Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 3647 22 пікір 12 Қаңтар, 2023 сағат 14:54

Захароваға жауап: Киевтегі киіз үй

Украинаға Ресей соғыс бастағалы әлем елдері украин халқын барынша қолдауға тырысуда. Бір тарап ашық әскери көмек көрсетіп, Ресейге дүркін-дүркін санкция салып жатыр. Енді бірі гуманитарлық көмек көрсетуді құп көруде. Бұл тұрғыдан Ресеймен бірнеше ұйымға мүше саналатын елдерге қиын соғуда. Өркениетті әлем және агрессияшыл Ресей арасында баланс ұстау қиынға соғуда. 

Қазақстан сондай елдің бірі. Ресеймен экономикалық одақта, әскери ұйымға мүше. Сондықтан бұл қақтығыста баланс ұстау саясатын құп көреді. Украинаны ашық жақтаса Ресмейдің қаһарына ұшырауы мүмкін, ал Ресейді қолдаса Батыстың тоқпағына ұшырауы ғажап емес. Сондықтан Қазақстан билігі түрлі амалмен бірде мына тарапты, бірде мына тарапты қолдап отыруға мәжбүр. Бұл саяси ойынды Батыс та, Ресей де түсінетін сияқты. Алайда арасында Мәскеудің жүйкесі сыр беретіні бар. Әсіресе соңғы уақытта. Украина фронтындағы сан сәтсіздік Кремльдің соңғы жүйке талшықтарын үзіп жатыр.

Қазақстан соғыс басталғалы бірнеше сұрақтың басын ашып, жауабын берді. Біріншісі, Қазақстан Ресейге салынған санкцияларға қосылмайды. Екіншісі, Қазақстан өз аумағы арқылы Ресейге салынған санкциялардың айналып өтуіне де жол бермейді. Үшіншісі, Қазақстан бұл соғысты қолдамайды, мәселені дипломатиялық жолмен шешу керек деп санайды. Төртіншісі, Қазақстан Украинаның Луганск, Донецк және басқа аймақтарын Киевке тиесілі деп санайды және оның аумақтық тұтастығын қолдайды. Бұл осы уақытқа дейін айтылған және айтылып келе жатқан мәселе.

Бұл сұрақтарға қатысты Ресей тарапы бірнеше мәрте өзінің келіспеушілігін, наразылығын, арасында тіпті өктемдігін көрсетті. Мысалы ресейлік сарапшылар "Қазақстан арқылы санкцияларды айналып өтуге жол бермейміз" дегенді бірнеше мәрте "Астана тарапынан жасалған сатқындық" деп атады. Қазақстанның БҰҰ отырыстарында Ресейд қолдамай, қалыс қалуын да солай бағалап келеді. Соңғы мәрте Қазақстан Ресейді қолдап дауыс бергені бар.

Наурыз айында Алматы қаласында мыңдаған адам қатысқан митинг өтті. Митингке жиналған жұрт Украинаны қолдап, Ресейді ашық айыптады. Бұл акцияны "Батысқа бағытталған әрекет" деп бағалаушылар бар. Артынша қазақстандықтар Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін қаржы жинап, түрлі қажеттіліктерді Украина елшілігіне апарып берді. Ресей әскері ұрыс даласындағы сәтсіздіктерін қоғам алдында компенсациялау мақсатында Украинаның инфрақұрылым кешендерін зымыранмен соққылау әдісіне көшті. Жарық пен жылусыз отырған Украина қоғамы Киевке қысымды арттырып, Зеленский режимін тиімсіз келісімге көндіреді деп санады. Алайда олай болмай шықты. Жарық пен жылусыз қалған украиндерге әлем елдері генераторлар бере бастады. Олардың ішінде Қазақстан тарапы да бар. Қазақстан Украинаға 41 генератор берді. Бакудың Украинаға генератор бергеніне баж ете қалған Мәскеу, Қазақстанның генератор бергеніне тіс жармады.

Алайда генераторға үндемеген Мәскеу Бучаға тігілген киіз үйді көргенде төбе шашы тік тұрды, жүйкесі сыр беріп, қаны басына шапты. Баж ете қалды. Қазақ кәсіпкерлері көктемге басқыншылар геноцид жасаған Буча қаласына киіз үйлер тігіп, жергілікті халыққа жылыну орнын жасап, тегін тамақ тарату нүктесін ашқан болатын. Есі дұрыс, адамгершілікті ту еткен саналы адамзаттың әрекеті бұл. Алайда Ресей бұл әрекеттен жауластық көргендей өршелене түсті. "Бұл киіз үйлерді ресми Астана тікпеді деген ақпарат алдық, ол бойынша Қазақстан билігі де түсініктеме берер деп ойлаймыз" деді Ресей СІМ өкілі Захарова.

Қазақстан билігі түсініктеме берді. СІМ өкілі Айбек Смадияров киіз үйді тігуге елшілік қатыспағанын, бұл идеяны кәсіпкерлер іске асырғанын және бұл әрекеттен қандай да бір оғаштық көріп тұрмағанын айтты. Ол киіз үйдің көшпенділерде бар болғанын мақтаныш екенін де айтты. Сарапшылар Смадияровтың жауабы дипломатиялық тілмен сәтті шыққанын жазуда.

Бучадағы киіз үйге тырыса қалған ресейлік тарап, бүгін Киевте тігіліп жатқан 16 қанатты 63 кв. метрді құрайтын киіз үйді көргенде не дер екен. Киевтегі киіз үйдің салтанатты ашылуы сенбі күні болмақ. Киевтен бөлек Харьков, Одесса қалаларында да киіз үйлер тігілмек. Захарова не дер екен?..

Ка Мырза

Abai.kz

 

 

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406