Ақтауда АЭС салуға халық жол бермеуге тиiс
Жиырма жыл бұрын көтерiлген мәселе, яғни Қазақстанда Атом электр стансасын (АЭС) салу түбегейлi шешiмiн тапқан сыңайлы. Билiк ел-жұрттың пiкiрi мен қарсылығына қарамастан, атың өшкiр стансаны Ақтауда салмақ. АЭС-тiң залалы мен зауалы жайында талай айтылып, жазылды да. Әйтсе де, билiк әзiрге алған бетiнен қайтар ыңғай танытар емес.
Қазақ елiнiң шығысы, солтүстiгi мен орталық аймақтары полигонның, ал оңтүстiгi уранның зардабынан бүгiнге дейiн көз ашпай отыр. Экологиялық апатты аймақтарға жататын бұл өңiрлерде емi жоқ дертке шалдыққандар, кемтар бала-шаға мен түсiк тастаған аналардың саны артпаса кемiген емес. Соған қарамастан, бiздiң билiктегiлер АЭС саламыз деп әлдекiмнiң сойылын соғуды тоқтатар емес. Бар айтар сылтауы - электр қуатының тапшылығын болдырмау мақсатында станса салмақ. Ең қауiптiсi сол, бiздегi АЭС-тi ресейлiк мамандар салады. Бiрiншiден, бұл - қып-қызыл шығын. Ал екiншiден, ресейлiктерге АЭС салғызудан бас тартқан қаншама мемлекет бар. Кезiнде Венесуэла президентi марқұм Уго Чавес ресейлiк атом энергиясынан бас тартатынын мәлiмдеген-дi. Ол АЭС-тен халыққа төнетiн қауiптiң тым жоғары екенiн айтып, үзiлдi-кесiлдi қарсы тұрған едi. Сонда ресейлiк атомнан бас тартқандар ақымақ та, қазақ билiгiндегiлер тым ақылды болғаны ма?

Павлодар облысы, Май ауданына iссапармен барғанымызда, сұмдық көрiнiстерге куә болып едiк. Ол туралы "Жас Алашта" "Қырық жыл қызын арқалаған ана" атты мақала да жарияланды. 62 жылдан берi ядролық полигонның азабын тартқан осы аудандағы Ақжар ауылында талай қазақтың баласы кемтарлықтың қасiретiн тартып, қоғамнан тыс күн кешуде. Жарты ғасырдан астам уақыт iшiнде, қаннан қанға өтiп уын таратқан полигонның зардабы әлi қанша ұрпақты улайтыны белгiсiз. Осыдан кейiн қазақ жерiнде АЭС саламыз деуге қақымыз бар ма?
Болат ӘБIЛЕВ, саясаткер:
- Қазақстанда АЭС салу - таза саяси астарлы мәселе деп бiлемiн. Атом электр стансасы бiзге емес, Ресейге қажет. Ресейде энергия тапшылығы күн өткен сайын артуда. Қазақстанда электр энергиясының жетiспеушiлiгi бар ма? Әрине, жоқ. Осыған қарамастан, билiктiң ендi АЭС-тi Ақтауда салуға бекiнiп отырғаны қисынсыз. Сондықтан бұл мәселеге қарсылық танытып, халық болып үн қатуымыз керек. Алдағы болатын Жалпыхалықтық референдумның негiзгi тақырыптарының бiрi де осы АЭС-ке қатысты. Осы референдумда қазақстандықтар елiмiзде АЭС салуға түбегейлi қарсылық танытып, билiкке өздерiнiң талаптарын қоюға тиiс деп санаймын. Әлдебiр школьниктер мен басқа да ресейлiк мүддеге қызмет етушiлер мен оны жақтаушыларға тойтарыс беретiн сәт келдi.
Қасым АМАНЖОЛ, журналист:
- Ақтауда АЭС салуға түбегейлi қарсымын. Бiрақ ең өкiнiштiсi - бiздiң қарсылығымыздың жүйелi iске, табанды әрекетке ұласа алмай отырғаны. Оппозициялық күштердегi бiрлiктiң әлсiздiгi, жауапкершiлiктi сезiнбеу, немқұрайдылық... Осыны әбден меңгерген билiк өз дегенiн iстеуде. Шетелден ауру сиыр сатып алып, соны сау баға алмай отырған үкiмет АЭС салып қарық қылады, халық қауiпсiздiгiн қорғай алады дегенге ешқашан сенбеймiн. Үлкен қатер алдында тұрмыз!
Мұхтар ТАЙЖАН, экономист:
- Еуропа мен Азияның дамыған мемлекеттерi өз жерiнде АЭС салудан бас тартып жатыр. Жалпы, АЭС электр қуаты тапшы елдерде салынады. Ал бiзде сондай тапшылық бар ма? Керiсiнше, табиғи қуат көздерiнен балама энергия алу жолдарын қарастырғанымыз дұрыс болар едi. Егер Ресеймен Қазақстан бiрiгiп АЭС салатын болса, онда, бiрiншiден, сынақ ретiндегi реактор пайдаланылады. Оның қаншалықты қауiпсiздiк талаптарына сай екендiгi күмәндi. Сонымен қатар Ресейдiң атом құрылысына қатысты көптеген елдер сенiмсiздiк танытуда. Олай болса, неге бiздер осындай күмәндi мәселенi елiмiзге кiргiземiз? "Росатоммен" туыстық байланысы бар В.Школьниктiң атом өндiру саласында отырғанының өзi көңiлдi күптi етiп, оның кiмнiң мүддесiн көздейтiнiн анық аңғартады.
Жақсылық СЫПАБАЕВ, дәрiгер:
- Чернобыль апатынан кейiн ауаға жайылған улы газдан бөлек, радиоактивтi бөлшектен құралған йод-131 адам денсаулығына үлкен зиянын тигiзгенi мәлiм. Бар-жоғы сегiз тәулiк қана "өмiр сүретiн" бұл радиоактивтi бөлшек тамақ арқылы адам ағзасына сiңiп, ұзақ уақытқа сақталады. Йод-131-дiң залалы уақыт өте келе бiлiнедi. Ал сол апаттан кейiн бөлiнген плутоний адамның өкпесiне ақау салып қана қоймай, шiрiтiп те жiбередi екен. Мұнан бөлек қаншама улы заттардың ауаға тарап, суға қосылып, жерге сiңетiнiн ескерсек, АЭС - адамзатқа төнген тiкелей тажал екенiн мойындайсыз. Халықаралық медицина мамандары Чернобыль апатынан кейiн 600 мың құтқарушының он пайызы көз жұмғанын және тағы 165 мыңы мүгедекке айналғанын мәлiмдедi. Қазақ даласына осындай нәубеттi қолдан орнату қажет пе?
Дәркен АМАНДОСОВ, Чернобыль апатында құтқарушы қызметiн атқарған азамат:
- Кеңес заманының тәртiбiне бағынып, апатты аймаққа баруға мәжбүр болғандардың бiрiмiн. Апат кезiндегi ауыр жағдайды сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Бiрақ нағыз қауiп пен қатердiң көкесiн кейiн көрерiмiздi кiм бiлген? Радиациямен уланған бiзден туған баланың денсаулығы дiмкәс болады деп кiм ойлаған. Төрт балам да туылғаннан әлдебiр қышымамен ауырады. Оны емдеуге бiздiң дәрiгерлер қауқарсыз екен. Балаларымның бәрiнiң тыныс жолдарының қабынуы, ас қорыту жүйесiнiң бұзылуы сияқты бiрдей дертке шалдығуын кездейсоқтық деп ойламаймын. Ширек ғасыр өткен Чернобыль апатының зардаптары әлi күнге жойылмағанын осыдан кейiн қалай мойындамассың? Өзге бауырларымның бала-шағасында кездеспейтiн мұндай аурулардың тек менiң балаларымда болуы - Чернобыль апатының зардабы емес дей аласыз ба?
Олай болса, Ақтауда АЭС салу - билiктiң халыққа қолдан жасаған зұлматы болмақ. Онсыз да Семей полигонынан қаншама жұрт қасiрет шектi және әлi күнге бұл қайғының орны толған емес. Қан арқылы балаға берiлетiн түрлi дерт пен радиацияның зауалынан таяу жылдары құтылмасымыз анық та. Билiктiң бұл қиянатына жол берсек, егер Ақтауда АЭС салынар болса, қазақ деген ұлт тұтастай жойылуы әбден мүмкiн. Сондықтан ақтаулықтар ғана емес, елiмiздегi АЭС салу мәселесiне бүкiл жұрт болып қарсылық танытуға тиiспiз!
Меруерт ХУСАИНОВА
«Жас Алаш» газеті