Әділ Балта. Балдырған

Елімізде соңғы жылдары балаларға арналған қазақтілді контент көбейіп келеді. Abai.kz ақпараттық порталы еліміздегі балалар контентін дамыту ісіне өз үлесін қосып, еліміздің ең жас аудиториясына арналған контенттерді үздіксіз жариялап келеді.
Бүгін біз белгілі қаламгер Әділ Балтаның балаларға арналған шығармаларынан топтама ұсынамыз.
Әділ БАЛТА
Ақша жоқ дейсің
Алтыға шыққан Алтынайдың анасы – кассир. Балабақшадан қалып қойған күндері оны мекемесіне ертіп барып жүретін. Бір күні ол мекеме қызметкерлеріне ақша таратты. Алтынай оған жақтырмай қарап отырды. Үйге қайтып келе жатып анасы қызынан:
– Неге көңілсізсің? – деп сұрады.
– Үйде ақша жоқ дейсің. Ақшаның бәрін жұртқа таратып бересің, – деп қызы аузын бұртитты.
Анасы Сәуле қаршадай қызының сөзіне ішек-сілесі қата күлді.
Қар
Сәуле апай қызы Алтынайды сыртқа қоқыс төгіп келуге жұмсаған. Қыс кезі болатын. Жердің үсті – аппақ қар. Алтынай сыртқа шықты да, қайта кірді. Қоқысты төкпей ала келіпті. Анасы оған:
– Неге қайта әкелгенсің? – деп ұрысып жатыр.
– Аядым, – дейді қызы.
– Нені?
Анасы аң-таң.
– Жердің беті аппақ. Сондай әдемі. Қоқысты төксем, кір-кір болмай ма?
Қорықпайсың ба?
Анасына еріп мекемеге келген Алтынай барлық кабинетке кіріп аралап шықты. Бәрі оны өз қызындай көріп, ашық-жарқын әңгімелесіп жатқандары. Алтынай олардың қойған сұрақтарына қызық жауап қайтарып, аға-апайларын мәз қылды. Өзі де сұрақ қойып, жауап алды. Өстіп жүріп ол мекеме басшысының кабинетінен бір-ақ шықты.
– Кел, қызым, кір, – деді ішінде отырған ағай.
Басқа кабинеттердегідей емес, мұнда бір өзі ғана отыр. Алтынай аң-таң.
– Жалғыз отырғаннан қорықпайсыз ба? – деп сұрады ол мекеме басшысынан.
Балдырған
Мұғалима апай тақтаға жазу жазды:
«Балдырғандар бақшаға бет алды». Содан кейін алдыңғы қатарда отырған Рахаттан:
– Айтшы, балдырған деген кім? – деп сұрады.
– «Балдырған» деген – журнал, – деді Рахат еш күмәнданбастан. – Ішінде әдемі суреттері бар.
Апай күліп жіберді.
Әжем біледі
– Ертең оқуға барасың ба? – деді ағасы Рахатқа.
– Оны әжем біледі.
– Қалайша?
– Қыркүйектің бірінен бері ол да менімен бірге оқып жүр ғой.
Қиын сөйлем
Рахат құнжыңдап «Әліппе» оқып жатыр. «Зайра сазанды қазанға қуырды» деген сөйлемді бірнеше рет қайталап жатып әрең дегенде әріптеп шықты.
– Зайра сазанды қазанға не қылды? – деп сұрады апайы.
– Пісірді, – дей салды Рахат.
– Пісірген жоқ, қуырды, – деді ұстаз кейіп.
Рахат аң-таң. Бәрібір емес пе?
Асханашы
Мұғалима апай Рахатты тақтаға шақырды. Рахат сүйретіліп әрең шықты. «Апай да қызық, басқалар құрып қалғандай, құдайдың құтты күні сұрайды». Амал жоқ, «Әліппесін» ашып оқымақ болды.
– Ш... А... Р... А... – деді әріптеп.
– Енді қосып оқы, не болды?
Рахат:
– Асханашы, – деді көп ойланбастан.
Мектеп асханашысының аты Шара еді.
Егіздер
Мұғалима сыныптас оқушыларына кітап үлестіргенде, «Әліппе» тек Ақмаралға жетпей қалды. Өзінен де бар. Сабаққа бір күн кеш келді. Ауылға жазда көшіп келген. Әлі балалармен толық танысып та үлгерген жоқ. Мұғалима оны Үсен деген баланың жанына отырғызды. Екеуі бірін-бірі жатырқаған жоқ. Тез тіл табысып кетті.
Бірде Ақмарал «Әліппеден» екілік алып қалды. Үйге берілген тапсырманы оқымапты. Бұл Ақмаралдан бұрын Үсенге қатты батты. Ал Ақмарал болса, орнына отыра беріп жылап жіберді.
– Оның кітабы жоқ қой, апай, – деді Үсен араша түсіп.
– Ондай сылтау болмайды, – деді мұғалима.
Үсен үнсіз қалды. Жылап отырған Ақмаралға қарады. Оны іштей қатты аяды.
– Апай, – деді бір кезде Үсен орнынан тұрып. – Ақмарал менің кітабымды алсын.
Мұғалима аң-таң.
– Е, өзің қайтесің?
– Мен Ақботадан оқимын. Екеуіміздің үйіміз бір. Егізбіз ғой, – деді Үсен алдыңғы партада отырған аққұба, кішкентай қызды көрсетіп.
– Солай ма? – деп мұғалима жымиды.
– Міне, жігіт! – деді сонан соң Үсенге мейірлене қарап. Әсіресе, Ақмаралдың қуанышында шек жоқ еді.
«Біріншідегі» әжей
Дарқанды бірінші сыныпқа әжесі ертіп барды. Бұрын мектепке өзі тым жақсы барушы еді, бүгін ол мүлдем бұзылды.
– Әжем бармаса, бармаймын, – деп отырып алды.
Амал жоқ, әжесінің үйдегі қыруар жұмысын тастап, немересімен мектепке баруына тура келді.
Мектепке барған соң да әжесінен бір елі айырылсайшы. Сыныпқа да бірге алып кірді.
Апайы оны ең соңғы партаға отырғызды. Бір жақсысы, ол күнгі сабақ ұзаққа созылған жоқ. Екеуі тез қайтқан еді.
Жолшыбай әжесі екеуінің әңгімесі мынадай болды.
– Әже, ертең де менімен бірге келесің. Жарай ма?
– Мен шаршадым. Мені орныма атаң келсе қайтеді?
– Жоқ. Атам жаман. Маған зейнетақысынан түк алып берген жоқ.
– Ойбай-ау, сонда жыл бойы сенімен мектепке қатынай берем бе?
– Қатынай бересің. Екеуіміз бірге оқимыз.
Әжесі күлген.
Оқудың басталғанына да үш-төрт күн өтті. Бірінші сыныпқа немересімен қосылып, әжесі әлі барып жүр. Үйдегі жұмыстың бәрі қалды. Көзден сәл таса болса, немересі жылап қоя береді.
Өткенде қалада тұратын шешесі қыдырып келді. Дарқанға қатты ұрысты.
– Әжеңді салпақтатып жындымысың? Жұрттың балалары сияқты өзің бара бермейсің бе?
Дарқан оны құлағына қыстырмады. Тек сыныбындағы анау бір екі қыз «күйдіріп» жүр. Әлі аттарын да дұрыс білмейді. Мұны көрсе болды, мазақтай жөнеледі. Ұшып-қонған біреулер...
– Дарқан тағы да әжесімен келе жатыр! – деп айғайлайтындарын қайтесің.
Дарқан қатты қысылады. Сонда да әжесінен ажырағысы жоқ. Өзін оқытатын әдемі тәтей қашанғы отырғызсын, әжесін бүгін сабақтан «қуып» шықты. Сол-ақ екен, Дарқан қыңқылдап қоя берді.
– Кетпеймін, сыртта күтемін, – деді әжесі.
Дарқан үзілісте сыртқа шықты. Шынында, әжесі терек көлеңкесінде өзіндей әжелермен әңгімелесіп отыр екен. Көңілі орнына түсті.
Балалар ызы-қиқу ойынға кірісті. Бір қара бала жақын келді. Момын сияқты. Екеуі тіл табыса кеткен. Жақында сонау алыстан көшіп келіпті.
– Неге әжеңді ертіп келмейсің? – деді Дарқан бірден.
– Әжем жоқ. Алыста... – деп анау мұңайған болды. Дарқан оны аяп кетті.
– Анаң ше?
– Ол жұмыста. Еріп жүретін уақыты жоқ.
Үйренісе бастағандай. Досы момын болғанымен, сөзшең сияқты. Біраз жайды айтып тастады. Оның айтуынша, мұның мектепке өзі келмей, біреуді ертіп келгені ұят екен. Біреулер тіпті сыртынан «қорқақ» дейтінге ұқсайды. Үлкендердің үйдегі жұмысы жеткілікті. Мәселен, мұның әжесі үйде күбі пісудің орнына сыртта бостан-босқа сарғайып отыр.
Дарқан ойланып қалды. Қой, ертең әжесін үйде қалдырып, өзі келмесе болмайды екен.
Abai.kz