Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3443 0 пікір 18 Ақпан, 2013 сағат 10:14

Әскерде: не үтіктейді, не түтіп жейді немес­е сарбазд­ы тәрбиелеудің сарыағаштық тәсілі

«Естімеген елде көп», Сарыағаш шекара жасағында жаңа шақырылған сарбаздарды әскери өмірге тез бейімдеудің тың тәсілі - олардың денелерін қызып тұрған үтікпен «тегістеу» қолданыла бастаған. Кіші сержанттың басынғаны соншалық, төрт жауынгерге тізесі батыпты. Алғашқыда үш «молодойды» әскери өмірге баулу үшін олардың денелеріне үтік басса, соңында бір жауынгердің жайбасарлығы жынына тиіп, оны жәбірлеп, етігімен тепкілеген.

«Естімеген елде көп», Сарыағаш шекара жасағында жаңа шақырылған сарбаздарды әскери өмірге тез бейімдеудің тың тәсілі - олардың денелерін қызып тұрған үтікпен «тегістеу» қолданыла бастаған. Кіші сержанттың басынғаны соншалық, төрт жауынгерге тізесі батыпты. Алғашқыда үш «молодойды» әскери өмірге баулу үшін олардың денелеріне үтік басса, соңында бір жауынгердің жайбасарлығы жынына тиіп, оны жәбірлеп, етігімен тепкілеген.

Сарыағашқа сапар

Осы оқиғаны ести сала Оңтүстік Қазақстан облыстық әскери прокуроры Қайрат Әбдіхалықовпен хабарластық. Ол бұл істің Сарыағаш гарнизоны әскери прокуратурасында қаралып жатқанын жеткізді. «Жазған құлда шаршау жоқ», салып ұрып Сарыағаш қаласына сапарлап кете бардық. Сарыағаш гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Айдос Ақберген біраз күттіргенімен, жылы шыраймен қарсы алды.
- Жоғарыдан келген нұсқау сондай, ешқандай мәлімет бере алмаймын. Қазір бұл іспен әскери полиция айналысуда. Оқиғаның орын алғаны рас. Кінәлі қамауға алынды. Басқа да мәліметтерді әскери бөлімнен алуыңызға болады, - деді Айдос бізге.
Прокурордың орынбасары нұсқаған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің №2020 әскери бөліміне қарай жөнелдік. Бақылау-өткізу бекеті алдында бізді аталған әскери бөлімі командирінің орынбасары, майор Асқар Болатов қарсы алды. Бекеттен әрі бір қадам да жіберген жоқ. Майор мырза бекеттегі кезекшінің біріне: «әйелдің соңынан соншама сұқтануға бола ма, нақұрыс» деп зекіп тастады. Қатал командирдің әңгімесін ықылас қоя тыңдауға тырыстық.
- Заставаға ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов бастаған комиссия келді. Сол кісілердің келуіне байланысты командир сізбен жолыға алмайды. Барлық сауалдарыңызға жауап беруге әзірмін. Бірақ әскери құпияны да сақтауға міндеттімін, - деді майор.
Біз, тегі, әскери құпияны жариялау немесе білу «сырқатынан» аманбыз. Нақты шындықты, яғни әскердегі әлімжеттіктің орын алғанын, оның себебін білсек, одан арғысының керегі де жоқ-ты.

Бассыздықтың басы

Әскердегі әлімжеттік неліктен орын алды, бассыздыққа неге жол берілді, мұндай теріс іс-әрекет қайталанбауы үшін не істеген ләзім? Қазір жастардың әскери өмірге деген сенімі неге шетінеді? Отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу үшін қандай шараларды жүзеге асырған абзал? Осы төңіректе Отан шекарасын күзетіп жүрген сарбаздармен емен-жарқын сырлассақ, пікірлессек деп едік. Ауладан аттатпайтын рай таныған соң, шыңыраудан су тартқандай суыртпақтап сыр суыруға талпындық.
Әскери бөлімдерге жаңадан шақырылғандарды оқытатын арнайы орталық бар екен. Ол Леңгір қаласында орналасқан. Алайда әскери прокуратура осы оқу орталығын індете тексеріп, бірнеше олқылық тапқан. Сондықтан, Леңгірдегі оқу орталығы уақытша жұмысын тоқтатып, әскерге шақырылғандар Тараз, Сарыағаш, Леңгір бөлімдеріне таратылған. «Қызыл таңдағы» №9824 әскери бөлімінің бір топ жас жауынгері Сарыағашқа осылай келіпті.
Бүгінде жас жауынгерлерге жәбір көрсеткен кіші сержант Сүндеталы Жарасбеков уақытша қамау қапасында отыр. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 1-тармағы «а» бөлімі «билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану» бойынша екі бірдей іс қозғалған. №9824 әскери бөлім командирінің 2013 жылғы 30 қаңтардағы бұйрығы негізінде С.Жарасбеков жат қылықтары үшін қызметінен босатылған. Сүндеталы Тастанбекұлы осы күні Сарыағаш әскери тергеу басқармасының шешімімен қамауға алынған. Сонымен бірге С.Жарасбековті шекара қызметі қатарына қабылдауда жеткілікті зерттеу жұмыстарын жүргізбегені үшін екі әскери офицер қызметтік жауапкершілікке тартылыпты. Бізге аты-жөнін жария етпеуді өтінген әскери тергеу басқармасының қызметкерінен оқиғаның барысын толыққанды айтып беруін өтіндік. Бейне жазбада жарияланған көріністің орын алғанын ол да растайды.

Сүндеталының сұмдығы

Сонымен, оқиға қалай орын алды?
Сол күні «Қызыл таң» заставасындағылар моншаға барады. Одан келгеннен соң кейбіреулері киімдерін үтіктеп жатады. Әскери бөлімде келісімшартпен қызмет атқарып жатқан Сүндеталы арнайы курста оқып, жақсы-ақ бітіріп оралған екен. Оған оқу орталығына келген жас жауынгерлерді тәрбиелеу жүктелген. Енді қолына пәпкі, басына шәпкі тие қалса, құтырып кететін қазақ емеспіз бе? Сол жолы да Сүндеталыны бір есірік сезім жетелесе керек. Кіші сержант шеніндегі ол әскери киімдерін үтіктеп жатады. Қасынан өтіп бара жатқан «молодойды» ұстап алады да мойнынан қысып, үтікті бетінің ұшына басады. Бетіңізге ыстық үтік тисе, қандай күйде боласыз? Кіші командир беті күйген жігітті жібере салып, екіншісін, үшіншісін ұстаған. Осылай үш жауынгердің бетін «үтіктеп» бергенін шімірікпестен мойындайды. Мұнан соң қатал командир қызметтік өкілеттілігінің жоғары екенін танытқысы келіп талпынып, үтікті үшінші жауынгердің оң жауырынына басады.
Егер Сүндеталы серіктестеріне сүйкенуін қойғанда «үтікпен басу» ойыны ұмытылып кеткендей де екен. Жас жауынгерлер үлкендерге қарсы сөз айтуға болмайтынын сезініп те қалса керек. Бірақ «молодойлардың» бұл қылығы да кіші командирге ұнай қоймаған. Араға апта аралатып «үлкендігі» еске түскен С.Жарасбеков жас жауынгер С.Байбосыновты байбайлатып етігімен тепкілейді. Оның бар жазығы сырттан кірген командирді елемеген. Казармада, төсегінің жанында аяқкиімінің бауын байлап жатады.
- Неге асықпайсың? - дейді командир.
- Асығып не керек, шығамыз ғой, - дейді жас жауынгер.
- Тура осы күйіңде ме?
- Дәл осы күйде!
Мұнан әрі командир шыдап тұра алмаған. Өзіне қарата сөз айтқан «молодойды» басындырып қоятындар қатарынан емес еді ол. Сосын сол аяғының табанымен басынан тебеді.
Қанша жерден әскери төзімділікке тәрбиелеу керек десек те, жас жауынгерлердің денесіне қызып тұрған үтік басу, басынан етікпен тебу - барып тұрған сорақылық. Әрине, ендігі жерде оның төрелігін әскери сот айтады.
- Жарасбеков тек жақсы жағынан танылып жүрген жігіт еді. Алайда бір емес екі рет әлімжеттік жасағаны дұрыс болмады. Біз оны мұндай жолға барады деп ойла­ғаны­мыз жоқ. Енді қолымен істегенін мойнымен көтереді, - дейді №9824 әскери бөлімі командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахмидин Важитов.

Әлін алған әлімжеттік

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік осы мәселелерге байланысты ой айтпаулары неліктен? Елімізде әскери әлімжеттік құрбандары болып жатқандар аз ба? Бір-екі мысал айтайық.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтының студенті Жанат Есмұханов жиырмадағы тепсе темір үзетін жігіт болатын. Спорттағы жетістіктері де бір төбе еді. Оны осы оқу орнында Дастан деген офицер ұрған. Басына екі рет ота жасатып, екі жыл бойы аурухана төсегіне танылған жігіт тілі күрмеліп, сөйлесе де өзінің кім ұрғанын ұмытпаған. Дастанның басынан ұрғанын айтып, зар еңірейді. Ал бұрын Әлменбаев болып жазылатын, ол бүгінде фамилиясын Аманкешұлы деп өзгерткен. Ата-тегін өзгерткенімен, адамгершілігі өзгерді ме екен?
Анарбек Сарбасов та әскердегі әлімжеттіктің кезекті құрбаны. Ол әскери борышын өтеп бітуге екі ай уақыт қалғанда офицерлердің бірін орындықпен оңдырмай ұрады. Осы оқиғадан кейін Анарбек қырық күн бойы ес жия алмай жатады. Өкініштісі сол, өзіне-өзі келгенде, аяқ-қолының жансызданғанын сезіп, бармақ тістеген.
Алпыс екі жастағы анасы Светлана Сарбасова «Мені асырайды деген ұлым мүгедек болып қалды. Енді қайтемін?» деп уайыммен жылай-жылай о дүниелік болды. Анадан бір, аяқ-қолдан екі айырылған Анарбектің ендігі тағдыры не болмақ? ҚР Қорғаныс министрлігі қорғансыз жанға пана бола ала ма?

Әскердегі екі құрбан

Ойымызға былтырғы бір оқиға оралып отыр. Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылынан әскерге аттанған Әзімбек Атырауда азаматтық борышын өтеп жүреді. Наурыз айының жиырмасында үйіне телефон соғып, барлығын мерекелерімен құттықтаған. Арада төрт күн өткенде суық хабар жетеді. Әскердегілердің айтуына қарағанда, таңғы сағат 6.20-да кезекшілікті қабылдап алғаннан кейін арада 25 минут өткенде өзін-өзі атыпты.
- Балам әскерге баруға өзі сұранды. «Әскерге барып келейін, кейін қызметке тұрсам, әскери куәлік керек болады екен» деген соң қайдан білейін, жібердік қой. Соңы бұлай болады деп кім ойлаған? Ертеңінен үміті көп баламыз өзін-өзі қалай өлімге қияды? Біз бұл айтқанға мүлдем сенбедік. Оның өзін-өзі атуы мүмкін емес. Әзімбек осындай әрекетке барды дейік, сонда себебі не? Оны мәжбүрлеген не? Үш ұл, бір қыз өсірдік. Бірақ Әзімбектің орны үңірейіп тұр. Сарыағаштағы сұмдықты естідік. Осыдан соң кім баласын әскерге жібереді? Биліктегілер, барлық әскери бөлімдегілердің басшыларының не ойлағандары бар? Егер үтікпен қыздырғанға шыдамай, намыстанып жазатайым бір нәрсеге тап болса, олардың аналары мен сияқты аңырап қалмай ма? - дейді марқұмның анасы Роза апай.
Шымкенттік тағы бір жауынгер әскерге барғаннан үйіне «теңге салыңыздар» деп тағатсызданып телефон шала берген. Өкініштісі сол, оның да мәйіті темір табытпен жеткізілді.
Сонда дейміз-ау, әскерге барып әзиз бастарын жоғалтып жатқан әздектеріміздің обал-сауабы кімге? Олардың қапыда қаза болғаны көбіне жұмбақ болып қалатыны неліктен? Қорғаныс министрлігіндегілер, әскери бөлім басшылары, әскери прокурорлар, басқа да құзырлы мекемелер осы сауалдардың түйінін тапса, азаматтық борышын өтеуге аттанғандар жүректеріне сенім ұялатар еді-ау.

Түйін:

Қазіргі әскери тәртіптің сыйқынан шошынатын болдық. Қолайына жақпаса екінің бірі: не жалаңаш денеңді үтіктейді, не қас дұшпанын көргендей түтіп жейді. Ал мұндай әскери бөлімге сонда кім барады? Шекара қызметінің директоры болып жаңадан тағайындалған Нұрлан Жоламановты Сарыағашта жолықтыра алмадық. Сәті түспеді. Застава жұмыстарымен арнайы танысқалы жүрген оның жоғарыдағы жайсыз жайттарды естімеуі мүмкін емес. Хабардар болса шекара отрядындағы келеңсіздіктерге кесімді пікір айтады, тәртіпті осалдатқан офицерлерге тиісті жаза қолданады деп сенеміз. Зорлық-зомбылық, қанаушылық үстемдік құрған ортада жас жауынгерлер өздерін Отанның нағыз қорғаушыларымыз деп сезіне ала ма? Гәп осында. Біз сенім деген құдіретті ұғымды қастерлей алмай жүрген сияқтымыз. Сорымыз да осында.
Ал жуан жұдырықты кіші командирдің келешегі туралы әлі де сөз сабақтай жатармыз...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Дина Төлепберген (КТК)

Бет қатталып жатқанда

Шымкенттегі №6506 әскери бөлімінде отан алдындағы міндетін атқарып жүрген сарбаз қаза болды. Өзінің белдігіне асылып қалған 20 жастағы жігіттің мәйітін таңғы 5-те казармадағы киім-кешек кептіретін бөлмеден кезекші сарбаз тапқан.
Отан алдындағы борышын өтеуге Ақмола облысынан шақырылған Саид Қалелов Шымкентке келгеніне екі-ақ ай болған. Сарбаз көлік жүргізу курсынан өтіп жатқан. Қаруластары Саид Қалеловты өзгелермен тез тіл табыса алатын ақкөңіл деп сипаттап, оның әскери қызметті кейін де жалғастырмақ ойы болғанын айтып отыр. Ал туыстарының айтуынша, әскерге аттанғалы қатардағы жауынгер телефонға ақша салуды жиі өтінеді екен. Жазым болған сарбаздың әкесі Жақсылық Есенов: «Баламның өліміне әскери бөлім кінәлі. Кінәлі адамды таппай қоймаймын», - деп мәлімдеп отыр. Ал әскери бөлім басшылығы болса, сарбаздың қазасы оның қызметіне қатысы жоқ екенін алға тартады.

Шерімхан Шанбаев, №6506 әскери бөлімнің командирі:
-  Сарбаздың қаза болуына әскердегі әлімжеттік себеп болуы мүмкін емес. Қазір осы оқиға бойынша біз де, өз тексеруімізді жүргізіп жатырмыз. Әскери прокуратура да анықтау шараларын бастады, - дейді.

Тақырыпқа орай:

Бұл - қоғам  дерті

Ким Серікбаев, әскери ғалым:

Әлімжеттік әскерде ғана емес, қоғамда да бар. Ал әскерге қабылданып жатқан сарбаздарды шетелден шақырып жатқан жоқпыз, олар осы ел ішінен барады. Ел ішіндегі тәрбие, яғни қоғамдағы әлімжеттік әскери ортаға - сол азаматтар арқылы жетеді. Қоғамдағы тәрбие оңып тұрмаған соң, әскердегі әлімжеттікті сөз етудің өзі қиын. Мысалы, қайсы күні теледидардан бір жас жігіттің тапа-тал түсте екі қарияны сабағанын көрсетті. Бұл да әлім­­жеттік.


Әскердегі әлімжеттікті болдырмау үшін, біріншіден, әскери қолбасшылар өз қызметтерін дұрыс атқаруға тиіс. Екіншіден, қолбасшылар және олардың орынбасарлары әскери бұйрық берумен бірге, сарбаздардың басынан сыйпап отыруы керек. Яғни отбасылық жағдайларын: бұрынғы өмірін, әскердегі, сарбаздар арасындағы тіршілігін: ішкі мәселесін сұрап-біліп, психологиялық тәрбие берген жөн. Үшіншіден, «әскер - тәрбие мектебі, әскер - сарбаздарды шынықтыру мектебі» деген бұрынғы қағиданы ұстанып, әскерге шақырылатын сарбаздарды алдын ала дайындауымыз қажет.
Бұрын әскерге бару абыройлы қызмет саналатын, ал қазір әскер десе, әлімжеттік көз алдыға келеді. Өйткені баспасөз бетінде әскердегі заңсыздықтар көп көрсетіледі, ал оның жақсы жақтары назардан тыс қалып жатады. Әскерге қабылданып жатқан жас сарбаздар «біз кімді, не үшін қорғауымыз керек?» деп сұрақ та қойған. Мысалы, маған әскерге міндетін өтеуге кеткелі жатқан бір сарбаз: «Мен әскерге не үшін барам: бай-бағландардың сәулетті сарайларын қорғау үшін бе, жоқ, әлде олардың сатып алған мыңдаған гектар жері үшін бе? Болмаса, шенеуніктердің иемденіп алған алтын-көмір кендері үшін бе, мұнай-газ кеніштері үшін бе?» - деп аузымды буған-ды.

Дерек

2011 жылы жалпы 123 сарбаз көз жұмған: оның ішінде 21 әскер өз-өзіне қол жұмсаса, 33 жауынгер науқастанып қайтыс болыпты, ал 42 сарбаз жол апатынан көз жұмған. 2010 жылы жалпы 86 жауынгер қаза тапса, оның ішінде 22 сарбаз әртүрлі науқастан бақилық болған.
Tengrinews.kz

"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347