Сенбі, 23 Қараша 2024
Сайлау 2023: 3374 12 пікір 8 Ақпан, 2023 сағат 17:09

Билікке қатысты сыни ұстанымсыз кез келген парламент – тұл!

19 жылдан кейін 19 наурызда Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады. Парламент Мәжілісіне баратын 98 депутаттың 29-ы мажоритарлық жүйемен сайланады. Яғни, үміткерлер партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін өзі ұсыну арқылы да заң шығарушылар қатарынан табыла алады. Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі партиялардың парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шек 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді.

Сондай-ақ Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды.  Үміткерлерді тіркеу басталғалы жасы да, жасамысы да Парламент Мәжілісі мен мәслихатқа баратындарын ашық жариялады. Сайлауға 7 саяси партиядан бөлек, өзін өзі ұсынған жүздеген үміткерлер қатыспақ. Тіркеуден өткендерін жарыса жазып жатқан жандар да аз емес. Үміткер атанып, өзін саяси бәсекеден сынап көргісі келетіндердің арасында кәсіпкерлер, ақын, журналист, қоғам қайраткерлері, споршылар мен экс-депутаттар да бар. Жүгі ауыр, заң шығарушы Мәжілістің креслосына отырғысы келетін адамдардың бәрі кәсіби заңгер, салиқалы саясаткерлер емес.

«Саяси науқанда бақ сынап, Мәжіліс креслосына жайғасқысы келетін үміткерлер шынымен қоғам жағдайын жақсартуға қауқарлы азаматтар ма әлде бұл тек мансапқұмарлыққа ұмтылудың көрінісі ме? Халық  үгіт-насихатқа сене ме? Парламентке қандай адамдар баруы керек?» деген сұрақтар төңірегінде қоғам қайраткерлерінің пікірін сұрап көрдік.

«Бұл сайлау Жаңа Қазақстанның нобайын анықтап береді»

Әміржан Қосан: 

- Барлық үміткерге бірдей баға берген дұрыс болмас, әркімнің әлеуеті, адами қасиеті, саяси тәжірибесі әртүрлі ғой. Өз-өзін ұсынғандардың ішінде парламенттік деңгейде жұмыс атқарып, елге пайда тигізе алар лайықты тұлғалар да бар. Бірақ дәл осы науқанда екі ерекшелік көзге ұрып тұрғаны. Біріншіден, әлеуметтік желідегі салыстырмалы танымалдықты нақты сайлау округіндегі электораттың қолдауымен шатастырып жатқандар жоқ емес. Екіншіден, өзін биліктің оппоненті санайтын кейбір тұлғалар бір округте бір-бірімен таласайын деп жатыр. Өз басым парламент сайлауында бір мандаттық округтер бойынша сайлау механизмін қайта қалпына келтірілуін оң қадам деп санаймын. Бұл өзгеріс партияға мүше емес жеке тұлғалардың да ашық саясатпен айналысуына жол ашты. Ал «жаппай ұмтылудың» артында осы мүмкіндікті пайдаланып қалу мен қарапайым амбиция тұр емес пе?

Шынын айту керек, президент Тоқаевтың демократиялық риторикасы бар жағынан қолдауға тұрарлық. Бірақ, батпандап кірген нәрсе мысқалдап шығады демекші, ескі Қазақстанның саяси стандарттары әлі де толығымен жойыла қойған жоқ. Мәселен, сайлау комиссиялары әлі де сол сірескен қалпында. Үгіт-насихатқа келсек, оның бәрі үміткерлердің өздеріне байланысты. Қазір халыққа жетудің жолы көп, әсіресе, Интернет пен әлеуметтік желілердің мүмкіншіліктері ұшан-теңіз. Өкінішке орай, кейбір кандидаттар, «қырамын-жоямын», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалатамын» деп, популизмге салынып жатады. Ол болса, халықты алдау, өйткені, жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас, депутаттың мәртебесі мен мүмкіндіктері шектеулі. Халыққа уәде бергенде, осы жағын да ескеру керек деп санаймын.

Білімді, тәжірибелі, заңдардан хабардар, азаматтық ұстанымы айқын әрі табанды, мемлекеттік мүддені өзінің жекебас амбициясынан жоғары қоятын, ұлтшыл тұлғалар Жаңа Қазақстанның жаңа парламентінің көркі әрі ұстыны болар еді. Және де парламент – алуан-түрлі қоғамның көрінісі, айнасы болғандықтан оның құрамында өзін оппозиция санайтын партиялар мен жеке тұлғалардың болғаны да заң шығару ісін мейлінше жақсартып, президент жариялаған «еститін мемлекет» қағидатын өміршең етуге өз ықпалын тигізер еді.

Кейбір қоғам белсенділерінің тіркеуден өте алмағаны өте өкінішті жағдай және де мұндай кедергілер сайлауға абырой әпермейді. Балама пікірсіз, соның ішінде, билікке қатысты сыни ұстанымсыз кез келген парламент – тұл! Меніңше, осы тұрғыдан алғанда болашақта депутаттыққа үміткерлерді тіркеудің өзін мейлінше жеңілдетекен абзал. Сонда мұндай шетқақпай көрсету болмас еді.

Жалпы алғанда, бұл сайлаудың жөні басқа, өйткені ол Жаңа Қазақстанның нобайын анықтап береді. Осы науқанға қарап, көпшіліктің биліктің қолға алып жатқан Жаңа Қазақстан идеясына деген көзқарасы қалыптасады. Ал халықтың қолдауы болмаса, кез келген идеяның болашағы бұлдыр болмақ.

«Демократияның белгісі – үміткерлер санының көп болуында емес, халықтың әділ, ерікті сайлауға деген сенімінде жатыр»

Дос Көшім: 

- Әрине, сайлауға түсушілердің көп болғаны жақсы болар. Бұл – халықтың әділ сайлау болады деген үмітінің көрінісі шығар. Бірақ осы үміттің сайлаудан кейін жоғалуы да мүмкін екенін ұмытпайық. Ал сайлауға қатысуға ниет білдірген адамдарға келсек, олар  – сан түрлі. Біреулері – шын мәнінде өздерінің саяси көзқарастарын жүзеге асыру үшін, қоғамға қажетті заңдарды дайындау үшін келмек болса, енді бірі – «депутат» болуды атақ пен абырой деп түсінетін жандар. Енді бірін, несін жасырайық, билік немесе өздерінің партиясы ұсынып отыр. Ішінде қоғамды өзгертуге қауқарлы адамдар да бар. Әңгіме, соларды халық бағалай біледі ме, егер бағалап, көпшілік болып қолдаса, биліктің нұсқауымен жұмыс істейтін сайлау комиссиялары оларды жеңімпаз етіп жариялайды ма дегенде жатыр.

Парламентке барғысы келетін азаматтардың көптігі демократияның белгісі емес. Көпшіліктің депутаттыққа ұмтылуы – шынында да, өзгеріс болады ма дегенді ғана білдіреді. Мүмкін, осы «жаппай ұмтылу» кезеңінен де өтуіміз керек болар. Содан кейін, сабамызға түсіп, үміткерлерді таңдау, бағалау, саралау дегенге өтерміз. Кезінде қырғыздарда да осындай аттыс жауып, жаяуы қалған кезең болғанын білемін. Өкінішке орай, қазіргі « жаппай ұмтылушылардың» көпшілігінің білімдері, саяси деңгейлері – өте төмен, мені осы алаңдатады. Олар – жүректері таза, жақсы азаматтар, бірақ ертең Парламенттегі сан құбылған саясаттың ішінде, аса күрделі заң шығару жұмысына арласқанда, қиналып, адасып қалулары ғажап емес. Ал демократияның белгісі – үміткерлер санының көп болуында емес, халықтың әділ, ерікті сайлауға деген сенімінде жатыр деп ойлаймын. Ондай кезеңге әлі жеткен жоқпыз.

Сайлауалды үгіт-насихатқа біреулер – сенеді, енді біреулер – құлақтарына қыстырмайды. Егер сайлауды жүргізудің сан түрлі тәсілдерін меңгеріп, халықты өзінің сөзіне ұйыта білетін шеберлігі болса, қысқасы, көпшіліктің ой-арманын дәл таба білсе, көздерін жеткізсе, әрине, ондай жұмыстың жақсы нәтижесі болады. Алайда, осы уақытқа дейін сайлаудың нәтижесін оны «санайтын» адамдар – билік шешіп келгеннен соң, бізде сайлау технологиясын меңгерген, майталман мамандар да қалыптасқан жоқ.  Демек үгіт-насихат жұмыстары үнпарақ тарату, сайттарда пікірлерін жариялау, кездесу өткізіп, өзінің бағдарламасын таныстырудан аса алмайтыны анық.

Меніңше, әр адамның депутат болатын жандарға қоятын өзіндік шарттары болғаны дұрыс. Мысалы, менің шартым – қысқа да нақты. Егер депутаттыққа үміткердің жас шамасы – 50-60-тарда болса, өз басым, «Сен 86 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде қайда болдың?», «90-жылдардың басында Тәуелсіздік үшін күрес басталғанда қайда болдыңмен?» шектелемін. Егер осы бір қилы кезеңде ол адам өзінің азаматтығын көрсете алмаса, не үнсіз қалып, немесе баррикаданың арғы жағында болса – қолдамаймын. Осы отыз жылдың ішінде биліктің жоғарғы жағында жұмыс істеген жандар да осы қатарға кіреді...Кейбіреулер «Мынау – азамат екен, шындықты шырылдатып айтып отыр. Осыны қолдайық!» деуі мүмкін. Алайда сол «шындықты» айтушының, кезінде,  осы жүйеге беріле қызмет жасағаны, осы жүйені орнатуға қатысқаны, қызметінен айрылғаннан соң, бір күннің ішінде «демократ» болып шыға келгені ескерілмейді.

Биылғы сайлауда билік өздерінің классикалық 80 де 20 деген технологиясын ұстанады деп ойлаймын. Бұл – 80 пайыз депутат – биліктің таңдауымен өтеді де, 20 пайыздайын (әрине, бәрі шартты түрде), көз қылып, – халықтың көзіне түсіп жүрген, өз күштерімен додадан өткен жандардан өткізуі мүмкін. Қысқасы, билік «карт-бланшты» қолынан шығармайды. Парламентке келген 20 пайыз халықтың өкілдері, кез келген мәселені дауысқа салғанда, биліктің 80-пайызын жеңе алмайды.  Не бір заң жобасын өткізе алмайды, не бір заң жобасын тоқтата алмайды. Бірақ бұл 20 пайыздың өзі биліктің тезінен өтеді. Көзге көрініп қалған, билікке жағымсыз адамдар тіркелу кезеңінде-ақ сырылып тасталады. Оған таң қалудың керегі жоқ.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417