Жәйірдің жалғызы
(Жәркен Бөдешұлы туралы толғау)
Аңыз кейіпкері
Ұлы әкем Мұқай Баршабайұлы 1919 жылы Зайсаннан қытай жеріне өткен. 1966 жылы Қытайда «тап талдау» дейтін пәле шығып Мұқай шаңырағы «жоғарғы таптың өкілі» саналған. Қытай елінде басталған кері бағыттағы қозғалыс – «мәдениет төңкерісі» аталған тұманды күндердің «ұрда, жық!» тұсында мен өмірге келіппін. «Табы жат», «бай малшының, халық жауының ұрпағы» кімді қуантсын!? Солайша қалжасыз өмірге келген мен бейбақтың алғашқы күндері «балалар бақшасы» аталатын, сыз, ескі там үйде өтіпті. Әкем мен шешем ауыр еңбекке айдалып кеткен. Талай балалар шетінеп, о дүниеге аттанса да мен тірі қалыппын.
Сол тұстағы саяси оқиғалардан – 1969 жылы «Жынбадау оқиғасы» (Дамаск аралы), «Жалаңаш көл оқиғасы», «Шығыс Түркістан халықтық төңкеріс партиясы» ұйымының оқиғасы; 1971 жыл 13 қыркүйектегі Лин Бияудың қашып, Моңғолияның Өндірхан өңірінде ұшақ апатына ұшырауы сынды көптеген оқиғалар туды.
1969 жылдың орта мезгілінен 1970 жылы наурызға дейін Қытайдың Шынжаңында «Шығыс Түркістан халықтық төңкеріс партиясының мүшесі» деген айыппен 5 мыңнан артық адам қолға алынған. Мұның ішінде аталған партияның ресми мүшесі деп тұрақтанғаны 1165 адам болып, оның 230-ы заң бойынша жазаланған, 135 адам ауыр жазаға тартылған немесе өлім жазасына үкім етілген.
1970 жылы 22 наурызда Алтайда аймақтық төңкерістік комитетінің Халықтық қорғау группасы орталық алаңда 10 мың адамдық ашық сот ашып, «Отанға опасыздық жасап, жаумен тіл біріктірген кері төңкерістік топ» деген айыппен «Шығыс Түркістан халықтық төңкеріс партиясының мүшесі» ретінде қолға алынған Еменақынды өлім жазасына үкім етіп, дереу атқарған. Шілдеде жоғарыдағы айыппен Қызырбек Оралов, Мәннан Дәлелханұлы атылған.
Осы оқиғаларға тікелей қатысы бар делінген Сейітхан Әбілқасымұлы Моңғолияға қашып өтсе, Тарбағатай жерінен Жәркен Бөдешұлы; Боратала жерінен Айтан Нүсіпханұлы, Әлімғазы Дәулетханұлы, т.б. лар Қазақстанға қашып өткен.
Сөйтіп, менің екі-үш жастағы кезімде аңыз кейіпкері – Жәркен Бөдешұлының қилы тағдыры қыл көпірге байланған екен.
Алысқа аты жеткен Алатаудай шайыр
Балалық шағымыз Өр Алтайда өтті. Көне көздердің көбі тірі кезі. Қариялар күбір-сыбырға жақын әңгімесінде арыда – Бөке батыр Жырғалаңұлы, Ел бастаған Елісхан, Ақыт қажы, Шәріпхан Көгедаев, Баймолда Қарекеұлы, Оспан батыр, Зуқа батыр және оның ұлы Солтаншәріп, Қалибек Райымбекұлы, Жәнімхан қажы және оның ұлы Дәлелхан, Құсайын тәйжі, т.б. тұлғалар хақында тамсана, таңдана баяндайтын.
Одан қалса 1955-1956 жылы, 1962 жылы және 1969 жылы Қазсақтанға өткен тұлғалар туралы сөз қозғайтын. Балқаш Бапин, Уаһап Әбдрахман, Жағда Бабалық, Ахметқали Бітімбаев, Қалдыбай Қанафин, Дәнеш Рақышев, Бұқара Тышқанбаев, Ахмет Жүнісов, Қабдеш Жұмаділов, Абылай Түгелбаев, Фарида Шарипова, Әмина Нұғыманова, Әлімғазы Дәулетхан, Жәркен Бөдешұлы, Жанат Ахмади, Жабайыл Бейсенов, т.б. есімдері сол кезден бастап құлаққа сіңе бастады. Әсіресе, әдебиет-мәдениет, өнерге жақын Жағда Бабалық, Дәнеш Рақышев, Бұқара Тышқанбаев, Қабдеш Жұмаділов, Абылай Түгелбаев, Жәркен Бөдешұлы, Жанат Ахмади есімдері жылы естілуші еді. Қазақ еліндегі еңбектері де еміс-еміс құлаққа жетіп, біздің балалық арманымызға қанат бітіретін. Көрмеген тауды көксеген ұшқыр қиял қазақ даласына қарай ұшатын.
Жәркен Бөдештің бізге алғашқы жеткені «Туған жер» өлеңі.
Туған жердің қар-мұзы,
Ызғарыңмен жундыр.
Туған жердің бал қызы –
Буныңмен буындыр.
Туған жердің бұлағы –
Толқыныңмен ат мен.
Туған жердің жыланы –
Шырылдатып шақ мені.
Туған жердің шеңгелі –
Тырна аямай бетімді.
Туған жердің желдері –
Аузыма қүй өтімді.
Туған жердің доңызы –
Құрсағымды жарап кет.
Туған жердің қоңызы –
Домалатып алып кет.
Туған жердің қасқыры –
Кемір ақын сүйегін.
Туған жердің тас-құмы –
Сені осылай сүйемін.
Өлеңді таңдай қаға, тамсана оқысақ та, туған жерден ажырамаған біздерде мекен қадірі туралы дәл бүгінгідей ой жоқ еді. Десе де, «шіркін-ай, шерлі ақынның ана даласына аңырағаны-ай» деп көзімізге мөлтеңдеген жас келетін.
Сөйтіп, Жәркен аңызына қанық болып жүргенде, арғы бетте «Ағажан, жан қалтаңда құртың бар ма?» деген ән тағы да Жәркен болып жетті. Самалмен жарысты, сары даланы бауырына басты, сарғайған жапырақтай жүрек сағынышы көңілдің бұлтын көбейтті.
Ұқсайсың меніменен бір туғанға,
Ұқсайды мінез-құлқың түр тұлғаңда.
Анамның саусағының табы қалған,
Жаным-ау, жанқалтаңда құртың бар ма?
Сарғайған сағынышым бар басымда,
Ауылдан артық жаннат бар ма, сірә.
Өреден ірімшігін алып қашатын,
Сағындым кезқүйрығын, қарғасын да.
Аман ба ауыл-аймақ , жүртыменен,
Аман ба мен білетін бір түп емен.
Боздаған боз даланың ботасы едім,
Жанымды ашшылатшы құртыменен.
Сағындым сақараның қыз көктемін,
Сағындым салқын самал дүзді өпкенін.
Сағындым салқын күзде қоңыраулатып,
Қайтатын аққу, қаздың тізбектерін.
Жәркен туған жерін – арғы бетті аңсаса, біз Қазақ жерін – бергі бетті аңсадық, аңыз кейіпкері Жәркенді көретін күн болар ма екен деген көмескі сағыныш көкіректе толқыды.
Кейін кездескенде, Жәркен ағамыз осы жыр хақында: «негізі ауылдан келген балаға ағаның айтқан сағыныш назы еді, алғашқы түпнұсқада: «Балажан, жанқалтаңда құртың бар ма?» деп айтылатын. Ардалы азамат өзінен үлкендерге «Ағажан, жанқалтаңда құртың бар ма» деп сұрамайды ғой. Бұл ағаның алыстан кеген інісіне, балаға айтқан сағыныш жыры. Атап айтқанда арғы беттен осында жоғарқы оқу орын оқимыз деп келген студент жасындағы жас жігітке менің айтқаным ғой. Әнге айналғанда «Ағажан» немесе «жаным-ау» болып өзгеріп кетіпті» деген әттеген-айын айтып отырды.
Сөйтіп, біз алыста, сонау алтын Алтайдың бауырында жүріп, Жәркенмен үнсіз тілдесуші едік. Тағдыр дегенімізге жеткізді.
Енді біз де алыста қалған туған жер, өскен ортаға қарап, жер аңсаған атандай боздайтын болып жүрміз. Беу, дүние-ай деші...
Жәркенді көрдік
1996 жылы желтоқсанда қолымызға Қазақстанға шығатын төлқұжат тиіп, төс қалтамызға салып, жатсақ та, тұрсақ та құшаққа қысып жүрдік.
1997 жылы 16 қаңтар бейсенбі Қорғас кедені арқылы қазақ топырағына қадам бастық. Бірге келе жатқан жеті кісі екі жеңіл машинаға бөлініп, Алматы қаласына жетіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жатақханасына тұңғыш рет түнедік.
17 қаңтар таңертең Болат Бопайұлының бастауында Алматы қаласындағы Зенков 80-үйіне орналасқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына бардық. Жәркенді «тірідей» көрдік. Бетінде аздаған секпіл ізі бар, шуақты, кесек жақты, кең иықты, жұпыны киінген орта жастардағы жігіт ағасы бір аяғын болмашы сылти басып алдымыздан жайраңдап шықты. «Бауырларым-ай, аман жеттіңдер ме?» деп бірден құшақ ашты. Жанары тұмандап, шөліркеген мейірмен қарайды.
Жәркен Бөдешұлының таныстыруымен Қалдарбек Найманбаевтың қабылдауына кірдік. Жәркен ағамыз тік тұрған қалпы біздің аспирантураға түсу ойымыздың барлығын, тұрақты тіркеуге тұру, жатын орын мәселелеріміз хақындағы өтініштерімізді қысқа баяндап үлгерді. Қалдекең де екі сөзге келмеді, телефон құлағын көтеріп әлде кімдерге өтініш айтты. Сөйтіп, Алматы қаласындағы Аманкелді-Шепшенко қилысындағы 61 жатақхананың 204, 212 бөлмелеріне арзан ақы төлеп жататын болдық.
Жатақханада ауылдан әкелген құрт-майымызбен Жәркен ағаны қонақ қылдық. Болат Бопай, ақын Адалбек Ахмәдилер бірге болды. Адалбек алдыға түсіп өлең оқып еді, Жәркен ағамыздың да бүйірі қызды. Жыр жолдарын ағытты. Көбі сағыныш жырлар. Жұрттың шабытты шағында мен де қарап қалмастан жүрегімнен туған «Жәркен ағаға сәлем» атты сиясы кеппеген өлеңімді үлкен блакноттың бірінші бетіне жазып, Жәркен ағаға ұсындым. Онда мынадай жолдар бар еді:
Ассалаумағалейкум, аға Жәркен,
Сәлем саған – ата жұрт, ана жерден!
Қалайша самайыңа ақ ілінген,
Кешегі «қырғауылшыл бала мерген».
Оты бар көздеріңде көктеміңнің,
Әжімің іздеріндей өткен күннің.
Қыранын қырғи қылып шырылдатқан,
Саған емес заманға өкпелімін.
Тірлікте отырсаңда қай кемеге,
Ақиқат – «жұлдызға орнын ай бере ме!?» («Жұлдызға орнын ай бермес» – ақынның жыр жинағы).
Көріндің тұлпар болып көмбелерден,
Біреулер жабағылы тай дегенде.
Жоқ емес естіген соң бар екенін,
Бота емес таныған соң нар екенін.
Таныс қарт аз, табыспақ балалар көп,
Сағынды Алтай, Жәйір Жәрекенін.
Ассалаумағалейкум, аға Жәркен,
Сәлем саған – ата жұрт, ана жерден!
Сәлем – Еміл, Ертістен бал емізген,
Сәлем, сәлем, сағыныш сары белден,
Сәлем, сәлем, сағыныш самал желден!!!
Ағамыз сыйлығымды қуана қабылдап, бетімнен сүйді.
Біз аталған жатақханада бір айдай тұрдық. Жәркен ағамыз күн аралатып бас сұғып тұрады. Біз баяғы аңыздарды мүлдемге ұмыта бастадық. Жақын ағамызды тапқандай, шүйіркелесіп, әзіл иіріміне батып, құшақтасып кете баратыр едік. Көрмесек, сағынысып, кісінесіп тұратын болдық.
Бірде ағамызға қырғыздың «Манас» жырындағы Айшөрік пен Манас батырдың алғашқы түні хақындағы төсек жырларын жатқа оқығаным бар. Ағамыз бұл жолдарды бұрын тыңдамаса керек, жаны кіріп, жадырай тыңдап, содан біразға дейін мені: «Ей, әлгі Айшөрігің қайда?» деп шақыратын болды. Емеурінінде: «мені ұмытып барасыңдар ма, қонақ етпейсіңдер ме?» деген ағалық базына да жасырынып жататын. Ондайда ағамыз қол бұлғасақ болғаны бізге еруге дайын. Ара-тұра бәдік өлеңдерді бұрқыратып, соңын қымыз бен қуырдаққа жалғайтын едік. Ондайда ағамыз: «үйіме жете алмай қалмайын» дейтін өтінішін де алдын ала ескертетін. Біз де ағамыздың тілегін орындап, түн ортасы ауса да таксиге отырғызып жіберуді ұмытпайтынбыз.
Ойхой, дәурен-ай, Алатау баурайында сондай да, сондай күндер өткен...
Сыртқы істер минстрлігі мен Білім минстрлігіне таныстыруы
Жәркен ағамыз жұмысында Қалдекеңнің қабағын бағады. Кейде іштен: «Жәркен!» деген зор, өктем дауыс естіледі. Ағамыз балаша елпектейді. Мүбада, Найманбаев бір жаққа іс сапармен кеткен болса, Жәкеңнің де құдайы жасайды. Біздің еркелігімізді көтеріп, жетектегі тайлақтай кете барады.
– Мен сендерге «Қазақ куәлігін» алып беремін, – дейді бір күні. Өзі арқылы болса да өзгені жұмсаса да айтқанына жетуге тырысады.
Әйтеуір, біраз сарпалдаңмен 22 қаңтар күні ҚР Сыртқы істер минстрілгінің Алматы қаласындағы Бас консулдық басқармасынан «Қазақ куәлігі» аталатын куәлік қолымызға тиді. «Жуыңдар!» дейді ағамыз, арқамыз қиқаңдаса да айтқанына көнеміз.
– Мен сендерді енді Білім минстрлігіне апарып, ондағы Тұрсынбек деген азаматпен таныстырамын, – дейді тағы бір күні. Біз әміріне бас шұлғимыз. Айтқанына жетті, 31 қаңтар (жұма) Білім министрлігіне бардық. Жұмыстың соңын ала Тұрсынбек атты сүліктей қара жігітті ертіп шықты. «Шай ішеміз» дейді. Сөйтіп, ағамыздың арқасында Білім минстрлігіне де именбей кіре бастадық.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары, марқұм Қалдарбек Найманбаев бізді «Жәркеннің бауырлары» деп атайтын болды. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантура бөліміне оқуға түсуімізге жағдай жасады. Онда Нығмет Ғабдуллин бастаған, Ғарифолла Есімов, Балтабай Әбдіғазиев, Теңізбай Рахымжанов, Темірхан Тебегенов секілді аға ұстаздардың сабағын тыңдау бұйырды. Аталған оқу орны көп жағдайда бізді шеттен келген бауырларымыз деп «еркелетіп» жүрді. Тұралаған экономика, нарықтық қысым салдарынан «базар жағалай жөнелсек», кешіріммен қарайтын еді. Әдебиетші болудан гөрі қайыршы болмаудың жолын қарастырып, ала дорба көтерген, ас жасаушы, үй салушы болған кездеріміз де аз болған жоқ.
Біздің «жырғатып оқып» жүрмегенімізді байқаған Жәркен ағамыз кейде тікірейе қарап: «біз сендерді оқып жатыр деп мәз болып жүрсек, сендер ала дорба көтеріп базарда жүр дей ме?!» деп айбар көрсетеді. Біз де жүніміз жығылып: «аға, енді қайтеміз, нан тауып жеу керек, арттағы ел-жұрт бала-шағаны көшіріп әкелуіміз керек» деп төменшіктейміз. Ағамыз тез өзгереді: «оқасы жоқ, алдымен аяқтарыңнан тұрып алыңдаршы, оқығандардың да ұшпаққа шығып жүргені шамалы. Бізді ұятқа қалдырмасаңдар болды» дейді емірене қарап. Еркелігіміз өткеніне мәз болып, ары қарай тағы да құшақтасып кете баратынбыз.
«Қазақ елі» мен «Шалқар»-ға кіргізуі
1998 жылы 24 маусым сәрсенбі күні Жәркен ағамыз екеуіміз Зенков-80 дегі Қауымдастық үйінен суатқа беттеген сиырдай түскі ас сылтауымен Көкбазарға беттеп бара жатыр едік, алдымыздан жұқа қара мұртты сұңғақ бойлы, жылы жүзді азамат кезікті. Жәркен ағамыз емін-жарқын сәлемдесіп:
– Әділғазы Қайырбеков деген ақын ағаң. «Шалқардың» бас редакторы, – деп таныстырды.
Сосын мені таныстырып:
– Арғы беттен келген ақын, жазушы, журналист бауырың, қаламы жүйрік, саған керек азамат. Өзі КАЗПИ-де аспирантура да білім алып жатыр. Екі тілде жаза алады. «Шалқар»-ға жұмысқа ал, – деді. Бар болғаны сол. Менімен де алдын ала мұндай кеңес болмаса да, уәделесіп алғандай Әділғазы да бетіме қарап:
– Олай болса түскі астан соң маған кірші, – деді.
Осылайша, Жәркен Бөдешұлының таныстыруымен ақын Әділғазы Қайырбеков «Шалқар» газетіне жұмысқа алатын болды. «Шалқар» мен «Қазақ елі» бірге шығады екен. «Қазақ елінің» бас редакторы Бақыт Сарбала, «Шалқардың» бас редакторы Әділғазы еді. Сол күні Әділғазының таныстыруымен Бақыт Сарбалаға кіріп өтініш қалдырдым. 25 маусым күні ресми жұмысқа кірдім. 26 күні «Шалқар»-да «Қазық» атты әңгімем басылды. 7 шілде күні «Қазақ елі»-«Шалқар» газетінен №92 тілшілік куәлігін алдым.
Жәркен ағама сүйіншілеп барып едім, «жу» деді. Әңгімеміз ары қарай «тойға» ұласты.
Сөйтіп, бір жағы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінен аспиранттық білім алсам, бір жағы «Шалқар» газетінде тілшілік жұмыс атқардым. Қытай қазақтарының мәдениеті мен әдебиетіне қатысты көптеген мақалаларым жариялана бастады. Десе де, Қытай азаматтығында болуыма байланысты көп еңбектерім «Ж.Баршабаев», «Азамат Алашұлы», «Алтай Алашұлы», «Төңкерісбек Шаяхыметұлы», «Ж.Шаяхымет» деген секілді қалам аттармен жарық көріп жүрді. Әсіресе, Қазақстан азаматтығын алуға үлгермегенім себепті қытай қызылы өлім жазасына үкім еткен Оспан батыр Сіләмұлы мен Қызырбек Ораловқа қатысты алғашқы еңбектерімді бүркеншік есіммен жариялауға мәжбүр болдым.
Әр жазбамды көрген сайын Жәркен ағам мені желпіндіріп, мақтай жөнелетін болды. «Айттым ғой, Әділғазы жібектей жігіт деп, қарашы, енді екі қабырғаңа қанат бітіп келеді» дейді, жайдары, шуақты қалпынан айнымай.
Нұрғисаға сәлем беру
1998 жылдың мамыр айының соңғы күндерінің бірі болса керек. Ақын Жәркен Бөдешұлымен бірге Алматыдағы Панфиловшылдар паркінің қасынан өтіп бара жатып, жолай әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев ағамызбен ұшырасып қалдық. Қолын алып амандастық. Сырықтай бойы сәл еңкіш тартқан, қолында таяғы бар. Жүзі жүдеулеу көрінеді. Жәркен аға денсаулық күйін сұрады. Жадырап жауап берді.
Ағамыз Нұрекеңді маған, мені оған таныстырды. Жылы жүзбен бас изеді Нұрекең. Көп аялдамадық. Артыма қайрыла қарап оның ұзап бара жатқан тұлғасын қайта шолдым.
Жәркен ағам: «Байқұс ауырып жүрген сияқты, еңкіш тартып, жүрісі де ауырлап қалыпты, қайран талант, қайран Нұрекең-ай» деді. Жәкеңнің талантыларды көргенде ерекше ілтипат жасайтынын аңғардым.
Бұл менің Нұрғисаны бетпе-бет әрі бірінші, әрі соңғы рет көруім болды. Көп ұзамай Нұрекең де бақилық болды. Жәркен ағамыз бәріміз «Құстар, құстар, сызылтып ән салады» деген мұңлы сазбен аттанған Нұрекеңнің ақтық сапарына да куә болдық.
«Мен де ауыл жоқ»
2003 жылдың алғашқы айларының бірінде Жәркен ағамызбен шүйіркелесіп отырып:
– Аға, келесі 2004 жылы «60»-қа толады екенсіз, алпыс жылдық тойыңызды қалай өткізбексіз, – деп қалдым.
Ағам бетіме аңырайя, мұңмен қарады. Төбесінен қорғасындай бұлттар басып тұрғандай езілген күймен еңсесін көтерместен күрсінді.
– Иә, айтасыңдар ғой, айтасыңдар, сендерде не жазық. Мен той тойлағысы келмейді дейсіңдер ме? Алпысқа келгенде той өткізсем деген арман да болған, қорқыныш та болған.
– Қорқынышы қалай?
– Құдайым ол қорқынышты бастарыңа бермесін. Мен де ауыл жоқ, ауылым арғы бетте қалған.
– Осындағы қара орман халық, аға-бауыр ауыл емес пе?
Ағамыз жауыр жарасы тырналғандай, жанары жасаурап мұңмен қарады:
– Әркімнің кіндікті өлкесі, думанды елі, ауыл-аймақ, бота тайлағы болады ғой. Шынымды айтсам, қазірге дейін ешкіммен достасып та, қолтықтасып жа жырғатпаппын. Түздегі құланша оқшау күйсеп, оңаша жайылдым. Қаланың төрт тамында қандай той болады. артыңда арқалы ауылың болса, ат шаптырып, атанды бәйгеге тіккенге не жетсін. Қаланың өтірік мақтауы мен жалған күлкісінен шаршап жүргенде ауыл адамдарының ақ пейілін, адал жүрегін іздеймін, таба алмаймын. Ендеше, ауылсыз мен бейбақта қандай той болсын!
Бұл жолы ағамызды жұбутуға дәрменім жетпеді. Айтса айтқандай «60» жылдық тойы атаусыз қалды.
«Машашев маған тіискен жоқ»
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев қайтыс болған соң, көп ұзмамай оның орнына Талғат Мамашев келді. Сөйтіп, Жәркен ағамыздың жаңа басшысы осы Талғат еді.
Мамашев келгелі біраз болса да Жәркен ағаға жолыға алмап едім. Кезіге қалып өткен-кеткенді қауқылдасып жатқан бір әредікте:
– Жәркен аға, жаңа бастығыңыз қалай болып тұр? – деп қалдым.
– Жаңа бастығымның қалай екенін білмеймін. Әйтеуір, маған тиіскен жоқ, – деді жымисты қалпынан жазбай.
Қысыр кеңес арасында сұрауын сұрап қалсам да, ағамның ғайбатқа барғысы келмеген ірілігін байқап сәл қысылып қалдым да онымды жуып-шайғым келіп:
– Ақынға тіиспеген басшы, әрине, жақсы басшы болғаны ғой, – дедім.
Бұдан кейінгі талай-талай кеңесулерде де ағамыздың біреудің сыртынан ғайбат айтқанын естімедік.
«Бес балалы бол»
2003 жылы 12 сәуір күні Армангүл Солтанмұратқызымен неке тойымыз Алматы қаласындағы мектептердің бірінің асханасында қарапайым өтті. Жәркен ағамыз той иесі сынды бастан-аяқ бірге болып, шад-шадыман күймен толқып жүрді.
Алғашқы сөздің тізгіні қолына тигенде: «келініміз бес бала тапсын, бес бала...» деп бес саусағын алға сермеп, бірнеше қайталады. Біреулер жаңа түскен келін үшін ерсі көрсе, біреулер ағамызға мәз бола шапалақ соғып жатты.
«Адамның аузындағы Алланың құлағына ілігеді» дейтін қазақ сөзі бар, сол бата дарыды. Өзі түсірген Армангүл келіні Алланың әмірімен өмірге бес перзент сыйлады
Ақынның дуалы ауызынан шыққан сөзді періштелер «әумин» десе керек.
«Қалихандарға сенбеңдер»
2005 жылы 26 қазанда Қазақстан Жазушылар Одағының әдебиетшілер үнінде өткен «Үн» журналының тұсаукесеріне қатысқан қалың оқырман қауым өкілдері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, «Үн»-ге ақ жол тілеп жатты.
ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қалихан Ысқақ:
– Бұл күнде жазушының кітабы оқуға жетпей жатқан кезде, оқушы тұрмақ жазушының өзі тасқа басқан кітабын қолына тигізе алмай жатқан кезде, шыққан күннің өзінде оның таралымы мың да екі мыңнан аспай жатқан кезде жаңа бір әдеби журналдың жарыққа шығуы үлкен оқиға болды, – дей келіп, – бізде екінің бірі әлем әдебиеті, әлем әдебиеті деп өзгеге жалтайды, әлем әдебиеті деген әдебиет жоқ. Шын мәнінде қазақ әдебиетінің биік деңгейінің өзі әлем әдебиеті, – дегендерді айтты.
Сонда менің қасымда отырған Жәркен Бөдешұлы ағамыз мені шынтағымен ақырын түртіп:
– Қалихандарға сенбеңдер, бұлар әлем әдебиетін, шетел әдебиетінің озық үлгілерін түгелге дерлік түбін түсіріп оқып шықты. Тіпті бір мұншасын қазақшаға тәржіма жасады да. Енді қарашы, сендерді адастырмақшы болып, әлем әдебиеті деген жоқ деп отыр, – деді.
Мен әзілдеп отырған болар деп бетіне қадала қарап едім, бар шындығын айтып отырғаны байқалды. Сәл жымидым да бас шұлғыдым.
«Мен Жәйірдің жалғызымын»
Бір күні Жәркен ағам қоңыраулатты.
– Әй, Айшөрігің бар ма? Айтпақшы, ана «Жалбыр басың» қайда? Екеуің маған келіп кетіңдерші. Оның «Жалбыр бас» дейтіні менімен бірге келіп, бірге жүрген ақын , жолдас жігіт Қанат Байтоллаұлы. Жәркен ағасын жақсы көретін інілерінің бірі. Біз келдік.
Арлы-берлі әңгіме тиегін ағытқасын:
– Екі жылдың алдында «Бөрінің асығы» атты жыр жинағым шығып еді, жоғарғы жақтың сыйлығынан дәмелі болып едім. Ештеңеге ілікпеді, – деп әңгімені ішкі назынан бастады.
– Сізе бермеген сыйлықты ит жесін, – дейміз біз.
– Жоқ, сендер білмейсіңдер, мен жалғызбын. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», сондықтан да бармақ басты, көз қысты мына заманда артқан түйеңнен сүйенген иең күшті болу керек.
– Сонда қалай?
– Қалай дейтін түгі де жоқ, солай. Ана жақта, – ағамыз сұқ саусағын жоғары шошайтты, – менің адамым жоқ, ру-ру, топ-топқа бөлінген заманда сөзіңді сөйлейтін көп болмаса да, біреу болса да жетер еді. Мен де соның өзі жоқ болып тұр ғой, оның бер жағында...
Ағамыз айтайын ба, айтпайын ба дегендей тұйткілісіп қалды. Дауысын сыбырға жақындатып, жанары жасаурап:
– Біз уақ дейтін атаның баласы ала тайдай шашырап кеткен азғантай ауылмыз. Балапан басына кетті, тұрымтай тұсына кетті. Бар сенген Әкежан Қажігелдиніміздің жағдайы анау. Сонда менің жоғымды кім жоқтайды деп жүрсіңдер.
Ағамыз ауыр күрсінді, алыстағы мұнарлы белдерге қарағандай жанарын сығырайтып бір қауым үнсіз отырып қалды. Сосын кенет селт етіп, қыранша сілкініп:
– Жә, оның бәрін қойыңдар, бәрін айтта, бірін айт, тағдырдың бір жазғаны болар, келесі жылы мемлекеттік сыйлық қаралалады екен. Соған бір жинағымды дайындап жатырмын. Атын «Бұрылыс» қойдым. Сеніңдер, мүлде басқаша екпін, жаңа сүрлеу бар. Әдебиетте бұрылыс деген бар, бұрылыс болмаған жерде тоқырау бар, тоқырау болған жерде әдебиет нөлге тең. Осы «Бұрылыс» мені бір биікке алып шығар ма деп үміттеніп отырмын. Осы кітабымды жақсы мұқабамен жарыққа шығару үшін азаматтардың аздаған көмегі керек, – деді.
Қанат Байтолаұлы бас болып, біраз азаматтар қолдан келген көмегін жасады.
Келесі жылғы мемлекеттік сыйлық иегерлерінің аты жарияланғанда Жәркен ағамыздың ұнжырғасы мүлдем түсіп кетті.
Екінің бірінде сөзін: «Жәйірдің жалғызымын» деген мұңмен бастап жүрді.
«Мұқағалиды ешкім де оңдырмап еді»
– Аға, сіз Мұқағалиды білесіз бе?
– Ее, жұрттың бәрі қазір Мұқағалишыл, «Мұқағали, Мұқағали!» деп өтірік ұрандайды. Бауырым сенесің бе, осының бәрі кезінде Мұқағалидан қашқандар, оған күн көрсетпегендер. Жолғалған пышақтың сабы алтын, енді бәрі өтірік көлгірсиді, осыларға сеніп жүрсіңдер ме. «Өлген бураның басымен тірі атанды қорқытыпты» дегендей, өлген Мұқағалиды айта бергенше шіркіндер көз алдында жүрген ақындарын сыйламай ма?
– Сонда сіз Мұқағалиды қызғанып, мына тірі жүрген біздердің Мұқағалидан неміз кем деп күндестікпен айтып отырған жоқсыз ба? – ағамызға еркелегеніміз сонша, осындай ащы сауалдарыымзды да жасырмайтын едік.
– Жоқ! – ағамыз жұлып алғандай жауап береді, – айтайын дегенім кешегі емес, осы айналамызда жүрген тобыр, бұлар Мұқаңның жауы, күндесі еді. Қазірде өзінен озады дегендерге жау болады, көрсе де көрмеске салады. Мен Мұқаңды бағаладым, бағалап өтемін, тыңдашы...
Ағамыз осыны айтып енді Мұқаңа арнаған өз өлеңін оқиды:
Таудай едің таудың алып тумасы,
Нағыз қазақ едің сөздің турасы.
Қыр басында неге шөгіп жатырсың,
Ей, өлеңнің буырқанған бурасы...
«Беліңді қатты бусаң ішің езілмейді»
2000 жылдардың басында Жәркен ағамыздың азамат жасындағы ұлы о дүниелік болды. Көңіл айттық, жұбаттық, қасында болдық.
Арада біраз күндер өтіп, көңілі сап-сап басылып, сабырға жеңдірген бір сәтінде ағамыз:
– Айтқандарың жөн ғой. Өлмектің артынан өлмек жоқ, десе де өзегің өрт болып жанып тұрады екен. Бұрынғылардың осындайда «беліңді бекем бу» дегені жай айтылмапты, беліңді қатты буып алсаң, өзегіңдегі от сәл саябырсып салқындағандай болады екен», – деп мұңая күрсінгені бар. Осыдан кейінгі кездесулерде шынымен де белін қатты тартып байлап алатынын байқайтынбыз.
Тағы бірде жанары жасаурап: «Абайдың күйік-шерінің не екенін мен де білгендей болдым» деп күрсінетін.
Ағамыздың қайғыға құламай, оның есесін өлеңнен алмақ қа, түндерде тоқтамай жазып жүретінін де әңгімесінен аңғарушы едік. Қанша қиналса да еңсенін түсірмей, кеудесін шалқақ ұстауға тырысатын.
Туған жерін аңсаудан шаршамады
Алғашқы келген жылы, бір жолғы әңгіме арасында Жәркен ағамыздан:
– Сіздің келгеніңізге қанша жыл болды? – деп сұрадым. Ағамыз ойланған жоқ:
– 29 жыл! – деп жауап берді.
– Сонда сіз осы елде 29 жыл жүрсеңізде сол елді, туған жер, өскен өлкені сары алтындай сақтап, әлі күнге сағынасыз ба?
– Сағынғанда қандай...
Жәркен ағам күле қарайтын әдетімен жанарыма үңіледі, көзі жасты. Дәл бір кеше ғана келіп өмешегі үзіліп тұрғандай, жан сырын шанағына көлкіп келген көгілдір толқынмен ұқтырады.
Мен ойлайтынмын: «қызық екен, 5-10 жыл емес, бақандай 29 жыл өтсе де сол арғы бетін сағына бере ме?!» деп. Енді білдім, менің келгеніме де 26-жылға қадам басыпты. Туған жеріме бара алмағыныма да аттай алты жыл зулап өте шығыпты. Биылғы жаз Моңғолияның Баян-лгейінде сапарда болғанымда, өзім өскен Алтайдың биік жалдарының теріскей бетіндегі малшы үйіне түнеп едім. Ұйқым қанып, сарайым ашылып, үй иелеріне: «арғы жақтан – менің ауылымнан соққан қоңыр самалы мен түтін иісі келгендей болды» деп мекіренгенім бар.
Сөйтсем, Жәркендікі рас екен. 29 жыл бойы арғы бет деп аңыраған оған таңданған басым, енді 26 жыл өтсе да Алтайға қарап шөліркеп жүр. Тегі, тағдыр деген нәрсе тек қана сағынышпен ғана көмкеріліп, көркемделіп тұратын сияқты.
«Мен Ұлар жыраумын»
Біздің Жәркен Бөдешұлымен алғашқы танысқан кезімізде көп өлеңдерін жыраулар дәстүрімен бұрқыратып жазатын еді. Сондай шабытты шақтың бірінде ақын ағамыздың, шалқып, көсіліп оытырып:
– Мен Ұлар жыраумын, ұлы таудың ұларымын, ұлы таудан сағыныш арқалап ұшып келдім. Жай сағыныш емес қазақ поэзиясына сағыныш жырын алып келдім. Күндердің күнінде сол ұлы тауыма сағыныш жырларымды арқалап ұлар болып ұшып кетемін, – дегені бар-ды.
Сөз төркініе аса мән бермейтін едік. Қымыздың қызуындағы ақын желігіне балаған шығармыз.
Арада аялсыз жылдар өтті. 2021 жылдын 22 cәуірінде ақын ағамыз келместің сапарына аттанды. Ұларға айналып, ұлы тауына ұшып кетті. Ақын рухы сағыныш арқалап келіп, артына сағыныштың түйдек-түйдек көшпе бұлттарын қалдырды да, мәңгілік сағыныш мекеніне кете барды.
Жатқан жерің жаннат, топырағың торқа болсын, аяулы Жәркен аға!
(суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды)
Жәди Шәкенұлы,
Жазушы-тарихшы
1-5 желтоқсан 2022 жыл.
Астана-Қоянды
Abai.kz