Жексенбі, 14 Шілде 2024
5755 70 пікір 1 Сәуір, 2023 сағат 11:35

Тасмағамбетов Батысты айыптады

Жаңа жылдан бастап ҰҚШҰ-ның бас хатшылығына кіріскен танымал саясаткер Иманғали Тасмағамбетов Ресей мен Украина соғысына байланысты алғаш рет пікір білдірді. Ресейдің «ТАСС» агенттігінің хабарлауынша, Иманғали Нұрғалиұлы елдің бір бітімге келе алмай отыруына «Украинаға әскери көмек беріп отырған Батыс кінәлі» деп санайды екен.

Тасмағамбетов қазір әлемдік және өңірлік геосаяси жағдайдың шиеленісіп, оған ҰҚШҰ-ны да араласуға мәжбүрлеп отырғанын, әсіресе НАТО-ның Полша, Балтық жағалауы елдері мен Қара теңіздегі әскери қуатының адам айтқысыз деңгейге жеткенін алға тартқан. Алдыңғы айда Тасмағамбетов Ресей Қорғаныс министрі Шойгу мен Беларус президенті Лукашенкомен кездесу өткізген еді. Путиннен тактикалық ядролық қаруларын өз аумағына орналастыруды аттай қалап алған Беларус президенті Лукашенко ҰҚҰШ-ның Бас хатшысы Тасмағамбетовпен кездесуінде әскери ұйымға мүше елдерді меңзеп: «Тезірек бір жаққа шықсын», — деп тепсінген. Басқа елдерді қайдам, Қазақстан атынан ұйымның хатшылығына сайланған Тасмағамбетов бір шешімге келіп, Ресей жағында болуды жөн көрген сияқты.

Путин «арнаулы операция» деп бүркемелеген Украина мен Ресей соғысының жалғасып жатқанына жылдан асты. Біріккен Ұлттар Ұйымы соғысқа жыл толу қарсаңында Путиннің шапқыншылығын айыптап, Украинадан шартсыз түрде әскерін алып кетуге үндейтін Қарар қабылдады. Оны ұйымға мүше 142 мемлекет қолдады. Наурыздың 17-де келісім-шартына әлемнің 122 елі қол қойған Гаага соты Путинды «соғыс қылмыскері» деп танып, дереу тұтқындауға ордер берді.

АҚШ пен Еуродақ Ресейге салынған экономикалық санкцияны қайта бағамдап, Кремль жағына шығып, астыртын жолмен әскери көмек көрсеткендерге жазаны күшейтті. Оған жауап ретінде Путин тактикалық ядролық қаруларын Беларусқа орналастыратынын, ядролық қаруларды атуға қабілетті ұшақтардың әлде неше данасы Лукашенконың ұсынысымен тапсырылғанын, шілдеге қарай тасымал жұмысы толық аяқталатынын жеткізді. НАТО да қарап жатпай мұздай қаруланған 300 мың әскерін Полша, Норвегия, Эстония мен Латвияға орналастырып жатқанын қадап айтты. Күні кеше, ҰҚҰШ Бас хатшысы Кремльдің қолайына жағатын пікір білдірген жұма күні Путин Эстония мен Лативия елшілерін өз еліне қайтаруға жарлық шығарды.

Қытай басшысы жуықтағы Мәскеуге сапары аясында Ресеймен Батысты, Американың өзге елдерге ядролық қаруларын орналастыруын айыптайтын бірлескен мәлімдеме жасағаны белгілі. Путинның аузынан «тактикалық ядролық қарудың» сыбыры шыққалы бері әлем елдерінің назары Беларусқа ауды. Тасмағамбетовтың Лукашенкомен, Шойгумен кездесуінен мәлім болғанындай, биыл Лукашенко елінде ҰҚШҰ-ның бір емес, 5 әскери жаттығуы өтеді.

Путинның тактикалық ядролық қаруының ізін аңдып отырған НАТО Тасмағамбетов басшылық ететін ұйымның белсенді әрекетін назардан тыс қалдырмасы анық. Мұның бәрі айналып келгенде Имекеңе тиімсіз. Тасмағамбетовтың күйеу баласы Кеңес Рақышовтың "Форбс" тізіміндегі миллиадер екені, қызының да қайырымдылық қорларға жетекшілік ететіні жұртқа аян. Тасмағамбетов Путинмен Лукашенкоға жақын шенеуніктер сияқты Батыстың санкциясына ілінсе, оны Рақышовтың Байден отбасымен байланысы да құтқара алмауы мүмкін.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

70 пікір

Үздік материалдар

Абай мұрасы

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Досым Омаров 1193
Ой түрткі

Әлмерек абыздың оралуы - Елге діннің оралуы

Бақтыбай Айнабеков 1866
Көршінің көлеңкесі

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Бейсенғазы Ұлықбек 1912