Жұма, 11 Қазан 2024
Көршінің көлеңкесі 3107 25 пікір 21 Ақпан, 2023 сағат 12:02

Путин Молдоваға ауыз сала ма?..

Кеше Молдова астанасында көп адамдық митинг өтті. Ұйымдастырушы: «Шор» атты оппозициялық статусы бар партия. Олар: «Мая Санду, биліктен кет!», - деп ұрандатты. Жақтастарын алаңға Ресейшіл партияның вице-төрайымы Марина Таубер бастап шықты.

«Шор» партиясы былтыр Ресей Украинаға соғыс ашқанда, Путинның соғысын қос қолдап қолдаған партия. Орыс билігіне адалдығын дәлелдеу үшін оның арнаулы өкілдері Мәскеуге бірнеше мәрте барып та қайтқан. Есесіне «Шор» партиясының төрағасы Илан Шорға АҚШ билігі санкция салды.

Украина сияқты Молдаваның да Путин билігінен теперіш көріп, жерінен айырылғаны белгілі. Ресейдің әскері іргесінде тұр. Кеңес одағын қайта құруды көздейтін орыс басшысы «бөліп ал да билей бер» жымысқы тәсілін оларға да қолданған. Кремльдің тізесі батқан Молдаваның экономикасын көтеріп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін НАТО-ға, Еуроодаққа кіруге ұмтылуы заңды да. Украина соғысы көрсеткендей терістік көршіміз олардың да ерікті таңдауына жау көзбен қарап отыр.

Ақпанның 13-і күні Молдова президенті Мая Санду: «Ресей сыртқы күштерді пайдаланып Молдова билігін аудармақшы, Еуроодаққа кіруіне кедергі жасап, Украина соғысына тартпақшы», - деп мәлімдеген еді. Оның мұндай пікір білдіруіне Зеленскийдің: «Біз Кремльдің Молдава билігін тақтан тайдыруды көздейтін құпия құжатын байқадық», - деген сөзі мен митинг кесірінен 10-шы ақпанда ел үкіметінің бүтіндей отставкаға кетуі себеп болған тәрізді. Зеленскийдің сөзіне Мая Сандудан бұрын Рамазан Қадыров әлеуметтік желі арқылы: «Мына тұрған Молдова не тәйірі, Көкеміз айтса (Путинді меңзейді) алыстағы Америкаға да барамыз. Оған біздің әскери, техникалық әлеуетіміз жетеді», -деген мағына да жауап қайтарып еді.

Молдава президенті сөзін нақтылап: «Кремль Ресей, Беларусь, Черногория, Сербия азаматтарын  Молдаваға көптеп кіргізіп, дүрбелең тудырып, Молдаваның заңды билігін аударып, Ресейге бағынышты қуыршақ үкімет жасақтағысы келеді, біз оған жол бермейміз, бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпті қорғаймыз, ел мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтап қаламыз», - деген еді.

Кешегі митинг Мая Санду ханымның күдігінің бекер емесін көрсеткендей.

Abai.kz

25 пікір