Жұма, 5 Қыркүйек 2025
Әріптестің әңгімесі 279 0 пікір 5 Қыркүйек, 2025 сағат 13:05

Қаржы жоқ, қару бар: Ресей соғысты жалғастырмақ...

Сурет: 24tv.ua сайтынан алынды.

Ресей экономикасы өсімін тоқтатып, дефицитке қадам басты. Бұл туралы ресейлік экономистер айтуда. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды

Қазіргі уақытта федералдық бюджеттің тапшылығы 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 есе көп. Дефицит 4,9 трлн рубльге жеткен. Тіпті 2020 жылғы пандемияның өзінде дефицит көлемі 4,1 трлн рубль болған еді. Жыл әлі аяқталған жоқ және дефицит көлемі артуы ықтимал.

Ресейдің қаржы министрлігі бюджеттегі пайданың аздығын, шығынның көптігін мұнай және газ саласынан түсетін қаржының аз болуымен түсіндіруде. 2023 жылы Ресей билігі үлкен санкциялық қысымға ұшырағанына қарамастан, дефицитті апаттық деңгейге жеткізбеді. Алайда дәл сол сценарийді қайталау мүмкіндігі жоқ дейді мамандар. Өйткені, жыл сайын бюджет үшін сәтті ай саналатын мамыр мен маусымның өзі Ресей үшін сәтсіз болып, бюджет шығыны артқан. Сонымен бірге, санкциялық қысым күшейіп, Ресейдің көлеңкелі флотына аңшылық басталды. Ресейдің мұнайын сатып алушы Үндістанға қысым артуда.

Дәл осындай бюджеттік тапшылық Ресейде соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болды. Ресей билігі федералды бюджетті қаржыландыру үшін ішкі кредиторлардан несие алуға және түрлі жинақ қорларына қол салуға мәжбүр болуда. Қазіргі сәтте Ресейдің «Ұлттық әл-ауқат» қорында 4 трлн рубльге жуық алуға болатын қаржы жатыр. Алайда бұл қаржы 4 айға ғана жетеді. Орталық банктен 5,1 трлн рубль алуға болады. Осылайша, Ресей 2026 жылдың тамызына дейін федералды бюджетті қаржыландыра алады. Егер жағдай өзгермесе, 2026 жылдың тамызынан кейін Ресей билігі ай сайын 1 трлн рубль қаржыны жинақ қорларынан немесе ішкі кредиторлардан алуға мәжбүр болмақ.

Ресей билігі соғысқа қаржыны тым көп бөлуде. Жалпы бюджеттің 40 пайыздан астам бөлігі қорғаныс және қауіпсіздік саласына жұмсалуда. Бұл жаңа рекорд саналады және Ресейдің әлеуметтік саласына бөлінетін қаржыны азайтуда.

Ресейдің жеке компаниялары мен мемлекеттік ұйымдары ерікті әскери жасақтарды қаржыландыруға мәжбүр. Мысалы «Газпром» қазіргі таңда «Поток», «Пламя», «Факел» ерікті жасақтарын қаржыландырып отыр. Ал «Транснефть» болса БАРС-20 ерікті жасағына өз қызметкерлерін жіберіп, оларды қажетті қару-жарақпен қамтамасыз етуде. Өзге жасақтарды «Русгидро», «Росатом», Сбербанк, ВТБ және басқа қаржылық ұйымдар қаржыландыруда.

Бұл жасақтардың барлығын қоса алғанда, кемі 5-7 мың адам бар. Бұл үлкен көрсеткіш емес және аталған компаниялар оларды қамтамасыз ету үшін жылына 100 млрд рубль қаржы жұмсауда. Дегенмен компания өкілдері қаржыны соғысқа емес, басқа салаға жұмсауды құп көретінін айтуда.

Бюджет тапшылығының тағы бір себебі, салық түсімінің тым азайып кетуі болып отыр.  Сәйкесінше, Ресей билігі шығындарды азайтуға көшпек. Алайда әскери және қауіпсіздік саласына бөлінетін қаражат азаймайды. Кремль әлеуметтік салаға 6,5 трлн рубль бөлді, ал соғысқа дейін ол көрсеткіш орта есеппен 9 трлн рубль еді. Абаттандыру, құрылыс, денсаулық сақтау, білім саласы, қоршаған ортаны қорғау, экология салаларына бөлінетін қаржы көлемі де азайып келеді. Сарапшылар бюджеттік тапшылыққа қарамастан Путиннің соғысты жалғастыруға ниетті екенін айтуда.

Abai.kz

0 пікір