Қазақстанның әскери техникасы жаңартылуда
Global FirePower 2023 жылға арналған әлем елдерінің әскери күші бойынша рейтингін жариялады. Тізімде 145 мемлекет бар.
Әскери күштің индексі 60 түрлі фактор бойынша есептелген: Қарулы Күштердің саны, қорғаныс шығындары, әскери техниканың көлемі, ресурстарға қол жетімділік және басқалары.
АҚШ, Ресей және Қытай өткен жылғыдай көшбасшылық орнынан түспеген.
Орталық Азия елдері арасында Өзбекстан тізімнің алдыңғы қатарынан көрініс тапқан – 62-ші орында. Екінші Қазақстан – 63 орында, Түрікменстан - 82 орын, Қырғызстан-107 орын, Тәжікстан - 120 орында тұр.
Ресей әскерінің Украинаға ашық соғыс ашуы көптеген елдерді қорғаныс саласына қайта қарауға мәжбүр етті. Әлемдегі геосаяси ахуал нашарлап, мемлекеттер қайта милитаристік көзқарасты ұстануға көшкендей. АҚШ бастап, Батыс қостап, әлем елдері қорғаныс саласының бюджетін еселейтінін айтты. Соның ішінде біз де бармыз.
Осы ретте Қазақстан өзінің әскери техникасын 2030 жылға дейін жаңалайтыны хабарланған.
«Армияны қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру әскерлердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі жүктелген міндеттерге сәйкес жүзеге асырылады»,-деді Қазақстан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.
Қазақстан Қорғаныс министрлігі бұл мәселеде маңызды рөл қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне (ҚӨК) жүктелгенін айтты.
«Дамыған отандық ҚӨК мемлекеттің әскери-экономикалық қауіпсіздігінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылатыны анық. Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес Ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі құжат Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы болып табылады», - деді министр.
Жақсылықовтың айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын салу және дамыту тұжырымдамасының 2030 жылға дейінгі жаңа редакциясы бекітілген.
Тұжырымдама, оның ішінде Қарулы Күштердің техникалық жабдықталуын арттыру үшін нақты міндеттер мен көрсеткіштерді іске асыру кезеңдерін қамтиды.
Сондай-ақ Президенттің 2018 жылғы 28 мамырдағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қайта жарақтандыру және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы қолданылады.
«Тұжырымдамада Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қайта жарақтандыру мүддесінде ҚӨК дамуының мақсаттары мен міндеттері, негізгі бағыттары мен кезеңдері айқындалған», - деп хабарлаған еді министр.
Биыл әскерлерді озық қару-жарақпен және басқару жүйелерімен жарақтандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасын тапқан.
Негізгі басым бағыттар пилотсыз ұшу аппараттары, атыс қаруы, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ пен оқ-дәрілер, әскери техника және арнайы операциялар күштеріне арналған қару-жарақтарды сатып алу.
«Қорғаныс министрлігі үшін қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде жүргізіледі. Ағымдағы жылы 110 бірліктен астам әскери техника сатып алынып, әскерге түсті. Әуе қорғанысы күштері 4-ші буынның заманауи көпфункционалды, соқпалы және көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен, әскери-көліктік ұшақтармен және оқу-жаттығу ұшақтарымен жарақтандырылады. Таяу мерзімді перспективада испандық Airbus military компаниясы шығарған а400м әскери-көлік ұшақтары жеткізілмек. Орта класты әскери-көлік ұшақтарының желісін сатып алу жалғасуда. 2023 жылы осы компанияның кезекті С295М ұшағы жеткізіледі»,-деген болатын ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалединов.
Осылайша әскери қару-жарақты жаңалау, сатып алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Тұтастай алғанда, Қазақстанның Қарулы Күштері қару-жарақтың, әскери техниканың және басқа да материалдық құралдардың негізгі түрлерімен қамтамасыз етілген. Ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мүддесінде басқа мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық аясы кеңеюде.
Global Firepower рейтингінің талдауы бойынша бүгінгі таңда ҚР авиациясында 237 ұшу аппараты, құрлық әскерлерінде 300 танк, 5,2 мың жауынгерлік броньды машиналар, 246 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар, 456 бірлік сүйретілетін артиллерия және 407 реактивті жүйелер бар. Әскери персоналдың жалпы саны 77 мың адамды құрайды.
Рейтинг әрине маңызды. Бұл кем-кетігіңді түзеп, алға жылжуға қажеттіні анықтау үшін керек. Алайда рейтинг әскердің жағдайын нақты сипаттамайды. Рейтингті жасақтау сәтінде көптеген мемлекеттер саяси қулыққа басады. Бірі қару деңгейін азайтып көрсетсе, енді бірі ұлғайтып көрсетеді. Әскери бюджет пен әскер санына да қатысты дәл солай. Әскердің шынайы келбетін соғыс жағдайы ғана көрсете алады. Мысалы рейтингте 2-ші орында тұрған Ресей әскері, рейтингте 15-ші орында тұрған әскерді ұрыс даласында тізе бүктіре алмай келеді.
«Соғыс – кімдікі дұрыс екенін анықтамайды. Соғыс – кімнің аман қалатынын анықтайды», - дейді ойшыл Бертран Рассел. Сондықтан, әскери бюджетті ұлғайту маңызды екені анық. Қару-жарақты қазірден қамдау керек. бізге заманауи қару-жарақ керек. Былтыр қабылданған әскери доктринаның қалай болатынын алдағы уақытта көре жатармыз. Десе де, Қазақстанның ұрыс жағдайында жаңа қару сатып алу мүмкіндігінің болуы, әлемнің бірқатар елдерімен қорғаныс саласында келісім жасай алуы, қазақ сарбаздарын өзге елдерге оқыту және тәжірибе алмасуға жіберу мүмкіндігінің болуы, халықаралық дәрежеде имиджінің жоғары болуы және дипломатиялық беделге ие болу. Осы артықшылықтар Қазақстан әскерін қуатты ете түседі.
Abai.kz