Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2219 1 пікір 29 Наурыз, 2023 сағат 14:23

«Орал шаһары – сықақшылар ордасы болса деймін...»

«Жақсы келді дегенше, жарық келді  десейші. Жақсылықтың уытын, алып келді десейші» дегендей, қайран Көпен ағам-ай! Аңқылдап, саңқылдап жүруші еді. Сәтін салғанда Жайығыма  жарқылдап келуші еді.  Қаздай қаңқылдап  жүрек сөзін төгуші еді. «Көпен келе жатыр» деген бір-ақ сөздің бала күннен құлаққа сіңгелі соншалық, әр қазақтың төрінен  табылатын атақты «Ара» журналы ше?! Бүгінде арамыздан  ғайып болған «Араның» әр санында Көпен Әмірбектің әзілдері, сықақтары тұнып тұратын. Поштамен осы журнал   келген  бойда  көрші  біткен  шабылмай жатқан шөбін, өрістен қайтпаған қой-ешкісін  ұмытып, ауыл ішін Көпен ақынның әзіл өлеңдерімен ажарландырып жіберетін.  

Есіл ер былтыр қарашада  аққан  жұлдыздай  ағып  түсті. Содан бері жаңбырдың суындай көз жасы құрғамаған қалың оқырманы,  ел-жұрты Көпенін күрсініп, жоқтаумен келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, қоғам қайраткері, ең бастысы халықтың Көпені 2012 жылы тамылжыған тамызда Орал қаласына ат басын бұрды. Қос әкімдікке қайта-қайта  барғыштап жүрді. Көкейінде бір үлкен мақсат тұрды. Сол кезде «Ағашы аласа болса да, алмасы тамаша» Оралдағы  «Жайық үні» газетіне  сұқбат беруін  өтінген ек. Қабыл алды.  Арманын айтты. Бірақ  орындалмады.

 Міне, арада қаншама жыл өтсе де, айтары бар азаматтың  бұл сұқбаты  мән-мағынасын  жойған  жоқ  деп ойлаймын. Елдің езуіне күлкі сыйлаған қазақтың Көпенінің Сықақшылар күнінде  рухы шалт болсын деп осы сұқбатын оқырманмен қайтадан қауыштыруды жөн көрдім.

Автор

Көпен ӘМІРБЕК:

«Орал шаһары – сықақшылар ордасы болса деймін...»

– Орал өңіріне осымен төртінші рет келуім. Тұңғыш рет 1977 жылдың күзінде келдім. Осы Орал шаһарынан Ордаға тікұшақпен ұшқаным есімде.  Ұмытпасам, жеті-сегіз жерге қонып, тоғызыншысында Ордаға тоқтадым. «Ан-2» деген қос қанатты шегіртке тектес аэропланмен аспанда жүріп, әйтеуір ұзақ жеткенім есімде. Сонда таңқалғаным, Орда аудандық  партия комитетінің бірінші хатшысы Рахметолла Егізбаев, сол маңайдағы бір шаруашылық басшысы Тауасиых Мырзағалиев ағалар сақалына сүрініп жүріп мені күтті. Мен онда жас журналист едім небәрі 27 жастағы. Сонда тарихта қалған атақты Нарын құмын өз көзіммен көріп едім. Мектепте оқып жүргенде Махамбет пен Исатайлардың Нарын туралы жазған өлеңдерінен әсер алатын ек. Ол жерде Тайыр Жароков пен Қайрат Жұмағалиев дүниеге келген. Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туған. Батыр апамыздың атындағы Мәншүк, Бисен, Қарауылкері деген ауылдарда болдым. Орда –ертедегі ата-бабамыздың тұяғы тиген тарихи мекен ғой. Кеңес Одағында тұңғыш рет баспахана да осы Орда да ашылған екен.

Одан кейін Оралға қазіргі таңда Қазақстан Халықтары Ассамблеясы төрағасының  бірінші орынбасары Ералы Тоқжановтың арнайы шақыруымен келдім. Ақжайық ауданының Шағатай ауылында үш күн мейман болдық. Мектеп оқушыларымен кездесіп мәз-мәйрам күйге ұшырағанымыз есімде. Сонда осы Оралдағы пединситуттың ректоры Тұяқбай Рысбеков мектеп бітіріп жатырған екі түлекке грант берді. «Мектепті үздік бағамен бітіріп жатқандар көп болуы мүмкін. Бірақ олардың арасынан үздік оқушы болғанмен, әке-шешесі жоқ, жетім бала болса соған берейік бір грантты» деп ақылымды қостым. Сонда үздік оқушы мен жағдайы төмен балаға грант берілгенде шағатайлықтар алақайлап қуанды. Шағатай мектебіне Ералы мырза компьютерлер мен спорттық жабдықтарды сыйға тартты. Ол кезде Ерақаң Қарағанды қаласында қызмет атқаратын.

Үшінші рет Қадыр Мырза Әлі ағамыздың 75 жылдық мерейтойына келдім осыдан екі-ақ жыл бұрын. Қадыр аға да тарихи мекенде туған. Тарихи мекенде тұлға боп қалмауы мүмкін емес. Сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өнерге керемет жақын, әдебиет пен мәдениетке бүйрегі бұратын, тіпті ақын-жазушылармен мидай араласып кеткен ақынжанды әкім екен. Көп нәрсені біледі, түйгені көп және соны айта алады. Өлеңді де жатқа оқитын әкімді бірінші рет көруім еді сол кезде. Сонымен Оралға бұл жолы төртінші рет келуім.

– Көпен аға, осы сапарыңыздың мақсатын білуге бола ма?

– Неге болмасын, Болгарияның Гаврово деген қаласында жыл сайын бірінші сәуір күні Сықақшылар мейрамы өтеді. Оған Жапониядан, АҚШ-тан, қысқасы жер-дүниеден сықақшылар жиналып, өздерінің сатиралық дүниелерін сарапқа салады. Бұл әбден орныққан, ең бұзылмайтын банк Швецарияда болса, кәдімгі күлкінің отаны Гаврово қаласы болып бекітіліп кеткен. Осы үрдісті Орта Азияда, Қазақстанда неге орнықтырмаймыз деген маған бір ой туды. «Күллі әлемнің күлкісі» деген тақырыппен жыл сайын бірінші сәуірде осы Орал шаһарында, Жайықтың жағасында атап өтіліп тұрса, халықтың да көңілі көтеріліп, Орал өңірінің де даңқы аспанға шыға ма деген үкілі үмітім болды. Сөз жоқ, Алматы мен Астана мәдениеттің орталығы. Астана мен Алматыға жыл сайын біздің әртістерді үйіп-төге бермей, осы Жайықтың жағасында орыс халқының славянский базары сияқты өткізсек деген ой болды. Осы ұсынысымды облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына айттым. Ол кісі жақсы бағдарлама екен деп қолдау танытып, сол бойда облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Тапашұлына тапсырма берді. Жобаны келесі жылы мүмкіндік болса өткізуіміз мүмкін. Бұған Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Санкт-Петербургтен, Мәскеуден сықақшылар шақырылады. Республикалық телеарналарға түсіріледі. Тақырыбын да тауып қойдым. «Орал шаһары – сықақшылар ордасы» деп аталады. Орал шаһары тарихшыларымыздың отаны болса, әзіл-оспақтың да неге ордасы болмайды деген ой көптен көкейімде жүр еді. Сонымен,  бұл ойымды батыс өңірінің азаматтары қолдады. Соған қуанып кетіп бара жатырмын.

Екіншіден, қырықтан астам әнге өлең жазған Зәкәрияның кешіне қатысып, өзімнің ақ тілегімді білдіріп, әншейін ғана келмей, осы өңірдің ақын-жазушыларының шараларына аталыстым-ау деп ойлаймын.

– Жаңа ғана өзіңіз айтып өткендей, неліктен Ресейде сатира мықты дамыған, ал бізде...

– Қазақ халқы өте қалжыңбас халық. Қазақ халқының қанында әзілдің «оты» жатыр. Қалжынсыз қазақ өмір сүре алмайтын секілді. Себебі біздің ұлттық салт-дәстүріміздегі кейбір шешілмейтін мәселелерді халқымыз әзілменен аңғартып, қалжыңменен қағытып, қалжыңмен іштерін босатқан ғой. Ал енді ата-бабаларымыздың аузынан қалған ғажайып әзілдерді бүгінгі заманда мағыналы, әсерлі, бояуы қанық қалжыңымызды біз бөлшектеп  алдық-ау деп ойлаймын. Өйткені жаһандану мәселесі біздің жарқын күлкімізге де әсер етті. Біздің езудегі әзіліміз «метис» болып бара жатыр. Әкесі қазақ, шешесі басқа ұлт секілді. Біз Еуропаға ауып, шетелдің қалжынымен араласып кеттік. Біздің қалжыңдарды тыңдап қарасаң, еркек пен әйелдің ажырасуы, олардың арасындағы кикілжің. Қазіргі әйелдер еркекті пір тұтпай, соны кір тұтқанын көрсетеді. Жүн сабағанда ұршықтың  ұшы еркекті айналдырып жібереді, осыны көргенде біздің ұрпағымыз оңа ма? Ол кері әсер береді ғой. Е, мына еркекке ұрсуға болады екен ғой. Біз осыны алып алдық та әзілге айналдырдық. Немесе біліксіз дәрігерлердің айласы, алақаны қышыған МАИ қызметкерлері, бұдан басқа қандай тақырып бар, айтшы? Қай сатиралық театрды ашсаң да осыдан артық ештеңе көре  алмайсың. Ресейдің сықақшыларына қарап отырсаң түкке тұрмайтын тақырыпты  алып отырып, бірақ та сұмдық ойнайды ғой.

– Сонда сатирамызды жандандыру үшін не істейміз?

– Қазақ сатирасының хандығын құру керек. Орталыққа айналдыру керек. Соның орталығы осы күллі әлемнің күлкісі деген Орал шаһары болуы тиіс.

– Қазіргі пародияларға көңіліңіз тола ма?

– Пародия деген ерекше жанр ғой. Пародия кез келген адамға, кез келген қызметкер мен шенеунікке жасалынбайды. Бұл алты алаштың аузында жүрген айтулы тұлғаларға ғана жасалынатын жанр – пародия. Оны кез келген  әртіс орындай алмайды. Өйткені сол жасап отырған тұлғаның әдебиеттің, мәдениеттің немесе қоғам қайраткерлерінің  бет-бейнесін жасау үшін әртіс өте шебер болуы тиіс. Оның даусын, оның жүріс-тұрысын, оның мәнерін қайталай отырып, дәл бүгінгі тілмен айтқанда «көшірмесін» жасау керек қой. Сондай шебер пародистердің бірі де, бірегейі Олжас Сыдықбеков деген жас жігіт. Ол ізденеді. Оған жазып беретін сықақшылар да жоқтың-қасы қазір. Өйткені пародия әрі қысқа әрі нұсқа болуы керек. Төбесінен дөп түсу керек. Былайша айтқанда, атқан оғың ондыққа тию керек. Көптеген пародистер ондыққа емес, айдалаға лағып кетіп жатады. Сосын өздері күлкіге ұшырайды. Олжастың соңғы кезде пародия жасамай жүрген себебі, айтулы тұлғалар азайып кетті. Ол Иманғали Тасмағамбетовке, Әбсәттәр қажы Дербісәліге, Мырзатай Жолдасбековке, Жүрсін Ерманға, осындай бір қамшының шашағындай бес-алты белгілі адамдарға ғана жасады. Пародия дамып тұру үшін бізден тұлғалар шығып тұруы керек. Кезінде пародияны мен жаздым және жасадым. Кімге? Шерхан Мұртазаға, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Тұңғышбай Әл-Тарази, Құдайберген Сұлтанбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова  және марқұм Заманбек Нұрқаділовке, Жанар Айжановаға. Осылардың ішіндегі ерекше қабылданғаны Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов және Заманбек.  Әсіресе, Заманбек ағамызға жасаған пародияны ел кешегі күнге дейін қайталап айтумен жүр. Өйткені онда бүкіл жан-дүниесі, бітімі сөз арқылы берілді. Бұл «Тамаша» ойын-сауық отауында бірнеше рет қайталанып көрсетілді. Сосын мен де таусылдым. Неге? Пародия жасайтын адамдарым жоқ. Бір-екі өлең айтып жұлдыз боп шыға келетін аты жоқ жұлдыздар көп қой. Оларға пародия жасауға болмайды. Онда ол мазақ боп кетеді. Олар әлі піскен жоқ, жетілген жоқ. Бұл жанр тоқтайды, тоқырайды, сосын тарайды. Пародия жоқ деп халық іздейді, ал негізгі түп тамырын көп ешкім біле бермейді.

– Дәл қазір сіздің көркем тіліңізге, сөз саптауыңызға қарап отырып, аталарыңыздың бірі болмаса, бірі атақты сықақшы болған шығар деп ойлап отырмын.

– Менің негізгі арманым бала кезімде суретші болу еді. Суретші бола алмадым. Мектепте оқып жүріп ағаш шебері болуды армандадым. Зергер. Менің жасаған кебежем, ағаш аяғым, қазанның қақпағы  ауылдағы үйде тұр. Бұл өнерге мені төртінші сыныпқа дейін  Әбу деген ұста шал үйретті. Ол ағаштан түйін түйген шебер қария еді. Күнде қасында тұрып бейімделіп кеттім. «Балам, басбармағыңды көрсетші» дейді. Көрсетемін. «Әй, сенің бармағың қайқайып тұр ғой, сен шебер боласың, ұста боласың» дейді. Сөйтсем барлық баланың бармағы қайқайып тұрады екен ғой. Ол кісі өтірік алдайды екен ғой. Қызықтырудың бір тәсілі! Салған суреттерімді  республикалық «Балдырған» журналына, «Қазақстан пионері» газетіне жіберемін, шықпайды. Бір күні тағы да сурет салып, әдейі журналға шықсын деп астына екі шумақ өлең жазып жібердім. Салған суретіме жәрдем болсын, соның мазмұнын ашсын деген ой еді. Бала кезімде велосипедім болмады. Үлкен дәрежелі кісілердің бала-шағасы велосипедтің доңғалағын, темір-терсегін лақтырып тастайды. Соның шынжырын, ер тоқымын қайта жөндеп, велосипед құрадым. Рөліне арқардың мүйізін салдым. Суретімнің атын «Құрама велосипед» деп қойдым. Сөйтіп, мазақ суретіме мынандай өлең жаздым.

«Спортшымыз Арнабек.

Велесепед құрап жүр.

Сенде рама бар ма? -  деп

Көрінгеннен сұрап жүр.

 

Жинай-жинай әр тұстан

Велосипед құрады.

Шықса бірақ жарысқа

Орта жолда тұрады».

Осы екі шумақ өлеңімді «Балдырғанға» шығарып жіберді. Сол күннен бастап мен балаларға арнап әзіл өлеңдер жазып кеттім. Егер өлең емес, суретім шыққанда суретші  болып кетуім мүмкін еді. Арман деген адамды жетектеп алып кетеді ғой әрі қарай. Мектеп бітіргеннен кейін аудандық халық театрында әртіс болып жұмыс жасадым. Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» спектаклінде Сайын болыстың рөлін ойнадым. Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу қыздар-айы» комедиясында Әубәкір ақынның рөлін сомдадым. Қалтай Мұхамбетжановтың «Қуырдақ дайын» комедиясында ең басты рөл «Ережепті» сахналадым. Тіпті ит қапқан жігіттің де басты рөлінде ойнадым. Сөйтіп, концерт те жүргіздім. Ақын ағаларымыз Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровтердің сықақтарын жаттап, сахнаға шықтым. Жұртты күлдіру керек қой. Жұрт алғашында жылы қабылдап жүрді. Бір күні Асқар ақынның «Маймұрынға май шелпек» деген сықағын оқып тұрсам, алдыңғы қатарда отырған бір әжеміз: «Өй, әдірем қалғыр, өткен жылғы әртістер де осы сықақты оқып еді. Осыдан басқа сықақ жоқ па» деп айқайлап тұр. «Олай болса ешкім естімеген сықақ өлең жазайын» деген ой келді. Сол күннен бастап сықақ жазып кеттім. Мені әзілге әкелген клубтағы әжем. Егер әжем сын айтпағанда осы күнге дейін сықақ жаттап жүре беремін бе, кім біледі. Бұл 1967 жыл болатын. Он жеті жастамын.

Кейін ҚазМУ-ге оқуға түскеннен соң «Аққу» деген клуб болды. Талантты студенттер іріктеліп, концерттік бригада құрылды. Мұнда да үш жылдай концерт жүргіздім. Кейін клуб тарап кетті. Төртінші курста оқып жүрсем «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкерлері мен ҚазМУ-де кездесу болып жатыр екен. Кездейсоқ барып қалдым. Білген жоқпын. Сөйтсем, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қалтай Мұхамбетжанов секілді  белді қаламгерлер отыр. Студенттердің бәрі сықақ оқып жатыр. Мен шықтым да Қалтай ағаның баяғы бір жыл бойы сахнада өзім ойнаған комедиясынан  үзінді оқыдым. Жұрт күлкіден қырылып қалды. Қалтай аға қатты риза болды. «Әй, өзіңде сықақ бар ма» деді. Бар дедім. Сықақтарымды жатқа оқып бердім. Сонда Қалтай ағам «Мына өлеңдеріңді ертең маған алып кел» деді.  Үш өлеңімді апардым. Екеуі «Қазақ әдебиетінің» келесі санына шығып кетті. Ол кезде республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне шығу үлкен дәреже болатын. «Сен ақынсың» деп бір белгі беретіндей қуанышты сәттер еді.

Содан оқу бітіріп, екі жыл Владивосток қаласында әскери партия мектебінде оқыдым. Офицерлік қызмет еттім. Әскери мектепте Ресейдің бай кітапханасы болды. Бес жыл ҚазМУ-де оқымаған әдемі сатираларды екі жылда орыс тілінде оқып шықтым. Қолым бос, өзім офицермін. Отыз екі солдатым бар. Не істеймін. Тапсырманы беремін де солдаттарға, азаннан кешке дейін Чеховтарды, орыс тіліне аударылған әлем сықақшыларының шығармаларын оқимын. Олардың сықақ жазудағы тәсілдері мен формаларын бойыма сыйдырдым.  «Тоғызыңда қандай болсаң, тоқсаныңда сондай боласың» деген сөз бар. Жас күнімде жинағаным тоқсаныма дейін жететін шығар деп ойлаймын.  Менің схемам осылай жасалынды.

– Қазір қайда тұрасыз? Жолыңызды қуған ұл-қызыңыз бар ма? Хоббиңіз қандай?

– Алматыда тұрамын. Ешбір ақын-жазушының балалары ақын-жазушы болып кеткен жоқ. Жалғыз Ғафу Қайырбековтің ұлы Бақытжан деген баласы ғана ақын болып кетті. Бірақ орысша тілде. Олжас Сүлейменовтің де қай қызы ақын болып кетті? Хобби деген адамға ермек қой, былайша айтқанда. Менің хоббиім тыныш жатпау!  Егер сәл тынышталып қалсам, бүкіл жұмысым тоқтайды. Тыпырлап бірінен кейін бірін істей беремін. Менің жаратылысымда тыныштық деген жоқ. Бұл туралы Қадыр Мырза Әлі «Алпысқа келген акула» деген кішкентай пікір жазды. «Бір акула болады екен туа сала акула боп өсетін. Егер сәл тоқтаса теңіздің түбіне батып кететін. Ол акулаға тоқтауға болмайды» деген жолдар бар. Мынау қарбалас өмірде  акула құсап тірлік кешпеуге болмайды. Менің өмірдегі қағидам солай.

– Ендеше, тоқтамай аман-сау жүре беріңіз, аға. Ойлаған ойыңыз бен көздеген мақсатыңыз жүзеге ассын.

Сұқбаттасқан Мира Шүйіншәлиева 

2012 жыл. «Жайық үні» газеті

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051