Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3350 24 пікір 27 Ақпан, 2023 сағат 15:15

Блинкеннің бір білгені болар...

АҚШ секілді алпауыт Орталық Азия аймағына қайта орала бастаған сықылды.

Өйткені, дүние мен Американы астаң-кестең етіп, төңкере тастай жаздаған атышулы Дональд Трамптың тұсында Ақ үйдің сыртқы саясаты күрт өзгергені баршаға мәлім. Өз елінде - демократтармен, сыртқы алаңда - Еуроодақ, Қытай және басқа да әлемдік геосаяси орталықтарымен алысып жүріп, АҚШ Орталық Азия туралы мүлдем ұмытып кетті десек болады. Тек қана Ауғанстанға жүк жеткізудегі бір бекет ретінде қарастырғаны болмаса...

Енді, АҚШ-та билік басына демократтар келді. Олар болса, өз тұғырнамасындағы әлемнің түкпір-түкпірінде демократия құндылықтарын орнықтыру және адам құқын қорғау секілді іргелі ұстанымдарына адал екенін ежелден танытып келеді.

Меніңше, АҚШ-тың біздің аумаққа, соның ішінде, Қазақстанға қызығушылығының артуының басты төрт себебі бар.

Біріншіден, Қазақстанда үлкенді-кішілі 719 америкалық компания жұмыс істейді екен. Өз инвестицияларын мен өз бизнесін қорғау – кез келген елдің міндеті. Америка да өз отандастарының біздегі жағдайын жіті бақылап отыруы заңды.

Екіншіден, біздің ел Американың сыртқы саясатының аса маңызды нысандары, бітіспес бәсекелестері – Қытай мен Ресейдің қақ ортасында орналасқан. Мұндай геосаяси орналасу Қазақстанның бағы да, соры да.

Бағы дейтінім – экономикалық, транзиттік тұрғыдан екі мықты нарыққа қарай жол ашық.
Соры дейтінім – екі алпауыт көршімен санаспауға әрі жанжалдасуға болмайды. Сондықтан да осы екі державаның кейбір кесірлі әрекеттеріне орнықты – арбаны да сындырмай, өкізді де өлтрімей - көзқарас таныту да аса терең дипломатиялық көрегендікті қажет етіп келеді. АҚШ болса, өзінің сыртқы саясатында біздің осы бір бірегей ерекшелігімізді ескерсек керек.

Үшінші себеп Украинаға қарсы соғыс ашып, әлемдік бойкотқа ұшыраған Ресейге қатысты деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресей – ЕАЭО құрамында, сол себепті екі ел ортасындағы 7 жарым мың шақырым шекара айқарадай ашық десе де болады. Санкциялардың 10-шы (!) пакетін жарияласа да, «ұжымдық Батыстың» олардың тиімділігіне көңілі толмайды. Оның бір себебі – Путиннің сәл ертеректе қол қойған «параллель импорт» туралы заңында. Яғни, Батыс тарапынан тыйым салынған шетел компанияларының тауарларын өндірушінің рұқсатынсыз-ақ Ресейге әкеле беруге болады. Ал сол «дәліздің» көкесі – біздің аумақ екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті қазір ұжымдық Батыс осындай «сұр» импорттың жолдарын жауып тастауды қолға ала бастады. Соның алғашқы бір қадамы – санкциялық тауарларды Ресейге апаруға ат салысып жатқан елдерге қосымша санкция салу. Бұл болса, біз үшін орасан зор қауіп!

Кейбір сарапшылар «Блинкен Қазақстан басшылығының Украинадағы соғысқа қатысты көзқарасын одан сайын қатайтып, керек десеңіз, Ресейді сын астына алуға итермелеуі мүмкін» деп сәуегейлік танытуды. Өз басым олай деп ойламаймын. АҚШ басшылығы Қазақстанның геосаяси тұрғыдан алғанда қандай күрделі жағдайда тұрғанын түсінеді деп санаймын. Сондықтан да онсыз да тұрақсыз ахуалды одан сайын ушықтыра қоймас.

Мәселен, кеше ғана Қытай парламентер (бітімгершілік) миссиясын өз мойнына алып, Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты нақты ұсыныстарын жариялады. Қазақстан ол бастаманы қолдады. Қазақстанның Қытаймен жақындай түсуі де АҚШ-қа ұнай қоймайтыны тағы белгілі.
Кеше ғана БҰҰ-да Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты қарарға дауыс берген кезде Қазақстан қалыс қалды. Вашингтон мұны да жарата қоймаған болар.

Мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанның өз таңдауы әрі мұндай қадамдар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікке ешқандай да көлеңке түсірмейтінін дәлелдеу – біздің дипломатиялық корпустың төл міндеті болса керек.

Төртінші себеп Орталық Азияға қатысты. Осыдан біраз уақты бұрын Еуроодақ біздің аумақтағы елдерге қатысты «5+1» формуласын ұсынған болатын. Міне, АҚШ та бұл процестен қалмауға тырысып, сондай форматтағы кездесу өткізбек. Және де ол жиынның Қазақстанда өткізілуі де көп нәрсені аңғартса керек...

Әрине, Қазақстанның АҚШ секілді әлемдік державамен жақсы қарым-қатынаста болуы басқаларға, соның ішінде, Ресейге ұнай қоймасы анық. Содан болар Блинкеннің біздің елге сапарының қарсаңында кейбір Телеграм ресурстарында екі ел арасына от салуы мүмкін аноним материалдар көптеп жариялана бастады.

Ол мақалаларда негізінен екі тақырып қозғалған.

Бірі – «АҚШ Қазақстандағы билікке қарсы, сондықтан да қазіргі биліктің сыншыларына тиісті гранттар беріп жатыр-мыс».

Екі ел арасында тиісті келісім-шарттар бар, сондықтан да сол қорлардан қаржы бөлу мәселесі тек осы құжаттарға толықтай сай жүргізілуі тиіс деп санаймын. Ресми тіркелген, тиісті бэкграунды бар, беделді халықаралық қорлардан гуманитарлық және басқа жобаларға грант алу – әлемде қалыптасқан тәжірибе. Тек қана ол қаржы билік үшін таласа алатын саяси ұйымдарға берілмеуі шарт.

Екіншісі – «АҚШ Қазақстанды өзінің Ресейге қарсы саясатында пайдаланбақ-мыс».
Бұл да екі ел арасын ушықтырудың бір амалы іспеттес, өйткені елдің есі бар басшылары геосаяси ойындарда ойыншық бола қоймас деп санаймын. Иә, әр елмен тіл табысу үшін кейде белгілі бір компромистерге бару қажет болар. Бірақ ондай, амалсыздан жасалатын қадамдар еліміздің түпкілікті құндылықтарына – Тәуелсіздігі мен дербестігіне – қылаудай болса да зиян келтірмеуі тиіс!

Меніңше, ертең бола келіссөздерде екі жақ дәл осыны ұғынып алып, ортақ шешімдерге келуі тиіс.
Өз басымнан бір тілек. Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанға келген Қытай басшысы «Біз Қазақстанды өз Тәуелсіздігін, егемендігін, жер аумағының тұтастығын қорғауда қолдай береміз» деген сыңайда ой білдіріп еді.

Путиннің түрі анау. Өзі бастаған соғысында жеңіске жете алмай әлек. Енді, міне, әлемге ядролық сес көрсете бастады. Осылайша тарихи тығырыққа тірелген ол кез келген оқыс қадамдарға бара алады. Сол себепті онымен көршілес біз де абай болуымыз керек. Сол себепті біздің дипломаттар Қазақстан жер аумағына қатысты қолдау сөзді Блинкеннің аузына салып берсе, нұр үстіне нұр болар еді...

Әміржан Қосан

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357