Украина: Ресей ПВО-сына сәлем!
Украина әскері Ресейдің "Энгельс" әуежайына дронмен соққы жасап, үш адам қаза тапты. Бұл ақпаратты Ресей қорғаныс министрі де растады.
"Энгельс" әуежайына бір айдың ішінде екінші мәрте соққы жасалды. Дүйсенбіге қараған түні әлеуметтік желіде Саратов облысының, "Энгельс" әуежайында жойқын жарылыс болғаны жайлы ақпарат тарады. О баста жергілікті билік бұл ақпаратты жоққа шығарып, жалған мағлұмат беретіндерді сотқа тартатынын ескертті. Артынша облыс халқына еш қауіп жоқ екенін айтып, әскери әуежайдағы жарылысты мамандар зерттеп жатқанын жеткізді.
Естеріңізде болса, бұл әуежайда Ресейдің стартегиялық бомбалаушы ұшақтары саналатын Ту-160 және Ту-95МС орналасқан. Оқиғаға байланысты Ресей қорғаныс министрі ресми мәлімдеме жасап, былай деді: "26 желтоқсан, Мәскеу уақыты бойынша 01:35-те Ресей әуе қорғаныс күштері Саратов облысы, Энгельс әуежайына жақын қашықтықта ұшып келе жатқан украин дронын жойды". Кейін ресейлік арналар "дрон қалдықтары әуежайға құлап, үш адам ауыр жарақат алып, көз жұмды" деді. Ресейлік әскерилердің айтуынша әуежайдағы ұшақтар мен тікұшақтарға зақым келмеген.
Бұл бірінші шабуыл емес. 5-желтоқсан күні Украина Ресейдің Рязань және Саратов облысындағы екі стратегиялық маңызға ие әуежайларға соққы жасады. Соққы жасауға кеңестік "Стриж" және "Рейс" өзұшарларын қолданған. Рязань маңындағы Дягилев әуежайында соққыдан үш ресейлік сарбаз көз жұмған болатын. Араға жиырма күн салып, тағы да соққы жасалды.
Украина әскері "әуежайға соққыны біз жасамадық" дейді. Олар "Ресей әскеріне тыйым салынған аумақта шылым шегуді доғару қажет" деп кеңес айтты. батыстық сарапшылар шабуылдарды Киев іске асырды, арнайы жасақ бірнеше апта шабуылды іске асыру жолын ойластырған дейді. 26-желтоқсан күні Украинаның соққы жасаушы дроны шабуыл жасаған деген де ақпарат бар. Ал Ресей ПВО-сы тағы да стратегиялық маңызды нысанды тиісті дәрежеде қорғай алмады.
Ка Мырза
Abai.kz