Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6360 9 пікір 12 Желтоқсан, 2022 сағат 12:35

Айгүл Кемелбаева. Тырнақ (әңгіме)

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығында «Үздік проза» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған шығарма

«Сен де өлесің, ажалым көзіме көрінген соң  мен де өлемін», – деп кемпір жер тырнап отыра кетеді. Кемпір сол отырған жерінде жан тәсілім етеді. 
Қазақ ертегісінен*  

Қыналы тырнақтары қызық екен:
Малғандай таза қанға қызыл екен.
Сағди. «Жәннат»*

Қара бір шашым жаяйын,
Жаяйын да жияйын.
Қыналы бармақ жез тырнақ
Күнде қанға бояйын!
Жоқтау. «Әбжан»*

Егер менің күнәм жойқын болса, қасірет-азабым  соншалық жойқын.
Р.Л.Стивенсон. «Доктор Джекиль мен мистер Хайдтың тосын оқиғасы»

Сүйдім мен Іңір деген пері қызын,
Тәуекел – не ажалым,
Не қызығым.
Ақырын жаныма кеп отырады ол,
Жасырып жез тырнағын жеңіне ұзын.
Есенғали Раушанов


Табалдырық

Өларада ай бетін жуады. Бақташы түбі тесілгендей үш күн үзбей жауған сел жаңбырдан ми батпақ болған жердің сызы сүйегіне шейін өтіп кеткенін сезді. Боз мұнар соқыр тұман тұмшалап жер бедерін көрмей оңбай адасты. Темірқазық айналған жеті қарақшы шор қара бұлттар саңылаусыз жапқан күмбезден жоғалып кеткен. Ақкөз тұман ептеп сейілгенін мүйізі қылтиып жаңа туған айдың орағын көргенде білді. Бір қиырдан қара аспанды тіліп жіберген жарқылдаған найзағай оты жылт еткізді. Тырнақ ұшындай күш-қуаты қалмай әбден қалжырап бітті. Баяғыда Алтайдың долы боранында адасып, өліп қала жаздаған. Ақпан-қаңтарда тері қолғап киген қолының он саусағы үсіп, тырнақтары бүртік-бүртік боп қалған.

Шөп сарғая таң суып, күн қысқара бастағанда жоғалған он екі бас ірі қараны іздеп шығып, мылқау дала қойнына түсіп, тұманда қайда лағып кеткенін білмей сорлап келеді. Күн ұясына тығылған бейуақта жалғыз жүргінші астындағы жирен атын тебінбей, басын бос жіберді. Жылқы жарықтық бұрын басқан жерлерін адаспай табар деген соңғы үміт.

Жолға шыққанда айнала топтанған қара қарғалар қарқылы құлақ түбін жарғандай өткір естілгені текке болмай шықты. Әншейінде елең етпейтін тоңмойын болатын. Қарғаны сәуегей құс атайды. Қырсыққа бастағаны ма. Көкек құс қаршығаға айналып құбылып ұшады деп аңшы орыстан естігені сап етіп ойына оралды. Таулы далада күз лебімен таңда шық тоңазиды. Есіл-дерті алғашқы түні маяға, келер түні су сіңген сыз жерге бұтақ сындырып төсеп, қарағай түбіне түнегенде сай сүйегіне өткен дүлей қара суықтан аз да болса пана болатын ықтасын жер іздеп табу. Байтал түгіл бас қайғы. Үлкендер айдалада жалғыз жолаушы адасып зиратқа қонса, өлі аруаққа дұға қылса тіріні қорғайды десетін. Алыста күн күркіреп, найзағай ойнайды. Кенет жасынның ирек-ирек алтын сызықтары сол жағынан қарауытқан қыстаудың сұлбасын жарқ еткізді. Жүрек шіркін бұлқынып кеудеге сыймай атқақтап кетті. Демде не қуанғанын, не қорыққанын айыра алмай ентікті. Дымқыл ауа дыбыс атаулыны сорып алғандай тым-тырыс. Аулақта үрген ит, тоғайда үрген түлкі естілмей қор етті. Бақташы меңіреу қыстыққан күйі иесіз қыстауға жақындай берді. Оның жадына кенет ұзақ жылдар бұрынғы оқиғалар, кісі есімдері ап-анық түсе бастады. Суық өлердей құрсап шала ұйқы, нәр татпай қаңғып келе жатқанда өткен өмір елестері жылымдай тартып еске оралғаны салтаттының мазасын одан әрмен қашырды.

Сол маңнан 40 шақырым қашықтықта күре жол, теп-тегіс трасса өтетін. Бірақ әл-дәрмені құрыған бақташы қараңғы қапас дүниеде өзінен басқа тірі жан жоқтай күйзелген. Ат арқасынан аунап түсіп, мүшкіл халден арылып, таң атқанша тынығып алса болғаны. Астына мінген жылқы зорыға пысқырынды. Найзағай жарығымен жарбиған ескі тамға тақап келгенде ол атынан түсіп, шылбырын есік тұтқасына байлады. Ат байлар белдеу іздеуге шама жоқ. Құлай кетуге шақ тұр. Тастанды, бергі жарты бөлігі бар, арғы жағы жоқ, қирап, қаусап тұрған жаман тамға кірмесе түнгі суықтан қатып өледі. Тас қараңғыда иесіз тамға кіруге жүрек құрғыр дауаламай, тісі-тісіне тимей қалшылдап, есірік діріл буып барады. Қалтасынан оттық алып тұтатты. «А, құдай» деп аласа есікті ашып, еңкейіп кіре бергенде қарауытқан сұлба ішке жұлқа тартып, жұлып кеп алды. Табалдырықты аттай бергені сол еді. Мүлгіген өлі тыныштықты бақташының шыңғырған жан дауысы бұзды. Есік тұтқасына байланған жирен ат ащы кісінеп, өлердей жұлқынып, шылбырдан босап кетпекке көкке шапшыған.

Мал іздеуге аттанып, үш күн, үш түн із-түзсіз жоғалып кеткен бақташыны әр тараптан екі машина, үш салтатты жабыла іздеген. Ол әкесінің ескі қыстауында ессіз жатқан күйі табылды. Тау етегінен ойыста жатаған там алдында есікке байлаулы қарны қабысқан аш жылқы шөлден қаталап, көзінен жас ағып мөлиіп тұр екен.

Төрт қабырғаның бұрыш-бұрышы мен терезе көзі өрмекші патшалығына айналып, шаң-тозаң басқан лас бөлмеде бақташы тірі жатқан. Біреу өлтіре сабаған. Бас сүйегі, денесі, беті, тегі терісінде сау-тамтық жер жоқ, былғары күртесі айқұш-ұйқыш жыртық.Аюдың шор тырнағы сүйекке шейін шеңгелдей батқандай, қандыжолақ терең сызықтар қызыл етті ырсита тіліп-тіліп, осып-осып тастаған. Қанталаған сояудай тырнақ іздері кеуіп қарая бастаған. Бас киім бұрышта бөлек жатыр. Тозақы көріністен қатты шошынған екі жігіт шалажансар бақташыны далаға көтеріп алып шығып, жерге жатқызды. Ерболат аузына су тамызғанда оның шаң-тозаң қонған кірпігі әрең қимылдап, тарс жұмылған көзін  ашқандай болды. Тілін жұтып қойғандай. Күн сәулесін, тірі адамдарды көргенде қуарған жүзіне қан жүгірген тәрізді, ризашылық үйірілгендей болды. Су жұтқызғанда қайта сұлқ қалған.

Аудандық емханада кезекші дәрігер тұтасқан қанды жараны этиль спиртімен тазалап жуып, йод жағып қабынуға, іріңге қарсы антибактериялық дәрі левомеколь жақты. Жалаңаш денені басынан бақайына шейін жаңа туған нәрестені жөргекке орағандай дәкемен шандып орап тастады. Бұл процедураны күнде жаңалайды. Бақташының әйелі күйеуінің екіталай халін жазбай танып, үйге алуды жөн көрген. Дұғаның қасиетімен ерін жын соққаннан ұшықтауға, аластауға бақсылығымен аты шыққан емші шақырды. Онсыз күйеуінің беті бері қарамасын ұқты. Күндіз емші ұзақ дұға оқыса жаны тынышталатын тәрізді мүлгіп жатады. Бастан аяқ ақ матамен айқұш-ұйқыш таңулы жатқан ерінің кейпі боз кебінге ораған жансыз мүрдеден аусашы, тек екі аяғын бірінің үстіне бірін шығарып айқастыра байлап тастамағаны болмаса...Жаназасын шығармас бұрын кісілер сүйекке түсіп, өлікті жуындырып, өстіп арулайды. Қазулы көр аузы ашық тұрғандай байғұс әйел тірі өліктен тітіркенсе де қас қағым сәт жалғыз қалса, құдай қосқан жарының азапты арпалысы жиілейтінін жүзінен оқып, күндіз ептеп көз шырымын алып, түн сайын қасынан кетпей, электр жарығын өшірмей күзетті. Қалада тұратын жалғыз қыз тұрмыста, жас босанған. Әкесінің хал үстінде жатқанын қызынан жасырды, уайымдап жыласа сүті қайтып кетер деп қорықты. Бақташы үш күн, үш түн қара терге түсіп қиналды. Ақырғы түні ерінің кеберсіген тілік-тілік ерні болар-болмас қыбырлады. Ант мезгілінде ақтық күшін жинап, бірдеңе айтқысы келіп қарманды. Ол «Тырнақ» деген жалғыз сөзден артық тілге келген жоқ.

Жұмбақ 

Ауданнан арнайы келген полиция сержанты Саян Жұматаев жұмбақ өлімді тексеруге елден айғақ жинауға кірісті. Бірақ үш күн түк шығара алмай бекер сандалды. Жұрттың жезтырнақ туралы шығарып алған қауесетіне полиция сенбейді, себебі қисынға келмейді.

Соғыстан кейінгі жылдары Марқакөлдің Былғары-Табыты ауылында Мерген деген әйел қосқа кірген айдаһарды күрекпен ұрып өлтірген. Ержүрек ана жемін арбап тірі жұтатын алып жыланнан жан ұшырып балаларын қорғап қалыпты. Айлы-күнді Алтайда ордалы жылан алтынды бауырына басып жылынады деседі.Бұрынырақ айдаһар болғанын ел растайды. Бертінде «Мың биенің қазынасы» деген жерде қой бағып жүрген қойшы астындағы аты үріккенде анадайдан айдаһарды көрген. Құз жартас басына, шағыл тасқа шырша өскен орман-таулы, нулы-сулы бай өлкеде қоңыр аң, момын құспен қатар тұяқты, қанатты жыртқыштың сан алуан түрі мекендейді. Тау-тас, қылқанды орманда жезтырнақ жасырынуы бек мүмкін.

«Тырнақ» деген ақтық сөзде не құпия сыр жасырынған? Ажал алдында кісі өтірік айтпас болар. Қазақ үрей буған кісіні жаны тырнағының ұшына келіпті дейді. Марқұм есі-кіресілі шығасылы жатып көзіне елестеп тырнақ деп айтқан болуы мүмкін ғой. Бірақ бойы теректей бақташының тұтас денесі жазғытұры жер жыртқанда егіндік алқап тәрізді сойдақ-сойдақ тырналғанын немен түсіндіруге болар?! Көз жетпей, күдік кетпес. Елдегі қылмыс санағы бойынша кісі өлтіру аз кездеспейді, бірақ мынау бұрын-соңды ел естімеген бір жосын қылмыс.

Марқұмның жетісі өткен соң сержант бақташының үйіне келіп, оның қаралы жесірінен күйеуінің шаруа жағдайы мен дос-дұшпаны туралы мәлімет алуға кірісті. Жирен ат қорада өліп қалыпты. Алдына қойған пішеннен, мойнына ілген дорбадан сұлы жемей, шөлі қанбай су іше берген. Жылқы есті жануар, иесінің қайғысын көтере алмай құрбан болған тәрізді естілді. Бір тәулік асырып ескі қыстауда, есік тұтқасына байлаулы қалғанда сормаңдай иесінің жан азасын сезіп, беймәлім құбыжықтан шошынған, шын мәнісін бір құдай біледі.Тексеруші марқұмның киімі, аяқ киімі, былғары күртесі, белдік, тоқыма құлақшын, қамшы, оттық тәрізді жеке заттардан жұмбақ қылмысты ашуға себі тиер айғақ іздеген. Саян бақташының ер-тұрман, тоқым, айыл, белбеуін сараптамаға беріп, мұқият қарағанда бөтен тырнақ ізі түгілі саусақ ізі табылмады. Үзеңгіде құмайдың тырнағы бедерленген. Ұстаның дәстүрлі қолтаңбасы болатын.

Қарға 

Ауылда бақташының жақын туысы Ерболатты Саян сөзге тартқан. Қылмыс жасалған жерде бір белгі болмауы мүмкін емес. Ерболат полиция сержантын көлігімен апарып, оқиға орын алған ескі тамды көрсетуді өзі ұсынды. Екеуі таң сәріден ескі қыстаққа жол тартты.

– Ол екеуміз нағашы-жиен әрі түй құрдаспыз, – деп бастады Ерболат әңгімесін. – Бауырым, сен менен бір мүшел жас екенсің. Мүшел жас адамға оңай тимейді дейтұғын, ажал тырнағына ілініп, отыз жетіде кетті. Ел оны Сиыршы атап кеткен. Бозтайдың әкесі менің анаммен бірге туған. Ол тосын қазаға ұшырағалы ұйқым бұзылды. Түсіме кіреді, құлын-тайдай бірге өскен бауырға жаным ашиды. Аруағы риза болсын, өз білгенімді жасырмай айтайын.

Орман-тоғайлы белдеу жазық даладан тау беткейіне ауысты. Күре жолдан солға бұрылғанда ойпаңға таман ізі өше бастаған көне сүрлеу көрінді. Ерболат машинасын солай бұрды.

– Ол түсімде маған: «Сен айт! Білгеніңді айт» деді.  Мұны қалай жоруды білмедім. Сол күні қыстауға жақындағанда есіме бұрын үлкендерден естіген сөздер, қилы тағдырлар келе бастады. Тап сол маңайда ертеректе болып өткен жайттар тау-таста, салқын ауада, суда өшпей сақталып қалған сияқты. Шөлден қаталаған жирен атты жетектеп, сыздықтап көзі қалған бұлаққа суарғанымда баяғы ұмытылған трагедия ойыма оралды. Ертеде бұл жер Бозтайдың малшы әкесінің қысқы қонысы болатын. Бозтай екеуміз аязда домбығып атшанамен сырғанақ тепкен төбелер әне. Жылқы тұяғы басқан жерді жазбай таниды. Жирен ат құлын кезінде басқан жерге алып келген. Нағашымнан кейін мұнда ешкім қоныстанған жоқ.

– Ескі қыстауды бертінде ешкім қоныс қылмаса да таяу маңда жеке қожалықтар жоқ па? – деп сұрады сержант.

– Жер жеке меншікке берілгелі бұл маңды әлі ешкім иемденбеген. Өйткені ауылдан тым шалғай, ұзақ қыста оппа қардың қалыңдығынан жол жабылады, қыста қатынас өте қиын. Оның үстіне ескі қыстау мүттәйім жер деген сыбыс шыққан. Үлкендер бұрын зұлымдық болған, үрей тудыратын сезікті жерлерді солай атайтын.

– Қазақтың жер орайы қашанда алыс, қарға адым жер дегені күншілік жер болып шығады, – деді сержант. –Табиғаты қандай көркем жер, өзен, орман, тау, дала бір белдеуде, түгін тартса майы шығады.

– Бозтайдың келіншегі бейсенбі-жұмада жеті шелпек пісіріп, ағайынын, Ишанбай молданы шақырып, марқұмға дұға бағыштайды. Ол байғұстың көңілін жұбатып, әйелім екеуміз қаралы үйге жиі барамыз. Құран оқылады. Молдадан «тырнақ» сөзінің мәнісін қадалып сұрадым. Молдекең мұндайда орағытып уағыз айта бастайды. Жер бетінде ең алғашқы өлім туралы аңыз. Қабыл қызғаныштан бірге туған сыңары Абылды өлтіріп, жансыз денесін тастап кете алмай, қайтерін білмей көтеріп жүрді дейді. Ол екі есе ауырлаған денені көтеріп сандалып жүргенде өлік иістеніп, бұзыла бастайды. Өйткені Абылға дейін жер бетінде кісі өлімі болмаған екен.

Құдай оған мүрдені қалай жерлеуді көрсету үшін екі қарғаны жіберген. Жақын жерге екі қарға кеп қонады. Қабылдың көз алдында қарғалар таласып, әлдісі әлсіздеуін шоқып өлтіреді. Тірісі өлісін тұмсығымен жер қазып, топырақты тырнағымен шұқып көмеді. Алла адам баласына мәйіттің жүзін жасырып, қара жерге көмуді үйретуге нышан үшін жіберген қара қарға жерді шұқып қаза бастағанда Қабыл: «Әттең! Маған не болды? Туысының денесін көмген қарға құрлы бола алмадым ба? деп бекер қылмыс жасағанына қайғырып өкінді дейді.

Ақсақал, «тырнақ» деген ақтық сөздің шешуін таппай уайымдап, у жұтқандай күйзеліп отырмыз десем, молда е, қарағым, ешкілер жер құрығандай зират басына шығып жүргенін көргенің бар ма деп сұрады. Ешкінің тырнаққа не қатысы бар десем, ол кісі тырнақ пен тұяқ бір текті, ешкінің тұяғы шайтанның кебісіне ұқсайды дегені. Адамға тырнақ бітеді, малға мүйіз бітеді. Ертегі дейін десем, рас, атамнан естігем, қазақ айдалада жалғыз ешкі көрсе сайтанға балайды. Жүректі ерлер иесіз жерде көзіне көрінген тоқал ешкіден, сақалды текеден қарадай қорыққан. Шаш, тырнақ сияқты лас нәрсені отқа тастамайды, от шамданады. Бұрын тырнақ алған пышақты жерге жеті рет сұққылап, ластан тазалайтын деді молда.

– Бұрын бәкімен, ұстарамен шаш алған, қайшы тұрмысқа әлі енбеген кез ғой, – деп басын изеді Саян.

– Әйелім үйге қайтарда қараңғы көшеде қолымнан ұстап, қолтығыма кіріп жабысып алды. Қорқамын, сен болмасаң қайтемін дейді. Қара қарға неге жыл құсы емес? Құздиып бұтақта отырса қарғампаз қара кемпірден аумайды. Тырна, қаз-үйрек сияқты жыл құсы болса ұзақ ұшудан қанат-құйрығы таралып, кеселден, қара пиғылдан тазарып келер еді дегенде сүрініп қала жаздадым. Құдай сақтасын. Толған айдан зәрем ұшады, ол неге бас сүйектей жалтырап көрінді деген қатынымды шалық шалғаннан сау ма деп қарадай үрейленгенімді айтпай-ақ қояйын.

Ертесі Ишанбай молда маған көшеде жолыққанда дастарқан басында туысыңның әйелінің көзінше айта алмадым, сен тыңда деді. Құран аяттарын келтірді. Жәннаттан қуылған соң Ібіліс адамға өшікті. Алла оны қарғап, саған қиямет күніне дейін лағынет бар деді. Ібіліс Жаратушыға мені қаңғыртқаның үшін адам баласына жер жүзінде жаман нәрселерді жақсы көрсетіп, оларды адастырамын деді. Сонда Аллатағала «Менің шынайы құлдарыма ықпалың жүрмейді. Бірақ саған кім ерсе олардың бәрінің уәделі жері жаһаннам» деді. Азғырушыға ерген күнәһар. Азған жанға жын жолдас. Бар жерде құдайдың заңдары бұзылып, адамдар азып барады. Ұяттан адам өлмейді, сағы сынады. Құдайдың жарығы адамды әрдайым алып жүреді. Тек соқыр, мылқау, антұрған сәулеге ермей қасарады. Ескі қыстау мүттәһәм жер екенін біраз жұрт біледі. Ел қонбай безіп кеткен. Көне көз қариялар бұ дүниенікі о дүниеге кетпейді деуші еді. Жығылған бет тырнайды. Аруақ кешірмейді. Баяғыда өлген адамның артынан топырақ шашу қазақта жоқ мінез. Бірақ...бұл әулетке оңай соқпайды деп айтып қалды.

– Мистикасыз болмайын деп тұрған жоқ па? – деді Саян Ерболаттың жүзіне барлай қарап. – Қарғысқа ұшыраған әулет пе?

– Оны тап басып айта алмаймын, – деп күмілжіді Ерболат.

Қорым  

Жеңіл автомобиль шығандағы ескі қыстауға кеп тоқтады. Тым-тырыс. Ерболат машинадан дырау қамшы ала түсті. Екеуі ескі тамға «Бисмиллә, Аллаһу акбар» деп күбірлей кірді. Сержант кеудесіне ілген Canon фотоаппаратымен бұрыш-бұрышты, еденді, төбені асығыс түсіре бастады. Жан-жағына кезек бұрылып бірнеше кадр түсірді.

– Құдай есіркесін, ол мына тұста бүйірімен бүрісіп құлап жатты, үрейі ұшқан жас бала анасының бауырына бас сауғалап тығылғаны сияқты...– деп қамыға сыбырлады Ерболат. Тамағы жоқ жерден қарлығып, үні бітіп қалғандай әзер шықты.

– Қараңыз, өрмекші торлары тұтаса салбырап тұтып тұр, мұнда қырық жыл кісі кірмеген сияқты ғой, – деді сержант таңданып. – Торға түскен көкбас шыбын кеуіп, қаңқасы семіп қалыпты.

– Алысып-жұлысқан із атымен жоқ, шынымен жұмбақтың көкесі, – деді ол бір минут үнсіздіктен соң. – Бір түйір айғақ болсашы.

Қоржын тамның екінші бөлмесі жартылай құлап жатыр. Іргесі мен жарты қабырғасы күннен, жаңбыр мен желден мүжіліп біткен. Екеуі көп бөгелмей қапас бөлмеден атып шықты.

– Шаш пен тырнаққа қатысты ырым-тыйымдар тегін болмады, – деп күрсінді Саян. – Негізсіз соқыр сенім деуге әсте болмас. Апам кіндігімді үйден алыс жерге көміп тастапты. Тырнақ пен шашты қара сиқыр жасайтын әйелдер дуаға пайдаланады дейді, мұның сырын кім анықтап білген.

Кері қайтқанда Ерболат тұнжырап үнсіз отырды.

– Жолай Бозтай марқұмның басына соға кетейік, ауылға алыс емес, аруағына дұға тие берсін, – деді ол. –Ишанбай молдадан үйреніп, аяттарды жаттап алдым.

Қорым қалың тоғайдың желкесіне жетіп қалыпты. Ерболат тізерлей отырып дауыстап дұға оқыды. Сол замат іргедегі тоғайдан сілеусін қышқырды. Полиция сержанты бақташыға өлтіре жара салған сілеусіннің тырнағы ма деп бір ойлаған. Бірақ аң денені тұтас тырналап тастамайды.

– Молда ескі қыстауды неліктен жаман жер деп айтты? Жасырмай айтыңызшы,– деп сұрады Саян серігінің көзіне қарап.

– Бәрінің сүйегі қурап қалған шығар, қара жер хабар бермесін. Нағашымның алғашқы әйелі баладан қайтты. Ақ жеңешемнің жылы өткен соң қаладан бір жесір келіншек әкелді. Артынан ере келген он екі-он үш жасар қызы бар. Бозтай баланың үлкені, інісі екеуі өгей шешеге бауыр басып, обалы не, отбасы болып жарасып тұра бастаған. Бірер жыл өткенде қыз бала суға кетіп өлді. Өте әдемі қыз болатын. Қыс өтіп, малшылар жаз жайлауға көшкен мезгіл еді. Бір күні қыздың анасы жоғалып кетті. Құс келгенде көтеріліп ауырған. Нағашым бір отар қой бағады. Сол жылы аю екі адамға шабуыл жасаған. Келіншектің сүйегі бір айдан соң табылды. Жайлаудан қыстауға жаяу келіп, асылып өліпті.

Саян кенет бұлттан шыққан күн нұрынан жер дүние жарқырап, өлі қорымға бөлекше салтанат бітірген көрініске қайран қалды.

Студент

Ерболат құлын-тайдай тебісіп өскен бауырдың алабөтен қазасын ұмыта алмай басы әбден қатты. Аруақ түсіне кірсе сезіктеніп, өзін ертіп әкетердей елегзиді. «Тырнақ» деген жалғыз сөз зорайып өсіп, ойынан шықпай иектеп алды. Қазығын айналған аттай сол сөзге байланып қалған. Бозтай сорлы жан азабын аманат қылып кеткендей, неден қаза болғаны, кім өлтіргені туралы шындық ашылса рухы тыныш табардай көрінді. Өлі разы болмай, тірі байымайды. Бір амалын іздеу керек.

Ерболаттың ортаншы ұлы Лондонда оқиды, техника саласын таңдаған. Кішкентайынан өте зерек бала болып өсті, өз күшімен таңдаулы университетке грант ұтып алды. Ұлы үш тілді еркін білетін өте білімді жас екенін ауылдағы әке-шешесі мақтан көретін. Видеомен сөйлескен сайын баласы әкесінің ішқұса жүдеу кейпін, ана оқиғаға жарты жыл өткенмен тырнаққа байланыстырып бірдеңе деп қалатын теріс әдет тапқанын байқады. Оның үстіне анасы әкесінің мінезі өзгеріп, ажалды жиі айтатын күйреуік, жылаңқы депрессияға ұшырағанына  шағым айтқан.

– Балам, ұлттық дәстүрді, бойтұмарды ескілік қалдығы көру теріс,– деді Ерболат ұлына. –Жас баланы қауіп-қатерден сақтасын деп үкі қауырсынын, бүркіттің тырнағын, қасқырдың тісін бесікке ілген.Қазіргілер дымды білмейді, ырым-тыйымнан жұрдай, сондықтан пәлеге көп ұрынады.

– Әке, ежелден ырым етуге негіз болатын құбылыстар кванттық физиканың қасиеті, биоөріс, электромагниттік, радиотолқындар, кеңістіктегі тербеліс заңының әсері. Гравитация, бүкіл әлемдік тартылыс өрісінің әсерінен Жер өз орбитасында Күнді айналады. Әлем шексіз энергетикалық өрістердің шоғырлануы сияқты, жарықтың сансыз жіптері, қылдары, талшықтары, яғни тізбектерінің жиынтығына ұқсайды, – деп өзгеше жауап берді студент ұлы смартфонның арғы жағынан. – Сен артық ойдан арылсын деп тырнақ туралы мәлімет таптым. Тырнақ туралы бекер ойлай бергеніңді қойшы. Тырнақ ешқандай жұмбақ зат емес. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде энциклопедиялық біраз дерек іздеп таптым, маған уақыт қымбат, бірақ ерінбей көшіріп жазып жіберемін.

Артынша ол әкесіне ватцап арқылы үздік-создық ғылыми деректер жібере бастады: «Құстың қанат-құйрық қауырсындары және адамның шашы мен тырнағы түзілген заттегі бірдей, оның атауы кератин. Жыртқыш құстардың қаруы тырнағы мен тұмсығы. Басқа құстарды аулайтын сұңқар, жамансары, жапалақ сияқты құстардың тұмсығы өткір, бірақ қысқа. Ал ірі жануарларға түсетін жыртқыш құстардың тұмсығы ұзын әрі мықты. Өлексемен қоректенетін күшігенге өткір тырнақтың керегі жоқ. Сирағы қысқа құстар құрбанын жер үстінде өлтіреді, тегеурінді, шеңгелді қанаттылар жоғарыдан төніп кеп, жеміне шүйіліп түседі. Тегеурін – қыранның алдыңғы үш тырнағына қарсы біткен артқы жалғыз тырнағы. Лашын құрбанын аспанда теуіп құлатады, ақсұңқар артқы тұяғында орналасқан өткір тырнағымен ұшып бара жатқан қаз-үйректі тыпырлатып іліп әкетеді.

Африканы мекендейтін ебедейсіз ірі жануар мүйізтұмсықтың мүйізі өмір бойы өседі әрі құрылысы бойынша кәдімгі тырнаққа ұқсайды. Оның ешқандай шипалы, емдік қасиеті жоқ. Тұмсыққа өскен дәу тырнақ. Неміс зоологы, жаратылыстанушы Альфред Брем мүйізтұмсықтың мүйізі адамға біткен шаш пен тырнақ, аң-құс, малға біткен тұяқ, тырнақты түзетін кератиндерден тұратындықтан, мүйіздің талшықты құрылымына және тым жылдам өсетін қабілетіне қарап бейнелі түрде «ұйысқан» бір буда шашқа ұқсатуға болады деп жазады. Қара мүйізтұмсықта ауытқушылық түрінде 3 немесе 5 мүйіз өседі. Ал адамның басындағы шашы өмір бойы өседі және ұзындығы орта есеппен 725 шақырымды құрайды. «Комета» грекше шаш деген сөз.

Баба Түкті Шашты Әзіз Сырдарияда шомылған үш сұлу қызды көреді. Су перісінің қыздары екен. Жас жігіт ғашық болып, бір қыздың киімін жасырып қояды. Пері қызы оған әйел болуға көніп, күйеуіне шашыма, тырнағыма қараушы болма деп тыйым салады.

Қынаменде – тырнақ бояйтын қызыл бояу. Қалыңдық қына түнінің алдында тырнақтарын қынамен бояп алады. Мұндай салт қазақ тұрмысында ертеде болған. Аңшы туралы бір ертегіде жалмауыздың жаны тырнағында болады. Шоқан қырғыздар ант орнына аспанға қарап қолының тырнағын жалаған деп жазады.

Вулкан атылғанда балқып ағатын отты сұйық зат, таужынысынан кварц текті қатты минерал, ақық, агат түзіледі. Жанартау текті табиғи түсі анық асыл тастар жер астындағы бос кеуекте пайда болады, «жер қыртысының өзіне тән көпіршіктерінен» жаралған. Сүлеймен патша отырған тақ ақық тастың бір түрі – оникстан жасалған. Оникс грекше «тырнақ» дегенді білдіреді.

Нагльфар, скандинав мифологиясында өліктердің тырнағынан жасалған кеме, онымен өліктер өлілер патшалығы Хельден жүзіп шығып, ақырзаман алдында құдайлармен және үздік жауынгерлермен шайқасады. Карел-фин мифологиясында бас қаһарман тырнағынан ұшқын шығарады.

Адам анатомиясы. Дененің кез келген мүшесіне әсер етуге болатын емдік нүктелерді рефлексотерапевт дәрігерлер ашқан. Миға жауапты аймақ қолда, дәлірегі, сұқ саусақтардың тырнаққа таяу тұсында орналасқан. Адам қолының саусағындағы тырнақ аяқтағыға қарағанда 4 есе жылдам өседі.

Шаш пен тырнақты өсіруге тыйым қарапайым гигиена, тазалық сақтаудың кепілі болып табылады. Хадисте: жұма күні тырнағын алған мұсылман бір жұма бойы пәле-жаладан аман болады. Жер астында, қабірде өліктің шашы мен тырнағы өсе береді деп дәлелденген. Бұл қате. Өлген соң тері ылғалын жоғалтып, кеуіп қалады. Соның әсерінен тырнақ пен шаш ұзарып көрінеді».

Ұлының елгезек еңбекқорлығына, жанашырлығына сүйінген Ерболат жанын жегідей жеп, еңсесін езген жұмбақ құбылыстан, құса-шерден бір сәт арылғандай жеңілдеп қалды. Қызықты әлемге тап болғандай таңданды. Білгенінен білмегені көп екен, бұған дау жоқ. Енді шетелдегі студент баламның басын қатыра бермейін, тырнақты атымен ұмытайын деп бекінді. Әйткенмен санасын жаулаған теріс ойлардан арыла қою оңайшылыққа соқпады. Ой селдей ағып түнгі ұйқысын ұрлап, аш қасқырдай қамайды. Ауыл маңында қалмаққырылған оба көп, балалар тоғайда ойнап жүріп бас сүйек тауып алған. Еті ағып кеткен аппақ бас сүйекте еркектің желке шашы өрулі сақталған, шаш шірімейді екен. Бас сүйек көбелектің қанатына бейнеленген. Аюдың тырнағын ырымдап, қатерден, жын-сайтаннан қорғап-сақтаушы бойтұмар санап қалтасына салып жүретін кәрі аңшыны білетін. Ол омарташыдан күбімен бал сатып аларда тырнағына бал тамызып, дәмін татып көрген, соны көз алдына келтірді. Мүйізін кескен бұғының қанын шарап қосып ұрттап ішеді. Бұл қазіргі заманғы бизнес. Адамзат өзгермейді. Обыр, кеще. Баланы тырнақ тістеме деп тыяды. Тырнақ тамаққа түссе жазылмайтын дертке ұшырайды. Түнде тырнақ пен шаш алмайды. Адам жаны түнде тырнаққа ілініп тұрады. Түнде шаш алу бас алумен бірдей деп жориды. Тегеурін құстың артқы тырнағы ілмекке ұқсас па, уысқа ұқсас па? Тырнақ жануарлар дүниесімен жалғайды. Тырнақ осады, тырнақ орады, шор тырнақ орып жіберсе, қанын суша ағызады. Мылқау дала, жеті қараңғы түнде оны жетек әкетті ме? Іңірде пері көшеді. Бейуақ. Отқа ұшқан көбелек. Жан көбелек, от тозақ. Оған ащы тырнағын салған не нәрсе, мақұлық па, адам баласы ма? Кімнің тырнағы? Кімдікі? Қара бассын деп әулетті қарғаған кім? Нағашымның үлкен ұлы мынандай болды, кенжесі оқу қуып елден біржола кетті, – деп ойлады Ерболат жастыққа басы тигенде. Бұрын мұндай ойлар үш ұйықтаса түсіне кірмейтін.

Қара дақ 

Саян ескі тамнан түсірген суреттерді шығарғанда ах ұрып, дауыстап жіберді. Жас жігіт көп нәрсеге сене бермейтін. Терезе, бұрышты торлаған өрмекшінің өрмегі анық бедерленген фотода буылдыр қара сұлба зорайып көрінді. Ергежейлі. Қара силуэт. Сырт пішіні адам анатомиясына келіңкірейді, кеспелтек, басы саңырауқұлақ сияқты дөңгелек, аяқ жағы кескен томар сияқты, тұтасымен қою қара даққа ұқсайды. Бірнеше кадр түсірген, ең қызығы, әр кадрде ол құбылып, басқаша сипатта көрінеді. Жеті кадрде жеті түрлі кескін. Әлгінің бойы сәт сайын бес сантиметрге ұзарып өскені білінді. Көзге шыбын тышса құрт әр секунд сайын балалап өседі екен. Бала кезінде көзіне көк шыбын тышып кетіп, әкесі мотоциклін зыр еткізіп, жылдам дәрігерге жеткізген. Фельдшер жігіт емін біледі екен, әкесінен темекі сұрап алып, үгітіп жіберіп су құйды да, ащы суын көзіне тамызды. Көз ұясында асқан жылдамдықпен көбейіп өсіп бара жатқан аппақ құрттар қырылып қалды. Қуырылған ұсақ шабақтардай домалап, сумен шайылып шықты. Фельдшер көзін таза сумен жуып тазартқан соң дәрі тамызды. Көзі удай ашыған, қызарып шыға келді. Мынау сол көзге түскен құрттай өсе беретін пәле екен. Ең соңғы кадрде бойшаң, кесек. Ол оңашада фотосуреттерге алмакезек үңіліп ұзақ тесілді. Біреу айтса нанбас еді. О, сұмдық, қараған сайын маңдайдағы жалғыз көз жылтырап көрінетін сияқты. Біресе бітеу бейне құр қара дақ, көз бітпеген соқыр болып көрінді. Түсініп көр! Ол қылмыс туралы хроника сараптамасына мұны жазған жоқ. Жұрт онда өзін қуып кеткен, есі ауысқан санайды деп тартынды. Мына фотосуреттер сау басына жай түскендей есеңгіретті, жанына беймәлім күдік ұялап, беймазалық басты.

Саян суретші досын қонаққа шақырып, болған оқиғаны қысқаша баяндап, фотосуреттерді көрсеткен. Интеллектуал досы түсініп болмайтын абстрактілі суретті жиі салады. Суретші фотосуретке ұзақ үңілді.

– Негативтерін бер, көрейін.

– Маңдайда көз көріне ме? – деп сұрады сержант.

– Кенепке төгілген қара бояу сияқты, – деп жауап берді суретші пленканы көзіне тым таяп қарап. – Сен мұны ескі тамға ертіп апарған жігітке көрсеттің бе?

– Жоқ.

– Малевич «Қара квадрат» атты картина салған, сол сияқты екен.

– Ол картина саған ұнай ма?

– Жоқ. Нонсенс.

– Мына пленкалар мазамды алды. Көрген сәтте не сездің, маған соны түсіндіріп айтшы.

– Гойя адамға тән ұсқынсыздықты, жексұрындықты, қораштықты, үрейді бейнелеудің қас шебері. Ол өмірдің көлеңкелі келбетін боямасыз көрсетуге құштар. Бірақ сол сұмпайы көріністер көзді керемет шыншылдығымен әрі табиғи қанық бояуымен арбап алады, оның себебі шындық қашанда көркем. Бұл асқан өнердің құдіреті.

– Құбыжық құбылып өсе бергені несі?

– Саян, сен құбыжық деп дәл атадың. Қазір білесің, қоғамда тренинг, коуч деген ұғымдар алға шықты. Жұрт ақы төлеп, жаппай соларды тыңдайды, өздері ізденіп оқуға құлқы жоқ. Оңай баюдың жолын іздейді. Еңбексіз, білімсіз іс бітпейтінін ұқпайды көбі. Мен психологияны метафизикалық тереңдікпен жазатын ғұлама авторларды бағалаймын. Мұның сырын ашатындай теорияны Айванховтан оқыдым. Оның айтуынша, эзотерикалық кітаптарда табалдырық қарауылы туралы айтылған. Ол табалдырық күзетеді. Оны эзотериктер адам баласы күндердің бір күні бетпе-бет кездесетін құбыжық түрінде елестетеді. Міне, осы табалдырық күзеткен құбыжық мына біздің өзіміздің бір бөлшегіміз, қара пиғылымыз, тұла бойды құрсаған барша жаман, зиянкес, кінәратты, күнәлі, бұзақы, теріс істердің конденсациясы, яғни, қойытылған, байытылған түрі. Қант қосып қойытылған қалбырдағы сүт сияқты. Бірақ тіл үйіретін тәтті дәм емес, кілең улы, ащы қосынды. Зұлымдық, кесір, ақау, кемістіктен таудай қор жиналып, тұтасып тығыздалып қалады. Адамда барлық жақсы нәрсе де, жаман нәрсе де табиғаттағы сияқты жинақталып, нығыздалады. Ұйыған қан сияқты қарайып түнереді. Жүрек қарайса адам аңға айналады. Аңнан адам зұлым, жыртқыштан бетер сұрапыл. Қазақ көз еті өліп кетеді, көзі үйренген деп айтады. Тегінде жақсы нәрсе емес, жаманнан жиренбеуді, сұмдық нәрсені жатсынбай қабылдауды, арсыздықтан безінбеуді, енжарлықты, немқұрайлықты айтады.

– Өткендегі алабажақ түсініксіз картинаң сондай бірдеңе емес пе? – деп сұрады Саян досына тура айта беретін әдіетімен.

Суретші оған не иә, не жоқ демей сөзін жалғады.

– Айванхов Үндістанның Нилгири таулы аймағында көзімен-ақ атып өлтіретін мулукурум тайпасы туралы жазады. Блаватскаяның «Теософиялық сөздік» кітабында бар атау. Олар санасына у жинағаны соншалық, тесіле бір қарағаннан-ақ адамды не аңды өлтіріп жіберуге қабілетті. Сенесің бе?!

– Біреуді көзімен атып жығады, көзі жаман, сұқ тиеді деп жатады.

– Заттардың құпия мәні көзге көрінбейді. Біз көзбен көретін нәрселер сыртқы қабық қана. Ашу, ыза, кек, жек көру, қызғану, алдау, арбау, өтірік, настық, кір, қоқыс, былғаныш, нәпсі, оңбаған, сұм-сұрқия, бұзылған, пасықтық, залымдық, агрессия тудыратын барша төменгі тілектерді біртіндеп бойға сіңіру қатерлі. Мәңгіртіп, жынды қылатын улы утамыр, итжидек, құтырған, сасық меңдуана сияқты еліткіш, есіртпе, улы өсімдіктерде осы құбылыс бар. Біздер жасаған күнә және қылмыс ақыры зілдей ауыр, дүлей қара күшке айналады.

Суретші еліге, беріле сөйлеген. Саян досын өзі сияқты скептик деп ойлайтын. Енді мүлдем олай еместігіне қайран қалды.

– Айванхов адам шын мәнінде екі өңірден тұрады деп жазады: оның бірі тілмен айтқысыз кейіпсіз, сұрықсыз, көріксіз, қораш болса, ал бірі аспани сұлулық, керемет көркемдік. Автор неліктен деп сұрайды. Біз жасаған жақсылық бір жаққа, жамандық бір жаққа шоғырланып жиналады. Олар бір-бірімен қосылмайды. Бұл ақбар маған қатты әсер етті. Мен осы идеяны қалай бейнелесем деп толғанып жүргемін. Осы санадан тыс өктем образ жаныма жай таптырмаған. Мына пленкаларды құдай көзіме көрсеткені керемет болды. Айванхов адам баласының кім екені әлі ашылған жоқ деп жазған. Меніңше, данышпан Платон өзіңді өзің таны, сонда жарық дүниені танисың деп содан айтқан. Адамға таңдау берілген. Не ексең, соны орасың.

– Пленкаға түсіп қалған кескін жанды зат па, әлде фантастикалық мақұлық па? Не нәрсе? Неге әр кадрда әртүрлі болып шыққан?!

– Мына суреттерде фантом сияқты. Фантом – бұл елес, құбылыс, адам жаны, сананың бұлдырап көрінуі, астыртын сипат. Мүмкін, астральды әлемде өмір сүретін екінші «мен», астральды энергия, түс арқылы білінетін ішкі әлем.  Әрбір адамда хайуандық үрей тұңғиық жасырынған. Энтелехия – жан-тәннің көзге көрінбейтін, бірақ сезінуге болатын энергиясы.

– Ол не сонда?

– Адам баласы жаман жағын басқалардан шебер жасырады.Табиғаты екіжүзді. Түбінде оның өз жамандығы өзін құртып тынады. Қорыққанға қос көрінеді. Материальды нысан формасын қабылдайтын ой түрлері бар. Адам өзінің ментальды денесінде бейне сомдайды, сол бейне ой күшейгенде сыртқа шығуға қабілетті. Визуализация. Кейде адам жанының қара жағы көп білім береді, нышан беріп, сыр шашады. Жоғары әлемде зұлымдық пен ізгілікке, ақ пен қараға бөлу жоқ. Ол әулиелер әлемі. Төменгі әлемде ақ пен қара, жарық пен қараңғы әрдайым күреседі. Мұнда тек рухы күшті жеңеді. Бұл әлемде бәрі бір-бірімен өзара байланысты. Құдайды танып-білу мүмкін емес, себебі жаратылыс адам санасына түсініксіз, ақылға сыймайтын құдірет.

– Құдайды сүю керек, бірақ фанатизм құдайшылдыққа жатпайды, меніңше, мұнда бақай есеп бар, – деп қалды күмәншіл Саян.

– Күн қиядан батқанша, ай қиядан асқанша дүние құбыла береді. Барлық заттар өз табиғаты бойынша өзгермелі. Бұл әлемде тұрақты ештеңе жоқ. Ескі өліп, жаңа туады, алмасу заңдылығына бағынады. Жаратылыс жасарып, жаңарып тұруы керек. Буддизм дін емес, ілім. Мұнда өмір сүрудің кез келген формасы үнемі қозғалыстағы тентіреу, қаңғыру, кезуден өзге түк емес. Жеке тұлғамын, адаммын деу қиял, ойдан шығарған. Адам өз өмірін игеремін деп ойлайды, қарекет жасайды, бірақ мұның бәрі адасушылық. Өйткені болмыс, тұрмыс-тіршіліктің шынайы көрінісі айналу, өзгеру, құбылу, бір түрден екінші түрге ауысу. Адамзат көргеніне бағады, ұстағанынан тістей қатып айрылғысы жоқ, барынан айрылудың зарынан барып қайғы-қасірет шығады деп санайды. Менің айтарым осы, – деді суретші.

– Біздің қазақ мұны бір сөзбен дүние жалған демей ме. Бақташының өлерінде тырнақ дегені жазмыш болып шықпасын деп ойладым, – деді Саян.

Екеуі әдеттегіше бір шөлмек шарапты бөліп ішкен жоқ. Текше шоколадпен кофе ішті. Саян тау суынан ауланған хариус деген балық қуырды. Ол көп ұзамай полициядағы қызметін тастап кетті. Омарта ұстап ара өсіремін деп шешті.

Омарта  

Бозтайдың жылы өткен соң әйелі үйін, отыз бас ірі қара малды жекеге сатып, қаладағы қызының қасына көшіп кеткен. Ерболат өткен күнде белгі жоқ деп ойлады.

– Әттең, Бозтайдың қара шаңырағын ұстап қалар ұлы жоқ. Түсімде нағашымның ескі қыстауын көрдім. Жапалақтап қар жауыпты. Қоржын тамнан будақтап түтін шығып жатыр. Мен болсам сол маңды айналшықтап кете алмай жүрмін. Түсім үздік-создық, шым-шытырық. Сосын сол маңда көк тақиялы шал бір түбірден қос жарылып өскен ағаш діңінің шіріген жағын балтамен шауып тастады. Бір қарасам, әлгі кеуіп тұрған ағаш көгеріп, жас бұталары таралып өсіп қалыпты, жақсыға жорыдым, – деді ол таңертеңгілік шай үстінде әйеліне.

Уақыт емші. Ерболат жүйкесі тынышталып, кәдімгі қалпына келе бастаған. Көршісінен естіген жаңалығы байыз таптырмай, аяқ астынан жолға жиналды. Өткенде ауылға тексеруші болып келген жас жігіт банктен несие алып, ескі қыстауды сатып алып, орнымен қопарып күретіп тастапты деген хабар шағын ауылды елең еткізген. Ерболат бар шаруасын жиып, нағашы жұртының ізі қалған жерді көруге асықты. Жолда ол қазақ салтымен ру сұрасқанда Саянның аталары осы елден екенін, нағашысымен қыз алыспайтын рудан екенін еске түсірді.

Айгүл Кемелбаева

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434