Дәурен Қуат. Қарға баққан
(хикаят)
«Адам – сіз ойлағандай соншалықты жұмбақ емес...»
Вольтер, француз ойшылы.
I
Бір кеште бұл ауылда алқын-жұлқын жиын болды да, 1932 жылы құрылған ұжымшар тарап тынды. Ауыл жұрты әдетте құлқын сәріден оянып, күнделікті тірлігіне құлшына кірісетін. Ал ұжымшар тараған күннің ертеңінде мал жамырау былай тұрсын, ит екеш ит те үрмей қалды. Ауыл үнсіз, ауыл жым-жырт. Қашанғы қиын жұмыстан қалжырап шаршағанын, әл-дәрмені таусылып, титықтап біткенін жаңа сезінгендей ауылдың кәрі-жасы тегіс жамбастап жатып алды да, шаруа адамының әлекедей жаланған бұрынғы соқа-сайманы таттанып, шіріп, күлге айнала бастады. Ауылдың сондағы халін көзімен көрген аудандық газеттің тілшісі: «Редактордың тапсырмасымен барып, жер бетінен жоғалып кеткен әлгі елді мекенді қалың қурайдың арасынан әрең таптым. Айналасын шымқай шырмауық байлаған ауыл тұрғындары «қурай-джунглидің» ішін кезіп, күнелтіп жүр екен», – деп қойын дәптеріне түртіп қойды.
Тілшінің мақаласы газетте жарық көрісімен аудан әкімі атқосшыларын ертіп құйындатып жолға шыққан. Әкім, обалы нешік, іскер әкім еді. Орта бойлы. Дембелше. Дөңгелек жүзді. Көздері де дөп-дөңгелек. Мөлт қара шашының маңдай тұсына бір шөкім ақ қонған. «Қап-қара түнде, қап-қара көлдің бетінде жалғыз аққу жүзіп бара жатады ғой. Сіздің мына ақ шашыңызды айтамын да, тап сол аққуды келтіреді көзіме» деуші еді әкімнің қасынан бір елі қалмай егіліп сөйлейтін, ептеп өлең жазатын ауылшаруашылығы басқармасының бастығы. Мұндай сөзді естігенде әкімінің бетіне әнтек қызыл жүгіріп: «Өй, дейсің-ау сен де!» – дейтін жымыңдап. Әкім жолға басқармасын да ала шыққан. Көкейіне түйген ойы, берік байламы бар.
– Осы сен басқарманы қанша жылдан бері басқарасың? – деп сұрады әкім жолдағы ұзақ үнсіздіктен кейін.
– Ширек ғасырдан бері...
Басқарма бастығы осыны айтуын айтқанымен іші жидіп сала берді: «Асыра сілтеп, артық кетіп қалған жоқпын ба? Бұным: «Сенен еңбек ыстажым артық, тәжірибем мол» дегенді білдіруі мүмкін-ау...».
– Ширек ғасыр болғанымен, сіздің көргеннің бірін көріп, сіз жеткеннің біріне жеткен жоқпыз. Шіркін, мына сіздер ғой жаңа басшы, іскер жетекші. Істің көзін тауып кетесіздер. Өзіңіз айтпақшы: шешілмейтін мәселе жоқ, – деп басқарама бастығы айдалаға лағып сөйлей бастап еді, әкім жөткірініп, қақырынып езбе немені әрең тоқтатты.
– Вот, – деді содан соң, – вот, дұрыс айтасың: шешілмейтін мәселе жоқ. Біз осы бет алысымызда алдымыздағы ауылдың мәселесін шешу үшін бара жатырмыз. Қысқасы, сені сол ауылға басшы етіп тағайындаймын.
– Ойбай-ай, – деді басқарама бастығы жалаңаш бөксесін қып-қызыл шоққа қарып алғандай безектеп, – ойбай-ай, әкім мырза-оу, құрдымға құлап, құрып біткен ауылға мені басшы қылып қайтесіз? Қинап қайтесіз мен сорлыны? Одан да қалқайып қасыңызда, ықтап ығыңызда жүре берсем етті.
– Әй! – Әкімнің дауысы ащы шықты. – Есіңнен сәтке шығарма, мен әкімдік құрып тұрған ауданда құрдымға кетіп, құрып біткен ауыл деген болмайды! Оның үстіне мен саған кәміл сенгендіктен, әріптес, коллега.., міне, көрдің бе, терезесі тең коллега деп білгендіктен, сол ауылдың тағдырын сенің қолыңа ұстатайын деп байлам жасадым ғой.
– Шамның жарығына ұмтылған көзссіз көбелектей жаныңызда шарқ ұрып баққан кезімде бойыңызға шақ көрмеген едіңіз, енді қайдан тереземіз тең болсын? «Кет, жоғал, батыр қараңды!» десеңізші турасы.
Басқарманың осылай жанығып кететіні бар-ды. Қайдағы сөзді тауып, қазымырланып, ол аз десеңіз, оңашада көзінің жасын көлдетіп те жіберетін. Коллегалары басқарманы «Клей» дейтін. Сыртынан, әрине. «Желім». Әкімге желімше жабысады. «Желім басқарма» бір ұлық жиында әкімнің бет-ауызын тілімен «тегістеп» шыққанын дүйім жұрт көрген. Сондықтан оның қазіргі халіне кімнің де болса жаны ашитын еді.
II
Расында, басқармаға обал-ақ. Әкесі соноу жылдары сарт-сауанмен жалғасып, колхозға есек әкеліп баққан. Есектері қиын-қыстау заманда ерен күш шығарып, ата-күліктің орнын басып, еңкейіп шөккен еңіреулі елге ес қатқан көрінеді. Сонысын сол замандарда жұрт ескеріп айта жүретін. Кейін ұмытты. Ұмытқанда... әкесі мен әкесі колхозға жерсіндірген есектердің есіл еңбегін ұмытты да, құрдастары бұны келеке-мазақ қылып күлетін әдет тапты.
«Ей, есек баққан шалдың қодығы».
Енді, бұдан артық қандай қорлық, қандай мазақ керек есі түзік адамға? «Есек баққан...». Одан да «Шошқа баққанның торайы» десеші. Шошқа асыраған орыстармен тамыр болып, шошқа баққан қазақтар озды заманында. Ұл-қызына орысша тіл үйретті, орыс оқуына берді, орыс қалаларына жөнелтті. Шошқаның – иісі мұсылман шошитын – «шошқа» аты әспеттеліп «талпақ танау» атанды. Сөйтіп, «талпақ танаулардың» заманы туды. Елді «талпақ танаулар» сұрады. Ал, есектің әлмисақтан бергі ескі аты, есек аты еш өзгермегендіктен, оған қатысты қыжыртпа, қыңыр сөздердің қылшығы да қисайған жоқ.
Тіпті, қағынды келгір қара борбайлар таңдайлары тақылдап мынандай бір тақпақ шығарып айтып жүрді:
Қодық ойнап тай-құнанмен,
құлын болып есепке
тіркелгенде,
ес қалмады
ене атанған есекте.
Осылайша қорлық пен мазаққа көніп, көнтерлі бола бастаған болашақ басқарма бастығының ауылына түсі басқа, тілі жат бір отбасы тұтас үйелменімен көшіп келді. Олардың ізін ала тағы сондай бір қауым ат басын ірікккен. Әкесі әлгілерді үйге әкеліп, сыйлап, құрақ ұшып қонақ қылатын. Қонақтардың кескін-келбеті де әр қилы еді. Мына біреуінің мұрыны қолағаштай, қылыш мұрт, көз аясы кең, ашу шақырғандай айналасына адырая қарайды. Ана біреуінің ұйысып біткен сақалы омырауын жауып, тайқы маңдайынан кері серпілген шашы желкесін жапқан. Имек қанат, жіңішке сым тұтқалы жұқа көзәйнектің бауын мойнына іліп, жүздескен жанның бәріне мейірімін төгіп тұрады. Қазақ біткеннің көңіліне жағып, кездескен жерде «Шолом алейхем» деп амандасады. Қайсыбірінің орсақ тісі опырық бетін жиектей салған ауыз ернінен шығып, қазақ бұрын соңды жолықтырмаған екі аяқты адам баласының жаңа нұсқасындай көрінеді.
Сол қонақтар қазақ ауылына тұрақты қонақ болып қалды да, біздің кейіпкеріміз олардың өзі құралпы балаларымен тез тіл табысып кетті. Ауылдағы бар бозөкпеден бұрын табысты.
– Как тибя забут? – дейді бұл.
– Ноха.
– А миния забут Алгабай.
– А как тыбая имя?
– Ашер.
– А миния забут Алгабай.
– Тибе как забут?
– Ким.
- Ким? Я – Алгабай.
Достары Алғабайды «Алкха» деп атады. «Алға» дегендері.
– «Бай» дзаман, – деді Ким бірде, – бай-кулак дзаман.
– Сол батпаққа батқыр «байдан» өзім де құтыла алмай жүр едім, жақсы болды, – деді Алға жүзінде алқызыл алау ойнап.
– Менікі ат таксы, – деді Ашер, – бахытты адам. Счастливый человек. Алға Ашерге қызыға қарады.
– Сенікі ишак таксы, – деді содан соң Ашер, – біздікі пайхамбар ишак отырган. Ишак таксы.
Сол күннен бастап бұл төртеуінің жұбы жазылмады. Бірге ойнады, бірге қырға шықты, бірге ойға түсті. Үлкендердің тірлігіне бірге қолғабыс жасады. Кейде бір көрпені жамылып, қойындасып бірге ұйықтайтын. Бір қазаннан ас ішті. Төртеудің достығы колхоз белсенділерінің көзіне ілігіп, 1 май мерекесінде аталып та өтті.
– Міне, жас достар, жаңа достар. Бала жүрек бал-бөбек достар. Колхозымыз осы балғын достардың болашағымен нұрлы. Колхозымыздың көп ұлтты колхоз атанып, барша адамзат баласына үлгі боларлық өнегесін осы төртеудің өзара айнымас достығынан көріп танығандаймыз. Жасасын біздің колхоздағы халықтар достығы! Урааа, жолдастар, ура! – деп ұран тастап жіберді колхоз төрағасы сөлкебай толы өңірін сілкіп. Аспан астын күңіренткен уралар достарды қатты толқытты. Алғаны, әсіресе, толқытты.
– Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, – деді осындай жиындардан қалмай, жарсөздерде жанып сала беретін шалдардың бірі.
Төртеудің достығы ауылдың төбелесқұмар, сотқар-сотанақтарының десін басып, төңіректегі бар баланы баурай бастаған. Тап сол кезде Алға достарына кәдімгі естияр адамның ақылын айтты:
– Қазақ балаларды қатарымызға көп қоспайық. Қоссақ таңдап қосайық. Өйткені, қазақ баласы тентек. Ойын тәртібін білмейді. Ойын тәртібіне бағынбайды. Ұрыс шығарады. Сосын достығымыз ыдырайды.
– Алкха дұрыс айтат, – деді Әшір аталып үлгерген Ашер біртүлі құбыла күліп, – біздікі балдар ондай жаман балдармен ойнамайды.
Әшірді Ким әдетінше қостай жөнелді. Ноқталы бұқадай маңайына сүзіле қарайтын дөң мұрын Ноха да келіскендей бас изеген. Сөйтіп, бұлар өздерінің интернационал достығын бұзып алмау үшін бұзақылардан аулақ жүруді жөн санап, жасы кіші әрі кіл момын балаларды жандарына жиып алды. Осы кезде-ау шамасы, келеке-мазақ етіп күлетін сиықсыз қара сирақтарға Алға мүлде басқа ортадан келген жат, бөтен бала сияқты көріне бастаған. Жүріс-тұрысы да, сөйлеген сөзі де, киім киісі де өзгелік танытып Алға қасқайып алға шықты. «Оқу озаты – Алға», «Үлгілі пионер – Алға», «Жалынды комсомолец – Алға». Алғаның айналасы Адам Ата Хауа Ананың ұрқынан жаралған ұрпаққа толып, баяғы өзін «көк есекке теріс мінігізгендерден» айдыны аса берді. Қабырғасы қатая ауылынан алыс қиянға шырқап, ата-бабасы аяқ баспаған жердің бір қиыр шетіне кетіп жұмыс істеген жалынды жас комсомол қолы қалт еткенде тор көз дәптердің бетін толтырып күнделік жазатын.
«Мен Алға Қамысбайұлы (қайран қараңғы, надан қазақ-ай, басқа ат құрып қалғандай адамға қайдағы шөп-шөңгенің атын қойғанын қарамайсыз ба?) өз ортамды, өмірдегі орнымды тілі басқа болғанымен, тілегі бір, түрі басқа болғанымен, жүрегі бір ұлттар арасынан таптым. Біздің феодалдық орта ғасырлар дәуірінде қалған елімізге жаңа заманның жарық сәулесі жетпегенде, меңіреу ауылға Ашер, Ким сияқты жас жеткіншектер келіп, маған достық қолдарын ұсынбағанда, мен бейбақ сол қараңғы түнекті мәңгілік мекен етіп қалып қояр едім. Достарым менің көзімді ашты. Адамзат баласын сүюге ұмтылдырды. Ал қазақта адам баласына деген бауырмалдық ниет жоқ. Болмайтын себебі: қазақ өмірінде қазақтан басқаны көрмеген. Қазақтан басқамен тіл қатыспаған. Барыс-келіс жасамаған. Мен бұндай ортаны жек көремін».
– Жек көруің орынды, – дейтін оған алыс қиырдан табылған жан қимас жаңа достары. Сол достардың ішінде өмірден көрген түйгені мол, ақылға кенен, алымды жігіт Агашкиннің насихатын Алғабай көп тыңдаушы еді. Агашкин – там-тұмдап философиямен шұғылданған, төрткүл дүние жұртының өткен-кеткенін көзінен тізіп өткергендей өрекпіп сөйлейтін қызыл белсендінің өзі еді.
– Үлкен тарихты үлкен халықтар жасайды. Ал, сенің халқыңның, Алгашка, өкінішке қарай, жапырақтың жарымындай қағазға жазылған тарихы жоқ. Демек, ешқандай тарихқа қатысы жоқ, – дейтұғын Агашкин бұған мүсіркей қарап.
– Біз, философтар, тұрпайы өмір сүріп келген халықтардың тіршілігін қоғамдық формациялар тұрғысынан қарастырамыз. Қоғамдық формациялар тұрғысынан қарастырсақ, сенің халқыңа феодалдық орта ғасырлар дәуірінен ғана шетпұшпақтап орын тиеді екен. Оның өзі күмәнді ме деймін. Өйткені, сендермен көрші елдер қышлақтар салған, саман үйлерде тұрған, егін еккен, жер жыртқан. Дін ұстанған. Ал сендерден бұның бірін көрмейміз. Сондықтан мен феодалдық артта қалған қоғамның өзін сол замандағы халықтардың ой-санасына, өмір сүрген ортасына қарай жіктеу керек деп ұсыныс айтамын.
– Иә, бұл – шындық. Жігітім, менің сөзім сіздің көңіліңізге қатты тисе де, сізге тек шындықпен, ақиқи шындықпен өмір сүруге тура келеді, – деуші еді Агашкин сөзінің тоқ етерінде.
Ділмарсып сөйлегенде «сеннен» «сізге» көшіп, оқымысты интеллигенттің кейпіне еніп сарнай жөнелетін Агашкин Алғаны таң қалдырудан әсте жалыққан емес.
– Сіз, достым, әкем есек баққан деп намыстанасыз. Бұныңыз қате. Әсте қате, көгершінім. Есек – адал еңбектің жануары. Ат – міне, нағыз оңбаған хайуан. Сайтан алғыр, оны қолға үйретудің өзі қандай азап еді?.. Мейлі, қолға үйреттіңіз делік. Содан соң оны пішу керек, әтектеп, ақтап тастау керек. Әйтпесе,.. қаны басына шауып қозған сәтінде ол сайтан азынап кеп өзіңізге артылады. Біздің маржалар... ә, ол басқа әңгіме.
Қазақтың соры болған ғой ат. Сіздің бабаларыңыз оны ұқпаған. Жалын жел тараған жылқыға жалаңаш жайдақ қарғып мінген де, желе жортып жүре берген. Қазақтың жер бетінен қоныс теуіп, тұрақтамауына, қадірлі досым, біле білсеңіз ат кінәлі. Ат белінде отырып желіккен қазақтар уақытты есепке алмай кеңістікте адасып кеткен. Ал, есек... есек жануар митың жүрісімен иесін ұшы-қиырсыз ойға салды. Ой ойлатты. Адамзаттың жүгін арқасына таңып алып ғасырлардан ғасырларға аяңдап өте берді. Құрдымнан да жол тапты. Мына бір тәмсілді білесіз бе, қымбаттым?
Суы тартылып, табаны құрғап қалған ескі бір құдықтың басында итініп кәрі, лақса есек тұрады. Иесі, сірә, жақсылықты білмейтін қайырсыз неме болса керек, «осы есегім діңкелеп бітті ғой, құдыққа құлатып, құтылайын» дейді де, байқұс салпаңқұлақты түпсіз тереңге итеріп жіберді. Сөйтеді де, құдықтың аузынан топырақты үйіп тастай береді. Кезегімен кесекті де атады. Ендігі бастырылып, топыраққа көміліп, өліп тынған шығар деп, демін басып отыра кетсе, есегі құлағы едірейіп құдықтан шығып келе жатыр дейді. Бұ қалай болғаны деп қараса, есті жануар, егесінің лақтырған топырағы мен кесегін бауырына алып таптай беріпті, таптай беріпті. Таптап-таптап талпынып жоғары өрлей беріпті. Сөйтіп, құдық-құрдымнан ытқып бір-ақ шықан. Сіз де, мінекей, талпынып, талаптанып, өз қатарыңыздан озып, алға басып келесіз. Сондықтан, көгершінім, есек туралы халқыңыздың қараңғы ойынан ада-күде арылыңыз. Арылыңыз деймін сізге, өтінемін.
Көл-көсір сөзден аузы құрғамайтын Агашкинді барактағы бауырлар рас-өтірігі белгісіз қоштай жөнелген. Тек ноғай Зұнқарнайын ғана: «Ай, қаһар соққыр, хауарыш!» деп қабағын теріске салушы еді...
III
Бұл шамада Алғаға бәрібір еді. Агашкиннің аузынан жылқы мен есек шағылысып, ортасынан қақшаңдап қашыр туғанын, қала берді, бұның байтақ өлкесінде будандастыру жолымен күзгі бидайдың 20, жазғы бидайдың 30 түрі өніп, тұқым бергенін естігенде де «Е-е» деп қоя салған. Алғабайды айран-асыр еткен әкесінен келген хат болды. Өмірінде сауат ашып, саңлауына жарық түспеген адам хатты, әрине, ауыл-үйдің айналасындағы біреуге айтып отырып жаздырғаны анық. Апыр-ай, сонда да жалбыр тұмақ жаман шал қағаз бетінде тілдесуді қайдан білген десеңші... Қойторы қожыр тілде жазылған хат:
«Алтыннан ардақты, күмістен салмақты жаннан артық көретін баламыз Алғабай! Алыста, денсаулықтың арқасында тең құрбысымен ойнап-күліп жүр ме екен, – деп басталыпты. «Жүрміз, аманбыз» деді Алға әкесінің жалбаңдап хал сұрағанына ызаланғандай шекесі тырысып. – Садағаң кетіп, сарылағың болып өлейін... шешең сағынып күнде сықсыңдап жылайды. Хабарыңды үзіп кеткенің қалай, жарығым-оу. Осыдан үш жыл бұрын жазған хатыңды кәрі сығыр сандығына салып сақтап жүр екен. Сонда көрсетілген әдіріспен өзіңе сағынышты хат жолдап отырмыз. Хат қолыңа тисе, тиді деп жауап жаз. Мақұл ма?
Әй, Алғажан-ай, ата- бабаң аяқ баспаған алыс қиырға сені қай Құдай айдап әкетті... білмеймін... осы өзіміздің ауылда-ақ, асса, ауданда бір қызметке ілініп көз алдымызда жүретін баласың ғой. Өзіңдей елдің баласы қатын алып, қара өрбітіп, әке-шешесінің қолын ыстық суға салып отыр. Сенің де үйге бір шүйке басты жетелеп келіп: «Көке, апа, міне, мынау – келіндерің» дейтін уақытың болған жоқ па? – «Ауылдан келін дәме етпей-ақ қойыңдар» деп сұраққа іштей күбірлеп жауап қайырған Алға әріптері арбиған, айбақ-сайбақ жолдарға ары қарай үңілді. – Әй, Алғажан, алдағы жақтағы жұмысың бітсе, енді, шырағым, елге орал. Көп емессің, жалғызсың, жалғыздығыңды ойла. Мен атадан жалғыз ем, сен де әкеден жалқы келе жатырсың. Қу жалғыз, біле білсең, осы жүргенде қу жанымызды шүберекке түйіп, бір сенің амандығың мен тілеуіңді тілеп қана отырмыз. Ақылың бар бала едің ғой... Ауылға қайт! Қасымызда бол! Жаман айтпай, жақсы жоқ. Алда-жалда мен, я шешең екеуміздің біріміз қисая қалсақ, топырақ салуға үлгере алмай қаласың сорлағанда. Дос күледі, дұшпан табалайды. Дос-дұшпанның табасына қалдырма бізді, құлыным.
Енді бізден амандық біл. Амандық білмек болсаң, ептеп-септеп, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Шешеңнің қыңқыл-сыңқылы сол баяғы қыңқыл-сыңқыл. Басының сақинасы ұстайды, ауыз жаппай жөтеледі, қойдың майын ішсе, жөтелі басылады, әйтеуір. Менің ауруда кәрі жолдасым белім ғой... Белім шойрылып қала береді, сонда да жағаласып елден қалмаймыз. Елден айналайын! Ел іші береке ғой... бұрынғы еңбегімнің бәрін ескеріп жатыр. Кәзір жаман әкеңді колхоз құрылысшысы деп жиналыстың төріне отырғызады. Рахмет. Қолдағы ірі қара мал мен ұсақ жандықты колхоз жем шөппен қамтып тұр. Жалғыз ұлы алыста деп, бізді колхоз қамқорлығына алған. Отын-суымызға дейін жеткізіп береді айналайындар.
Өзіңнің қатар-құрбың соқталдай жігіт болған. Шетінен бір өңкей жақсы балдар. Алдымыздан қия басып өтпейді, сыйлап тұрады. Сені сұрайды, сағынып жүрміз, ауылға келсе ғой қапсыра құшақтар едік дейді. Солардың көмек жәрдемі көп тиюде, бірақ әлгі Әшір, Гим, Ноқа дейтін достарың көрінбейді. Әй, бірақ, колхозымыз қазір іріленіп кетті ғой. Жұмыс көп. Шаруа көп. Сол көп шаруадан шалдығып, қолдары тимей жүрген шығар. Аман болсын бәрі.
Пәлі! Әрдеңенің басын шалып отырып әңгіменің зорын ұмытып барады екенмін. Өзің асыр салып өскен үй әбден ескіріп, тозып, іргесінен су жүгіріп, берекеміз кетіп жүр еді. Колхоз дағарадай үй салып берді. Сыңғырлап тұр-ау, шіркін, сыңғырлап тұр. Өзінің құжынаған бөлмесі көп. Сол көп бөлмені аралап жүріп-ақ, шешең байқұс аяғынан болдырып, шаршап құлайды. Алғажан үйленіп, соның құлындары осы бөлмелерде құлдыраңдап шауып жүрсе ғой деп арыз-арманын айтып, аһілеп- уһілеп отырғаны күнде. Бізге бір бөлме жетеді екен, шешең екеуміз сонда жатамыз. Сол бөлмеде ас-суымызды ішеміз. Колхоз бастыққа: «Өй, мына үйің не, бізге тым үлкен ғой» десек, «ой, ақсақал, сіздің колхозға сіңірген еңбегіңіздің қасында бұ не, тәйірі?!» дейді. Колхоз бастық – Құдайға қараған бала. Өткенде бір жиында менің соғыс жылдары ауылға есек әкеліп жерсіндіргенімді, есектерді колхоздың жұмысына жеккенімді ерекше атап өтті. «Ақсақал-ай, сол кезде жылқы біткен соғысқа айдалып, қара құра бірер өгізден өзге күш шығаратын күлік қалмағанда, есек дейтін ерінбейтін жануарды тапқаныңыз қандай жақсы болған?! Сол ырғын есектің пайдасын «ықы-ықылап» әлі көріп жүрміз» деп арқамнан қаққанда, ел тегіс қол соғып жіберді. Қазір ел тұрмысы дүзелген. Бұрынғы, соңғы еңбегіңді елеп-ескеріп, дардай қылып айтқанда қарадай қысыласың. Біз соны кәйбір батыр атанайық, керой атанайық деп жасады ғой дейсің! Жалғыз қолмен жанталасып, ел аш қалмасын дедік. Біздікі аштық пен соғыстан аман қалудың амалы еді. Сондағы қарекетіміз бүгінгілерге керемет көрінеді екен-е, мейлі. – Сәлем хаттың соңына жете алмай, жіпсіз байланып отырған Алғабай да осы арада айранкөзденіп: «Е-е, мейлі» деді. Деді де, есінеді. Жағын айыра және есінеді. Сосын хатқа қайыра көз салған. – Еңбекті айтасың, бұ колхоз осы күні менің малқар ағайынды, неміс, кәріс, қарашай, жойыт туысқанды үйге әкеліп паналатқанымды, төрімнен орын бергенімді, барымды аузына тосқанымды бөстіріп айтып, бөстегімді қалыңдатып-ақ жатыр. Тәйір-ай, жадап-жүдеп, арып-ашып жол азабын көрген, мехнат тартқан мүсәпір пенде баласына жаны ашымайтын қазақ бола ма?! Мен де сол қазақтың бірі едім ғой. Ата-баба жолымен жоралғымды жасадым, басқа ежтеңе істеген жоқпын. Біздікі не, әмбесі, қол қысқа... баяғы атам қазақтың заманы болса, ту бие сойып мұндай қаріп-қасірлердің ішін майлар еді. Осы күнгі жұрт қызық: селт еткен бір іс жасасаң таң тамаша қалады да жүреді.
Біздің әңгіме осы, жарығым, ал енді хабарыңды үзбе, хат жаз. Сағына, зарыға, сарғайып күтіп жүргенімізді ұмытпа. Әлде ұмыттың ба? Ортамнан оздым деп, шалғай кеттім деп, енді маған шал-кемпірдің керегі жоқ деп шалқып жүрсің бе?! Әй, тумай туа шөккір, ондайың болса айт, айтқанда ашып айт! Ашып жазып жібер бізге. – Шалдың жай сөйлеп отырып шалқасынан түсетін шахар мінезін дәл осы жолдардан танып, «кәрі жының ұстай қалды ма?» деп мырс еткен Алғабай хатты жылдам оқып бітіруге асықты. – Осы сенің қаның неге қарайып жүр?! Кімге өкпелейсің?! Мына мен ұзында – өші, қысқада – кегі жоқ адаммын. Менің әкем де ағайын-туысының ортасында жайнап жүріп өмірден өтті. Ал, сен неме, неменеге безеріп, неменеге елден безіп жүрсің?! Алға, Алға дегенге алқынба да, тасынба! Аруақ аттап, шоқынып кетсең де, айтайын: сен орыс бола алмайсың, болмайсың да! Білдің бе! Болсаң, өзінің қарындас жұртына қаны қас бір надан болып шығасың! Сендей қиянға кеткеннің қай қиырдан шаң берерін біз білмейді ғой дейсің бе?! Біз білеміз, білгенде баяғының ізімен жүріп отырып білеміз.
Баяғыда жауынгер екі ел қазақ-қалмақ бір-бірін шапқанда, пәленбай батырдың ұлы, түгленбей тайшының мұрагері боп келетін ер балдарды өлтірмей, бауырына басып, киімшең бала етіп алады екен. Біздің бабамыз –Көбік батыр. Осы біздің ауылдағының бәрі сол Көбік батырдан тараймыз. Көбіктен бері таратқанда ар жағы алты, бер жағы төрт-бес атадан кеп қосыла береміз. Иә, сол Көбік бабамыз бірде жоңғар-қалмақтың қалың қолымен шайқаста жауын жеңіп, дәрегейіне тартылған тұтқындарды еліне айдап келе жатса, айдарлы бір ұл көзіне түсе беріпті. Ол заманда батырлар жаудың айдарлысын құл қылып, солқылдаған мырзасын табанға салып жүн қылып, тек зипа бойлы бәденді сұлу қызы мен қатынын құшады екен. Қатын етіп алмаса, күң қылып босағасында ұстап, аяқ салып, одан да бала сүйгендері болған екен. Содан... сол баяғы заманда Көбік бабамыз тұтқындарын көгендей тізіп айдап келе жатса, бір айдарлы ұл көзіне қайта-қайта шалыныпты. Әлгінің сойы бөлек соқталы ердің баласы екендігін байқаған батыр ер қасына қондырып, алдына алып жүріпті дейді. Баланы алдына алып ауылына әкелген соң, қабағынан қар қатып, кірпігінен мұз тоңып жүретін жаутүсіргіш серігі бар екен. Соның тарбиасына беріп, «мә, мынаны асырап бақ та, есейген соң қолына қоңыраулы найза ұстатып, қалмаққа қарсы сал» депті. Жау жағында, жау ішінде жүріп өскен ұлдан артық дұшпанның елге дұшпан болмасын сонда қазақ-қалмақ қапысыз білгенге ұқсайды. Бірақ олар ешқашан да батыр атанбаған. Қазақ-қалмақ беттескенде «жекпе-жек» деп ортаға атойлап шығатын ерлер болады екен. Сол ерлерге қорықпай, қасқайып шабатын жалаңтөс алғадайлар қолға түскен балалардан жасақталыпты. Өлсе – шейіт, өлмесе – бәрекелді. «Құлды бәрекелді өлтіреді» деген сөз содан қалған. Өйткені, алғадай бәрібір ажал құшады. Серті – сол.
Көбік баланы серігінің қолына табыстап, оған Дойыр деп ат қояды. Дойыр бала желкілдеп ер жетеді, жігіт болады. Әкесі бетінен қақпай өсіргендіктен, Дойырдың кейін қазан тебер тентек аты шығып жүреді. Қолы қатты қарулы неме құралайды көзге атқан мерген де болады. Аш қасқырдай жалақтап төңірегінен жау іздеген Дойыр тыныш жатқан қазақтан жылқы алып, қалмақ арасына жалғыз тиіп, екі ортаға ала бүлік салып жүреді екен. Сонда жұрт Дойыр долданбасын деп Құдайына құрбан шалып отырады екен. Дойыр долданса, талай бас домаланып сайдың табанында жататын көрінеді. Бойын бұла күш кернеген Дойыр ақыры аз-кем уақыт бейбіт өмір сүре қалған қазақ-қалмақты атқа қондырып тыныпты. Түнде ай, күндіз күн тұтылып жауынгер екі жұрт күңіреніп майдан құрғанда қан тасыған өзендей өкіріп ақты дейді. Осы кезде тілегенін Тәңірі берген Дойырекең сақ-сақ күліп, сауытын жамылып жауға аттаныпты. Қазақ-қалмақ бір-біріне қастасқан жау болса да, қапыда торға қамалған жақсыға, әулет басы қартқа, атадан жалғыз ұлға, ел сұраған ерге сауға береді екен. Бүгінгі жұрт ондай мәрттікті қайдан білсін! Бүгінгі жұртты айтамыз... сол заманның сойқаны Дойыр да білмейді екен. Әлде тарбиасынан кеткен кемдік, әлде өзінің діні қатты бірдеңе... ол тегі жан баласын аяуды түйсінбеген дүлейдің өзі болыпты.
Көбік батыр күндердің күнінде Дойыр қалмақтың үрпек бас балаларын құлама құздың басына алып барып көздерін ойып тастап кетіпті де, қарға-құзғынға жем етіпті дегенді естіп тіксінеді. Келесіде Дойыр қалмақтың жүкті қатындарының қарнын тіліп, ақтарылған шарананың бәрін қырық күн қыңсылатып аш ұстаған бұралқы иттеріне жегізіпті дегенді естіп жаны түршігеді. Сөйткенше Дойыр қалмақтың Мұқыры дейтін батырының терісін тірідей сыпырып алыпты дегенді және естіп Дойырды алдына келтіріп: «Ай, Дойыр! Сен қазақ-қалмақ естімеген жауыздық жасап жүрсің! О заманда бұ заман қазақ баланы аяусыз қырып, батырды қорлап өлтіріп пе еді?! Сенің мынауың не сұмдық?» – деп сұрайды. Сонда Дойыр: «Батыр еке, соны өзім де білмеймін... қалмақ көрсем, көзім қарауытып, ес-ақылымнан айрылып қаламын. Қалмақтың қаны тартып тұрады», – деген екен.
«Мынандай қаныпезер ұрпақты қазақ-қалмақ нәсілі енді қайтып көрмесін!» депті де, батырсынып еліріп тұрған Дойырды Көбік баһадүр басқа қылышпен бір салып өлтіріпті дейді бұрынғылар. Көрдің бе, міне, өз еліне жатбауыр болып өскен жанның дағдыры қалай боларын?! Осыны ұмытпа! Еліңе орал, ауылға қайт! Мұнда да жұмыс бар, қайнаған тірлік бар...».
«Көксоққан шал, – деді Алғабай жан-жағына алақтай қарап, – көйітіп отырған сөзін қара... – Хатты бұдан ары оқуға оның дәті шыдамады. –Қараңғылық. Түлей түздегі түпсіз тупизм. Көр жерді көбік ауызданып көпсіткенді ғана білетін көрбілте кеуде көңірсіген көнесінен озып қайда барсын?..».
Алғаны қайғы қамады, қамырықты ой басты. Торкөз дәптеріне толғана кеп төнгенде ерні қаймыжықтанып тіл ұшына: «Елім-ай, сені қайтейін?» деген жалқы орам орала кеткені. «Алғабай, осы сен ақынсың-ау, тегі?..». Қиялында Алғабай – ақын. Қалың елінің зар тілегін жырға қосады. Ну соқыр тұманнан жол таппай дағдарған халқына жөн нұсқап, жарқырап атқан таңның әнші бұлбұлындай сайраған үні сар даланың самалымен бірге есіліп, атағы алысқа шырқайды. Ақын халықты ескіліктің құрсауында ұстаған ертегілерден, жын-перілерден азат етер асқақ ой, асыл сөздер төгеді.
– Қымбаттым, байқауымша, сізде бір өзгеріс бар, – деп тіл қатты оған бірде Агашкин, – сіз осы ғашық емессіз бе, көгершінім? Ғашықтық – ол бір дерт. Айтыңыз, ақтарылыңыз біздей адал досыңызға. Бәлкім, септігіміз тиіп қалар?..
– Мен... мен, – деп күмілжіді Алға, – мен, Михаил Сергеевич, өлең жазатын бір қызық әдет таптым.
– О, браво, браво, – деді Агашкин шын қуанып, – мархабат етіңіз, қымбаттым, қай тілде жазасыз өлеңді?
– Өзімінің бала кездегі тілімде, Михаил Сергеевич.
– Бәрекелді, жөн-жөн, сөйтіңіз, со бала кездегі тіліңізде жазыңыз. Орысшаңыз да былай әдемі, әйткенменде, жарығым, сіз бек жақсы білуге тиіссіз, бұл тілде, иә, осы бір теңдесі жоқ ұлы тілде ұлы Пушкин, ұлы Лермонтов, Есенин, Маяковскийлер жырлаған. Енді бұлардан асып бірдеңе жазу, орыс тілінде, ай, қайдам... Ал сіздің тіліңізде, қара басқыр, жағымнан жаңылып отырғанымды қарамайсыз ба, сіздің бозөкпе кезде сөйлеген тіліңізде жазылуға тиіс поэзияның әлі тілі шықпай жатыр. Келісесіз бе? Әлде мен қателесіп отырмын ба? Күмәнсіз, менің қателесуім әбден мүмкін.
– Тап солай! «Қателесуім әбден мүмкін» деп мүләйімсіме. Сен үнемі қателесесің. Өйткені, түк білмейсің. Сенікі – сөз, құр сөз, құрғақ сөз.
– Ей, жуан шөңке, мен басқаны білмесем де, қаһарлы Иоан патшаның ноғайларды жуасытып қана қоймай жусатып тастағанын жақсы білемін. Сонда да его величество – қаһарлы патша ағзамға өкпем қара қазандай. Қырып салу керек еді ноғайларды, тұқым-тұяғынан жұрнақ қалдырмай жер бетінен мүлде жойып жіберуі керек еді, сайтан!
– Сідігін сімірген сілімтік, сені осы оңаша жерде кездессе деп жүр едім. Тәңірім тілегімді берді, қаныңа бір тояйын, қаһарлы Иоаным, жақындашы маған. Ал, сен, сарыауыз, мынау үлгі қылып айтқан салпаңқұлаққа шынымен айналып кетпесең бұл арадан тайып тұр.
Сарт та сұрт төбелес. Ілкіден бері ілінісіп қалып жүретін екі дәу: Агашкин мен қырым-ноғай Зұнқарнай қойғыласты да кетті. Алға, әрине, жанұшырып Агашкин жағына шыққан. Агашкинді астыңғы иектен сілейте ұрған ноқалай ноғай бұны да аямады. Құлақ шекеден құлдилай кеп тиген соққыдан мұрттай ұшып жығылған-ды. Есін жыйса, ұзына бойы барактың іші азан-қазан, айқай шу, қырғын төбелес. «Барактағы бауырлар» атанғанымен алакөзденіп жүретін алақұйын қауымның ішін кернеп, асқынған бәсеке мен өшпенділік жын атып, жінігіп шыға келгенге ұқсайды: кімді кім ұрып, кіммен кім жағаласып, жандасып жатқаны белгісіз. Бүктетіліп, сұлап түскендердің бүйіріне тығылып бүрісіп алған Алғабай мұндай қалың төбелесті бұрын-соңды көрмегенін ойлап құты қашқан. Темір сойыл, сым бұрау, болат шынжыр, селебе қанжар... өкіріп, бақырған дауыстар. Төбелес әуелете атылған мылтық үні үш дүркін естілгенде барып тоқтаған. Милиция жасағы қолға түскендерді қорабы дүңкиген тор көзді машинаға тоғыта берді. Алғабай да солардың қатарында кеткен. Ақыры алты айға созылған тергеу тексеру мен сот үкімінің шешімі бойынша ең жеңіл жазаға іліккен Алғабай ауылына қайтуға мәжбүр болды. Естуінше, Агашкин бұны сыртынан қорғап баққан көрінеді. «Алға – болашағы кемел комсомол. Оған кәміл сенуге болады. Ол әншейін қосақ арасында кетіп отыр. Әйтпесе, еш қылмысы жоқ», – депті Агашкин. Мың алғыс Агашкин жолдасқа. Рахмет Агашкинге!
IV
Ауылына оралған Алғабай айналасы алты-жеті жылдың ауанында қалбиып қалыпқа түсті. Көң қатса қалыбына деген. Қалыбына түспей қайда барады? Аяқтан шалып аттап бастырмайтын; «сенікі жөн» деп қойып серейтіп түсіретін; қолдаған болып отырып қолқаңнан өкпе-жүрегіңді суырып алып, қақтап жейтін; ісіңді көзіңше мақұлдап, сырт айнала бергеніңде көтен ішегіңе істік жүгіртіп ойнайтын; ебіңді тауып екі ошаққа бір көсеу етіп жұмсайтын; арқадан қағып алдарқата тұрып, аяқ-табағыңды арамдай салатын; өз бойынан ешкімді асырмайтын ескілікті орта Алғабайды сол алты-жеті жылдың айналасында илеп-бүктеп, иін әбден қандырып, иіліп-бүгіліп тұратын иі жұмсақ, иіні бос көгенбасты көптің бірі етіп алған. Өмірінде қол артқан жетістігі: ауылшаруашылығы институтын оқып бітірді, үйленді, нәуетек қатынынан төрт-бес бала сүйді, соқалап жүріп әр қызметтің басын шалды. Аудан көлемінде ауылшарушалығы саласын басқарған саппастардың бірі атанды, соңғы 20-25 жыл басқармада қызмет жасап келеді. Кейінгі бірер жылдағы арманы – әкімнің орынбасарына дейін жетіп жығылу еді. Болмады. Енді, міне, басқарма бастығынан да төмендеп, қайдағы бір ауылға келе жатыр. Бұрынғы ұжымшар. Тарап кеткен ұжымшар. Соның жұмысын жаңаша ұйымдастыруы қажет.
...Басында ақ бүртік гүлі бар «құс таңдай» дейтін қырда шөп өседі. Ну қара шашының маңдай тұсына бармақтай ақ қонған әкімді жанама ат қойғыш жұрт «Құс таңдай» атап кеткенін Алғабай бұрыннан білетін. «Құс таңдай әкім» құйқылжып сөйлейтін, реті келіп тұрған соң әдетінше құйқылжып сөйледі дерсің.
– Мырзалар мен ханымдар, – деді ол «қурай-джунглидің» ішінен арса- арса болып шыға келген көптің төбесінен көзін асыра тастап, – сіздер бұрын бар тапқан-таянғандарыңызды ортақ қазанға құйып келдіңіздер. Таңның атысы, кештің батысы бел шешпей, ауыр мехнат жолында азап шектіңіздер. Бірақ содан ұшпаққа жеткен бірің жоқ. Табысыңды өкімет сыпырып-сиырып алды да отырды. Бұдан былай олай болмайды, мырзалар! Енді әркім өзінің пайдасы үшін ғана жұмыс істеп, мырғамға батып, ен байлыққа кенелуі керек. Сол үшінде ілгеріде колхоз, кейін ұжымшар аталған шаруашылықты тарату жөнінде шешім қабылдаған едік. Ұжымшарды таратпасқа және әддіміз қалмады. Өйткені, осы ұжымшардың шаруа қожалықтарына бөлініп, нарыққа көшуін Біріккен Ұлттар Ұйымы, қала берді мұхиттың ар жағындағы Америка талап етіп отыр. Міне, көрдіңіздер ме, саясат қайда? – «Құс таңдай» шешендердің салтымен сұқ саусағын шошайта көкке іліп, осы арада аз-кем тыныс тауып тұрды да, әлдебір кінәсін мойнына алғандай монтанси сөйледі. – Американың өзі бізге ұжымшар атаулының көзін құрт, халыққа ортақ мүкәммал мүлікті таратып бер, тұрмыс тіршілігіңді нарыққа көшір дейді. Азуын айға білеген АҚШ-тың айтқанын орындамауға біздің қандай амалымыз бар? Сондықтан, мырзалар мен ханымдар, жаңаша өмір сүруге тиіссіздер. Сіздерді нарыққа жетелейтін басшыларыңыз – өздеріңізге белгілі ардагер азамат, 20-25 жылдың шегінде аудандық партия комитетінде, кейіннен аудан әкімдігінде ауылшаруашылығы басқармасын басқарған Алғабай мырза болады. Кәне, Алғабай мырзаның кандидатурасын бір ауыздан қолдап жіберейік.
Жиын: «Болсын, болсын, Алғабай болсын!» деді. «Құс таңдай» асығыстық жасап, Американың алдында қателікке ұрынып қала жаздағанын осы кезде ғана аңғарса керек: «Қарсы бар ма? Қалыс бар ма?» – деп жылдам сұрап үлгерді. «Қарсы да, қалыс та жоқ» деді ханымдар мен мырзалардың арасынан қалқайып қара көбейтіп тұрған біреу. Енді әкім іске көшуді жөн санап, Алғабайды бейімдеп ауыл шетіндегі белге қарай жетелеген. Екеуі, әне, ауыл үйдің айналасы, қора-қопсысы, трактор, машиналардың көне тұрағы алақандағыдай көрінетін белдің биігіне шығып, аяқтарының арасын алшақ тастап тұрды. Сосын «құс таңдай» әкім төңіректі қолымен тұтас шола көрсетіп шықты да, Алғабайға қарап:
– Жерінің түгін тартсаң май таматын бұл өзі бір бай ауыл. Біреулер «таяқ шанышсаң, тал өседі» дейді ғой құнарлы жердің құтын айтқанда, жо-жоқ, таяғың түк те емес, бұл жерге кемпір ексең, қыз өсіп шығады.
Мыңғырған малы – анау, қайсібірінің тозығы жетіп, тоқтап қалды демесең, тізіліп тұрған техника – анау. Айналаң өзен, таудан аққан тас бұлақ. Егін егесің бе, ерінбей қазып жерінен алтын іздейсің бе, өзің біл. Осының бәрі сенің игілігің. Қызығын көр. Байы. Басқарманың орынтағына бөксеңді малып, құйрығыңның майын сорғызып, құрғап отырғаннан пайда жоқ. Аудан... ол да ұзаққа бара қоймас, құлайды. Осындай алас-қапаста мына ауылға тұмсығыңды сұғып қал. Бізді де ұмытпа. Ал, Алғабай мырза, енді саған ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ. Ауылды ауданнан да, басқасынан да бөліп бердік, бөліп бердік енді билей бер, – деді. Аяқ астынан бақытқа кенеліп, басы айналып қалатын пенде шіркіннің алқынған кеудесі алқымын шіреп, апалаққа салатыны бар ғой, Алғабай да сөйтті. Сөйтті де, бөгелек қағып: «Ұқтым, айтқаныңыздың бірін қалдырмай ұқтым», – дей берді.
V
Алғабай іске кірісті. Қисық-қыңыр көшелерді қалың қурай мен шырмауықтан аршып, алдымен ауылдың тынысын ашқан. Асар жасап өзіне үлкен үй салдырды. Ұжымшардың кетеуі кеткен кеңсесін күреп тастап, орнына зәулім сарай тұрғызды. Оны «Резиденция» деп атады. Содан соң резиденциясына ел ішіндегі бетке ұстар азаматтар мен ақсақалдарды шақырып, ауылға жаңа ат қоюдың жөнін сұрап, кеңес құрған.
– Бәріміз, – деді Алғабайдың сөз ләмін ұққан соң бәрінің атынан сөйлейтіндігін білдіріп бір қария, – баяғы бай-бағыланның заманында Баталы деген бабамыз атқа қонып, байтағына ұран салған екен, сол кісінің тұқымымыз. Содан өрбігенбіз. Соның үшін де ауыл атын «Баталы» қойсақ бек жарасады.
– Баталы биді айтқанда Емілдей еріңді неге ұмытасың? – деді осы кезде тағы бір қария жиыннан оқшау шоғырланған қауымның арасынан дауыстап. – Ерентал деген ыстаршынның енесін ұрып тұрып осы қонысты бәрімізге әперген Еміл еді ғой. Емініп Емілдің белінен тараған біздей ұрпағы тұрғанда Баталы бабаңызға есе тие қоймас.
Осы екі ауыз сөзден кейін-ақ шалдар Алғабайды да, Алғабайдың резиденциясы мен ресми жиынын да ұмытып, есте жоқ ескі заманның шалғайына шауып бір-ақ кетті. Кеткенде қақтығысып қатты кетті.
– Әй, емілдер, Баталыны баса-көктеп кимелейтіндей жөнің жоқ түге. Баталының сөзі жүрмегенде Еренталды сабаған Емілдің сүйегі ит жеккенде қалатын еді. Қаңғымай жайыңа отыр!
– Баталының балпылдаған аузы демесең Емілдей елі үшін қайрат шығарған кезі болмапты. Сөз – шоқ, батырлық – өрт. Шоқтың шалаға айналуы оңай, өрттің беті қайтуы қиын. Орыстың иегі түкті ыстаршыны Баталының сөзіне емес, Емілдің батырлығынан тайқып тоқтаған. Әйтпесе анау Қызылбелдің жазығына бекетін қондырып, адымыңды аштырмай қояр еді. Жүрер едің сонда Көртоғанның аузында балағаңның битін сығып.
Дау бұдан әрі де өрши түсер еді, Алғабай жалынып-жалпайып, «әке-көкелеп» екі жақты әрең тоқтатты. Сол кезде, міне, қызық, ойына Агашкиннің насихат сөздері оралды, есіне еске достары түсті...
VI
Түн. Бейғам ауыл жұрты ұйқының ұлпа құшағына бөленіп, ессіз жатыр. Алғабайдың резиденциясы. Резиденцияның терезе перделерін қымтай жауып төрт адам сұхбат құруда. Ортада көзесі қалың білте шам. Түбіне түннің қара көк бояуы ұйыған шамның жарығы төртеудің жүзінде ғана шашылып қалған.
Алғабай: Сендерді көргеніме қуаныштымын, достарым. Өтінішіме құлақ асып, келе қалғандарың бұндай жақсы болар ма!
Ашер: О, не дегенің, Алға, о не дегенің! (Қозғалақтап, орындығын сықырлатып, шамның жарығына ұмсына түсті).
Ким: Алғаеке, бізді ұмытпай жүргеніңді, шаруамның бір жағына шығыс деп шақырғаныңды естігенде есіміз қалмады. Құстай ұшып жеттік ауылыңа.
Ноха: Жаның сау болсын, Алға. Алла ісіңе береке берсін!
Алғабай: Есейіп кетіппіз-ау,ә?.. (Достарының жүзіне барлай қарады).
Ким: Есейгенің не, Алға-ау, кәртейдік. Қақсал болдық.
Ашер: Алға, біз қазір қазақшаға қамшы салдырмаймыз. Сөйлегенде сөздің түбін түсіреміз. Біз есейіп, ес жиғалы қа-шан?..
Алғабай: Е-е, иә-иә... Алпысты алқымдап қалдық, бірақ, әлі тұғырдан тайған жоқпыз деші.
Ноха: Алпыс – бізде жігіттің жасы.
Алғабай: Ал, жігіттер, иә, мырзалар, сендерді шақырғандағы шаруамның жайына көшейін. Мен мына ауылдың жалғыз иесімін. Ауданнан бөліп алғанмын. Өзім би, өзім қожа. (Басын кенет шалқақ ұстап, мырза мақаммен сөйледі). Не істесем де қолымнан қағар пенде жоқ. Бірақ, білесіңдер, біз – ел ісіне асқан жауапкершілікпен қарап өскен ұрпақпыз. Бізді заманымыз солай тәрбиеледі, ортамыз сондай өнеге берді. Мен – осы күні, мырзалар, алдыма асқақ мақсаттар қойып жүрген адаммын.
Ашер, Ким, Ноха: Бәрекелді, бәрекелді!
Алғабай: Мына мен ауылымның халқын жарқын болашаққа бастасам деймін. Бұларды бұрын-соңды өздері қиялдап та көрмеген жаңа тұрмысқа жеткізу ойымда бар.
Ким: Бұл ауыл, Алғабай мырза, сіздің басшы болып келуіңізбен осы күннің өзінде не бір ғажапқа кенеліп отыр-ау деймін.
Ашер: Басшы бола салысыңызбен көшелерді қурайлардан арылтып, ауылдың айналасын шырмаған шырмауықтардың көзін құртыпсыз. Алғабай мырза, сіз ауылыңызды жаңа әлеммен байланыстыруға бет алыпсыз. Құттықтаймын!
Алғабай (Ашердің сөзін құптап бас изеді де, ізінше шарасыз кісінің кейіпіне енді): Бірақ, достарым, осы ауылдағы адамдардың тілін таба алмаймын ба деп қорқамын.
Ким (қуақылана күлді): Тілдерін таба алмағаны несі? Тілдері ауыздарында шығар?
Алғабай (шытынап): Тілдері ауыздарында болмай кетсін! Сол тілдері ғой тірлігіне кедергі келтіріп тұрған. Мен жуырда ауылға жаңа ат берейік деп жиын шақырдым. Ал не болды дейсіңдер ғой? Осында келді де, шалдар түкірігіне шашалып жат та кеп айтысты. Қай заманда, қай ғасырда өмір сүріп жатқандарын ұмытып қалды білемін. Ох, не деген память, Құдай-ау?.. Баталы би, Еміл батыр дей ме... осы екеуін айтып шарпысқан шалдар, менің Агашкин досым айтпақшы, феодалдық дәуірдің пұшпағынан бір-ақ табылды. Қысқасы, бұл ауыл жұрты екі атаға бөлінеді екен. Мына бетімен бұлар ауылдың бар байлығын бөліп алып, албаты кетуі мүмкін. Тоқтату қиын. Қайтпек керек, достар?
Ноха: Оларды қорқытып ұстау керек, бауырым, қорқытып ұстау керек. Қазақ атаң: «Қорықпағанын – сыйламас» деді емес пе?
Ким: Бөліп алып кетердей не байлық бар ауылыңда?
Алғабай: Ким, сен сұрама. Қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр. Мыңғырып жатыр. Соқа-сайман, темір-терсегі де жетіп артылады.
Ашер: Олай болса, Алғабай мырза, Жаратушы иеміз сенің жағыңда екен. Бөліне берсін. Сен оларды бөлшектей түс. Бүліндір. Екі ата аз, сен ауылдан төрт, бес ата, бірнеше ру тап. Табылмаса, қолдан жаса.
Алғабай (білтелі шамды қолына алып, Ашердің жүзіне аңтарыла қарады. Жарық күңгірт тартып, үшеудің сұлбасы қаракөлеңкеленіп кетті): Бұл не дегенің, досым-ау?.. Ауыл жұрты бөрі тигендей бөлініп, әр ата, әр ру өзіне басшы, көсем сайлап алып, көстеңдеп жүріп берсе, мен байқұс далақтап далада қаламын ғой?
Ким: «Бөрі тигендей» деп дұрыс айттың, Алғабай. Сен бөрі бол. «Бөлінгенді бөрі алады» дегенді атаң қазақ саған ескертіп отыр. Саған ымдап отыр.
Ашер: Биліктің зоры мен қоры, ағасы мен інісі, үлкені мен кішісі деген болмайды. Биліктің бір ғана аты бар – билік. Биліктің бір ғана жолы бар: ол – көпті келеге келтірмеу. Бірлікті сұрап отырған болып – бүлдіру, ынтымаққа ындының кепкендей болып отырып – ыдырату. Сенің билігіңді көптің бірлігі емес, кері кеткен тірлігі, өзара қырын қабақ қырбайлығы, бәсеке-бақастығы қамтамасыз етеді.
Алғабай: Әрі тартып, бері жық дейсіңдер ме?
Ноха: Солай істе. Бірін бауырыңа тартқанда, екіншісін қырыңа ал. Оны да алыстатып жібермей, үшіншісін төртіншісіне айдап сал. Айналаңа сойыл соғар сотқар сотанақтарды да жия жүр.
Ашер: Әлдебір жамандық жақындап қалғандай, әлдебір көлденең кесапат келе жатқандай үрей шақырып, қорқынышты сөздер айтудан жағың жабылмасын.
Ноха: Пайғамбарлар да өз қауымына Жаратқан иенің жұмақты уәде еткеніндей тозақтың барын ескертуден танбаған.
Ким: Биліктің берік қамалы – байлық. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дегенді де айтқан сенің аталарың. Алдымен өзің байы. Өзің шылқа байып алған соң май жұққан жеңіңнің ұшын жұпыны жұртқа бір жалатсаң жетеді, содан кейін жетегіңе маңырап, ереді де отырады.
Алғабай: Мырзалар, мен айтқан қисапсыз байлықтың бәрі – халықтікі. Мен былай... нетіп... неғылып, сыртынан иемденіп жүргенім болмаса, тыр жалаңашпын ғой.
Ашер: Байлық – көптің ортақ сыбағасы емес, білікті бірдің ғана игілігі. Сен – менеджерсің. Дүниеде не бар, соның бәрі – әккі менеджердің меншігі.
Алғабай (шамды ортаға қойып, білтесін көтерді. Кең бөлменің бұрыш-бұрышында ыққан қараңғылық шамның түбіне келіп тығылған): Қалай, не істе дейсіңдер сонда?
Ноха: Малдың тігерге тұяғын қалдырмай айдап апарамыз да, хан базардың қызыл өңешіне тоғытамыз.
Ким: Қолдағысын бермей қояды деп алаңдама, еліңе айт, мал – бір жұттық. «Осы қыстан қалай аман шығамыз?» деп қалтырап, қаңылтыр бет, қара қабырға болып қазақ қашанғы жүреді? Малды тегіс хан базардың қызыл өңешіне тоғытып сатамыз да, банктен есеп-шот ашып, бар ақшаны сонда саламыз. Банкте қазір ақша балалайды. Өсіп, өнеді. Соның өсімімен-ақ жырғап өмір сүруге болады.
Ашер: Қаңыраған ауылда түкірігің түтеп отыра бермейтін шығарсың... Түбі қалаға жылжисың. Басыңа қаладан қарқарадай баспана керек. Оны бізге тапсыр.
Ноха: Анау темір-терсектің де бірін қалдырмай сат.
Алғабай: Ол кімге керек? Оны кім алады? Күн астында күңсіп жатыр әншейін. Құр қаңқа.
Ноха: Бұндай істің тізгінін біздің Кимге ұстат. Кимеке, десеңші?
Ким: А, ол істің жарасы жеңіл. Ноу проблем. Іргеңде аш бақадай аузын ашып қытай тұрғанда, темір-терсекті күнге қақтап қойып қарап отырудың өзі күнә. Нихау-нихау, міне, бітті шаруа!
Ашер: Сауданың пайдасы киелі кітаптарда да жазылған. Ықылым заманалардан бері адамзат баласы бір-біріне сауда жолымен жалғасып келеді. Саудадан қашпа. Қазақ сауданы сарт-сауанның кәсібі деп біледі. Олай емес. Сен саудаға білек сыбанып кіріскен нөмірі бірінші қазақ бол да, тарихта қал. Қолыңа ұстағанның бәрін сат та ұқсатып бақ. Жомарт Құдай бірін түгессең, екіншісін алдыңнан тосады.
Ким: Бала кезімізде тіліміз келіңкіремей сенің атыңды «Алкха, Алкха» деуші едік (ыржалақтап күлгенде бет аузы ылжыраған етке айналды). Тегі сонда көп қателеспеген сияқтымыз. Әлде Жарылқаушымыздың өзі аузымызға салды ма екен, «Алкха» дегеніміз – алқа екен ғой. Ал, Алғабай мырза, бізді алқа, қамқорымыз бол, өзің жеткер.
Таң шолпаны туысымен тусырап жатқан жұлдыздардың жарығы семіп, шілде аспаны түңлігін түре берген. Ортадағы білте шамнан керосиннің тұтқыр иісі тарап, бөлме ішін қауып қалыпты. Алғабайдың жүрегі лобығандай болды.
VII
Алғабайдың ауылынан ерте аттанып, жолға шыққан достары жайлы да жүрдек көліктің ішінде ырғалып ойға батып барады.
Ноха: Сонша жерден шақырғанда үлкен бір шаруа шығып тұр ма десем, ауыл арасының әншейінгі әңгімесі екен ғой? Хоп, мейлі, екі ата, мақұл төрт ата болсын... Соны біздей қазақ ортасынан жырақ жұрттың талқысына салып «қайтпек керек?» деп сұрағанына қайранмын? Ел болған соң ел ішінде бірер тентек теріс сөйлеп, терісіне сыймай жүре береді де, Тәңір жарылқағыр. Онда тұрған не бар? Үркер көтеріле үркіп қашқандай үдере көшкен беті сар даланың сай саласына сіңіп кетіп, шілде-тамызда ғана басы қосылған қазақтың бірлігіне таңмын. Біздің Қапқаз жұрты құрыш білек құшағы айқасқан таулардың шұңқырында отырып бір-бірін көзге шұқығандықтан жерін казак-орысқа алдырып тынды емес пе? Қапқаздың қасында қазақ деген малының сілекейіне дейін араласып, бірге туып, біте қайнаған ел екен ғой. Аспан астында манаурап, маңқиып жатқан мынау даланы қазақтың бірлігі сұрап тұрмағанда ендігі не болар еді?.. Сол кереметті біздің аңғал досымыз, сірә, сәтке түйсініп, сезінбеген сияқты ғой. Е-е, мейлі. Маған десең, ауылыңдағы екі шалдың шатақ сөзін айдай әлемге жай, Біріккен Ұлттар Ұйымының келесіне сал. «Қазақ өзімен өзі ел болып отыра алмайды» де де, мәжуси, шорт, ебенек, оларды тақияңа тар көрсең, зәңгілерді шақырып, төріңде тайраңдат. Менің алдыма мыңғырған малыңды салып берсең болды, айдап апарып хан базардың аузына тоғытамын.
Ким: Ұсақ тайпалықтардың ұсақ-түйек ұрысын қойшы, бәрі бір коре патшалығының туын ұстаған соң тұтасып өмір сүріпті. Содан... содан кейінгісін өзім де жақсы білмеймін-ау. Әжемнің айтқаны: жалғыз көзді жалмауыздан туған жапондар кәріс халқының терісін тірідей сыпырып дауылпаздың бетіне қаптапты. Даңғырлатып дауылпаз ұрып ойнапты. Содан кейінгісі, тіпті, сұмдық: қара басы қамыс қалпақтың астынан табылған бір ұлт қақ айрылып, ортасына тікенек сым тартып, ала бағанның ар жағы мен бер жағында қалған. Еркі және өзінде емес, екі алпауыттың еркінде. Сол екеуі биліп төстейді. Ал біз мындамыз. Соноу Қиыр Шығыстан битіміздің қанын жалап жүріп осында жеттік. Әйтеуір, өлмей тірі қалдық. Енді тірі қалу үшін не істеуіміз керек? Алғабайлардың шаруасына араласуымыз керек. Алғабай бұ қазақта аз емес қой. Алғабайлармен бірге көктеп, алғабайлармен бірге өнеміз енді.
Ашер: Жер, жер, жер... Көшіп бір жаққа, ауып бір жаққа, кіндігінен кері айналып, мекен-тұрағынан айнып бір жаққа кетпесе де, осы жер бетіндегі адамзаттың әбігері әсте тынар түрі жоқ. Қара жер қашаннан орнында, ау сонда дөңгеленген дүние неге тұрақсыз? Табаныммен басып тұрып тапжылтпаймын деген небір қиямпұрыс әңгүдік әумесерлерді арқасына таңып алып, зарқом соғыстардың талайын көрген жер енді қанша қан жұтар екен? Әй, тегі.., жерге құныққан адамзаттың құлқынын жердің өзі топырағымен толтырмаса, Жер Жер болып жаратылғалы басқа айла-шарғыны пенде баласы сірә, таба алған емес...
Біздің әулет Құдай ұлының жұртына көшіп барғанда алдарынан жер дауы шығыпты. Ат тоқымындай жерге тістей қатқан еврей әлгі жерді менікі дейді, араб менікі дейді. «Менікі» деп қана отыра ма? Екі аршын жер үшін араб-еврей қақтығысып та қалады. Қақтығысты дүниенің газеті жазып шулайды. Мәселеге халықаралық ұйымдар араласып, ақырында шешімін таба алмай, даулы жерді екі жаққа бейтарап етіп қалдырады. Әлі күнге оқ тілеп ойқастаған оқиғалар сол екі аршын жерден атойлап тұр. Соны көзімен көрген біздің әулеттің ақсақалы былай деп әңгіме шертіпті:
– Біз қазақ деген халықтың ортасында өмір сүрдік. Сол қазақта ғибратты сөздер өте көп. Соның бірін мысал етейін. Бірде екі адам жерге таласып қалыпты. Таласа таласа екеуі жаға жыртысып, төбелесіп, әбден ит сілікпеге түсіпті. Сөйтіп шаршап, шалдығып отырса, жандарынан бір адам көлденеңдеп өте беріпті. Екеуі дауын бейсауат жүргіншіге айтып, жүгінгенді жөн көреді. Сонда әлгі адам: «Тұра тұрыңдар, мен бұның жайын жердің өзінен сұрайын», – деп атынан домаланып түсе қалып, жерге құлағын тосып, екпеттеп жатыпты да, еңсесін тіктеп, малдасын құрып отырып былай депті: «Сен «жер менікі» дейсің, сен «менікі» дейсің, ал жер: «Мына дауласып, өлермен болған екеуі де менікі» дейді, бұған не дейсіңдер?
Әулетіміздің ақсақалы айтқан тәмсілге еврейлер таң қалысқан көрінеді. Бұ қазақтың таңдайыңды қақтырар сөзі мен ісінде қисап жоқ қой, қисап жоқ. Бірақ, соны ұғып алуға алғабайлардың қиынсынатыны қызық. Мен әлгінде оған биліктің екі тізгін, бір шылбырын қалай ұстау керектігін әлімше жеткізген болдым. Ал сол биліктің биігінде өткен хан бабаларының ізіне үңілер біреу табылар ма екен осы жұрттың ішінен? Әй, қайдам... Алғабай досым, саған, әрине, жаным ашиды. Сондықтан қара басыңды қамдап қал деген ақыл айттым. Басқаға сенің шамаң келмейді. Пешенеңе жазылмаған ел басқару. Ауылыңның жұртына обал десем де, басқа амалым кем, бала кезден бірге өстік, бауыр басып қалдық. Сол себептен сені жетелеуге тиіспін мен...
VIII
Достарының ақыл-кеңесін құлағына құйып, миланып алған соң Алғабай түлеп сала берді. Түлемегенде қайтеді, ойы түнектен оянды, өзінің осы кезге дейін түк бітірмей түртінумен күн өткеріп жүргенін бек түсінді. Бүгінгі Алғабай бұрынғы Алғабайға күлетін болды. Қазір оның қауым ортасындағы сөзі:
«Балтай-шалтайды қойыңдар, мен білемін, мені тыңдаңдар!» – деп келеді. Біреулер алдағы қыстың қамын айта бастаса, Алғабай оларға:
– Малға қарап маңырағанды, қазақ, қашан қоясың?! – дейді ақырып. Басқа кәсіптің ығын білмейтін ауыл жұрты бұндайда кәдімгідей ыға сөйлеп:
– Алғабай-ау, сонда не ойлағаның бар? – десе, бұл сөзбұйдаға салмай төтесінен тартады:
– Сату керек! Мал бағу – азап. Азаптан арылу керек.
– Малдан басқа тірлігі жоқ елміз ғой біз, – дейді Баталы мен Емілдің ұрпағы еңкіш тартқан бойын жаза алмай. Жұрттың осылай осал шыққанын білгенде Алғабай ойындағысын ірікпей айтып та салады:
– Қазақ, қашанғы қаңылтыр бет, қара қабырға болып қанжырдай қатып жүресің? Сен де мына заманның игілігін бір көрсеңші, байқұс-ау. Малды қаладағы хан базардың аузына айдап апарып тоғытамыз да, тігерге тұяғын қалдырмай сатып, табысымызды банкке басып тастаймыз. Ақша қазір банкте балалайды. Мен ақшадан ақша тудырамын.
Осыны айтып, ауылдың құты құла айғырдың үйірін қара базардың қан қасабына беріп, бір қап ақша арқалап қайтқан күні ел Алғабайдың аузына тұтас қарады. Дегеніне көніп, дертесіне жегілді.
Бұл күндері Алғабай ауылының айналасы темір-терсектен де арылып болған. Қисық шеге, сынық сым көрсе бітті ілгеріде соның бірін көзіне ілмейтін жұрт тірнектеп жия жүретін әдет тапты. Тапқанын әкеліп Алғабайға береді, Алғабай Кимге береді. Ким кімге береді?.. Көже тоғы түгесіліп, жұтап үлгерген жұрттың онда шаруасы жоқ. Ақша, ақша, ақша... іздеген сайын ол пәле іннен інге тығылып, соңына түсіп қуған сайын желқуықтанып жеткізбей, алыстан арбап, сиқырлана күліп, Алғабай ауылындағы адамдардың аранын әбден ашты. Ілгеріде бақастық пен күндестік күреске түспеген бе, әлде соны ел іші елең қылмаған ба, қазір біреудің қатыны қазанының түбіне жұқалап май жұтқызса, көре қалғанның қызғаныштан көзі қызарып, қылғынып өлуге бар. Сосын ернін сылп еткізіп: «Шікін-ай, жетісіп қалыпты ғой», – дейді.
Бар дәулетін сыпырып Алғабайдың алдына салып бергенімен ауыл жұрты бір-бірінің тесік қалтасын көре тұра бұл кезде өзінше бай-кедейге жіктелетінді шығарды. Бір-бірінің жағдайына жаны аши отырып қулық-сұмдық жарыстыратын болды. Бір-бірімен бөле қарын екендігін білсе де, бөлінді. Тегінде, адам баласына адамдықтан алыстау, кісіліктен кету қиын емес екен. Азғындау аяқ астында екен. Алайда, пенде шіркін ол күйіне еш өкінбейтін болса керек. Қайта «қалпым осы», «жаратылыстағы жайым осы» деп, жүре беретін көрінеді. Осының бәрі Алғабайдың беделін үстеп, билігін бекіте түскен. «Биліктің бір ғана жолы бар: ол – көпті келеге келтірмеу» деген еді-ау Ашер досы. Алғабай ауыл жұртына досының айтқанын айна қатесіз істеді. Індете сұрап жүріп ауылдан жиен, жиеннен туған жинешарларды тауып, бір көше етті. Баталы-Еміл арасында екі үш түтін қожа-сунақ бар екен, «араб» атандырып оларға ұлттық мәртебе сыйлады. Төрт-бес үй төре-төлеңгіттің түбін моңғолға теліп, олардан бір ұлыс жасады. Алла-ай, бұл ауыл бұрын жаға жыртысып, жанжалдасып, жыртылып-айрылып кетпей қалайша бүтін өмір сүрген? Белгісіз... Қазір Алғабайдың «бірлік», «ынтымақ» деп күнде зар қақсауының арқасында ғана көбесі сөгілмей ілда-алдамен терісіне ілініп әрең жүр. Бұндайда миығынан күліп қойып Алғабай Ашер досының сөзін емірене есіне алатын: «Биліктің бір ғана аты бар – билік. Биліктің бір ғана жолы бар: ол – көпті келеге келтірмеу. Бірлікті сұрап отырған болып – бүлдіру, ынтымаққа ындының кепкендей болып отырып – ыдырату. Сенің билігіңді көптің бірлігі емес, кері кеткен тірлігі, өзара қырын қабақ қырбайлығы, бәсеке-бақастығы қамтамасыз етеді».
«Биліктің берік қамалы – байлық» дегенді Ким досы кеңес етіп еді, кемел дос бұған ең керектіні айтыпты. Алғабайдың банкке апарып құйғаны қазір балалап, өсіп, балапаннан шөже шығып, шөжеден күрке тауыққа ұлғайып, күрке тауығы күрік басып, жұмыртқалап жатыр. Өз бетінше өніп бастаған ақшаны саусағына сараң қыстырып кей-кейде ауыл жұртына үлестіріп қояды. Мына жұрт соған мәз. Алғабай, әрине, ол да мәз. «Алдымен өзің байы. Май жұққан жеңіңнің ұшын жұпына жұртқа бір жалатсаң жетеді, содан кейін жетегіңе маңырап, ереді де отырады» деді ғой Кимекең. «Әй, Кимеке-ай, кер саңлағым, кемеңгерім-ай!».
«Көрден кебінін сүйретіп түрегелген тірі аруақ секілді осы жаман-жұмандарға жұғын да татырмасам қайтеді?» деген ойға кетеді Алғабай кей сәттерде. «Өйткені, – деп әлгі ойына беки түседі ол, – бұтына толып жүргені болмаса, бұлардың қолынан қойдың қордасын сыпыру да келмейді. Оу, қисынын тапқанға малдың қиы да қып-қызыл ақша емес пе? Мыналар соны білген емес. Ертелі-кеш мал соңынан өріп, малдың сүмесіне қараған өңкей сүмелек ел болып жарыта ма? Жасаған жақсылығыңды біліп, түйсіне ме?».
Алғабай асып-тасыған сайын ауыл жұрты жасып, өзін өзі кембағал, қор санап, қорғалақтап біткен. Әне бір қария тұнжыр қабағының астынан жан-жағына жаутаңдай қарап, көз жанарын жас жуып, Алғабайдың резиденциясына қарай бүгжеңдей басып барады. Алғабай мырзадан ас-ауқат сатып аларлық бақыр тиын сұрамақ. Алғабайды алқап, аяғын құшардай болып сұрайды. Сонда Алғабай: «Жә, Жәке, бұныңыз не, міне, алыңыз» деп уысына бірер сөлкебай тастаса, сорлы қарт соған риза. Былай шыға, жолыққан адамға: «Шіркін, бардың аты бар-ау. Байлық барға бітеді ғой. Қалай-қалай болар екен, босағасынан аттатама ма, жоқ па деп барғанымда «Жәкелеп» төрге оздырып, қыжалат қылмай қайтарды» дер еді.
Алғабай ел сөзіне құлақ асып, құрақ ұшып жүрген алғашқы жылдары ауылға Баталы бабасының атын бермек болып ышқынған шақар шалды әлгі кісі деп бүгінде кім ойлайды?.. Ал Алғабай қарттың сыртынан қарап тыжырынады: «Сұраншақ. Тұқым-тұяғымен тіленші. Бүйткенше мүрдем қатпай ма?». Ызғарын алыстан сездіріп отырғанымен Алғаекең, бірақ, ауылдастарының бетіне тура келе бермейді. Қуланып алған. О, тоба, қазір ол қулығына құрық бойламайтындығын ойлап қуанады. Қорғансыз, аңғал жұртты әрі итеріп, бері жығудың шебері. Ноханың сөзі де есте: «Пайғамбарлар да өз қауымына Жаратқан иенің жұмақты уәде еткеніндей тозақтың барын ескертуден танбаған». Баяғы өрен, жалынды комсомол, әрі Агашкиндердің насихатынан көгеріп-көктеген Алғабай пайғамбарлар мен пайғамбарлар қауымы дегенге бас қатырған емес, әйтсе де, қия басса қияметтің бола кетуі ғажап еместігін ауыл жұртына айта жүруді әдет қылған.
Ұмытып барамыз, қиямет күнінің қияпатын айтып зарлайтын бұл ауылда осы күні Алғабай жалғыз емес-ті. Бірде Алғабай ауылына жалаңаш етіне жалаң шүберек байлап, шашын тұқылына дейін тықырлап қырған, борлап-сырлаған жүзін сілтімен сүрткендей сұп-сұр шұбырынды топ кернейлетіп-сырнайлатып келіп тұрды. «Харе Кришна» деді олар. «Сенің халқың адасқан. Олардың былғанған жаны тазармай ақиреттің шегінен орын таппайды» деп хабар берді.
Келесі күні айрық таңба көтерген қауымның уағызы тыңдалды. «Заманақыр таяп қалды, – деді олар. – Біз үшін қанын төгіп, бөренеге таңылған Құдай ұлын еске алып, мінәжат етіңдер».
Бұл қауымның соңынан кимелеп жеткен жамағат Алғабай ауылының жұрты адасушылардан екенін қатаң ескертті де, ауыл сыртындағы қалың қорымды қиратып, әруақтар әлемін аластап: «Қиямет күні сұраққа алынасыңдар, күнәһар пенделер!» деді.
Алғабай ауылындағы рухы былғанғандар жалаң шүберекке оранған қауымның етегін құшып, Құдай ұлының жапа шекендігін сезінген байқұстар айрық таңба арқалағандардың аяғына жығылды. Ал шетінен күнәһар пенделер болса, жамағаттың иегінің астында жалбыраған сақалды пана тұтып жатқан. Сондай абыр-сабыр, қалаймақан күндердің бірінде-ау деймін, Алғабай үйінің қасындағы кәрі қара ағаштың басына топтанып кеп үйірлі қарға ұя сала бастады.
IX
Әр саны ақжағалы ұлықтардың ызасын тудырып, ту-талақайын шығаратын «Тасжарған» апталығы кезекті сенсациясымен кербаққан қоғамның қоясын ақтарып салған. Қаршадайынан қағынып, қаламын қайдағы қиын тақырыпқа жұмсап дәніккен тілші баяғы «қурай-джунглидің» ішінде өмір сүрген ауыл тағдырына оралыпты.
«Алғабай Қамысбайұлын көптен білуші едім, – депті тілші мақаланың алғашқы жолында-ақ. – Мен аудандық газетте қызмет атқарып жүрген жылдары ол алыс бір қияндағы ауылды меншіктеп, мүкәмал-мүлкімен қанжығасына бөктерген-ді. Ә дегендегі ісі «әп-бәрекелдімен» басталған Алғабай ауыл жұртының азды-кем ілік-шатысына шатылып, шаруашылықты басқару ісіне кетіктен кетпеннің басын суыратын суаяқтарды кеңесші етіп шақырған. Бейғам ауылдың бар байлығын бір түннің ішінде үптеп кеткен әлгі қулар Алғабайдың резиденциясында не кеңес құрғанын ішіміз сезгенімен, қандай құжаттан қызыл қуырдақ жасағанын біле алмадық. Әйтеуір, айналдырған алты-жеті жылдың ауқымында Алғабай ауылының айналасын тып-типыл етті. Жанармайға айырбастың есебімен қора-қора қой, үйір-үйір жылқы алып шаһарлардың ханбазарына айдалды. Іске жарамсыз, ілікке татымсыздың бәсімен техника атаулы тегіс сатылды. Алғабайдың достары жердің қыртысынан қазына тінтіп табатын құралдарды сүйреп апарып, тау мен тасты да шұрық-тесік қылып тынды. Әрине, табысқа кенелді. Байлыққа батты. Еліміздегі ең ірі банк «іскер» жігіттердің тұтамына келмей тапқан-таянғандарын шетел асырды. Алғабайдың аяулы досы Ашер сол ақшаларды құнды қағаздарға айналдырып мұхит асып кеткен. Ноха – ұйымдасқан қылмыс әлемінің серкесі. Алғабайды алар жаудың алқымы Ноханың қолында. Ким кеңесшілік қызмет атқарады. Кеңесшінің кесірлі ойы мен ойынына бұл күнде еш кедергі жоқ. Ол Алғабай ауылынан күллі әлемнің күлсалғышын жасап отыр. Куәгерлер мен жихадшылар, сайтан мен ібілістің жолына азғырушылар Кимнің нұсқауымен андағайлап Алғабай ауылын басып қалған.
«Қан ұйыған өлкеге қарғалар үйір келеді» деуші еді. Жанама және тура мағынасында Алғабай ауылы қазір сол қан ұйыған, қараңғы қапасқа қамалған үрейлі мекен. Мен тілдескен қария, ол өзін Еміл батырдың ұрпағымен деп таныстырды, «киесіз жерді құзғын, иесіз елді ызғын жайлайды» деді. Сол кісінің сөзі – сөз. Енді қайтпек керек? Ауыл жұртын осындай аянышты тағдырдың шегінде қалдырып қоямыз ба?»
Айқай-аттаншыл апталық ұлықтар ортасын ұлардай шулатып жатқан тұста мақалаға көз жүгіртіп өткен Ким Алғабай досына қоңырау шалды.
– Алғеке, әманда сау-саламаттығыңызды тілеп отыратын пақырыңызбен тілдесуге мұрсат таба алар ма екенсіз?
– О, не дегенің Кимеке-ау, өзіңдей абзал доспен сағаттап сөйлесуге бармын ғой.
– Пейіл-ниетіңізге құмбылмын, Алғеке. Рахмет сізге, бәріміз сіздің жалпақ жауырыныңызға жабысып жан бағудамыз. Бізбен тілдесуге мұрсат тапсаңыз, бір жайды нақтылап сұрауға рұқсат етесіз бе?
– Сұра, сұрай бер. Суырмамдағының бәрін сен білесің ғой. Сонда да сұра.
– Алғаеке, осы сіздің ауылыңызда қарға қаптап кеткені рас па?
– Ойбай, рас. Топтанып ұшқанда Күннің көзін көлегейлейді.
– Кәдімгі қара қарғалар ғой?
– Ай, соның тегін тектеп, түсін түстеп жүрген кім бар дейсің? Меніңше, кәдімгі қара қарғалар. Наглый, нақұрыс қарғалар. «Ғарқ» деп ұшып бара жатып төбеңе саңғыра салады, ұятсыздар!
– Ендеше Құдай берді, Алғаеке! Сіз сол қарғаларды тегіс қарауыңызға алыңыз.
– Не, не дейсің?
– Қарауыңызға алыңыз деймін. Сынық қанат қарға қалмасын қарауыңыздан.
– О неге, не үшін?
– Пәлі, Алғаекесі, қарға дегеніңіз – бизнес. Тұмсығы – 100 доллар, тырнағы – 100 доллар. Бір қарғада бір тұмсық, екі балақ. Екі балақтың басында екі тырнақ. Барлығы – 300 доллар. Енді есептей беріңіз, сіздің төбеңізде қанша доллар шырқ айналып ұшып жүргенін?
– Ау, оны қайдан білдің?
– Қытайға кейінгі сапарымнан білдім.
– Қытай оны не ғылады екен?
– Не ғылатынын не ғыламыз? Сіз бен біз сатуды білсек болды емес пе?
– Сонда бұл қарғаларды жамсатып, шетінен атамыз ба, қайтеміз?
– Атамыз ба, асамыз ба, әлде қытайға айдап өтеміз бе, көреміз. Сізге тапсырма: қарғаларды қарауыңыздан шашау шығармаңыз.
– Кимеке, тс-с, ақырын. Біреу-міреу естіп қоймасын.
– Иә, тс-с...Бұл – құпия. Мемлекеттік қана емес, халықаралық құсбегілердің құпиясы. Құпиямыз аузымызда құлыптаулы болсын.
– Құп, Кимеке, құп!
Киммен сөз біткен бойда телефон тұтқасын тастай салып, тасыраңдап далаға атып шыққан Алғабай танауының тесігін аспанға төсеп қатты да қалды. Қарғалардың үйірі әуеде көшкен қара құйын сияқты: жан-жаққа жамырап, жайылып бара жатады да, жалт бұрыла топтанып шырқ үйріледі. Шырқ үйрілген үйірдің ортасы қанатының қарымы жеткен биікке көтерілгенде, етегі делбегейлене түрілген қарға-құйғын Кимнің басындағы қамыс қалпаққа да ұқсап кетеді. Қарғалардың қарқылынан құлағы қажалған Алғабай қазір оларға сүйсіне көз салып тұр. «Е-е, қарғалар, қарғалар, сен менің басыма үйіріліп, қонғалы жүрген байлық құсы, бақ құсы екенсің ғой, жаным-ау».
...Қарғалардың бір үйірі үйінің тап іргесіндегі алып қара ағаштың басына ұя салып жүргенін байқаған Алғабай жексұрын құстың төңіректі ала құсық жасайтынын ойлап кейіген. «Мына маңқа ауылды малдың қиы мен көңінен әрең аршып алып отырғанымда қарғасы құрғыр қарқылдап қайдан тап бола кетті?» деп Алғабай ашу шақырып, қара ағаштардың бұтағына даңғара байлатып, айналасын азан-қазан қылған-ды. Алайда оған айылын жиған қарға баласы болмады. Бастапқыда даңғара үнінен далбақтай ұшып қашқанымен бара-бара бойы үйренген қарғалар Алғабай ауылында ансамбль құрып алған. Лып етіп жел соғып, бұтақ тербелсе, қаңғыр ете қалатын даңғара дауысы «ал, баста» дегендей қарғалар хорының қарқылын үдете түседі. Содан түн ортасына дейін ғарқ-ғарқ. Ғарыққа қарық боп оянаса, тағы да ғарқ. Алып дарақтың сіңірлі жуан бұтағына жайылып жатып алатын сұмырай ата қарға бұдан таң азаңында маңғазданып хал сұрайтынын қайтерсің? «Ғарағым, Алғабай, ғал ғалай?» Биікте отырып Алғабайдай арда туған азаматқа сәлем бергенім ыңғайсыз дей ме екен, кейде жерге түсіп, балуан жүріске салып, ырғала басып келеді де: «Ғал ғалай, ғал ғалай, Алғабай?» деп кетеді. «Өй, жексұрын неме!»
Алғабайдың амалы таусылған. Ал қарғалар үйірі шетсіз-шексіз көкжиектің әр тұсынан қара күйедей тұтасып шығады да, тура бұның ауылын бетке алады. Ат шаптырып алдырған мырза қонақтары секілді. Асықпай ұшып кеп қара ағаштардың басына баптанып қона береді. Соның бәрі Алғабайдың төбесінен тесіле қарайтын секілді: «Мырза, бөлісетін не бар сізде?» Алғабай несімен бөліссін? Бөлісетінін достарымен бөлісіп қойған. Бірақ, қарғаның аты қарға емес пе, жер түбінен оларды бұл өлкеге жел айдап келді ғой дейсіз бе? Әне, анау адырлар қара базарға айдалған малдың тері-терсегіне толып, аузы мұрнынан ақтарыла жидіп жатыр. Анау таулардың сай-саласы – Алғабайдың аңшы достары қынадай қырған аң мен құстың өлексесі. Айдау далаға айналған анау егістік алқабындағы еркек шөптің басы – тұнған дән. Соны, сол жемтігін, жеңсік асын сезген қарғалар қайдан болса да келеді ғой. Иә, ауылдағы айтқыштардың сөзінде еш қате жоқ: адамда Алғабайдың, құста қарғабайдың құлқыны құрдымдағаны сезеді.
Енді, міне, Алғаекең аспанға аңтарыла қарап тұр, ішінен күбірлеп санап тұр. «Әй бір миллион бар шығар-ау...» «Аллам-ау, сонда Алғабай уыстап доллар ұстайтын миллионер болмақ қой?!» – «Е, болады, неге болмасқа?». «Ай, Алғабай, қайда тұрасың?» – «Америкада. Жо-жоқ, Еуропада». «Еуропаңыз не, Айдың бетінде». Ашер айтқан: «Досым Алғабай, Жер планетасының мүмкіндігі шектелуде, асқан байлар енді жаңа мекен, жалғасты өмір іздеп Айдың арғы бетіне көшуде» деп. «Несі қиын, достары аман болса, Алғаекең де Айды өзіне қоныс етер». «Шіркін, сол үшін мәңгілікпен бірге мәңгі өмір сүрсе ғой армансыз».
Қиялына қарғаның қанатын байлап алып-ұшқан Алғабай бір күні мәңгілік өмір сүрудің сырын қараекеңнің өзінен сұрап білсе қайтеді деген ойға бекіді. Ертеде, тым ерте кезде естіген сөзі бар-ды. Қарғалар мәңгілік өмір нәрі – Әбілхаят суын біледі екен. Әбілхаят суын ұзақ жасаған әміршіге әкеле жатып қарға байқамай төгіп алады. Әбілхаят суы тиген арша мен шырша содан мәңгі жасыл болып қалыпты.
Әбілхаят суы... ол қайда? Қанша жабысып сұрағаныңмен сұмырай қарға бұл сұрақтың жауабын бере ме? Жоқ, әрине. Ендеше не істемек керек? Ауыл қожасы «не істемек керектің?» соңына салпақтап түсіп алған.
– Не істемек керек? – деп ол бірде дауыстап та жіберді.
– Қара ағаштарды өртейік, түбіне от қоялық, – деді әлдекім.
– Ауыл-аймағың қара ағашпен бірге өртенеді ғой, сорлы-ау? – деп әлгі әлдекімді тағы бір әлдекім сақтыққа шақырды.
Әуеде айналып ұшып жүрген мың-миллион долларын біреулер ауылдан аластамақ болып жатқанда Алғабайда жан қала ма? Ғарқ етті. Құдая тоба, қарғалардың қарқылы құлағына ұя салып тастаған ба, жоқ әлде бір сарынды салауат үнін ести берген соң еліктеп дыбыс шығаратын болған ба, Алғабай өз дауысының қарға мақам тапқанын біліп жүретін.
– Тимеңдер ғарғаларға, – деді Алғабай, – даланың момын ғұсы ғой ғарғалар.
Ауылдастарымен осы бір екі ауыз сұхбаттан кейін-ақ Алғабайдан маза қашты. Бұл бір жаққа жолаушылап шыға қалса, қызылкөз пәлелер ағаштарды өртеп қарғаларының сирағын үйтіп алардай үрейленеді. Кейде Ким екеуінің құпиясын сезіп қойып бұның ауылындағы қарғаларға әлдебір сұмпайылар ау құрып жүргендей алаңдайды. Жұрттың аузынан қарға аты естілсе, қарадай қызғанатын қызба мінез де тапты. «Қарға, қарға» деп қақылдай бермеңдер!» дейді ақкөзденіп.
Қарғаға қатысты әңгімеге текке қарап жүре алмайтындықтан қара өлеңнің сөзіне де жармасты: «Қарғам-ау, сен қандайсың мен дегенде» емес, «Айнам-ау, сен қандайсың мен дегенде!» Өлеңнің сөзін бұрмаламай дұрыстап айтыңдар!»
Қазақта не көп, қарғаны көрінген нәрсеге көлденең қосып айтатын өлең көп екен. «Қарғам-ау, қарғам-ау...». Алғабай кәрі жынын, шатпақтап өлең жазатын ілкідегі әдетін қайта тауып, бірқанша уақыт сөз түзеуге отырды. Орталықтағы әдеби-музыкалық газет-журналдарға бұрқыратып мақала-хат жолдады. «Әгагай, ала қарға-ай, бақ берсін балаларға» дейді халық ауызы. Халық ауызы қателеседі. Ала қарға балаларға бақ бере ала ма? Бермейді. Абзалы: «Әгагай, Алла, Алла-ай, бақ берсін балаларға» болса керек. Бақты Алла береді. Міне, сөздің дұрысы».
Алғаның қарғаға деген ерекше достығы әйгіленгенде бұның бәрі әншейінгі әңгіме болып қалды.
– Алғабай үйінде қарғаның баласын асырайды екен, – деді көшеде ұшырасқан бір кісі бір кісіге.
– Қой, ей, қара ағаштың басындағы қарға балапанын баға алмай Алғаның бауырына салып беріп пе?
– Онысын білмедім, бірақ, Алғабайдың қорасында көзі мойылдай қара, қауырсыны да құндыз қара, қара тұмсық бір қарғабай қарақанаттанып өсіп келе жатыр.
– Мәссаған, оны қайтпек?
– «Бұны қайтпексіз?» деп сұрағандарға Алғаекең: «Осы қарға дейтін құс қанша жасайды екен, соны көрмекпін» деген жауап қайырыпты.
– Оу, ағасы, қарға-құзғын 2-3 ғасырдың өлкесін кезіп, өлексесін тауысып өлмесе, өлмейді деуші еді ғой. Алғабай да сөйтпек пе?
– Сөйтетін шығар, мен қайдан білейін?..
Алғабайдың ұшуға әлі қанаты жетілмеген балапан қарғаны бағып отырғаны рас еді. Бұлай істеуіне әлгі Әбілхаят суы туралы әлқисса әсер етсе керек. «Әй, тегі тегін емес-ау» деп әлқиссаның сырына өзінше үңілген Алғаекең қарғаны әбден қолына үйретіп, оны үй құсы етпек. Қолда түлеген қарғасы қайдан су ішіп, тұмсығын қайда жуатынын содан білмек. Қарғаның тұмсығы тиген судан уысын толтырып жалғыз ұрттаса жетеді: Алғабай мәңгі өмір сүрмек. Алғаекеңнің... Аллаекеңнің мәңгілік өміріне жететін мәңгілік байлығы, таусылып бітпейтін ризығы – қарғалары. Мына қарға бар қарғаның басы болмақ. Ендігі қарғалар қарқылдап Алғабайдың аспанында ғана айналып ұшып жүреді. Алғабай армандамасын, Алғабай бір істі қолға алмасын. Алғабай бір істі шындап қолға алса көрдіңіз ғой, құлқынына қарғаны да құлатып, құлдануға бар.
X
Арада неше жыл өткенін ұмыттық: Алғабай қызылшұнақ шал болып әлі шауып жүр. Тың. Жүргенде аяғы-аяғына жұқпай тыпыңдап, жорға жүріске салады. Қарғасы да жұнттай: семіз, дәу, алып қарға. Өбектеп Алғабайдай атасы тұрған соң ба өріс тілеп, өлексе іздеп алысқа ұзап шықпайды. Ауыр денесін әрең алып, баяғы кәрі қараағаштың басына барып қонады да, екі көзі қызарып, Алғабайға күн ұзақ қарайды да отырады. Ал, біз білетін Алғабай қазір қарғаның тұмсық-тырнағын сатып пайда табу дегенді мүлде ұмытқан. Есіл-дерті – Әбілхаят суы. Қарғасы сол суды алып келсе... сол судан бір жұтса... мәңгілік өмір сүрсе... қартаймаса... кәрілік дегенді білмесе... өйтсе, бүйтсе... Ауыл жұрты сонда Алғабайға күлер еді: «Қарға бағамын деп алжыды ғой байқұс. Барынан айрылды. Бір замандарда атаққа шыққан бай еді, бағылан еді, дүр еді. Қазір бұ шалдың шау қарғасынан басқа түгі де жоқ».
...Қара күздің бір күнінде терістіктен ызғып жел тұрған. Алғабай ауылын қаптап басып алған қарғалар үйірі осы сәтте желге бауырын төсеп, көк жүзіне желіге көтерілді. Алғабайдың қарғасы да қарғалығын істеп өзінше болып жүр. Қауырсынын жел түтіп, әнекей, ол үйіріне бет түзеп барады. Ызғып соққан желдің арты ырық бермес боранға ұласып, боранның соңынан дүлей дауылдың дүбірі естілді. Қарғалардың басқа мекенге біржола ауғаны анық аңғарылған. «Әй, – деді сонда Алғабай қалбалақтап –әй, мені тастап қайда кетпексіңдер, түге?»
Алғабайдың қолда өскен балапан қарғасы қалбаңдап, ары-бері айнала ұшып жүрде де, саңғырығын иесінің жалтыр басына салмақтап тастап кеп жіберіп қоштасты: «Ғош-ғош, Алғабай, ғош».
Алматы
03.07.2016 ж
Abai.kz