Татарлар – көнеден жеткен булгарлар!
«Татарға, тілмаш керек емес».
Халық мақалы.
Осы сөзімізді, татар елінің абройлы да көрнекті азаматы Талгат Таджуддиновта мақұлдайды (муфтий и шейх- уль – ислам, глава Центрального духовного управления мусульман России и европейских стран СНГ). Нақтырақ болу үшін, бұл кісінің орыс тілінде айтқанын мысал ретінде келтіре кетейік. «И так уж нас татарами обзывают, хотя на самом деле мы булгары... А болгары – (Республика Болгария) это ближайшие родственники булгар. Просто одни остались на Каме, а другие ушли дальше, на Дунай, и смешались с остальными».
Егер біз дәлірек айтар болсақ, татарлар деп өз уақытында орыстар (немесе славяндар) Ұлы даланы мекендеген көшпелі қыпшақ тайпаларын, яғни қазіргі қазақтарды айтқан. Бұл күнгі татарлар – олар мыңдаған жылдар бойы Кама Болгарлары (немесе Булгария), - деп көнеден аталып келген. Бұлар Кама өзенінің ұлан-ғайыр даласында тіршілік еткен, қала соғып, бала оқытып, қолөнерін дамытып және егін шаруашылығымен айналысқан, ертеден өзіндік мәдениеті қалыптасқан қалалық ел-жұрт. Булгарлардың (енді бұдан әрі оларды өздері жазып және айтатындай Булгар, - деп жазамыз) іргесіндегі славяндардан, бергі жағындағы қыпшақтардан сол кезеңдерде білім қуған сауаттылығы мен тұрмыстық мәдениеті шынында да әлдеқайда жоғары болған.
Ал, енді татарлар дегеніміз сонда кімдер?
Бұл атаумен - славяндар қаншама ғасырлар өздерін талай рет тығырыққа тіреп, қалалары мен елдімекендерін тонап кетіп отырған, адамдарын құлдыққа түсірген көшпелі ру-тайпаларын атаған.
Кезінде кәрі қытай өзіне қаншама ғасыр маза бермеген қалмақ елін «Жуун – гар» (қарақшылар деген мағынада), (кейбір ғалымдар бұл сөзге басқаша мағына береді), - деп атаса, көшіп-қонып жүретін орманнан шыққан Қалқалық буряттарды «Мон-голл» (малшылар немесе бақташылар), - деп атаған. (Дегенмен, бұған да түрлі жорамалдар бар). Еуропа ғалымдарының (тіпті, орыс оқымыстылары да) кейінгі ғасырлардағы зерттеулерінің кейбір қорытындылары да осындай. Сол сияқты славяндарда біздің көшпелі ата-бабаларымызды «татарлар» деп үкілеген. Нақтырағы, талқандаушы, күйзеліс әкелуші дүлей күш деген сөз.
Бұл сөздің шығу тарихы – Алтын Орда империясының тұсында пайда болған. Қыпшақ-қазақтардың ұлы сардары Батылдың (орыстар бұл есімді – Батый, кәрі құрлық елі – Бату деп жазған) көне Русь пен Еуропаға жасаған ұлы жорығынан бастау алған.
Ал, енді татар атын иеленіп жүрген, қазіргі Кама өзені өлкесін мекен еткен ел кімдер?
Бұлар ертеден осы аймақта өсіп-өніп, тіршілік етіп келе жатқан кезіндегі Ұлы Болгария мемлекетінің тұрғындары. Ең алғаш бұл қағанаттың негізін қалап, ұзақ жылдар хандық құрған Құбырат (Кубрат) хан болатын. Осы күнгі Татарыстан бұл ханды біздің мемлекетіміздің алғашқы іргесін көтеруші, Кама жағалауын қоныс еткен булгар жұртының (қазіргі татарлардың) ұлы тұлғасы деп біледі. Сол Болгария өз уақытында қазіргі Украина мен, Солтүстік Кавказдың да аумағын алып жатқан. Кейін дүниеден өткен соң Ұлы ханның екі ұлы таққа таласып, сыйыса алмай, өздеріне тиесілі ел-жұртты алып, екіге айырылады. Іргесіндегі тынымсыз Хазар тайпаларынан (каспий қыпшақтары) әрдайым соққы көріп және інісінің жауласуынан құса болған хан Аспарух (үлкені) елін алып алысқа жол тартады. Сөйтіп, Дунай жағасынан бірақ шығады. Осы жаңа қонысқа тоқтап, Болгария мемлекетінің негізін салады (осы күнгі Болгария). Ал інісі өз ата қонысында қалып, Кама Болгариясы мемлекетін құрады. Яғни, қазіргі татар тарихшыларының жазатын Булгариясы (олар «О-ның» орнына «У» әріпін қолданады). Бұл хандықтың астанасы қазіргі осы елдегі Булгар қаласы болған.
1396 жылы Булгар қаласы мен осы аттас мемлекет Алтын Орда империясының соққысынан тасталқаны шығып, қирайды және империя құрамына кіреді. Кейін бірнеше ғасыр өткен соң Булгар хандығы әзер қалпына келіп (орданың құрамында болсада), астанасы болып Қазан қаласы белгіленеді. Дегенмен, бұл қала ұзақ уақыт «Болгар – аль – Джадил» деп аталады. Нақтырағы «Жана Булгар» .
Сонымен, бұл Булгар елі, татарлар деп қалай аталды?
Осы арада біз азырақ шегініс жасап, қыпшақ елін, яғни айтқанда, Алтын Орда империясын құрушы әрі билік жүргізуші қыпшақ жұртын айта кетейік.
Өз заманында іргесіндегі «Татар» деп жалпы түрде аталатын көшпелі қыпшақ тайпаларынан қаншама ғасыр тепкі көріп келген орта ғасырдағы орыс елінің княздықтары уақыт өте келе біртіндеп жинақталып, біріге бастады. Бұлай етпейінше қыпшақтарға бодан жұрт болып қала беретінін анық сезді. Алтын Орда империясына үш жарым ғасырдай бағынышты болып келген славяндар орданың ішкі тартысын әрдайым пайдаланып, ақырындап тұрғындарының саның өсіріп, күшін жинап, аумағын кенейтіп бодандықтан ептеп болсада арыла бастады. Орыстардың серпіліп, толық азаттық алып кетуі, әсіресе Самарқан билеушісі Әмір Темірдің тұсынан басталады. Темірдің Алтын Ордаға үш рет соққы беріп, жеңіске жетуінен кейін ордалықтар бұрынғы күш – қуатынан айырылып, тығырыққа тірелген еді. Сондай-ақ, ішкі таққа таласта бұларды мүлде әлсіретіп жіберген болатын. Ақыры орыстар бостандыққа шығып, дербес ел болды. Енді біртіндеп өздері күшейіп, жаңа өлкелерді жаулап ала бастады. Дүние қашанда дөнгелек деген осы ғой. Кезінде өздері «татарлар» деп атайтын (орыстардың түсінігінде қара күш) қыпшақтарды ығыстыру және бұларға қарсы жорықтар ұйымдастыру жиіледі. Келе-келе, кезіндегі ұлан байтақ Алтын Орда аумағынан асып, тіпті, тұтас қыпшақ тайпаларының басты тірегі болып саналатың Орал таулары мен Сібір аймақтарын тартып ала бастады. Қыпшақ жұртының ата қонысы болып келген Еділ мен Жайық аралығы, Сібірдің сулы, нулы өлкелері, ашығын айтар болсақ, Қажы-Тархан (Астрахань) , Сары тау (Саратов) , Орынбор, Сіләм би (Челяби, Челябинск), Қорған, Түмен, Үркіт (Иркутск), Бай көл (Байкал), Тоң (Томск) және Омбы аймақтары 16 – 18 ғасырлар аралығында қыпшақ- түркілерден тартып алынды. Ойсырай ұтылып, кері шегінген қыпшақ – қазақ тайпаларының қолында Тобыл өңірі, Қызылжар атырабы, Көкшетау аймағы, Торғай даласы, Сарыарқа жазығы (Желтая ровнина)және Каспийдің бергі аумағы , сонымен һъъқатар, Алтай және Жетісу өлкелері, Қаратау маңайы, Сырдария, сондай-ақ, Әулие ата өңірлері ғана қалды. Өз уақытында, бүкіл Еуразия құрлығын өзінің иелігінде ұстаған қалың қыпшақ елі, ертеден ата-қонысы болып келген, көптеген шұрайлы аумақтардан айырылып қалды. Бұл, әрине, сыртқы жаудан гөрі, көбінесе ішкі ауыз-бірлігі жоқ қырқыстан, бақталастықтан еді.
Енді өзіміз сөз еткен басты тақырыпқа келейік.
...Уақыт өте келе қос құрлыққа қанат жайған Ресей империясы өзінің құрамындағы, кезінде өзіне үстемдігін жүргізген азиялық көшпелі тайпаларды жалпы атаумен «татарлар» деп атағанын білеміз. «Татар», - деген сөздің орыс ұғымында қандай мағына беретіндігін жоғарыда айтып өттік. Он тоғызыншы ғасырдың басынан бастап Ұлы дала елін қырғыздар деп атады (қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың тұсында). Осы атаумен бүкіл Алаш елі бір жарым ғасыр жүрді. Сол кездегі орыс географиялық қоғамының құжаттары қырғыз атаумен жазылып, Ресей билігінің іс жүргізушілері Ұлы даламен байланысын осы атаумен жүргізді. Тек, өткен 20-сыншы ғасырдың отызыншы жылдарының орта тұсынан, ұлт зиялыларының араласуымен қазақ атауы халқымызға қайтып оралды.
Ал, қазіргі татар аталып отырған ел, өзінің ежелгі мемлекетінің ұлы атауы Булгарияны қайтарып алу үшін қаншама ғасыр күрес жүргізді. 1862 жылы «Камалық булгар мұсылмандары кеңесі» құрылып, ұзақ жылдар осы атауды қайтарып алу үшін қажымай-талмай әрекет етті. 1917 жылдың маусым айында Қазанда татардың көрнекті қайраткері Садри Максуди бастаған осы елдің зиялы қауым өкілдері, жалпы ұлттық съезд өткізіп, өздерінің бұрынғы булгар атауын қайтарып алған еді. Бірақ, Мәскеу билігі бұл атауды мойындамай, съезде қабылданған құжаттарға қол қоймай, кері қайтарды. Тұтас бір ұлтқа күшпен таңылған бөгде атау өзгертусіз сол күйінде қалды. Кама жағалауының жұрты мақтанышпен еске алатын Ұлы Булгария есімі қайтып оралмады.
Осы арада біздің Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтурсынов және Сәкен Сейфулин бастаған қазақтың ауыз толтырып айтар басқада ақиық азаматтарының Кремльді мойындатып, қазақ атауын елімізге қайтарып бергеніне мыңда бір рахмет айтуымыз керек- ау.
Қазіргі Татарлар өзінің ата-бабасынан келе жатқан қасиетті Булгар немесе Болгар есімін қайтарып алу үшін қаншама көтеріліске шықты. Бұл арада біздің айтарымыз, осынау құдыретті де қасиетті атауды қайтарып алу үшін олар көптеген құрбандықтарға барып, тар жол, тайғақ кешті. Әсіресе, 1753 және 1755 жылдары бүкіл Кама бойында, өзінің ұлттық атауын қайтарып алу жөнінде орыс империясынан табанды түрде талап еткен, қанды көтерілістер ұйымдастырылды. Бірақ, ешқандай нәтиже шықпады. Кезінде Ұлы даладан бастауын алған Батылдың Русь пен Еуропаға жасаған даңқты жорығынан кейін, өздеріне масқара болып жабысқан «Татар» атынан Булгар жұрты құтыла алмады. 1922 жылы М.Худяковтың «Мусульманская культура в Среднем Поволжье» атты кітабында « - Масса современных казанских мусульман и в настоящее время не считает себя татарами, а завет себя болгарами»,- деп жазыпты. Сондай-ақ, 1926 жылы бүкіл одақтық санақ кезінде, сол кездерде бір жарым миллиондай болатын осы күнгі татарлар өздерін болгарлармыз деп көрсеткен екен. Дегенмен, тоң мойын Кеңес Одағы олардың талап-тілегін, өтініші мен сұранысын қанағаттандырмады.
Тіпті, ширек ғасыр бұранғы М.С.Горбачевтың қайта құру реформасы тұсында да , дәлірек айтқанда 1989 жылы Татарыстан билігі мен татар жұрты қайтадан өзінің төл атауы Булгарияны қайтарып алу үшін, сол кездегі Кеңес Одағының Орталық комитетіне (ЦК КПСС) мыңдаған адамның қолын қойып, Болгар немесе Булгар есімін қайтарып беруге хат жолдайды. Дегенмен, бұл жолыда орталық билік ұлт сұранысын ескерусіз қалдырды.
Тұтас ел-жұрттың қаншама ғасыр өкінішіне айналған «Татар» атауын алып тастау сөзбұйдаға салынып әлі келеді. Олар Булгар есімін мойнындағы тұмарындай қадыр-құдырет тұтады.
Өз уақытында, Алтын Орда империясын құрған қыпшақ-қазақтардың ұлы сардары Батылдың жорығынан кейін, өздеріне пәле болып жабысқан осы атаумен ұзақ ғасырлар бойы аталып келе жатсада, бұл ел өзінің тілі мен дәстүрін, діні мен (өткен жылы бұл татар елі өздерінің мұсылман дінін қабылдағанына 1100 жыл толғандығын дүркіретіп атап өтті ) салт-санасын және әдебін мен әдетін жоғалтпай, ұлт ретінде сақталып келеді.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Abai.kz