Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3211 5 пікір 31 Наурыз, 2023 сағат 12:05

Парламенттегі ант пен әнұран

19 наурыз күні сайланған Парламенттің 8-шақырылым депутаттарының ант беруі мен Үкімет басшысын сайлауға дауыс беруі – биліктен саяси өзгеріс күтіп, тағаты таусылған жұрттың назарын аударып, талқысына түсті.

Ата Заңның «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» бабында депутаттар беретін анттың мәтіні: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», - деп белгіленген.

Халық алдында ерекше жауапкершілік арқалайтын азаматтар жатқа білуі тиіс осы қасиетті сөздерді ежіктеп, бірінші сынып оқушысындай кібіртіктеген депутаттардың көптің наразылығын тудыруы өте орынды деп санаймыз. Ата Заңға қолын қойып ант беру керек екені қаперіне кірмейтін халық қалаулыларына қалай сенім артуға болады?!

Қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек бұл мәселені тереңінен талдапты. Оның пікірінше анттың аталған Конституциялық заңмен белгіленген мәтінін ешкімнің өзгертуге және бұрмалап айтуға құқығы жоқ!

Егер, ант мәтінінің сөздері бұрмаланса, бұл аталған заңға қайшылық жасағандық болады. Заңсыздық үшін жауапкершілікті Орталық сайлау комиссиясының басшысы мойнына алуы керек екенін алға тартқан Ауыт мырза ұйым басшысы Нұрлан Мәжитұлына екі түрлі айып тағыпты. Өз сөзімен айтсақ: «Сіз сегізінші шақырылым депутаттары ант берген кезде екі үлкен қателік жасадыңыз. Бірінші, депутаттардың антын қабылдау Сіздің құзыретіңізге кірмейді! Сіз Президенттің құқығын таптап, өз қызметіңізді асыра пайдаландыңыз. Екінші, анттың мәтінін дұрыс айта алмаған депутаттардың да антын қабылдап, «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық Заңының бұзылуына жол бердіңіз. Бұл жерде «түсіністікпен қарау» деген қазақы қағида жүрмейді...», - дейді.

Парламенттің екінші күнгі отырысында Үкіметбасы сайланды. Бұл жолы мемлекет рәмізіне құрметсіздік көрсеткен ұлты орыс екі журналистың әрекеті талқы тақырыбына айналды. Отырыс басталудың алдында сағат 11:00-де, Президент пен депутаттар сөз сөйлеуден бұрын әнұран ойналған. «Власть» басылымының екі тілшісі елден ерекшеленіп орындарынан міз бақпаған. Екі тілшісінің әнұранға, мемлекет рәмізіне көрсеткен құрметсіздігі үшін редакция кешірім сұраса да, Тамара Вааль өзінің әрекетінен әбестік көріп тұрған жоқ. Оның ойынша: «Әнұран кезінде орынынан тұрмау – журналистер жиі жіберетін қателік. Оның себебі журналистің жұмыс ерекшелігіне байланысты. Мемлекеттік әнұран орындалып жатқанда операторлар мен фотографтардың залды аралап түсіріп жатқаны сияқты шаруа – мыс».

Өзінің кәсібилігін, 17 жыл жұмыс өтілін алға тартқан, әнұранға селт етпейтін журналист мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға жазаның күшейтілгенін, ҚР Қылмыстық кодексінің 362 бабы бойынша 3000 АЕК көлемінде (10 млн теңгеден жоғары) айыппұл төлейтінін немесе екі жылға бас бостандығынан айырылатынын білсе де, бетбақтыққа басып, білмеген сыңай танытып тұрса керек.

Ал нақ майданда болған журналист Ақбөпе Тәңірберген жеке парақшасында: «Егер әнұран соңына қарай орындалса, мейлі редакциялық тапсырманы орындап жанталасып материал жазып отыр деп ақтап алар едім. Әріптестер материалдарын Президент сөзінен кейін ғана біртіндеп жазып, жариялай бастады», - дейді.

Танымал медия сыншысы Молдияр Ергебеков: «Бұл журналистердің әрекеті еш құптарлық емес. Кішкентай бала емес. Ендеше ниеттері дұрыс емес деп ойлаймын. Біреуден (мысалы шенеуніктен) «Өз міндетіңді дұрыс атқарып жүрсің бе?» деп сұрау үшін өзің де журналист, қарапайым адам ретінде елдің ниеті түзу азаматы болуың керек», - деп жазды.

Депутаттардың ант мәтінін бұзып айтуы мен журналистердің әнұранға пысқырмауы отанға, елге, мемлекетке деген немқұрайды көзқарастың көрінісі. Оның түптөркіні мемлекеттік тілдің, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейге көтерілмеуінің салдарынан болып отыр.

Әлеуметтік желіні шарлап жүрген мәлімет бойынша Қазақстанда 1200 таза орыс тілді мектеп, 2000 аралас мектеп бар екен. Бұрынғы кеңес құрамында болған республикалардағы орыс тілді мектептердің жалпы санынан да көп екен. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. БҰҰ-ға мүше 142 мемлекет Украинаға шапқыншылығын айыптап отырған Кремлдің орыс тілін саяси құралға айналдырып, өзінің геосаяси мүддесіне, экономикалық бопсасына, имперлік қылмысын бүркемелеуге пайдаланып отырғаны жалпақ жұртқа мәлім.

Соның айқын көрінісіндей дәл сайлау өткен күні Солтүстік қазақстанның орталығы Петропавл қаласында 19 адам бас қосып, «Халық кеңесі» құрылғанын, төрағасы мен хатшылығын тағайындап, «жарғысы» мен «декларациясын» қабылдағанын, Қазақстанна бөлініп «тәуелсіздік» алғандарын жариялаған. Тәуелсіз Қазақстанды «Корпорация» деп танып, оның құқықтық негіздерін мойындамайтындарын жеткізген.

Өткенде ғана Ресей қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Медведев: «Қазақстанның солтүстік бес облысы орыс жері», - деп жазба жариялап, артынан «аккаундым бұзылды» деп ақталғаны белгілі. Желдің қайдан соғып тұрғаны, арам пиғылдыларға кімнің дем беріп отырғаны айтпаса да түсінікті. Кеше Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті ел ішіне іріткі салғысы келген сепаратистерге қарсы қылмыстық іс қозғалғанын жария етті. Ант пен әнұранға жауапкерсіздік танытқандарға да шара қолданылады деп сенеміз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1518
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3294
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5882