Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 1454 4 пікір 27 Желтоқсан, 2022 сағат 19:47

Сот "Кублей" зауытының талабын қанағаттандырмады

Бүгін «Кублей» зауыты мен Орал қаласы әкімдігінің арасындағы кезекті сот отырысы өтті. Екі тарап Орал қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында өз ұстанымдарын тағы да білдірді. «Кублей» сотта жеңілді.

«Циалковкий көшесіндегі 2,3,4 тұрғын үйлерін салу бойынша әкімдікті Үкімет бекіткен қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, 2020 жылдың мамыр айында зауыттың санитарлық қорғау аймағынан көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беретін қаулыны заңсыз деп танымайды»,-деді Жорабаев.

Бұған дейін мәлім болғандай, «Кублей» ЖШС өкілдері өндіріс аумағына жақын жерден құрылыс нысандарын салуға рұқсат берген Орал қаласының әкімдігі мен қалалық жер қатынастары басқармасын сотқа берген. Әкімдіктің өкілдері 30 жылдық тарихы бар алып зауыттың жанынан тұрғын үй тұрғызуға не себепті рұқсат бергендерін нақты түсіндіре алмаған. Зауыт жабылып қалған жағдайда, өндіріс орнындағы 700-ден астам адам жұмысыз қалса, БҚО 3,5 мыңға жуық ірі шаруа қожалықтары өсіріп отырған малдың етін өткізуден қағылмақ.

Бұған дейін құқық қорғаушы Бақытжан Базарбек сот шешімі зауыттың пайдасына шешілмесе, «Кублейге» ет, балық өткізіп отырған шаруа қожалықтары наразылыққа шығуға дайын отырғанын айтқан болатын.

««Кублей» зауытына төнген қауіпті сөзбен жеткізу қиын. Бұның салдары өте ауыр жағдайларға алып келеді. Кәсіпорын жабылса, 700-ге жуық жұмысшылары, Ақтөбе, БҚО, Атырау облыстарында балықпен айналысатын және мал шаруашылығын жүргізіп отырған 3 мыңға жуық шаруа қожалығының адамдары көшегі шығып, жолды жабады. Себебі олар өнім өткізетін басқа зауыт таппай қалады.  Бір ғана соттың теріс шешімі арқылы қожалықтардың барлығы қаңырап қалады.  Ең сорақысы «Кублей» сияқты Қазақстанның әр өңіріндегі өндіріс орындарына да қауіп төнеді.  Яғни, өндіріс аумағынан құрылыс салу басталады. Олардың барлығы «Кублей» зауытына қатысты заңның әділ үстемдік құратын не құрмайтынын қадағалап, аңдып отыр. Екі жылдан аса соттасып, әділдік орнамаса, елдің «әділетті, жаңа Қазақстанға» деген үміті сөнеді.  Ауыр болса да, айтуға тура келетін жайт «Қаңтар оқиғасында» көшеге шыққан халықтың біразы әділетсіздіктен зардап шеккендер болды.  Құқық қорғау органдары, соттың, әкімдіктің әділетсіз әрекеттерінен әбден мезі болғандар еді ғой. Соның кесірінен далаға шықты.  «Кублей» зауытының ситуациясы барлық әділетсіздіктің детонары болуы мүмкін”,-деді адвокат.

Сот ісі 13 томға жетті. Оның 9 томы тек «Кублей» тарапынан түскен дәлелдемелік құжаттар болды. Сот барысында «Кублейдің» заңгері Жәнібек Башанов құжаттарды жеке-жеке оқып беріп,  дәлел-дәйекті сот ісіне қосуды сұраған болатын.

«Зауыттың санитарлық аумағының құқығы бұзылғандықтан, болашақта экологиялық экспертизаны рәсімдей алмай қалады. Осылайша «Кублей» алты ай ішінде банкрот болғанын жариялап, жабылуына тура келеді. Нәтижесінде оның өнімі дүкен сөрелерінен жойылып, кәсіпкерлер шетелдің қымбат консервілерін сатып алады. Мұның бәрі экономиканың кері кетуіне, әлеуметтік араздықтарға алып келеді.

Сондықтан Үкімет деңгейінде кәсіпорынның ерекше аумақтарында тұрғын үйді рұқсатсыз салуға жауапкершілікті күшейту керек. Кейінгі кезде заңсыз құрылыс жүргізу көбейіп кетті. Соның кесірінен салығын уақытылы төлеп, 700 - ден астам адамды жұмыспен қамтып, БҚО-ғы 3 мыңнан астам шаруа қожалықтарынан шикізат алып отырған «Кублей» зауыты зардап шегіп отыр.

Сондай-ақ Алматы қаласындағы заманауи технологиямен жабдықталған, 350 адамды жұмыспен қамтып, қала тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азықпен қамтамасыз етіп отырған   «Солнечный» сүт зауыты да осындай жағдайға ұшырап отыр»,-деді заңгер.

Бірақ Судья талапкердің зауыттың жабылуы туралы ақпараты тек болжам ғана екенін екенін айтты.

«ЖШС Кублей мен шаруа қожалықтарына айтарым, зауыт жабылмайды. Бұрын қалай жұмыс істесе, солай жұмысын жалғастырады. Кәсіпорынның 2024 жылы тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды ала алмай қалуы мүмкін деген ақпарат та болжам болып саналады. Сот болжамдарға сүйеніп шешім шығара алмайды»,-деді Судья.

 

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5271