Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 2585 4 пікір 22 Наурыз, 2023 сағат 12:39

АҚШ-тың Бас консулы: Қазақ мәдениетіне қызығамын

Редакциядан: Бұл АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж ханым. Сұхбатты алған Дүйсенәлі Әлімақын. 


Қазір қазақ тілін үйреніп, оны күнделікті тұрмыста қолданатын шетел азаматтарының қатары көбейіп келеді. Солардың ішінде жөні бөлек бір жан бар. Кейіпкеріміз – АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж ханым. Бізге берген сұхбатында ол қазақ тілін үйренудің маңыздылығы, оның жұмысына тигізген оң әсері және Консулдықтың қазақ мәдениеті туралы алдағы уақытта ұйымдастырып жатқан іс-шаралары туралы айтып берді.

– Қазақстан мен АҚШ-ты тек эко­но­­мика емес, мәдени қарым-қаты­нас­тар да байланыстырады. Амери­ка­лықтардың қазақ халқы туралы таным-түсінігі қандай? Ол жақ­та­ғы қарапайым жұртшылық қазақ халқын, Қазақстанды біле ме?

– Жұмысымның ең қуантатын тұсы – Алматыда тұрып, қазақ мәдениеті, құндылықтары, дәстүрлерімен танысып, оны америкалықтарға жеткізу. Менің білуімше, Қазақстан – көне, мәдени бай мұрасы бар тамаша ел. Жақында ғана Есік қаласындағы Тарих және мәдениет музейіне барып қайттым. Қазақстанның тарихы мен Алтын адам туралы бірталай қызықты жайттарға қанықтым. Қазақ халқының арғы тегі сонау сақтардан таралады. Сондықтан АҚШ Өкілдігінде жұмыс істейтін америкалықтар Қазақ­с­тан­да тұрып жатқандарына өте разы. Менің Қазақстанда жұмыс істеп жүр­ген әріптестерімнің көбі осы өңірді танып, жақсы көргендіктен, қазақ мә­де­ниеті мен саяси жағдайына шынайы қызыққандықтан, осында келуді таң­дады. Біз АҚШ пен Қазақстанның ара­сын­дағы байланысты нығайту үшін көп жұмыс атқарамыз. Көптеген кәсіби, академиялық алмасу жобасы арқылы Аме­рика мен қазақ халқының арасын­да терең байланыс орнап жатқаны қуан­­тады. Бизнес пен сауда қарым-қаты­настарының одан әрі кеңеюіне де мүд­­деліміз, сондықтан бұл салалар да біз­дің жұмысымыздың маңызды бөлігін құрайды.

– Біздің елге келіп-кеткен елшілер мен консулдардың көбі қазақ тілін же­тік біле бермейді, ал сіз қазақ тілін үй­ре­ніп, оны насихаттап жүрсіз. Қазақ­ша үйренуіңізге не түрткі болды?

– Көп жыл бойы АҚШ қазақ тілін қазақ халқымен, оның тарихы мен мә­ден­иетін танудың бірден-бір жолы екенін түсініп, мойындап келді. Мұнда келмес бұрын орыс немесе қазақ тілін үйрену деген таңдаудың жол айы­ры­ғында тұрдым. Орыс тілін бұрын оқы­ған­дықтан, одан әрі жалғастыру оңай болар еді. Бірақ қазақ тілін білу қазақ хал­қымен жақын танысуға, әсіресе үлкен қалалардан қашықта тұратын қазақ­стан­дықтардың ой-пікірлерін естіп-білу үшін қажет болатынын түсіндім. Тіл үйрену менің осындағы жұмысыма да, өміріме де өте қажет бастама болды. Осында тұрып жатқаныма екі жыл­дай уақыт өтті. Қазақстандық дос­та­ры­мыздан әлемдегі геосаяси жағдай­дың өзгеруінен кейін Қазақстанда қазақ тілін білудің маңызы тіпті арта түскендей. Тіл мен тарих – әрбір ұлттың мәдени болмысы, тәуелсіздігі мен тұ­рақ­­тылығының мызғымас негіздері. Осы орайда, Мемлекеттік департамент қазақ тілін оқытуға көбірек күш салып, өзім Вашингтонда қазақ тілінің толық курсын оқып келген алғашқы бас консул болғанымды мәртебе санаймын. Бо­ла­шақта қазақ тілін білетін аме­ри­ка­лық дипломаттардың саны көбейе беретініне сенімдімін.

– Қазақ тілі – синонимдері көп тіл­дің бірі. Үйрену қиындық тудырмады ма?

– Шынымды айтсам, оңай болған жоқ. Он ай бойы Zoom платформасы арқылы дәріс оқығаннан кейін, шы­найы өмірде қазақ тілін алғаш есті­ген­де сәл қиналып қалдым. Осы күні қо­ғамдық байланыспен айналысатын әріптестерім іс-шараларға шақырғанда немесе бейнетүсірілім жасаған сайын қазақ тілінде жаңа сөздер мен тұрақты тіркестер үйреніп қайтамын. Бұл кейбір сөздердің дыбысталуын жақсартуға да көмектеседі. Жақында «түйедейді түймедей қылу» деген тұрақты тіркесті үйреніп алдым. Қазақ тілін оқу мен үшін қосымша жұмыс болды. Яғни толық жұмыс уақытын тек тіл оқуға ар­на­дық. Бұл бағытта жолым болды деп санаймын. Тілді бұдан да жақсырақ меңгерсем деген ниетім бар. Біздің дипломаттарымыз тілді кемінде алты ай, ең көп дегенде екі жылға дейін оқиды. Ол мерзім тілдің қиындығына қарай белгіленеді. Бұл біздің тарапымыздан үлкен инвестиция, бірақ біз оның қажеті бар деп түсінеміз. АҚШ пен Қазақстанның бірігіп жұмыс істейтін салалары көп, ал қазақ тілін аздап білу маған екі елімізге ортақ мүмкіндіктер мен қиындықтарды жақсырақ түсінуге көмектеседі. Шынымды айтсам, дипломат ретіндегі жұмысымның ең қызық бөлігі – адамдармен байланыс орнату. Ал тілді білмесем, оған қалай қол жеткізер едім? Әрі қарай оқи бергім келеді, өйткені еңбегім еселеніп қайтып жатыр.

– Кейбір кездесулерде қазақтың ұлттық киімін киіп, қазақша баяндама жа­сайтыныңызды көріп жүрміз. Жалпы, қазақ мәдениеті сізге несімен ұнайды?

– Қазақ мәдениеті мені қызықтырады. Қа­зақ­ша ұлттық киім кигенімді Қазақ­стан мен оның халқына деген шына­йы сүйіспеншілігім мен құрметім деп түсінсе екен деймін. Біз жақында Консулдықта Наурыз тойын атап өттік. Сондай тамаша мейрам болды: дәстүрлі тағамның әр түрінен, наурыз көжеден, еттен дәм таттық. Наурыздағы дәстүрлі ойындарға қатыстық. Қазақ әріптестерден дәстүрлі қара жорға биін үйрендік. Осындай сәттер мен үшін ең қымбат, өйткені қазақ мәдениетімен нағыз байланысты осындайда сезінемін. Болашақта Қазақстанды еске алғанда ең алдымен ойыма осы естеліктер түсетіні сөзсіз.

– Қазақша кітап оқисыз ба? Қай шығармалар сізге әсер етті?

– Әттең, қазақ тілінде әдеби кітаптарды оқи­тын деңгейге әлі жете қойған жоқ­­пын! Бірақ Консулдығымыздың әлеу­мет­тік желілерінен қазақша кітап үзін­ділерін оқып жүргенімді көрген боларсыз. Біз бұл жобаны әлемге танымал кітаптарды тартымды етіп қазақ тіліне аударып жүрген «Steppe and World» баспа үйімен бірге бастадық. Олардың атқарып жүрген еңбегіне дән ризамын. Жа­қында бір әріптесім сіңлісінің Хәрри Пот­тер әлемімен енді қазақ тілінде таныса алатынын білгенде қатты қуан­ға­ны туралы айтып берді. Кіш­кен­тай бүлдіршіндер болсын, ересектер болсын өз тілінде өзге әлемдер туралы біліп, өзгеше көзқараспен таныса алатынына қатты қуанамын.

– Қазақстандағы АҚШ Миссиясы мен Деннис Кин Мұхтар Әуезовтің жол­­жазбаларын кітап етіп басып шы­ғарды. Мұндай жобалар алдағы уа­қыт­та жалғаса ма?

– Әрине, Мұхтар Әуезовтің жолжазбаларын басып шығарғанымыз былтырғы жобаларымыздың ең сәттісі болды десем, артық болмас. АҚШ пен Қа­зақстан байланысының отыз жыл­ды­ғын атап өткен шақта екі елдің достығы ерте кезден бастау алатынын осы кітап көрсетіп береді. Әуезов өз жазбаларында тарихымыздың ең қызық тұстарынан сыр шертеді. Екі халықтың арасында байланыс алғаш орнаған жылдар АҚШ пен кеңес одағы арасындағы шиеленіс өршіп тұрған заманда басталыпты. Алайда Әуезов екі елдің бір-біріне деген ұқсастығын, ортақ құнды­лық­тардың бар екенін де көрсете білген. «Америка әсерлері» кітабын қазақ дос­тарымыздың да, америкалықтардың да жылы қабылдағаны мені қатты қуант­ты. Америка Құрама Штаттары Аме­рика мен қазақ мәдениетін бір-біріне жалғау үшін тынбай еңбек ете бермек. Оның соңғы бір мысалы – АҚШ елшісінің мә­дени мұраны сақтау қоры қар­жы­лан­дырған бір жарым жылдық зерттеу жұмысы. Оның тақырыбы – түркі заманы мен көне ұйғыр дәуіріндегі жазба ескерткіштері. Алматыдағы Орталық музейде көрменің ашылуына өзім барып қатыстым. Зерттеу нәтижелері түрлі-түсті альбом етіп басып шығарылды, әлем ғалымдары өз зерттеулері үшін жүгіне алатын веб-сайтқа жиналды. «Тағдыр жазбалары» деп аталған деректі фильм де ұсынылды.

Алматыға келмес бұрын, осындағы азаматтық қоғамның белсенді екенін естідім. Мұнда жаңашыл, жасампаз, білімқұмар, кез келген мәселені бірігіп шешуге бекем жастардың тұратыны туралы көп естідім. Сондықтан жасап жатқан жобаларымыз сол жастардың талпынысына жігер қосса екен деймін. Осы тұста біздің «Go Viral Network» атты жобамызды атап айтқым келеді. Жоба 2017 Алматы қаласында жыл сайын өтетін фес­тиваль болып басталған еді. Ал бүгінде бүкіл Орталық Азия елдерін таралған аймақтық желіге айналып үл­гер­ді. Оның аясында әр апта сайын жаңа технология, бизнес жасау, бірігіп жұ­мыс істеудің жолдарын үйрететін жер­гілікті іс-шаралар өтіп тұрады. Ол желіге журналистер, кәсіпкерлер, режиссерлер, басқа да өнер адамдары кіреді. Оларға ортақ нәрсе – әлеуметтік желі, сандық контент, технология сияқты заманауи құралдарды жетік біліп, оның осы заманның мәселелерін шешудегі күшін түсінетіндіктері. Биыл Орталық Азияның бес елінде бес фестиваль өте­ді. Фестивальдар көшін өткен аптада Ташкент қаласы бастап кетті. Қа­зақ­стандағы фестиваль биыл алғаш рет Астана қаласында 23-24 маусымда өтке­лі отыр. Бұл жобамыздың одан әрі өсіп-өніп, келешегі зор болатынына сені­мі­міз мол.

Өзім ерекше жақсы көретін тақырып – ағылшын тілін оқыту. Әсіресе өзім жұмыс істейтін Қазақстанның оңтүс­тік өңірлеріндегі қызығушылыққа тәнті бо­ламын. АҚШ Қазақстанда ағыл­шын тілін насихаттау үшін мектеп мұға­лім­деріне, университет профессорларына, жастарға, журналистерге арнап дайындалған оқу бағдарламаларын ұсы­нады. Дәл қазір қоршаған ортаны қор­ғау, таза энергия­ны дамыту бойынша жұмыс істейтін ұйымдарға ағылшын тілін оқытуға ар­нал­ған жаңа бағдарлама бастап жатырмыз. Сұхбатымыз қазақ тіліне арналған соң, «Qazforum»-ды атап кетпесем болмас. 28 сәуір күні Астана қаласында жыл сайын қазақ тілін­де контент жасайтын ұйымдар мен қызметкерлердің басын біріктіретін форум өтеді. «Qazforum» – біздің қазақ­ша контентті дамытуға қосып жүр­ген үлесіміздің бір мысалы. Біздің ден қо­йып айналысатын жобамыздың саны өте көп. Екі ел арасындағы серік­тес­тіктің жемісті бола беруі үшін жұ­мы­сымызды жалғастыра береміз. Аза­маттық қоғам, студенттер, жас көш­бас­шылар, бизнес өкілдері, Үкімет ұйым­да­ры – бәрінің күшін жұмылдыруға әрі қарай көмегімізді тигізе береміз. Бұл тал­пынысымыз – Қазақстанға Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде адалдығымыздың көрінісі.

– Екі жылдан бері қазақ елінде, қазақ қоғамында өмір сүріп келесіз. Ел­дің болашақ дамуы туралы көзқа­ра­сыңыз қалай?

– АҚШ Қазақстанның Үкіметімен де, халқымен де әлеміміз тұрақты болып, гүлдене беруі үшін күш жұмылдырып, еңбек ете береді. Тәуелсіздігін алғалы бері біз Қазақстанның ірі серіктесі атанып келдік, болашақ экономика және демо­кратия саласындағы ынтымақ­тас­ты­ғымызға да үлкен үмітпен қараймыз. Біз Қазақстанды C5+1 платформасы арқылы қолдап келеміз. Жоба экономика, қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік салаларына, Орталық Азия елдерінің интеграциясына ерекше басымдық береді. Біз әрбір өңір ішіндегі тығыз бай­ланыс жаһандық тұрақтылық пен дамудың кепілі деп санаймыз. Өткен айда Мемлекеттік хатшы Энтони Блин­кен Астанаға келіп, Орталық Азияның бес мемлекетінің сыртқы істер мини­с­тр­­лерімен кездесіп қайтты. Ол болашақ ынтымақтастықты талқылап, аймақтық дамуды қолдау үшін қосымша 25 мил­лион АҚШ доллары бөлінетінін ха­барлады. Түбінде бұлардың бәрі – Қа­зақ­станның тәуелсіздігін, егемен­дігін, аумақтық біртұтастығын қолдай­ты­нымыздың дәлелі. Қазақстандағы дос, серіктестерімен өткізіп жүрген кездесу­ле­рімнен білетінім – Қазақстанның бола­ша­ғы жарқын болатыны сөзсіз.

– Міне, қазақ халқының ұлттық мейрамы Наурыз мерекесі де келді. Осы орайда газет арқылы қандай тілек айтасыз?

– Осы сұхбатты оқып отырған әрбір оқырманға Наурыз құтты болсын деймін. 2022 жыл оңай болған жоқ. Осы орайда Жаңа жыл жақсылығымен келсін! Қазақ елі мен әрбір отбасына амандық, молшылық пен береке тілеймін!

Әңгімелескен,

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394