Путин 9 мамырды жеңіліспен қарсы алады...
Қыс орталанды. Еуропа мен Украинаны газсыз, жылусыз қалдырып, билігі мен халқын араздастыруды көздеген Кремльдің «Энергия бопсасы» іске аспады. Кәрі құрлықта биліктің соғысқа ұстанған позициясына қарсы жұрт ереуілі болған жоқ. Украиндардың жігері мұқалуы былай тұрсын, жеңіске деген сенімі арта түсті. Кремльдің «НАТО мен АҚШ Украинаға қуатты қару берсе, атом қаруын қолданамыз», «Дүниежүзілік үшінші соғыс басталады» деген ақпараттық құқайын да батыс елдері шыбын шаққан құрлы көрген жоқ.
«Жемқорлық жайлаған елге ақшалай көмек беру артық» деген ұстанымда болып келген АҚШ-тың республикашыл конгресмендері де Ақ үйдің Украинаға танк беру қарарын бір ауыздан мақұлдады. Американың «АБРАМС» танкісінің атағы «Парсы шығанағы» соғысында жаһанға жайылғаны белгілі. Сол ұрыста Кувейтке болысқан АҚШ әскерінің бар болғаны 20 танкісі Саддам Құсайынның Брежневтен аттай қалап сатып алған орыстың T72 типті 200 танкісін 40 минутта тас-талқан етіп, әлем жұртын тәнті етіп еді. Германия қостап, әзірге Ресейдің ескі танкілерін он орап алатын 159 шынжыр табанды соғыс машинасы дайын болды. Бұл алғашқы бөлігі ғана. Осылайша батыстың дамыған елдерінің Путинді ендігәрі әуектеткісі келмейтіні, соғысты тезірек аяқтатуға келіскені белгілі болды. Қытайдың ықпалымен Ресейді қолдап келген Пәкістан, Сербия, Камбоджа, Вьетнамның аяқ астынан майданын өзгертіп, Украинаға жақтас болып шыға келгені соны аңғартады. АҚШ пен Еуроодақ елдері Ресей мұнайына төмен шекті бағаны бекітті. Қара күзде мұнай көлемін өсіруге құлық танытпаған ОПЕК елдері сыбағасын алды.
Әлемдік ықпалды басылымдар Ақ үйдің Қытай мемлекеттік компанияларының Ресейге жанама жолмен көмектескенін дәлелдейтін айғақтарды қолға түсіргенін жарыса жазуда. Жақында Қытай басшысы бұдан бір жыл бұрын жағымды образымен америкалықтардың жүрегін жаулауға барған елшісін Қытай Сыртқы Істер министрлігінің басшысы етіп тағайындады. АҚШ мемлекет істер хатшысы ақпанның басында Қытайға сапарлай келмек. Мұның бәрі Путиндің ішіне от түсірері анық. Кей сарапшылар «Қытай компанияларына қатысты құжаттарды Ақ үйге Кремль әдейі берген болуы мүмкін» деп топшылайды.
Еуропа мен өзге өркениетті елдердің ұстанымы белгілі болған соң, біздің екі құдайы көршіміздің шенділері алыстағы Африкаға ат сабылтып жүр. Американың қаржы министрі олардың ізін ала барып, көмектің қандай болатынына көздерін жеткізіп қайтты. Қытайдың қарызына буылған, орыстың отынынан қағылған қара құрлық елдерінің кімнің жағына шығатыны айтпаса да түсінікті.
Германия қорғаныс министрі «Қаблан 2» танкісінің Украинаға наурыздың соңына қарай жеткізілетінін айтты. Ресейдің жаппай әскерге шақыру науқанына үлгіруді көздеп отырғандары айтпаса да түсінікті.
Америка барлау мекемелері былтыр Путиннің соғыс бастау алдында Украинамен шекарасына 190 мың әскер жұмылдырғанын, қыркүйектегі моблизациядан кейін алғы шепке 50 мың жасақ аттандырғанын айтады. Соған қарап, Ресей әскерінің Украинаға кірген алғашқы легінің бүтіндей мерт болғанын болжайды. «Путиннің жоспарлап отырған келесі ауқымды шабуылы да соның аяғын құшады, соғыста жеңіске жетудің алғы шарты ретінде заманауи қаруды айтпағанда, орыс әскерінің жігерсіздігі мен артқы шебі ел экономикасының тұралаған өлімші халі жеңістің ауылын алыстатады, Украина тарапының пайдасына шешіледі», - дейді.
Бұдан 78 жыл бұрын Кеңес билігі одақтас елдермен бірге жеңімпаз атанып, артынан құрылған Біріккен Ұлттар ұйымынан сүбелі орынға (Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі) ие болып, соғыста жеңілген Германия мен Жапония сырт қалған еді. Бүгінде екі ел әлемдегі экономикасы қуатты елдердің көшін бастап, бірі Еуропаның, енді бірі Азияның жетекші еліне айналып отыр. Жапония өзге де әріптестерімен қосылып, мамырдың ортасына қарай Хросимада үлкен жетілік елдерінің бас қосуын өткізбек. Батыс елдерінің Украинаға әскери көмекті күшейтіп, жойқын қаруларды бере бастауы жайдан- жай емес. Бұл – Путинді 9 майда жеңіс емес, тек ғана жеңіліс күтіп тұр деген сөз.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz