Балжан МҰРАТҚЫЗЫ. КУЛАГИН КЕТТІ, КУЛАГИН КЕЛДІ!
Сонымен 26 жасар Павел Кулагин елордамыз Астана қаласының Алматы ауданына дөкей әкім болды. Ақпарат беттерінде оның Ресейдің беделді университетін бітірген, кәсіби басқарушы кадр екенінен басқа ештеңе айтылған жоқ. Шыны керек, Кулагин деген фамиляны естігенде, елең етпеген жан қалмаған шығар Қазақстанда. Себебі, оның әкесі Сергей Кулагин көп жылдар бойы Ақмола, Қостанай облыстарын басқарған атақты әрі атышулы кісі.
Сонымен 26 жасар Павел Кулагин елордамыз Астана қаласының Алматы ауданына дөкей әкім болды. Ақпарат беттерінде оның Ресейдің беделді университетін бітірген, кәсіби басқарушы кадр екенінен басқа ештеңе айтылған жоқ. Шыны керек, Кулагин деген фамиляны естігенде, елең етпеген жан қалмаған шығар Қазақстанда. Себебі, оның әкесі Сергей Кулагин көп жылдар бойы Ақмола, Қостанай облыстарын басқарған атақты әрі атышулы кісі.
Атышулы деп отырғанымыз, Кулагин Қостанай облысының әкімдігінен кетерден бұрын түрлі тарапта, түрлі тақырыпта қатты шу болды. Облыс әкімдігінің аппарат жетекшісі Твердохлебовтың әлдебір күмәнді әрекеттері мерзімді басылым беттерінен түскен жоқ. Біз ол туралы «Халық сөзінде» «Кулагинның Гуттенбергтен не айырмасы бар?» деген мақаламызда жазғанбыз. Сол кезде теледидарды қосып қалсаң Кулагин, газет беттерін ашып қалсаң Кулагин болатын. Әлдебір шіркеу қабырғасында оның халықпен бірге Исус Христосты қарсы алып тұрған суреті тұрған екен. Өзі өшіртіп, әйтеуір құлағы тыныш тапты. Ол қазір Парламент Сенатында дін аман отыр. Көнекөз тәжірибелі кадр ретінде. Бірақ, шулы-даулы мәселелерге көп араласпайды. Кезінде облыс басқарған, ауылшаруашылығы саласын жақсы білетін бұл сенаторымыз солтүстік облыстарда биылғы үскірікте мал арам қатып жатқанда да ләм-мим деген жоқ тіпті. Кейбір депутаттар «Ауылшаруашылығы министрі отставкаға кетсін» деп мәселе қойғанда да сөзге ермеді. Тәжірибелі маман ретінде ақты ақ, қараны қара деп бір ауыз сөз айтпады. Мейлі ғой, ол өзінің еркіндегі нәрсе. Қысқасын айтқанда, Кулагин мырзаның мандатында еш шаруамыз жоқ. Айтайын дегеніміз де ол емес.
Қазір біздің билік орындарында әке мен бала проблемасы жоқ емес, бар. Биік лауазымды тұлғалардың балалары қызметке бара қалса күдіктене, күмәндана қарайтынымызды несіне жасырамыз? Жоғарғы эшелонда қызметте болған адамдардың бала-шағасы күн көрмесін деген сөз емес бұл. Тіпті әкеден балаға берілетін талант, қасиет, қабілеттерді де жоққа шығармаймыз. Десе де осы 26 жастағы Павел Кулагин қандай айырықша, ерекше істерімен көзге түсті екен? Соның бәрі басы ашылып айтылуы керек еді. Жоқ, интернет пен түрлі ақпарат көздерінде оның әлгі ресейлік беделді университетті бітіргеннен кейін талай қызметті ауыстырып үлгергені ғана айтылып қалды. Бізді ойландырғаны сол, Құдай-ау бұрынғы Кеңес заманындағыдай емес, Мәскеуден қазір кімдер ғана оқу бітіріп келмей жатыр? Тіпті Еуропаның Гарвард, Оксфорд, тағы да басқа теңдессіз оқу орындарын үздік бітіріп келіп жатқан жастарымыз қаншама. Демек, әлгіндей оқуды бітірді деп, басқа көтерудің қажеті шамалы. Ендеше бұл мәлімет өзінен өзі күшін жойды деп есептей беріңіз. Жо-жоқ, біз жас бастықтың қабілет-қарымынан күдіктеніп отырған жоқпыз. Тек Астана қаласының Алматы ауданының әкімі деген сөз 26 жастағы жас жігітке тым үлкен лауазым сияқты.
Рас-ау, «әкім болған адам халыққа жақын болуы керек» деген сөзді айта-айта жауыр қылдық емес пе? Ауыл әкімдерін тағайындамайық, сайлайық деген әңгіме тектен текке көтеріліп жүрген жоқ. Осыдан біраз жыл бұрын кейбір аудан әкімдерін тағайындамай, сайлап та көргеніміз бекер деймісіз? Мұның бәрі әкімнің халыққа жақын болуы керектігі қоғамда шешімін күткен үлкен проблемаға айналып отыр деген сөз. Ал біздің 26 жастағы жас әкіміміз халықтың мұң-мұқтажын біле ме екен? Жұртшылықпен тіл табыса ала ма екен? Қала берді адамгершілік сапасы толық қалыптасып болды ма? Әкім дегеніміз іскер болумен қатар, осындай критерийлерге де толық жауап беруі керек қой. Бұл үш критерий өмірлік тәжірибеден жинақталатыны айтпаса да түсінікті жайт.
Айтпақшы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов кеше ғана «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына берген сұхбатында еліміздегі басқарушы кадрлар даярлайтын оқу орындарының саны мен сапасы сәйкеспейтінін айтқан еді. Тіпті оларға дәріс беретін тәжірибелі, білімді, білікті ұстаздардың жетпейтінін де алға тартқан. Бұл да жоғарғы биліктің алдында тұрған күрделі проблеманың бірі деп есептеуге болады. Демек, тап осы мәселе тиісті дәрежесінде шешімін тапса, «Ой-пұй, Мәскеуде оқып келіпті» деген сөзді әр-әркімнің қызметтік өсу жолына себеп-салдар қылып айтпас едік.
Дегендей-ақ, лауазымды қызмет орындарына кристаллдай кіршіксіз адамдар алу керек деген сипаттағы науқан Қазақстанда басталып та кеткен бүгінде. Кеше ғана, Мәжіліс депутаттары лауазымды қызметтерге баратын азаматтарды сенімділік детекторынан өткізу керек деп шешті. Бұл детектор алдымен құқық саласына жұмысқа тұратындарға қолданылмақшы екен. Содан кейін барып 5 жыл көлемінде мемлекеттік қызмет саласына да енгізілмекші көрінеді. Бізді бір таңдандырғаны, мұндай құрал шетелде қылмыскерлерге қолданылады екен! Сөйтіп алдағы уақытта шенеуніктеріміздің адамдық сапасын робот немесе темірқұрал анықтайтын болыпты. Ой, сұмдық-ай! Енді бір-бірімізге сенуді қойып, әлдебір жартасқа барып айқайлап тұрмасақ болды, әйтеуір!
Айтпақшы, Әлихан Баәйменов мырза жоғарыда аталған сұхбатында алдағы уақытты біздегі жоғары лауазымды қызметкерлердің қарым-қабілетін бес балдық жүйемен анықтау жүзеге асырылатынын айтты. Ал дамыған шетеліңіздің кейбірінде мұндай көрсеткіш 360 градустық жүйемен анықталады екен. Бізде де болашақта сондай жүйе қолданылуы мүмкін, осы алған бетімізден таймасақ. Демек мемлекеттік қызметке бару, жоғары лауазымға ие болу оңай шаруа болмайын деп тұр. Міне, осындай саяси науқан басталып жатқан кезде біздің 26 жастағы Павел Кулагиніміз оп-оңай аудан әкімі болып қонжия қалды. Онда да қандай әкім дерсіз. Халықтың көз алдындағы Астана қаласының Алматы ауданының әкімі!.. Жол болсын дейміз, қайтеміз!..
Неге екені белгісіз, күні кеше ғана Кулагин кетті дегенде, орыс-қазағымыз түгел қуанғандай болдық. Сірә, қазақтілдісі бар, орыстілдісі бар ақпарат құралдарының бетіндегі дау-дамайлы мақалалардан шаршап кеткен болуымыз керек. Мәселе Кулагинде емес, өзімізде шығар деп те ойлай бастағанбыз. Сенатор болып кетсе де халықтың арасынан алыс, тыныш жерге барды ғой деп шүкіршілік қылдық. Аз уақытта оның атышулы фамилиясы да ұмытыла бастаған. Оның халықпен бірге Христосты қарсы алып тұрған суретін де ешкім салмайтын болған. Баспасөздегі бір-екі сұхбаты болмаса, мүлдем ұмытылуға айналған. Әкеден озып ұл туып, мінеки 26 жасында баласы атын қайта шығарды. Астана қаласы кадрдан тапшылық көре бастаған ба, әйтеуір аудан әкімдігіне тал шыбықтай майысқан бозбаланы таңдады. Сірә, ол енді алысқа шабатын шығар. Ал, біз лауазымды қызметкер болудың қандай қиын екенін айта берейік, айта берейік...
Оның қайырмасы әрине, «Кулагин кетті, Кулагин келді» деген сөз болатын шығар.
БҰҒАН НЕ ДЕЙСІЗ?
Сәкен ЖЫЛҚАЙДАРОВ, Мәжіліс депутаты:
ӘКІМДІК ЛАУАЗЫМҒА БАРЛЫҚ САТЫДАН ӨТКЕН АДАМДЫ ҚОЮ КЕРЕК
- Аудан әкімін қала, облыс әкімі тағайындайды. Алматы ауданының жас әкімімен бірге қызмет жасамағандықтан, жұмыс істей алмайтындай тым жас деп айта алмаймын. Дегенмен әкімдердің лауазымы күрделі, жауапкершілігі мол қызмет. Өйткені қала тұрғындарына қызмет көрсету, проблемаларын шешу, барлық мекемелермен жұмыс істеу, ауызбіршілікке шақыру үшін мол тәжірибе болуы керек. Білімі мен мәдениеті, тәрбиесі, алдына қойған жауапкершілігі, қол астындағы қызметкерлеріне жүктелетін міндеттердің барлығын дұрыс қоя білумен қатар, құрылыс, жол мәселесі секілді күнделікті шаруалары бар. Мұндай лауазымды қызметке барлық қызмет сатысынан өткен қызметкерді қою керек. Оған дейін әкім орынбасары болып жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинаса, коммуналдық шаруашылық қызметтерде болса... Ертеңгі күні оның қызметіне қатысты сұрау болады. Мәдениет, білім, денсаулық сақтау, жастар саясатымен қатар, ақсақалдармен жұмыс істеу керек. Әкім тағайындау әр кезде әр түрлі болуы мүмкін. Оның барлығы тағайындалған адамның қабілетіне тікелей байланысты. Алматы ауданының жаңа әкімі жас та болса тәжірибесі, ұйымдастыру қабілеті бар шығар. Егер орынбасар болып қызмет атқарса, ары қарай жұмыс істеп кетуі әбден мүмкін. Мен кезінде Талдықорған қаласы әкімінің бірінші орынбасары болдым. Аппарат қызметкерлерімен жұмыс істей жүріп, босаған лауазымдарға жастарды тағайындауға тырыстық. Ұрпақ сабақтастығы демекші, олар да үйреніп, алдағы уақытта лауазымды қызметке дайын болуы керек.
Серікбай НҰРҒИСАЕВ, Мәжіліс депутаты:
ЖАС, КӘРІ ДЕМЕЙ БАРЛЫҒЫНА МҮМКІНДІК БЕРУ КЕРЕК
- Аудан, облыс әкімдері саяси міндетті атқарып тұрғаннан кейін қатып қалған қағида жоқ. Заңда әкімдерді тағайындаудың нақты жас мөлшері белгіленбеген. Біреулердің қызметте жастай көтерілуіне мүмкіндік болады. Біреулер егде тартқан шағында биікке шығады. Қазіргі жағдайда қала әкімі ауданның жұмысы төмендеп кетсін деп жас әкімді тағайындап отырған жоқ шығар. Мысалы, мен Қызылорда облысын басқарған тұста Болатбек Қуандықов отыз жастан асқанда облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Оған дейін Ұлттық банктің облыстық филиалын басқарды. Жақсы сарапшы, талантты азаматтар басшылық қызметке ауадай қажет. Оларға 25 немесе 30 жас деп шектеу қоюға болмайды. Жас-кәрі демей бәріне мүмкіндік беру керек. Жас әкім алда қызметте сыналады. Оның кемшілігі болса тағайындаған қала әкімі халық алдындағы есеп бергенінде айта жатар.
"Халық сөзі" газеті