Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3801 33 пікір 13 Қаңтар, 2023 сағат 13:21

Назарбаев дәуірі аяқталды ма?!

Парламеттегі «Жаңа Қазақстандық» депутаттар сәрсенбінің сәтінде «Конституциялық сот Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айырды», деп шүйіншіледі. Күні кеше Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та Тұңғыш президенттің кеудесіне үлкен қызы жоғары палатаның төрайымы болып тұрғанда өз қолымен таққан «Құрметті сенатор» салауатының да күші жойылғанын жеткізді.

Мұның бәрі бұдан жарты жыл бұрын Ата Заңға өзгеріс енгізу туралы өткен референдумның заңдық шешімдерін нақты жүзеге асыру мақсатында қабылданып жатқаны белгілі. Бүгін депутаттар парламентте «Тұңғыш президент - Елбасы» заңының ресми күші жойылғанын нақты рәсімдеді. Сөйтіп, бір талай жылдан бері «Шал, кет!» деп жүрген қоғам белсенділерінің тілегі орындалғандай болды.

Бүгінде қоғам талқысына түсіп отырған «Тұңғыш президент - Елбасы» заңының 2000 жылы қабылданып, артынан билік ішінде саяси пікір алауыздығына түрткі болып, Назарбаев жақтастарының диктатура мен демократияны жақтаушы болып, екі үйекке бөлінуіне алып келгенін біреу білсе, біреу білмес.

2001 жылы бизнес пен билікте ықпалы бар «Жас түркілер» «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясын құрса, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев Назарбаевқа «Тарихта қазақтың ханы қазақтың байынан дәулетті болмағанын, Абылай Ханның санаулы ғана ірі қарасы болғанын» тіке айтты. Заманбек Нұрқаділов Назарбаевтан Кеңес кезінен қалған техника, жылжымайтын мүлік пен қаржының есебін сұрады. Өкінішке орай, ол қарсылықтар саясаткерлердің қудалануымен, өлімімен аяқталды.

Назарбаевсыздану үрдісінің басталуына қасіретті қаңтар оқиғасы мұрындық болғаны айдай ақиқат. Десе де білікті заңгерлер қуануға әлі ерте дейді. Олардың уәжінше «Әләуләйім бітсе, халаулайым бар» дегендей Ата Заңдағы Назарбаев пен оның отбасына қатысты жекебап алынып тасталғанымен, ол енді Қазақстанның «Президент туралы» заңымен қорғалады. Ол заңның 36-бабында елдің экс басшысы президент кезіндегі істері үшін жауап бермейтіні, тек мемлекетке опасыздық жасаса ғана жауапқа тартылатыны жазылған екен. Сондай-ақ, экс-президент бұрынғыдай мемлекет есебінен игіліктене бермек. Өмір бойы жалақы алмақ. Парламенттің бірлескен отырысына, салтанатты шараларға қатысу мүмкіндігі қаз-қалпында сақталмақ. Көріп отырғанымыздай Қазақ елін 30 жылдан астам билеп-төстеген Назарбаевтың Ата Заңды әр бес жыл, әр он жыл сайын өзгертудегі мақсаты қарақан басының қамы болып шықты. Осының өзінен-ақ Назарбаев дәуірі аяқталды деуге әлі ерте екенін аңғарамыз.

Назарбаевтың жеке басына қаратылған заңдардың ғана емес, саяси құрылым, парламент, сайлау туралы заңдардың да оның жеке басының қалауымен жазылғаны шындық. Украинаның ПТУ-ын бітіріп, Теміртауда болат қорытып, социалистік еңбектің қайнаған қазанында шыныққан Назарбаев заман өзгерісіне сай, коммунистік партия белетін қоқысқа лақтырдым дегенімен, коммунистік партияға бергісіз «Нұр Отан» партиясын құрды. Қызыл көсемдер сияқты кадрларды жеке ұстанымына, дара позициясына қарап емес, өзіне, партиясына адалдығына қарап іріктеді. Оның үддесінен бірінші болып бұрынғы коммунистер мен комсомолдардың шыққаны белгілі. Олар демократия тонын жамылып, зайырлы мемлекет құрған кейіп танытты. Осы фактлерді ескерсек саясаткер Дос Көшім ағамыздың бір кезде бес жыл «Нұр Отанның» бас хатшысы болған қазіргі идеологтың «Жаңа Қазақстан» құруға атой салатынына күман келтіруінің тегіннен-тегін емес екеніне көз жеткіземіз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435