Ұлт бірлігі - ел бірлігі
Қазіргі қазақ қоғамында халықты біріктіретін, ұлтына, нәсіліне, әлеуметтік тегіне, жынысына қарамастан, барша халықтың басты моральдық-рухани бағдар ретінде жүгінетін, мемлекеттің жан-жақты дамуына мұрындық болатын, халық пен жеке тұлғаға адастырмас жол көрсете алатын ұлттық-мемлекеттік идеология деп аталатын мәңгілік ережелер мен дәстүрлер жүйесіне қажеттілік барынша сезіліп отыр.
Бұл орайда тұрақты, тарихи тамырға ие, ысылған, жасандылықтан ада, елімізді мекендейтін қазақ халқы мен барлық ұлттардың мүдделерімен жымдасқан, оларды біріктіретін, билік пен халықты жақындадатын ұлттық идеологияның орыны бөлек. Кеңестік жылдар нәтижесі көрсеткендей, идеологиялық ваккум бәрібір баянды болмады. Идеологиясыздану еліміздегі халықтың өзге, шағын, автономды ұсақ идеялар төңірегінде бірігуіне алып келеді. Басқаны былай қойғанда Қазақ Елінің ұйытқысы, титулды ұлты қазақ халқының өзі жеке-жеке әлеуметтік, діни топтарға, тіпті, рулық идеялар төңірегіне топтасып, бытырауын теріске шығара алмаймыз. Қазаққа ортақ ұлттық тұлғалар рулық бөлініске түсіп, ортақ құрмет пен марапатқа лайық қазақтың дарабоздары енді тек өзі шыққан рудың ру-тайпалық идеологиясының шеңберінде қалып, олардың дәстүрлі мекен ету ортасында ғана танылады. Бір көшенің бойында тұратын қазақтар енді, өз руының, өз діни ұстанымының, өз әлеуметтік тобының айналасына топтанып, бір-бірінен іргелерін аулақ сала бастады.
Бұған көп мысалдың бірі ретінде Шыңғыс ханның шығу тегіне қатысты талас-тартыстар мен осы тарихи тұлғаны қазақ ету былай тұрсын, қазақтың жекелеген рулардан шыққан адам ретінде «дәлелденіп» біршама «ғылыми туындылар» жарыққа шықты. Ғылыми туындылар деген сөз тіркесін тырнақша ішінде көрсету себебім, осы кітаптардың авторлары кәсіби тарихшылар емес, рушылдық кеселіне ұшыраған ақындар мен жазушылар, тіпті, қоғамдық ғылымдардан ауылы алыс орналасқан өзге кәсіп иелері, журналистер, т.б. Бұл үрдіс тек, Шыңғыс ханға ғана қатысты емес. Соңғы отыз жылда сол кездегі биліктің үнсіз келісімімен қолдан «тарихи қолжазбалар» жасап, сол жасанды қолжазбаларға сілтеме жасап, өтірікті шындай етіп, қаншама «тарихи жаңалықтар» ашылды десеңізші?! Бұған, «аңқау елге – арамза молда» дегендей, шығыс тілдерін шала білетін, тарихтан ауылы алыс шет елдерден келген ағайындардың қосқан «үлесі» де бар.
Осындай авторлардың жанкештілігінің себебі неде? Бұл авторлардың көздегені ұлттың бірлігі, тарихи әділетсіздікті қалпына келтіру, немесе, сенсациялы ғылыми жаңалық ашу болды ма? Жоқ әрине. Бұның басты себебі, тәуелсіздікке қол жеткізген тұста қазақ бірлігіне жол бергісі келмейтін көрші державалардың өз агентттері арқылы жүргізген зымиян әрекеттері. Сондай-ақ, жоғарыда айтып кеткеніміздей, еліміздегі ұлттық идеологияның болмауы себепті орын алған жүздік-рулық идеологияның күшеюі еді. Кеңес тұсында кеңестік режим мен коммунистік идеологияға қызмет еткен ақын-жазушылардың кейбіреуі, енді өз ру-тайпасының, жүзінің бейресми идеологына айналды. Жалпы, бұл үдерістің басы кеңес заманында-ақ басталған болатын. Осы ақын-жазушыларды билік бір жағынан, кеңестік режимді насихаттау үшін пайдаланса, екінші жағынан, оларды қазақ бірлігіне сына қағу үшін руаралық, жүзаралық араздықты қоздыруға да қатар пайдаланды.
Осы орайда, кәсіби тарихшы ретінде ру идеологтарының бұлжымас ережесіне айналған қазақ шежірелеріне, қазақтың генеологиялық тегіне, жалпы, қазақ ру-тайпалық жүйесіне тарихи талдау жасағанды жөн көріп отырмын. Әсіресе, бұл талдауым қазақ тарихынан бейхабар, шежіренің шырмауынан шыға алмай жүрген, шежірені басты тарихи-генеологиялық қайнар ретінде қарайтындарға дұрыс бағыт берер.
Қазақ жүздерінің шығу тегі, мақсаты мен Отан тарихындағы орыны ғалымдар арасында әлі күнге дейін таласты мәселе. Қолдағы бар мәліметтерді саралай отырып, қазақ жүздерінің пайда болу кезеңі, мақсаты мен тарихи маңызын анықтау саласында еңбек еткен зерттеушілердің негізгі тұжырымдарын бірнеше топқа бөлуге болады.
Біріншілері, жүздердің пайда болуын Қазақстан территориясындағы алғашқы мемлекеттердің пайда болуымен байланыстырып, мемлекетті үш жүзге бөлу дәстүрін сақтар кезеңінде салтанат құрған ерте мемлекеттерден іздейді.
Екіншілері, қазақтардың үшке бөлінуін Алтын Ордадағы рухани-саяси процестермен байланыстыратындар.
Үшінші топ, бұл процесті Қазақ хандығының құрылуымен пайда болған құбылыс деп санайтындар.
Мәселеге қатысты осы үш тұжырымның да талқылауға тұрарлықтай тарихи негізі бар. Шыныда да мемлекетті және оны мекендейтін халықты үш топқа бөліп, басқару сақтар кезеңінен бастап орын алған құбылыс.
Ә. Ғалиев ежелгі сақтардың үш бөлікке бөлінгенді туралы деректерді Геродот жазбаларынан келтіріп, «Тарғытайдың Липоксаис, Арпоксаис, Колаксаис атты үш ұлы болды. Олардың билігі тұсында сақтарға аспаннан алтын соқа, кісен, саптаяқ және айбалта түседі» деп жазады.
Қазіргі ирандықтар, тәжіктер және үнділердің арғы ортақ тектері арийлердің қасиетті кітабы Авестада да арийлер қоғамы үш топқа бөлінеді – әскерилер, руханият өкілдері және егіншілер. Арийлерде әскерилерге тән түс қызыл, руханият өкілдерінің түсі ақ және егіншілердің түсі жасыл болып белгіленді. Тіпті, қазірге дейін Иран, Тәжікстан мен Үндістанның мемлекеттік туларындағы үш жолақ түстер осы Авестадан негіз алатын рухани ортақтық деп бағалауға болады.
Осы мәліметтерді саралу, ерте кезеңде қоғамды үш топқа бөлу тек әлеуметтік сипат алғандығын байқауға болады. Ғұндардың, Түркі қағанаттарының тарих сахынасына шығып, түркі-көшпенділер мемлекеттерінің империялық кезеңінде, үшке бөлінудің әскери-саяси кезеңі басталады. Ғұндардың әскери мемлекеттік құрылымы туралы деректерде олардың көсемі Еділ патшаның әкесі Руғила патша үш ағайынды еді. Ақтар мен Мыңзық қос қанаттағы, өзі ортадағы әскерді басқарды деп жазылды. Түрік қағанатының дәстүрі бойынша да әскер үшке бөлінетін. Қос қанатқа тек хан тұқымынан тараған ханзадалар әскербасылық ететін де, ортадағы жасақ тікелей қағанның өзіне бағынатын.
Шыңғысхан мемлекетінде ел шығыс және батыс болып екiге бөлiнедi. Батыс бөлiктiң билеушiсi шығыс билеушiсiне бағынды (Жошы Шыңғысханға, Шағатай Үгедейге бағынды). Батыс билеушiсiнiң қызметi елдi, әскердi басқару және оның таққа құқы болмады. Қос билеушi туысқан болды. Бұл дәстүр Үгедей өлгенге дейiн, яғни, 1241 жылға дейiн он екi жыл бойы сақталды. Бұл жүйе көне түркi, қарахан, жужан қағанаттарында болды. Мемлекеттi екiге бөлу, оның бiр-бiрiне бағыныштылығы ұзақ уақыт сақталды. Ал-Омари "Хулагу (Ирандағы елхандар мемлекетінің билеушісі) өмiр бойы тәуелсiз хан емес, Мөңке ханның орынбасары ретiнде басқарды. Кейін, Шыңғыс хан тағының мұрагері Жошы Ұлысы мен оның екінші ұлы Берке-хан үш ордаға бөлінді: Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда және Алтын Орданың ұлы ханы Берке ханға бағынды.
Көріп отырғанымыздай үш топқа бөліну сақтар кезінде тек әлеуметтік сипатқа ие болса, ерте ортағасырлардан бастап біртіндеп бұл жүйе әскери-саяси мағына ала бастады.
Ал, қазіргі қазақ жүздерінің туыстық-генеологиялық жүйесінің пайда болуы Қазақ хандығының қалыптасу кезеңінде нығайғанымен өз бастауын Алтын Ордадағы рухани процестерден алады. Құрбанғали Халид Жалаиридің жазуынша көшпелілерді үш жүзге бөлген Жәнібек хан екенін айтады. Ш.Уәлиханов та жүздердің шығуын Алтын Ордадағы саяси-рухани процестермен байланыстырады.
Тарихи зерттеулерді талдау, шынында да бұрынғы жүзге бөлінудің саяси-әлеуметтік сипаттарына Алтын Орда кезеңінен бастап рухани– діни реңк қосыла бастайды. Бұл әсіресе, Алтын ордадағы, Қазақ хандығындағы діни-рухани топтардың, әсіресе исламдық-сопылық ағымдардың арасындағы өзара күресі кезінде анық біліне бастайды. Белгілі тарихшы З. Жандарбектің айтуынша «йасауийа тариқатының тарих сахнасына шығуымен түркі халықтарының тілі мен әдет-ғұрыпы, салт-дәстүрі, дәстүрлі мәдениеті толығымен қайтадан қалпына келтірілді. Түркі дүниесі жеке халық ретінде тарих сахнасынан шығып қалу қауіпінен арылды және өз дамуының келесі кезеңіне аяқ басты».
«1320 жылы Йасауи жолының мемлекеттік идеологияға айналуы халықтың рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырып қойған жоқ, сонымен бірге мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесін қайта құруға ықпал етті. Бұрынғы рулық, тайпалық жүйелер ыдыратылып, орнына рухани негізде біріктірілген рулық, тайпалық жүйелер дүниеге келді. Қандық принцип тек жеті ата деңгейінде қалдырылды. Олар жүздерге топтастырылып, мемлекеттің басқару жүйесін құрады. Бұл бір жағынан мемлекетті басқарудың көне түркілік жүйесін қалыптастырса, екінші жағынан йассауи жолының құрылымдық жүйесін толық қайталады. Ру, тайпа, жүздерді басқару толығымен йасауийа тариқаты өкілдерінің қолына – билерге берілді. Қазіргі күні Тәуке хан құрды деп жүрген Билер кеңесі алғаш рет осы Өзбек хан кезінде қалыптасқан болатын. Билер-йасауийа тариқатының өкілдері бар күшін Жошы Ұлысында ең әділетті қоғамды орнатуға салды. Пайғамбар дәуірінен кейінгі ең әділетті қоғам осы Жошы Ұлысында орнады».
Алайда, 1342 жылы Өзбек хан кенеттен қайтыс болды, Жәнібек таққа отыруымен басқару жүйесі толығымен өзгерді. Ясауи жолының өкілдері басқару жүйесінен алынып тасталды, басқару жүйесі абсолюттік билікке негізделген, ирандық басқару жүйесі қалпына келтірілді. Мемлекеттің діни бағытының өзгеруі мемлекеттің бүкіл болмысының өзгеруіне әкелді.
Қазақ тайпалары арасында ушығып кеткен жаулықты ауыздықтау және сапырылысқан рулық, тайпалық құрылымды реттеу үшін Есім хан «Ескі жол» деп аталып кеткен өзегі ескі, қағидасы жаңа дала заңын ендіреді. Бұл заңда Есім хан Алтын Орда заманындағы ру-тайпалардың басын біріктіру үшін Алтын Орда заманындағы тәсілді қолданып, қазақ тарихында екінші рет ру-тайпалардың құрылымын мақсатты түрде сапырылыстырды. Осы жарғыда салт-дәстүр, әдет-ғұрып жоралғыларымен бірге қазақ тайпаларының жаңаша құрылымының сұлбасы айқындалды.
Қазақ руларының осылай сапырылыстырылуы салдарынан ру-тайпалардың шежірелік тізбегінде елеулі үзік пайда болғандығы аңғарылады. Сол замандарда шежірелік санаға «жеті атасын білудің қажеттігі» зорлап сіңірілді. Себебі, жоғарыдағы азамат соғысының барысында жеті атадан асқан ұрпақтар бір-бірімен дұшпан болып шыққан еді. Осындай себептермен бүгінгі көптеген рулардың шежіресіндегі тізбек ХVІІ ғасырдың бас кезінен бері қарай нақтылық сипат алады.
Дәл осы Қазақ хандығы билеушілері мен билерінің ұйғарымымен қазақты «үш ананың баласы» деген концепция қалыптасты. Қазақ халқын құраушы ру-тайпалардың этногенезіне қатысты тарихи шынайылықтан алыс болғанына қарамастан Қазақ хандығы кезеңіндегі жазылып, таратылған жыр дастандарда, ауыз әдебиеті үлгілерінде «қарға тамырлы қазақ» түсінігі бекітіліп, насихатталды.
Үш енеден туып дүреді.
Үш шешемнен туған соң
Осы еді ғой қазақтың
Үш жүз болған себебі.
Ағарыс пен Жанарыс.
Кенжесі екен Бекарыс.
Ақарыстың баласы:
Үйсін, Найман – Ұлы жүз.
Жанарыстың баласы:
Арғын, Қыпшақ – Орта жүз.
Бекарыстың баласы:
Алшын, Кеншін – Кіші жүз.
деп қазақты жасанды түрдегі туыстық-генеологиялық жақындықты насихаттай отырып жырлады.
Қазақ хандығы құрылғаннан кейін жаңа рулардың құрылуына байланысты қазақ шежірелері қалыптасты. Ру-тайпалардың ата-тегі ұлттың бірігуінің, елдің негізін қалаудың және мемлекеттің нығаюының қуатты тетігі болды. Ру тайпаларының генеалогиялық құрылымы Қазақ хандығының қоғамдық-саяси негізін нығайту үшін қажет болды.
Қазақ хандығының этносаяси жағдайы өте күрделі жүрді. Бұл кең байтақ далада тарихи қалыптасқан, бытыраңқы тайпалар болғанына қарамастан, оны одан әрі біріктіру сол кездегі Қазақ хандығының негізін қалаушылар үшін, әсіресе билер үшін маңызды мәселе болды. Бұл мәселені шешу үшін қазақ билері қазақ халқын біріктіретін, тайпалардың бірлігіне негізделген ұлттық бірлік идеясын қалыптастырды.
Алдымен Алтын Ордада, кейін Қазақ Хандығында орын алған рухани процестердің қазақтардың жүз түрінде қайта бөлініске түскендігіне «жүз» атауының шығу тегінен байқауымызға болады.
«Жүз» атауы да жүздік құрылымның шығу уақыты мен мақсаты сияқты, тарихшылардың әртүрлі көзқарастарына ие. Өкінішке орай, көптеген зерттеушілер бұл атауды талдауда көбінесе атаудың айтылу ерекшелігіне басымдылық беріп, атаудың мағыналық сипатына көңіл аудармай келді. Әсіресе, ортағасырлық қытай, араб-парсы деректерінде кездесетін қазақтың жүзіне еш қатысы жоқ «гуз», «йоз» сөздерін «жүз» сөзімен тәждестіреді. Мысалы, Х. М. Адильгереев Х ғасырдағы оғыздардың да үшке, яғни үлкен, орта және кіші ордаларға бөлінді деген мәліметін келтіріп, «гуз» сөзі «юз», «жуз» деген мағына білдіреді деп жазады.
Н. Мыңжан б.з.б. ІІІ ғасырда ғұндардың батыс жағында өмір сүрген Ұлы Йозыларды қазақтың Ұлы жүзіне сәйкестейді. У. Шәлекенов те қытай деректеріндегі «ұлы және кіші йозілерге» сүйеніп қазақтардың ұлы жүзі мен кіші жүзі антикалық заманда өмір сүрген деген тоқтамға келеді. Шындығында, «жүз» атауына қатысты бұл тұжырымдар бар болғаны сөздер тегінің ұқсастығына негізделген, үстірт пікірлер.
Біздіңше, қазақтың "жүз" атауы—"бөлік", "бөлшек", «құрамы» деген мағынаны білдіретін арабтың جز –«джоз" сөзінен шыққан. Алтын Орда мен Қазақ хандығының исламдану процесінің күшеюі осы кезеңде көптеген араб-парсы сөздерінің түркі тіліне, әсіресе, мемлекетттік басқару жүйесіне енуін жылдамдатты.
Көріп отырғанымыздай, «жүз» атауы туыстық атау емес, ел басқаруда қолданатын әкімшілік-саяси, әскери-әкімшілік термин. Қазақ шежіресіндегі «пәленшеден түгенше, оның баласынан біз тарайды екенбіз» деген тізбектелген генеологиялық жүйе ақиқат емес. Бір жүздің құрамындағы тайпалар арасын былай қойғанда, бір тайпаның ішіндегі рулардың қандық жақындығы күманды. Соңғы шежіреде көрсетілген генеологиялық кесте бар болғаны 6-7 ғасыр ішінде қолдан жасалған көп шежірелердің бірі ғана.
Шындығына келгенде, мыңдаған жылғы тарихы бар қазақ халқының күні бүгінге дейінге тарихы тым күрделі, жанқиярлық еңбекті, зерттелуін күтіп отырған қыруар жұмыс. Кейбір мәселелерде дереккөз болуға, рушыл қауымға алданыш болуға жарағанмен қазақ тарихын шынайы зерттеуде шежіре басты қайнар болуда сенімсіздеу.
Міне, осы себептен де, қазақ халқының құрамындағы жекелеген тайпалардың тарихын қазақтың жүздік жүйесі шеңберінен тыс, тәуелсіз зерттеудің маңызы аса зор екендігін еске салғымыз келеді. Егер, қазақтың кез келген тайпасын қазақ жүздері жүйесі шеңберінен шығармай, соның аясында зерттейтін болсақ шынайы нәтижеге қол жеткізу қиын. Өйткені, шежіренің өзінің нақты генеологиялық мәлімет екендігі күман тудырады. Әрине, тарихы ауызша шежіреге негізделген қазақ халқының тарихын зерттеуде шежіренің өз орыны бар. Дегенмен, халық жадында сақталатын белгілі бір кезеңге дейін нақты болады да, халық жады шатасатын ескі заманды суреттегенде шежіре деректері аңыздық сипат алып, сиырқұйымшақтанып кетеді. Бұл туралы Мәшхүр Жүсіп атамыздың:
Арғыннан ары барсаң адасасың,
Ми қатырып, көп шежірені не қыласың?
Ол кезде сен де жоқсың, мен де жоқпын –деген фәлсәфәлық тұжырымы қисынды шындық. Мәшхүр атамыз өмір сүрген заманда қазақ тарихының негізгі көзі тек осы шежірелер болды. Антропологиялық, археологиялық зерттеулер арқылы шежіре деректерін нақтылауға мүмкіндік болмады.
Бір қызығы, шежіренің рушылдықтың бұлжымас ереже кітабы мен сол негіздегі «тарихи зерттеулерге» негіз бола алмайтынына, тіпті, нақты қандық-туыстық, генеологиялық байланысқа ие емес екендігіне осы шежірелердің өзі негіз бола алады.
Мысалы, бағыс руы шежіре бойынша Ұлы жүзде де (суан), Орта жүзде де (уақ) бар. Тіней қоңыратта, адайда, найманда да бар. Маңғытай жалайырда, әлімде, қоңыратта бар. Керейлер керейт болып, Кіші жүзде кездеседі. Дулаттың ботбай тармағындағы қораластар Қазақ хандығы құрылғанға дейін қоңыраттың белді руы болды. Қораластар Әбілғазының кестесі бойынша Ергенеқоннан шыққан қоңыраттардың бір руы. Қоңыраттардың мифі бойынша олардың бір тармағы қораластар барлық моңғолдордардың аналық тегі Алан Гоа шыққан ру. Әлі күнге дейін, моңғол қоңыраттары, ауған қоңыраттары құрамындағы ру. Дегенмен, осы нақты тарихи мәліметтерге қарамастан қазіргі шежірелер тарихи ақиқаттан алыстау үкім шығарып, қораласты дулаттың жиені, немесе кірме ру ретінде санайды.
Осыдан кейін қалайша ақиқатты тарихтан іздемей қазіргі шежірені абсолют ретінде қарастыра аламыз? Шежіре - сол кездегі саяси, әлеуметтік, географиялық жағдайларға байланысты, ел басқаруды, әкімшілік жүйені реттеуге бағытталған, хан жарлығымен, билердің жүйелеуімен іске асқан саяси шараның жемісі.
Бұл тұжырыммен ұлт мүддесінен ру-тайпа мүддесін жоғары қоятын, рушылдықтың ауруымен жазылмастай кеселге ұшырағандар келіспей, «жүздер ішіндегі бірдей ру атаулары кездейсоқ сәйкестік, басқа қандай дәлелің бар?» деуі бек мүмкін.
Бұған антропологиялық зерттеулер әбден дәлел бола алады. Қазақтың атақты антрополог-ғалымы О. Смағұловтың жетекшілігімен сонау 1966-1974 жылдар аралығында қазақ ру-тайпаларының арасында олардың қан тобына қатысты генегеографиялық зерттеу жұмысын жүргізеді. Зерттеу нәтижелері бойынша қазақ жүздерінің арасында айтарлықтай генетикалық айырмашылық жоқ. Бұл жүздік туыстық жақындықты жоққа шығаратын басты мәлімет. Ал, енді, сол жүздердің құрамындағы тайпалардың өзара қандық-туыстық жақындығы мүлдем шындықтан алыс. Мысалы, қоңыраттардың генетикалық жиілігі жалайыр, дулат, уақ, наймандарға жақын. Арғындардың генетикалық параметрлері албан, суан, найман, дулат, жалайырларға жақын. Керейлердің генетикалық маркері болса қыпшақтар мен суандарға жақын. Наймандарға қандық тұрғыда арғын, албан, адай, суандар жақын....
Мінекей, осыдан кейін өз жүзінің құрамындағы тайпаластары мен руластарына бүйрегі бұрып, басқасына шекеден қарауға қандай негіз бар? Қолдан жасалған шежіреден туыстық-қандық жақындықты, одан тарихи фактілерден алыс мифтер жасау кімге тиімді екендігі айдан анық емес пе?
Сайып келгенде, «қарға тамырлы» қазақ тарихы бірге өрілген, өткені терең ру-тайпалардан құралып, «мың өліп, мың тірілген» біртұтас халықты біріктіретін ортақ атау. Ақселеу Сейдімбек «Қазақтардың ауызша тарихы» монографиясының «Шежіре мен тарих» тарауында халықтың қалыптасуында тірек болған қазақ халқының тарихы тайпалар тарихы деп есептейді. Сондықтан да, тұтас халықтың тарихын зерделегенде, осы халықты құраушы жекелеген тайпалардың өткеніне ой жүгірту шынайы ғылыми нәтижелерге қол жеткізетіні анық. Біріншіден, тайпа тарихын зерттегенде көп санды жазба деректеріне қарамастан, ауызша шежіре деректерінің шеңберінен шыға алмай, жүздік жүйенің қасаң қалыбында қалу отан тарихына жасалған қиянат. Екіншіден, бүкіл күш-жігерін, уақытын ұлт бірлігіне емес, қолдан жасалған шежіре негізінде ру мүддесіне сарп етіп жүрген оқығандарымызға құлаққағыс: Бекерге әуре болмаңыздар! Жүз ішіндегі тайпаласыңыз, руласыңыз емес, қоңырат пен дулат, адай мен найман, арғын мен албан жақын-туыс, айналып келгенде «әр қазағыңыз – жалғызыңыз»!
Кезінде, орыс және кеңес тарихшылары сызып берген әдістемеден әрі аспау қазақ тарихын зерттеудің шынайы мақсатына жеткізбейді. Қазақ тайпаларының тарихын жүздік, қазіргі аймақтық шеңберден шығарып, қанатын босата зерттеу қазақтың мемлекеттілігінің тарихын тереңдетіп, көшпенділердің дәстүрлі тарихи аймақтарын кеңейте түсетіні анық. Бұдан өзге, халық бір болу үшін ұлттың бірлігі қажет.
Жомарт Жеңіс
Abai.kz