Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Ақмылтық 3541 23 пікір 17 Ақпан, 2023 сағат 12:47

Лукашенконың сандырағы: Демократияға қарсы үштаған

Қытайдан шыққан коронавирус пен Путиннің аталмыш соғысы жаһандану дәуірінің, бейбіт сауда заманының аяқталғанын көрсетті. Әлем қайтадан «Қырғи қабақ» соғысы кезіндегідей демократия мен диктатура болып екі үйекке бөліне бастады. Таралуы тез оба мен қаурлы қақтығыстардың адамзат қоғамының дамуын басқа арнаға бұрып әкететіні тарихтан белгілі.

Әлемді кезекті рет індет жайлаған кезде кісілік құқық қатарлы адамзаттық құндылықтарды қорғаудың үлгісі болып келген демократиялы мемлекеттер қатаң шаралар қабылдауға, пандемияның таралуының алдын алу үшін азаматтардың еркін жүріс-тұрысын шектеуге мәжбүр болды. Мұндай өмірге қауіп төнетін қатерлі кезде ондай шешім керек те еді.

Ал анау халқын қойша қайырып ұстап келген диктатор басшылардың Құдай тілеуін берді. Қатаң карантинді халықты одан ары тұқыртудың, билігін нығайтудың құралына айналдырып алды. Бірінің аузына бірі түкіріп алғандай адамзатқа қатер төнген шешуші кезеңде диктатураның демократиядан тиімді екенін, басқару жағында өнімділігінің жоғары екендігі жайында әңгіме айта бастады. Күні кеше Беларусь президенті Лукашенконың: «Диктатура-біздің артықшылығымыз», - деп көсілгені соның әсерінен шыға алмағандықтың көрінісі.

Шындығында қазір жаһанда демократиялық жүйеге қарсы үштаған бар. Ол - Қытай, Ресей, Иран бірлестігі. Батька билігін сақтау үшін Путинге жағынса, Путин Қытайға арқа сүйейді. Иран көсемі де сол қатарда. Кеңес одағының дәурені жүріп тұрғанда Америка коммунистік биліктің қолбаласына айналған Қытай билігін өзіне тартып, экономикалық тиімділік жасап, «нарықтың дәмін алған орта табы белсеніп құрылымдық реформалар талап етеді, жүйені ішінен өзгертеді» деп үміт етіп еді. Бәрі керісінше болды. Жастық шағы Маоның саяси науқандарының ортасында өткен Ши төраға билікке келгелі Бастыспен байланысы тіпті, ушығып кетті. Қытайдың еңсе көтеруін – «Батыстың құрдымға кетіп, Шығыстың дәуірі туғанға» балайтындардың қатары көбейді. Қытай панасындағы демократияға қас өзге елдер де демократиялы батысқа қарсылықты күшейтті.

Путин НАТО-ның Шығысқа ірге кеңейткенін желеу етіп, Украинаға соғыс ашты. Қытай мұнай алпауыттарын юанмен есеп жасасуға қолқалады. Екі елдің ғылымы озық Батыс елдерінің алдын орап, вакцинаны базарға салып, өзге елдерді бопсалаудың тәсіліне айналдырғаны жұртқа мәлім. Демократияға жаны қас үштағанның қарсылығы жұмсақ күшпен де, қатты күшпен де жүріп жатыр деген сөз.

Диктатураға мадақ айтып отырған Батьканың күйі белгілі. Ал демократияға қарсы үштағанның бұтының арасынан Батысқа сығалап отырған біздің күніміз нешік?!

Күні кеше ғана диктатураның нышанындай болған «Тұңғыш президент-елбасы заңы» күшін жойды. Украинаға Батыс елдері әскери көмекті күшейткен сайын бәрекелді айтып, Зеленскийдің тілеуін тілеп отырмыз. Батыста күнде болатын ереуіл диктаторлық билігі мызғымастай болған Иран мен Қытайды да айналып өтпеді. «Хиджап көтерілісінің» әсерінен елді қырық жыл қадағалаған шариғат сақшылары күшінен қалдырылды. Қытай билігі де «Ақ парақ» ереуілінен кейін үш жылдан бері қатаң ұстанған келген, «диктатураның артықшылығы» деп мақтауын асырған карантинды алуға мәжбүр болды. Енді көшеге «Ақ шаштылар» (зейнеткерлер) шығып биліктің медқамсыздандыру реформасына қарсы шығып жатыр.

Осы аптада Иран президенті Қытайда үш күн ереуілдеп, Ши төрағаны қонаққа шақырып қайтты. Кремль басылымдары да Украина соғысының бір жылдығы қарсаңында Қытай басшысының Маскеуге келетінін айтып жаһанға жар салуда. Американың мемлекет істер хатшысы Еуропада сапарда жүр.

Геосаяси жағдайды, медияның күшін елдің мысын басу үшін емес, рухын көтеру үшін пайдаланатын кез келді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

23 пікір