Тегін білу – тектілік
Адамзат дүниесін қалыптасырушы ұлттардың тектік төркініне үңілгенде барлығының тайпалық-рулық кезеңді бастан кешіп, өзінің жаңа болмысы мен тарихын жасағанын білеміз.
Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше күн Әлихан Бөкейхандікінде тұрдым. Онда қонақта Ахмет Байтұрсын болды. Біз түркілер тарихына қазақ хандарының да тарихын ендіру туралы талқылап, ұзақ әңгімелестік» дейді[1].
Сөйтіп, Ә.Бөкейхан қазақтың төл тарихын жазуға барынша мүдделілік танытқан. Ол сол тұстың өзінде: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді...
Тарих не айтады? – десеңіз, оның айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі; олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі; қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досы-дұспаны кім екендігі; не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады...»[2] деген екен.
Қазақ тарихы өзінің даму кезеңінде рулық-ұлыстық кезеңдерді бастан кешіп, сан ғасырлық алмағайып күндерін артқа тастап, бүгінде мемлекетін құраушы негізгі ұлт ретінде қалыптасып отыр. Олай болса ұлтты танып білудің алғы шарты – оның өткенін тану, білу, зерттеп-зерделеу.
Тұтас адамзаттық тарихымыз туралы айтқанда күллі адамзат бір атаның баласымыз. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай сөзі жайдан-жай айтыла салмаған.
Қазақ халқының атадан балаға жалғасқан шежірелік дерегі бойынша «жеті атасын білуден» басталған ата-текті тану тәліматы бүкіл бір ауыл-аймақтың өткен-кеткенін түгендейтін абыз шежірешілерді тудырды.
Жыраулар сарынындағы:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Керейде батыр Жәнібек,
Уақта батыр Өтеген...
Матайдан шыққан Ер Шөңкей...
Немесе:
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Қылышбек,
Текеден шыққан Сатай, Бөлек,
Шапырашты Наурызбай..., – секілді ескі жырлардың бәрінде ата-тек, шығу төркіні, шежіресі қоса шертіледі.
Әйгілі ақын, сазгерлер – Әсет Найманбайұлының: «Арғынмын, атым Әсет арындаған», Мәди Бәпиұлының: «Сұрасаң руымды Қаракесек», Сұлубай Сапыұлының «Сұлубай» әнінде: «руым Жәнтекейден...» – деуінің бәрі де рушылдықпен айтылған жоқ. Шәкерім Құдайбердіұлының арғындар шежіресін кеңінен таратуы, Қожаберген жыраудың керейлер туралы жазуы сынды сан тараулы шежірелік деректер де бір рудың мүддесіне байланбаған. Сол ата-тектік анықтама бір жағынан арғы атасын – тегін танынтса, екінші жақтан мекен-жай анықтамасы, үшінші жақтан кімнен шыққан жүйрік екенін білдіру арқылы өзіне әріптес боларлық қарсы жақтарды да бәсекелестікпен таласа өсуге шақыру болып табылады. Одан қалса рухы үстем, сүйегі асыл халықтардың басқаларға ұқсай бермейтін, өзіне ғана тән жеке ен-таңбалық құндылықтары да болады.
Ру-тайпа болмаса ұлт қалыптаспайды, ұлт қалыптаспаған жерде халық ретінде өмір сүру мүмкін емес. Бірлікке келген тілі, діні-ділі, тектілігі, ел мен жерге деген ыстық махаббаты бар халық қана өз отанын қалыптастыра алады. Отан жасау – туған мемлекетіңнің туын тіктеу, оның асыл байлығын арттағы ұрпаққа адалдықпен аманаттау деген сөз.
Ертеден келе жатқан халықтардың бәрінде де жеке отбасының, әулеттің, халықтың, жеке тарихи тұлғалардың шежірелерін жасау, оны өткен тарихтың таңбасы ретінде кейінге қалдыру дәстүрі болған. Айталық, Білге қаған, Күлтегін ескерткіші, Тоныкөк тасы, «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид ад-диннің «Жамиғ ат Тауарихы», Әбілғазы Баһадүрдің «Түркі хандар шежіресі», қытай, корей, орыс және т.б. еуропа елдерінің шіркеулік тіркеу кітаптары немесе ақсүйек тұқымының әулет баяны; өз тегіміз жайындағы М.Қашқари, Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайберді, Машһүр Жүсіп, т.б, ғұламалар шежіресі сынды талай дүниелер болды. Қазақ шежіресі және жазба тарихы туралы деректерге тоқталғанда, «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері» мен «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» атты көп томдық еңбектердің жарық көруі де біраз бостықты толтырды. Сонымен бірге соңғы жылдары иран, түрік, араб, орыс, т.б. халықтарға қатысты болған тарихи деректеріміз қазақ тіліне аударылып, тарих пен ғылымның айналымына ұсынылды.
Халықтың түп төркіні жайындағы хикаяларын, таралуын баяндайтын, ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша деректер шын мәнінде рудың, тайпаның, халық тарихының құрамдас бөлігі.
«Құран Кәрім» Хұжрат сүресінің 13-аятында: «Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық»[3] дейді. Демек, бір-бірімізді тану үшін біздің ұлт пен ру болып аталуымыз ешқандай бөліну немесе алалық үшін болмаған. Тану, білу деген сөз бүгінгі тарихымыз бен шежірелік дерегімізді түгендеуге саяды.
«Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер. Өзін ғана білген ұл – құлағы мен жағын жер» немесе «жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары» деп білген халқымыз ата-бабаларды кейінгі ұрпақтарға танытуды әулеттік парыз санаған. Бұл бір жағынан ата-текті білу арқылы тарихыңды тануға жетелесе, бір жағынан неке және отбасы өмірінде де ерекше мәні бар дәстүр. «Жеті атаға дейін қыз алыспау» қағидатында да осы аталық шежіре негіз болады.
«Іле өзенінің алқабындағы Алмалық қаласында туып, қалың қаңлы тайпасының арасынан шыққан атақты тарихшы, ғұлама ғалым Жамал Қарши (1230-1315) өзінің 1300 жылы жазылған «Мүлка хат ас-тудах» («сөздікке қосымша») атты еңбегінде қаңлы, қыпшақ, найман, оғыз, т.б. тайпалардың XI ғасырдан XIII ғасырға дейінгі өмір тіршілігі мен шежіре аңыздарын баяндаған». Қазақ Совет Энциклопедиясында бұл шежіренің атын «Оғыз-Қыпшақ-Қарахан шежіресі» деп атаған. Қытайдың қазақ тарихын зерттеуші ғалым-профессоры Су Бихай мұны қазақ шежіресінің ең алғашқысы дейді.
Қазақ шежіресінің нақтылы жиналуы және жазба дерекке түсуін қазақ құрамын толықтаған жалайыр тайпасынан шыққан Қадырғали Қосынұлы жалғастырды. Ш.Уәлихановтың жазба деректері бойынша Қадырғали Жалайыр (1530-1605) жазған «Жамих-ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты кітап «қазақтардың өткені туралы ең құнды, алғашқы жазба ескерткіш, мұнда нақты тарихи деректер аз болғанмен қазақ хандары мен сұлтандарынның ата-тегі бар. . .»[4].
Шоқан шежірені жинатып сақтағандар қазақ хандарынан Есімхан, Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет ұрпақтары екендігін айтады. «Ондай шежірелер Абылайда, оның балалары Уәлиде, Сыдық төреде, Әбілқайырда, оның балалары Нұралыда, Айшуақта, ұрпақтары Жәңгір ханда, Дәулеткерейде болған»[5].
18-ғасырда қазақ шежіресі жөнінде өте тамаша жыр-дастан шығарған адам Шал жырау екен. Ш.Уәлихановтың жазуынша, Шал жырау оның бабасы Абылай ханмен замандас. Ол арғын тайпасының атығай тайпасынан шыққан атақты жырау. «Елдің айтуынша Шал жырау жыр-дастанында, қазақтың шығу тегіне қатысты тарихи аңыз-әңгімелер түгелдей қамтылады деседі. Ертеде өткен алаштан бастап барлық ру, рубасы, билер мен батырлар, олардан өрбіген аталар мен әулеттер, хандар шежіресі Шал жырында түгелдей қамтылатын көрінеді»[6] деп жазады Шоқан Уәлиханов.
Қазақ шежіресін кеңінен пайдаланып жазылған еңбек Құрбанғали Халидтің «Шығыстың бес тарихы». Автор Орталық Азия, Шығыс Түркістан халықтарымен қатар қазақ даласын мекендейтін ру-тайпаларға да тоқталады. Өзен-көл, жер, ру-тайпа аттарының этимологиясы жөнінде көптеген мәліметтер бар. Бір қызығы Құрбанғали Сары Арқаны екіге бөліп, бірін Оң Арқа екіншісін Сол арқа деп айтатындығын мәлімдейді. Обь және Ертіс арасын ерте заманда Сол Арқа деп атаған[7].
Қазақ Совет Энциклопедиясында жазылуынша, «Абылайдың шежіресі оның ұрпақтары арқылы кейін капитан Андреевке, Н.И.Гродековтың қолына тиеді. Оның толық түрін сақтаған Ш.Уәлиханов, Әблқайырдың шежіресі толығымен М. Тевкелевтің, П.Н.Рычковтың қолына түседі. Ондай шежірелерді орыс әрпіне түсіріп жинаған кісілер: А.И.Левшин, Г.С.Сабалуков, Н.Аристов...» және басқалар болып табылады. «Олардың топтаған шежірелері әлі күнге дейін мұрағат сақтаулы»[8] екен.
«18-ғасырда Қытайды билеген Еженханның әскери әкімшілік қызметкерлері қазақ арасынан қазақтың көптеген шежірелік деректерін жинап, манжу тілінде жазбаға түсірген екен. Бұл жазбалар қазір Пекиндегі хан сарайы мұражайында сақтаулы тұр»[9].
Қытай тарихи естеліктеріне қазақтар жөніндегі деректер алғашында, Қытайдың батыс аумағында (Шыңжаң өңірінде) моңғолдардың ойрат тайпалық одағының құрамындағы жоңғарлардың күшейіп шығуы, әсіресе жоңғарлардың мықты билеушісі Батұр Хұнтайжының дәуірінде, оның қол астында болуды қаламаған торғауыттардың 17-ғасырдың 30 жылдарында батысқа көшуі. Қазақ даласын басып өтіп Еділ-Жайық (Орал дариясы) өңіріне баруына қатысты жазылады да, содан тартып 1750-жылдарда Чиң хандығы үкіметінің әскер шығарып жоңғар ақсүйектерінің бүлігін тыныштандырғанға дейінгі жүз жылдан артық уақытта жалғаса береді. Алғашында тек жоңғарлар мен қазақтар арасындағы тарихи байланыстар және соғыстар жөніндегі деректермен шектелсе де, 18-ғасырдың орталарынан кейін қазақтың шежіресі және қазақтың үш жүзінің хан-сұлтандарының чиң патшалығы үкіметімен және патшалық ресеймен болған дипломатиялық байланысы, сауда барыс-келіс жақтағы мол деректерге қарай ойысады.
Мысалы: «Жоңғарды тыныштандырудың жалпы жобасы» мен «Чиң патшалығы Гаузың орда естелігі», «Чиң патшалығы Рынзұң орда естелігі», «Чиң патшалығы Ышуанзұң орда естелігі» міне осындай мәліметтерге өте бай болып табылады. Ал Сұң Жүн жазған «Шынжаң деректері» атты кітап та өте құнды. Бұл кітапта қазақ хандарының Чиң патша ордасына (Пекинге және Чыңдыға) жіберіп отырған елшілері, қазақ үш жүзі хандарының билік көлемі, олардың шежірелік тарауы берілген[10].
Жапониялық зерттеуші Зокуто өзінің «XVIII-XIX ғасырлардағы Шынжаңның қоғамдық тарихы жайында зерттеулер» атты кітабының қазақ жөніндегі тарауын жазғанда Қытайдың тарихи естеліктерінен жан-жақтылы пайдаланған. Қазақтың үш жүзге бөлінетіндігі, қоныстанған өңірі және олардың шежірелік таралуы жөніндегі мәліметтерді, Бартолд шығармаларындағы, тіпті «Қазақ ССР тарихындағы» деректермен салыстырып зерттеген.
«Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»[11].
Демек, сонау XVIII-XIX ғасырда-ақ қазақтардың тарихы қоғамдық ахуалы жөнінде жазылған деректер мен жүргізілген зерттеулерде қазақ шежіресі ерекше орын алған деуге болады. Сол тұстағы қазақ үш жүзі және оларға қарасты үлкен тайпалар жөнінде анық деректер жазылуы осының айғағы.
Қазақ шежіресінің жиналуы XX ғасырға келгенде тереңдей түсті. Бұған негіз болған шежірелер, Қазақ Совет Энциклопедиясында ерекше аталған XVIII ғасырға тән «Көшен-Қарауыл шежіресі», IXX ғасырдың алғашқы жарымы және орта шенінде топталған. Ш.Уәлиханов жазып алған «Ұлы жүз шежіресі», Абдолла Ниязовтың «Үш жүздің шежіресі», «Ахмет Жантөриннің шежіресі», Г.Н. Потанин жазып алған «Мұса Шорманұлының шежіресі», Өтеу Бөжейұлының «Қазақ жұртының жежіресі», Қорғанбк Бірімжанұлының бастауымен жинақталған «Орта жүз және кіші жүздің шежіресі» (1894)[12], т.б. болып табылады.
Осыдан кейін қазақ шежіресін жинап, реттеп, баспадан шығарушылар: Машһұр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Нұржан Наушабаев, Мұқаметжан Тынышбайұлы қатарлылар болды.
Қазақ шежіресін алғашқы қағазға түсіргендердің бірі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев (1857-1931). Ол өзінің кітабын 1911 жылы Орынборда шығарды. Кеңес заманында да бұл шығарма бірнеше дүркін жарық көрді.
Қазақ тарихнамасында шежіре деректерін деректемелік талдаудан өткізу қажеттілігін алғаш айтқан Шәкәрім Құдайбердіұлы[13]. Көп оқыған, көп білген, шығыстың да батыстың да тарихи әдебиеттерімен таныс Шәкәрім қажы тарихи зерттеулерде батыс ғылымының әдіс-тәсілдерін пайдалану қажеттілігін түсінді. Әсіресе, ол шежіре деректеріне үлкен күмәнмен қарап, оларды деректердің басқа да түрлерімен салыстыра отырып пайдаланды.
Шежірені өлеңмен жазған жерлесіміз Нұржан Наушабаев (1885-1919). Оның «Манзумат қазақия» деп аталатын 1903 жылы қазанда жарық көрген кітабына қазақ шежіресінің біраз материалдары пайдаланылған[14]. Нұржанға еліктеп шежірені өлеңмен жазатындар көбейген[15].
Кеңес заманында ілгерінді-кейінді болып қазақ тарихына қатысты көптеген томдар жарық көрді. Бастыларынан: «Қазақ тарихының очеркі» (1935 жыл), «Қазақ ССР тарихы жөніндегі очерктер» (1941 жыл), «Қазақ ССР тарихы» (1943 жыл), «Сырым батыр» (1949 жыл), «Қазақ Совет Энциклопедиясы», «Қазақ ССР тарихының» бес томдығы, т.б. лар. Тәуелсіздіктен кейін қазақ тарихшылары жаппай өзінің төл тарихын жасауға кірісті. К.Нұрпейісов, М.Қозыбаев, М.Қойкелді, Б.Аяған, Қ.Салғараұлы, А.Сейдімбек, Б.Қойшыбай, М.Тәтімов, М.Құл-Мұхаммед, З.Қабулдинов, Б.Көмеков, К.Бұрханов, Т.Жұртбай, А.Күзембаев, Қ.Сартқожаұлы, Б.Нәсенов, З.Тайшыбай, З.Қинаятұлы, Ш.Ыбыраев, М.Алпысбес, Е.Әбіл, Ж.Артықбаев, т.б. ғалымдар қазақ тарихын түгендеуге әр қырынан үлестер қосты. Дегенменде, күні бүгінге дейін пайдаланатын әдебиеттердің тапшылығы көрініп қалады. Кешегі бостықты толтыру бүгінгі күннің міндеті.
Шежіре жинау, оны зерттеу, ғылыми айналымға кіргізу жөнінде алдына жан салмаған ғалым – Әлкей Марғұлан еді. Кеңес үкіметі заманында шежірені өзінің ғылыми еңбегіне негіз қылған Мұхаметжан Тынышбаев қазақтар жөніндегі алғашқы еңбектің[16] авторы болды. Онда ол өзіне белгілі қазақ руларын талқыға салды. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Ташкент қаласында жарық көрген оның кітабы, көпшіліктің сүйіп оқитын шығармасына айналды.
Тағдыры тәлкекке түскен, атақты Ермұхан Бекмаханов өз еңбектерінде шежіре материалдарын арнаулы тарихи дерек ретінде молынан пайдаланды. Одан кейінгі Х.Арғынбаев, Ж.Артықбаев, М.Мұқанов, В.Востров, Н.Әлімбай, Б.Жакин [17] және тағы да басқа тарихшылар шежіре деректеріне зор баға берді[18].
Алаш Орда үкіметінің мүшесі, тілші Кәрім Бәтішұлы 1911 жылы «Айқап» журналына «Қазақ шежіресі» атты туындысын жариялады.
Шетелдегі қазақтарға қатысты тарихи зерттеулер, деректік, шежірелік кітаптар да аз болған жоқ. Бастыларынан – «Қазақтың қысқаша тарихы» (Н.Мыңжанұлы, Шыңжаң халық баспасы, 1987 жыл), «Қазақ тарихынан зерттеулер» (Н.Мұхаммедханұлы, Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1989 жыл), «Қазақ шежірелері» (Іле халық баспасы, 1990 жыл), «Қазақ халқы және оның салт-санасы» (Ж.Мырзаханұлы, Шынжаң халық баспасы, 1992 жыл), «Қазақ шежіресі» (Шынжаң жастар-өрендер баспасы), «Чиң патшалығы кезіндегі қазақ халқы» (Н.Мұхаметхан, халық баспасы.1997 жыл), «Тарихи дерек, келелі кеңес» (А.Татанай, Шынжаң халық баспасы, 1987 жыл), «Қазақтың тегі және оның қалыптасуы» (Ж.Жүнісұлы, Іле халық баспасы. 1994 жыл), «Шынжаң қазақтарының қоныс аудару тарихы» (Ұлттар баспасы,1999 жыл), «Қазақ мәдениетінің тарихы» (Су Бихай, Шынжаң халық баспасы, 2005 жыл), «Абақ керей» (Қ.Жанабылұлы, Қ.Жусанбайұлы, Іле халық баспасы, Күйтұн, 1994 жыл), «Елім-айлап өткен өмір» (Х.Оралтай, Алматы, Ғылым, 1997 жыл), «Азаттықтың өшпес рухы» – Нұрғожай батырдың естеліктері мен Оспан батыр. (Алматы: Сардар, Құраст: А.Қара. 2008 жыл), «Алтайдан ауған ел» (Х.Алтай. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. 2000 жыл), «Қилы заман қиын күндер» (Д.Жаналтай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. 2000 жыл), «Моңғолиядағы қазақтар» (З.Қинаятұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. 2001 жыл), «Қытайдағы қазақтар» (Сәмитұлы Ж., Алматы: Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, 2000 жыл), Н.Мұхаметжанұлы «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» (Н.Мұхаметжанұлы, «Қазақпарат», Алматы. 2000 жыл), «Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» (Ш.Рахметұлы. Өлгий. «Баспагер». 1997 жыл), «Қытайдағы қазақтар» (Ж.Шәкенұлы, Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл), «Қазақтың жалпы тарихы» (Су Бихай, «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл); бұдан басқа И.Қабышұлы, С.Тәукей, Ш.Рахметұлы, С.Рахметұлы, З.Сәнік, О.Егеубай, Т.Зәкенұлы, Д.Баймолда, т.б. авторлар еңбектері мен Шынжаң, Моңғолия қазақтарының рулық шежірелері сынды көл-көсір дүние жарық көрді.
Бұдан басқа ҚХР ШҰАР-дағы әр бір аймақ, аудандардың ауыз әдебиеті топтамаралы, тарихи метериалдары да жеке-жеке том болып шықты. «Шалғын», «Мұра», «Шынжаң қоғамдық ғылымы», т.б. қазақ тіліндегі журналдарда да көптеген тарихи деректер жарық көрді. Қытай тілді зерттеулер де көптеп жарияланды. Шынжаңдағы қазақ шежірешілерінен – Қылышбай, Орысбай, Мәулікей, Әбілмәжін, Бейсенбі, Мәми атындағы шежірешілер болумен бірге Асылбек Қайырымұлы, Сұлтаншәріп Аңсатыұлы, Меллатхан Әленұлы, Нұрболат Оспанұлы, Қадыс Жанәбілұлы, Қазым Әлменұлы, Шерубай Иманқожаұлы, т.б. шежірешілер болған.
Дегенменде, орыс және қытай елдерінің бодандығында болған тарих пен әдебиет көп жағдайда шындықты тіке айта алмай, ұзақ шиыр арқылы ғана көмбеге жетуді мақсат етті. Кейде бұрмалауларға ұшырады.
«Қазақ тарихын зерттеу, қазақ қоғамының ішкі құрылымын жіктеу, рулық-тайпалық қатынасын анықтау, XVIII ғасырдағы орыс ғалымдарының алдындағы негізгі ғылыми мақсат болды. Бұл, сол кездегі орыс үкіметінің Қазақстандағы саясатымен сабақтасып жатты. Келешекте отарлық соғыс жүргізетін елдің халық сапасын анықтау орыс ғылымының алдында тұрған үлкен міндет еді. Осы кезде ресми әкімшілік А.И.Левшин, В.В. Радлов, В.В. Вельяминов-Зернов, А.Харузин, Н.Аристов, А.Нестеров, Н.Остроумов және тағы басқа ғалымдарды қазақ даласын зерттеуге бағыттады... Қазақ шежірелерін ел ішінде көп жүрген, қазақ тілін, әдет-ғұрпын жақсы білетін Г.Потанин, Ә.Диваев сияқты ғалымдар да зерттеді. Осылардың ішінде өте мардымда еңбек атқарған Әбубәкір Диваев ақсақалды айтуға болады. Ұлты башқұрт, Әбубәкір ақсақал қазақ тілінің, әдебиетінің, әдет-ғұрпының білгірі еді. Ол бізге екі жүзге жақын ғылыми мақалаларын мұраға қалдырды. Өткен ғасырдың соңында оның ғылыми еңбектері «Тарту»[19] атты кітап болып жарыққа шықты[20].
Орыстық отарлаудың ұзақ бұғауы барысындағы қазақ туралы зерттеулердің көбінің түрікке үрке қараушы орыс сынды өзге ұлт ғалымдары жағынан жазылғанын ескерсек, сенімділігінің тереңдігіне иланудың өзі қиын.
Рашид ад-диннің «Жамиғ ат Тауарих» еңбегі бізге толығынан жетуден бұрын, «ең сорақысы, Еуропа халықтары тілдерінде шыққан еңбектерде адам, жер-су атаулары бұрмаланып, кейбір уақиғалар қысқартылып көрсетілген болатын. Кеңес тарихнамасы «пантюркизммен» күрес деген желеу тауып, түркі тарихын қолдан тапқан «моңғол мемлекеті» тарихы қылып жіберген еді. Ол саясат КСРО құрдымға кеткенше жалғасты. Демек, біз өз тарихымызға қатысты аса құнды, еңбектермен үстірт немесе бұрмаланған нұсқаларымен танысып отырдық»[21].
ҚР мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біз – бір кездері Ұлы Түрік Қағанатынан мирас болған түркілік тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалған ұлы мұралармен тығыз байланысты»[22], – деген еді.
Ұлт тарихына қатысты, ұлт тарихын құраушы ру-тайпаларға қатысты әлі де болса зерттеуді керек ететін тақырыптар көп. Қазірге дейін жазылған, жарияланған дүниелердің өзі – өзара салғастыруды, саралауды, ұлттық болмысымыз бен тәуелсіз елдік тұрғысынан қайта қарауды қажетсінеді.
Қазақтың үш жүзге жіктелуі бірін-бірі алалаудан, бөлінуден келіп шықпаған. Ол түрік қағанаты, түрік-моңғол империясы тұсынан қалыптасқан жауларға ұтықтасып қарсы тұруға дайындалған қандас туыстардың әскери күш бірлестігінің одақтас тұлғасы.
Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі саналады.
Адамзат ұғымымен – барша адам баласы бір атаның баласымыз десек, мұсылман ұғымымен күллі мұсылман әулеті – Алланың құлы, Мұхамметтің үмбеті, аға-бауыр, әпеке-қарындас саналады. Түркілік ұғыммен қарағанда – түркі ұлттары бір ғана алтын тамырдан көктейді, түбі бір. Қазақ ұғымымен айтсақ алаш туының астына жиналған бір ғана әулетпіз.
Сөйтіп, Отан тарихы өзінің сан ғасырлық толқуларымен, толғаныстарымен бүгінгі Қазақстан Республикасы сынды мемлекеттің іргесін қалап, әлем елдерінің алдында қазақ сынды халықтың тарихын, елдігін, болмысын жасады. Олай болса, ұрпақ тәрбиесінде, оның тегін, ата-бабасы басып өткен жолдар мен шежірелік дерегін танытуды басты назарда ұстаған жөн. Сонда ғана жас буын халық тұрғысында, қазақ тұрғысында өз тегін, болмысын жоғалтпайды. Елдік сананың, ерлік рухтың өрлігімен есейеді.
Жәди Шәкенұлы,
Жазушы-тарихшы. Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
[1] Заки Валиди Тоган. Воспоминания. Книга 1. Уфа: Башкирское издательство «Китап», 1994 жыл. 129 бет.
[2] Ә.Бөкейхан. «Қазақ» газеті, № 2, 1913 жыл.
[3] «Құран Кәрім» Хұжрат сүресінің 13-аятынан.
[4] Ш. Уәлиханов. «Таңдамалы шығармалар». «Жазушы» баспасы. 1985 жыл.
[5] Н. Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1987 жыл. 637 бет.
[6] Ш. Уәлиханов. «Таңдамалы шығармалар». «Жазушы» баспасы. 1985 жыл.
[7] Құрбанғали Хали. «Тауарих хамса Шарқи» - Бес тарих. – Алматы., 1992 жыл.
[8] Н. Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1987 жыл. 637 бет.
[9] Бұл да сонда.
[10] Ж.Шәкенұлы «Қытайдағы қазақтар» – зерттеулер, Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.
[11] М.Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы», Алматы. 1957 жыл. 232 бет.
[12] Н. Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1987 ж. 637 бет.
[13] Құдайбердіұлы Ш. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». Орынбор, 1911 жыл.
[14] «Наушабаев Н. «Манзумат қазақия» Қазан, 1903 жыл.
[15] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 246 бет.
[16] Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казахского народа. Ташкент, 1925. 64с.
[17] Пищулина К., Атығай Н. «Тарих-и Рашидидің» тәржімесі туралы // Қазақ тарихы. – 2004. - №4.; Артықбаев Ж.О. Шәкәрім шежіресіне қайта оралсақ// Қазақ тарихы. – 2003. -№2.; Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар: ғылми-зерттеу мақалалар. –а., 1985. -368 б.; Исмагулов О. Этническая генгеография Казахстана. – А., 1977; Артықбаев Ж. Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам. ХVІІ ғ. – Қарағанды, 1995. -266 б. Жакин М. Функциональнное значение принципа родства и родовой структуры в этносистеме кочевой цивилизации казахов (по материалам ХVІІ- ХІХ вв.)/ Дисс. на соиск. ученой степени к.и.н. –Қараганды, 2001. – 181 с.
[18] Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 247 бет.
[19] Диваев Ә. «Тарту». Алматы, 1992, - 256 бет.
[20] Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 245 бет.
[21] Бүркітбай Аяған. «Күңгірт заманнан» жеткен ұлы жазбаша ескерткіш» мақаласынан. «Тұғырыл хан». Алматы, «Palitra Press», 2019 жыл. 487 бет.
[22] Қ.Тоқаев: «Біз түркілік тегімізді сақтай білген халықпыз» - Азия елдері қаламгерлерінің Нұр-Сұлтанда қаласында өткен І форумының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен. «Айқын» ақпарат, 04.09.2019.
Abai.kz