылады. Олар тұрақты табысқа кенелген әрі қанағатты біледі.
Жаңа Қазақстанда өте кәсіби әскер бар. Сондықтан, көршілер көзін алартады деген қорқыныш жоқ. Онда азаматтар шет елдердегі ең жақсы сыбағаны іздемейді.
Өздерінің көк түсті төлқұжаттарымен мақтанады. Осындай төлқұжаты бар адам әлемнің кез-келген елінде қалаулы және визасыз қонақ есебінде жүре алады.
Арман Шораев
Abai.kz