Жексенбі, 10 Қараша 2024
Қоғам 8774 0 пікір 7 Наурыз, 2023 сағат 13:58

Қазақ қоғамындағы әйел рөлі қандай?

Ғасырлармен қанаттасып, заманамен жалғасып, дәуірлермен дағдыланып келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізде ер мен әйелдің жынысына қарай өзіндік орнын айшықтап көрсеткен. Сол ұлттық дәстүрлер мен діни негіздерде қазақ қоғамындағы ер мен әйелдің өзіндік рөлі болды.

Рас, көшпенділер салтын ұстанған ата-бабаларымыздың мәдениетінде ерлер мен әйелдердің тіршілігіне сай өзара екі тараптық міндеттерге бөлінген. Бұрынғы сан ғасырлық тарихымызға зерделей көз жүгіртсек көшпенділер қоғамында әйелдердің рөлі ерлермен тең деңгейде болмаса да, әйелдер қауымы мемлекет пен саяси істерге араласып, отырғанынан хабардар боламыз. Тіпті қиын-қыстау замандар мен қатал ғасырлардың қойнауындағы жаугершгілік уақыттарда көшбасшылық пен қолбасшылық іс-қимылдарға жетекшілік, басшылық жасаған әйелдерді де білеміз. Тұмар, Зарина, Боппай, Гауһар одан туған Назым тағы басқаларды атап айтсақта жеткілікті.

Ұлы Даланың қойнауында ислам мәдениетінің бесігі тербелген уақыттан бастап, әйелдердің рөлі бала тәрбиелеумен, үй шаруашылығын жүргізумен қатаң шектелген. Шариғат қағидалары бойынша қазақ қоғамында әйелдердің мүмкіндіктері барлық жағынан шектеулі болды және әртүрлі бағыттағы тыйымдарға мойынұсынумен ғұмыр кешкендерін біздер жоққа шығара алмаймыз. Қазақ «Қатын қайраттанса, қара қазан қайнатудан әрі аспайды» немесе «Байтал шауып, бәйге алмайды» деген нақылды осы кезеңдерден кейін дүниеге әкелсе керек. Ал ислам дінінің шариғат негізіндегі Әйел нәсіліне қойылған талаптардың дәстүрлі қазақ қоғамында бірте-бірте әлсіреуіне тікелей ықпал еткен қазақ зиялылары болды деп айта аламыз.

Иә, көшпелі және ислам мәдениетінің әйелдерге қатысты міндеттерінің қазақ қоғамында дағдарысқа ұшырауына ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда жаңа қоғамдық қозғалыстың пайда болуы тікелей әсер етті. Ал, ол не қылған қоғамдық қозғалыс?

Ол Қазақстаннның қоғамдық өмірінде өшпестей із қалдырған, отандық тарихымыздың Асқар тау белесі Алаш қозғалысы болатын.

1917 жылы Орынборда өткен Алаш Орданың съезінде әйелдердің қоғамдағы өмірі туралы шешім қабылдап, мынандай тұжырымдарға келген:

- әйелдер мен ерлердің саяси құқық­тары тең болуы керек;

- әйелдер өздеріне серігін таңдауға ерікті;

- некеге тұру жасы 16-ға дейін ұзартылуы;

- молданың 16-ға толмаған қыздың, 18-ге толмаған жігіттің некесін қиюға құқығы жоқ;

- неке екі жақтың келісуімен қиылады;

- жесір әйелдерді күйеуінің туысқандарына зорлап қосуға болмайды;

- бірінші әйелі келісім бермесе, екінші әйел алуға болмайды.

Бұл Еуропадағы мәдениетті елдерден хабары бар, сол өркениетті дамыған халықтардың білімімен сусындаған, алғашқы қазақ оқығандарының көзқарасы болатын. Өздеріңіз аңғарғандай жоғарыдағы алашордалық қайраткерлердің әйелдер қауымына байланысты тұжырымдары ислам шариғатындағы қисынсыз әрі ауыр талаптарды жоққа шығарудың бастамасы болатын.

Рас, көшпенділер мәдениетінде ерлер мен әйелдердің міндеттері бөлінді. Әсіресе ислам діні келгеннен кейінгі ғасырларда әйелдердің рөлі бала тәрбиелеумен, үй шаруашылығын жүргізумен қатаң шектелгенін жоғарыда айтып өттік. Мысалы, көшпенділік қоғам мен шариғат негіздеріндегі неке дәстүрінде әйелдердің күйеу таңдауға мүмкіндігі болмаған. Күйеуі өлсе, басқа күйеуге шыға алмаған, ол қазақи әмегерлік дәстүрмен марқұмның інісіне немесе ағасына қосылуға міндетті болған.

Міне осындай келеңсіз, әйел құқығы аяққа тапталып жатқан кезеңдерді көздерімін көріп, ой түйген, Еуропа мәдениетінен хабары бар қазақ оқығандары бұл мәселені шешуге көп атсалысқан. Қазақтың тұңғыш романы Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы» осы тұста жазылып, қараңғы қазақ қоғамына жол тартқан.

Мысалы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 1921 жылғы «Ақ жол» газетінің №27 санында жарық көрген «Әулиеата сиезінде қазақ қызы» деген мақаласы жарияланған. Мақалада автор 1921 жылғы 20 қаңтарда Түркістандағы жалпы қазақ-қырғыздардың съезі Әулиеатада өткенін, сол жиында алғаш рет қазақ қыздары арасынан Сара Есованың сөз сөйлегенін жеткізе отырып: «Қазақ-қырғыз әйелі мәселесін дұрыстап қарап, осы сиезде әйелдерге ерік беріліп, ерлермен тең болғандығына сенімді болу үшін сиез басқарушы ұйымда әйелдердің де болуы керек деп Сараның атын атап, уәкілдер ортасынан ұсыныс болды. Ешкім қарсы болмай бір дауыспен сиез басқарушы топқа Сара мүшелікке сайланды. Осы уақытқа шейін әйелдерді кем санап, адам қатарына алмай келе жатқан қазақ-қырғыз бірінші сиезінде әйелдерге бұл қылған құрметі көзге түсерлік өзгеріс деуге болады» деп жазады алаш ардақтысы. Мақаланың соңына «Қыр баласы» деп қойған. Қыр баласы деген Әлиханның бүркенішті есімі.

Әрине, қазақ қоғамында әйел затының жағдайы аянышты, көп жерде құқықтары аяқ асты болып тапталып келгенін біздер М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», С.Көбеевтың «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні», Ж.Аймауытовтың «Ақ білек» сынды отандық әдебиетіміздің қайнар бұлағы саналатын осы өміршен шығармалардан-ақ аңғарамыз.

Негізінде Қазақ халқы ықылам заманнан бері әйел затына деген, анаға деген құрметі шексіз болғанын да біздер ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Қазақ туған елі үшін күйіп, кіндік қаны тамған жері үшін еңіреген ердінде анадан шыққанын әсте естен шығармаған. «Алып анадан туады» деп әрқашан анаға деген құрметті бір-ақ ауыз сөзбен дәлелдеп отырған.

Бұрынғы ауыл ішіндегі қариялардың сөздеріне құлақ түріп өскендіктен олардың әр тағылымды әңгімелері естен шыққан емес. Қарттардың сөзіне сенсек қазақ халқы әйелдер қауымын: «алтын әйел, күміс әйел, көмір әйел, темір әйел және жез әйел»,- деп бес түрге бөліп қараған екен.

Бірінші, күйеуінің амандығын, ол қуанса бірге қуанатын, қайғырса бірге қайғыратын, күйеуінің көңіліне үнемі қарап, айтқанын екі етпейтін әйелді «алтын әйел» деп айтқан.

Екінші, күйеуі орға түссе де, өрге көтерілсе де бірге болатын, күйеуінің қас-қабағына қарап, әрдайым жақсылығын асырып, жамандығын жасыратын әйелді «күміс әйел» деп атаған.

Үшінші, көмірдей қап-қара, үсті басы айбақ-сайбақ салақ, үйі шашылып жататын әйелді «көмір әйел» деп қараған.

Төртінші, айтқанынан қайтпайтын, көк беттеніп меніңкі заң деп табандап тұрып алатын әйелді қазақ «темір әйелге» теңеген.

Бесінші, Түріне күліп қарасаң жыртығын жамап алуға тырысатын, әр нәрсені алып беруді қалайтын, бүгін сенде жоқ болса, ертең өзгеге кетіп қалатын әйелді «жез әйел» деп бағалаған.

Қалай десекте қазақ халқы әйел затын аса ыждақатпен құрметтеген. «Ердің қосы оңалмай, ісі оңалмайды деп қазақ жақсы айтқан». Бұл жерде қосы деп отырғаны қоса ағаратын алғаны. Өйткені қос деген үй десеңіз, ақ жаулықтысы болмаған үйдің ісі оңалуы қиын. Ал бір салдақының кесір-кесапатынан салы суға кетіп, ыңыршағы айналып, ұнжырғасы түсіп, табанынан тайырылған ер-азамат қанша!?

Халқымызда жез бен көмірдей және темірдей әйел заты жоқ болсын. Алтынның арқауындай, күмістің жалғауындай болған әжелеріміз, аналарымыз, апаларымыз, қарындастарымыз көп болсын.

«Бақ қонатын елдің қызы есті, ұлы сесті болады» деген. Есті қыздарымыз бен сесті ұлдарымыз көп болсын ағайын!

Мадияр Ералыұлы,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1167
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2762
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2802