Сәрсенбі, 17 Шілде 2019
Жаңалықтар 1651 0 пікір 23 Сәуір, 2013 сағат 10:33

Бауыржан ОСПАНОВ, "ZHERSU" инвестициялық-өндiрiстiк корпорациясының басшысы: ШЕНЕУНІК БОЛУҒА ҰМТЫЛМАЙМЫН, МЕН БИЗНЕСТІҢ АДАМЫМЫН

- Жалпы, сіздің атқарып жатқан істеріңіз көп, еліміздегі бірнеше саланы қамтып, үлкен жетістікке жеткізіп жатқаныңыз белгілі.  Қайырымдылық шараларыңыз өз алдына. Кәсіпкер болған соң еліміздегі осы салаға қатысты шешімін таппай жатқан мәселемен жиі ұшарасатын шығарсыз. Тәжірибелі кәсіпкер ретінде Қазақстандағы кәсіпкерліктің даму барысы қандай және еліміздің экономикасын дамытудағы кәсіпкерліктің аяғына тұсау болып отырған жайттарды айтып берсеңіз.
- Қазіргі экономикамыздың дамуын, кәсіпкерлікті қолдауды 90 жылдармен салыстыруға болмайды. Көп істер атқарылып жатыр. Бірақ, бәрі ойдағыдай жүргізіліп жатыр деп айта алмаймын. Үлкен, орта және шағын кәсіпкерлік деп жатамыз, осылардың Жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қосып жатқан үлесі өте төмен. Әрине, біз дамушы ел ретінде, өзімізді дамыған елдермен салыстырамыз. Қазір бизнесті тіркеу саны көп. Осыншама мың компания ашылды дегенімен, олардың жұмыс істеп, еліміздің экономикасына қосып жатқан үлесі айтарлықтай көп емес. Бұрын кәсіпкерлікпен айналысу жаппай сәнге айналған. Қазір бұған көбі бара бермейді. Меніңше бұл дұрыс бағыт емес. Сондықтан кәсіпкерлікке жағдай жасалу керек.
- Нақты қай жағынан жағдай жасау керек? Заңдық мәселелері жағынан ба?

- Жалпы, сіздің атқарып жатқан істеріңіз көп, еліміздегі бірнеше саланы қамтып, үлкен жетістікке жеткізіп жатқаныңыз белгілі.  Қайырымдылық шараларыңыз өз алдына. Кәсіпкер болған соң еліміздегі осы салаға қатысты шешімін таппай жатқан мәселемен жиі ұшарасатын шығарсыз. Тәжірибелі кәсіпкер ретінде Қазақстандағы кәсіпкерліктің даму барысы қандай және еліміздің экономикасын дамытудағы кәсіпкерліктің аяғына тұсау болып отырған жайттарды айтып берсеңіз.
- Қазіргі экономикамыздың дамуын, кәсіпкерлікті қолдауды 90 жылдармен салыстыруға болмайды. Көп істер атқарылып жатыр. Бірақ, бәрі ойдағыдай жүргізіліп жатыр деп айта алмаймын. Үлкен, орта және шағын кәсіпкерлік деп жатамыз, осылардың Жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қосып жатқан үлесі өте төмен. Әрине, біз дамушы ел ретінде, өзімізді дамыған елдермен салыстырамыз. Қазір бизнесті тіркеу саны көп. Осыншама мың компания ашылды дегенімен, олардың жұмыс істеп, еліміздің экономикасына қосып жатқан үлесі айтарлықтай көп емес. Бұрын кәсіпкерлікпен айналысу жаппай сәнге айналған. Қазір бұған көбі бара бермейді. Меніңше бұл дұрыс бағыт емес. Сондықтан кәсіпкерлікке жағдай жасалу керек.
- Нақты қай жағынан жағдай жасау керек? Заңдық мәселелері жағынан ба?
- Бұл мәселе бұрыннан айтылып келе жатыр. Оның үстіне экономикалық дағдарыс келіп қосылды. Дағдарыс кезінде көптеген кішігірім, орта компаниялар жабылып қалды. Бұған Кеңес кезінде ашылған, қалыптасқан, шикізат өндіретін компанияларды жатқызуға болмайды. Оларға қай кезде болсын сұраныс бар. Дайын зауыт, дайын шикізат, сондықтан аса капитал салуды қажет етпейді. Ал осы 20 жылдың көлемінде ашылып, жұмыс істеп жатқан компаниялардың жағдайлары мәз емес. Бұл мәселе еліміздегі банктердің банктік жүйесіне де байланысты болып тұр. Кәсіпкерлерге мерзімі ұзақ, арзан несие керек. Ал біздегі банктердің пайыздық саясатын өздеріңіз білесіздер. Меніңше дағдарыстан шығарда банктердің жүйесін реттеу керек еді. Мәселе, миллиардтап ақша бере салуда емес, банктерде нақты, ашық механизм болу керек. Ол мемлекеттің қадағалауында болуы қажет. Сонда ғана бизнеске жағдай жасалып, көздеген мақсаттар жүзеге аспақ. Қазір несиенің орташа пайыздық көлемі 15-17 пайыз. Сондықтан қазіргі бизнестегілер көп болса 10-20 пайыз ғана пайда көреді.
- Сіздің компанияңыздың жұмысы неден басталған еді?
- Мен электроэнергетика саласынан бастадым. Компания 20 жылдан астам уақыт үлкен-үлкен жобалармен жұмыс істеп келе жатыр. Әрине, қиындықтар болды. Бастапқыда электроэнергетика саласына қажетті материалдармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін сауда үйін аштым. Одан барып энергоқұрылыс компаниялары тоқ жүйелерін, подстансаларды салуға ұсыныс жасады. Мойнақ сияқты стансаларды салумен айналысып келеміз. Мемлекетіміздің әр саласында  бірнеше жылға арналған үлкен жобалармен жұмыс істейміз. «Батыс транзит» компаниясымен бірлесе отырып Қостанай мен Ақтөбенің ортасына 24 миллирдқа концессиялық жоба салдық. Ол 17 жыл біздің  бақылауымызда болады да, кейін мемлекетке қайтарылады. Біз бұл жоба үшін инфрақұрылымдық облигация шығардық. Яғни, зейнетақы жинау компаниялары, банктерге бағалы қағаздар ұсындық. Осылайша біз бұл жобаға ақша тартып, Ақтөбе облысына Солтүстіктегі артық электроқуатын тартып бердік.  Қазақстанда жалғыз осы облыс қана электроқуатының жетіспейтін бөлігін Ресейден алатын. Бұл стансаны әлі де кеңейтіп жатырмыз. «Алма» подстансасын биыл бітіріп беруіміз керек болған, бірақ былтыр энергетиктеріміз ертерек салып берді. Мойнақтағы ГЭС-тің бірінші кезеңін салып, контррегуляторын бітіріп бердік. Зауыттарымыз біраз жұмыс істеп жатыр. Қазір «Жезқазған-Бейнеу», соның ішінде «Шалқар-Бейнеу» жобасына кірісіп жатырмыз. Біз облыс, министрлік, ұлттық компаниялардың кез-келген тапсырмасын жобалауынан бастап, соңына дейін толық салып, тапсырамыз. Жиырма жылдың ішінде осындай ірі және шағын жобалармен жұмыс істеп келе жатырмыз. Әрсалалы, көп бағыттағы холдинг болғандықтан әрқайсысының өзінің бағыты, стратегиясы бар. Сол бағытта табанды еңбек етіп келеміз.  
- Ауыл шаруашылығымен де айналысып жатырсыз. Қазіргі озық технология толық жете қоймаған біздің елімізде бұл салада жұмыс атқару да оңай емес шығар. Жетістіктеріңіз қандай?
- Ауылда өскендіктен бұл саламен де айналысудамыз. Қой шаруашылығы екі бағытта - біреуі жүн беретін меринос қойы болса, екіншісі қазақтың ақ қойы. Сиырдың ет те, сүт те беретін түрлері бар. Қазір көбіне сүт беретін сиыр асырауды жөн көріп, Ресейден 200 бас сиыр әкелдік. Ферма соңғы технологиялармен жабдықталған. Сондықтан фермада 50-60 сауыншы жұмыс істеу керек болса, бізде 4-5 адам ғана жұмыс істейді. Бұл салада да жоғары көрсеткіш көрсетіп келеміз. Малдардың бәрі асыл тұқымды. Жылқы малынан қазақы пародалар, ақалтеке, ағылшынның жылқы зауытынан алынғандарды ұстап отырмыз. Мал ұстаған соң оның жем-шөбі керек, сондықтан егін шаруашылығымен де айналысудамыз. Соя, жүгері, бидай, арпа, қарақұмық, жоңышқа тағы да басқа дақылдарды егеміз. Мұның бәрі малымызды азықпен қамтамасыз ету үшін. Малдар асыл тұқымды болғандықтан, олар жем-шөпті көп жейді. Бізде ғалымдар да жұмыс істеп жатыр. Ет болса етін молайту, сүт болса сүтін қалай көбейту жолында ғалымдарымызбен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Екінші жағынан астықтарды шетелге шығарып та жатыр.
- Ауыл шаруашылығына келгенде бізде шешімін күтіп тұрған мәселелер көп. Әртүрлі бағдарламалар жасалып жатқанымен нәтижесі мардымсыз, мал әкелсе ауру, техника әкелсе сапасыз. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Жалпы қай салада болса да қателіктер, кемшіліктер болмай қоймайды.  «Жұмыс істемей, тек жатқан адам ғана қателеспейді» дейді ғой. Мен ауыл шаруашылығы бағытында қыруар жұмыс атқарылып жатыр деп ойлаймын. Дегенмен, менің де келіспейтін жерлерім бар. Мысалы, сиырды жайылым арқылы немесе қамап қою арқылы асырау деген болмайды. Себебі біздің еліміздің аймағы әртүрлі. Әр облыстың, ауданның өз ерекшелігі бар. Кеңес кезінде бізде әр аймақта әртүрлі астық, малдың әр түрі болды. Сырттан мал әкелген де дұрыс. Бірақ мал жоқ дегенде бір ай карантинде тұру керек. Содан оны климатқа бейімдеу үшін қай тұқым қай жаққа бейімделетінін анықтап,  аймақтарға бөлу керек. Мен бала кезімнен ауылда өскен адаммын. Бізде де көп мал аурулары болған. Бруцеллез, аусыл сияқты аурулардан мал отарымен құритын. Бірақ, ол кезде қазіргіге қарағанда ветеринариялық қызмет жақсы болды. Сонымен ғана ұстап отырды. Біздегі аурулар шетелден келген жоқ, ішкі миграциядан болды. Бір ауданнан бір ауданға, облыстан облысқа қалай болса солай ауысты. Сырт елден келген мына соңғы аурулар ғой. Шет ел де ақымақ емес шығар. Олар малды өзге елге шығарарда карантинге қояды. Онсыз өткізілмейді. Бұған бағдарламаны жасаған адамдар кінәлі емес. Біреуді кінәлап, айқай  шу шығармай жан-жақты зерттеп, тексеру керек. Дамыған мемлекеттер қалай істейді? Мысалы, мен Аргентинаның тәжірибесін зерттедім. Олар өз ауруларын жеңді де, қасындағы көрші мемлекеттердің де ауруларын жоюға қомақты ақша бөліп, бірлесіп жұмыс істеді. Бірақ Қазақстанның территориясы өте ауқымды. Бізге өз аймақтарымызды қамтуымыздың өзі қиын. Сондықтан көрші мемлекеттермен бюджетті біріктіріп, бірлесе отырып аурулардан айығуымыз керек. Ол үшін ветеринарлық қызметті қайтадан жоғары деңгейге көтеру қажет. Кеңес кезінде біздің ауылшаруашылығымыз алдыңғы шепте, ең үздік болатын. Сондықтан бұрынғы болған, жеткен жетістіктерімізді қайта дамыту керек. Мықты дәрілерді өзімізде шығарып, Институттар жақсы жұмыс істеу керек. Малды мыңдап әкелгенмен, оған лайық тамағы, жағдайы жоқ болса, асыл тұқымды малың қырылып қалады.  Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың нақты механизмі болмай кемшіліктерге тап бола береміз.  Мен қай саланы алса да жұмыс істеп келе жатқан адам ретінде айтып бере аламын. Ең алдымен ауыл шаруашылығымен айналысатындар ғылымға жүгінгендері жөн. Облыстарда, аймақтарда жұмыс істеп жатқан тәжірибелі ғалымдармен, институттармен бірлесіп, тәжірибе алмасу керек. Менің ішімнің ашитыны, триллиондар шетелге техника сатып алуға кетіп жатыр. Негізгі бізге керегі комбайн мен трактор ғой. Осыны өзімізде жасамасақ та, тым болмаса құрастыратын уақыт жетті ғой. Ауыл шаруашылығымен айналысатындардың арзан, сапалы техникаға қолы жетпейінше, бұл саламыздан нәтиже күту бекер. Бұл тек қана ауылшаруашылығы министрлігінің проблемасы емес. Бұл Үкімет деңгейінде жасалатын жұмыс. Ол үшін бірлесе отырып  механизмін жасау керек. Сол кезде ғана бір нәтижеге жетуге болады.
- Кремний, кварц сияқты табиғи қазба байлықтарына байланысты өндіріс орындарын ашып жатқан көрінесіз...
- Мен ол саланы сатып жібердім. Қазір мен сырт мемлекеттерге шығып жатырмын.
- Кай мемлекеттерге? Қандай сала бойынша?
- Африка мемлекеттеріне. Бірақ қай сала екенін кейін іске асқан соң бірақ айтайын. Қазіргі кезде тиімді, қызықты болғандықтан сол жақтармен жұмыс істеудемін. Бизнесте қай жерде жағдай жасалады, сол жерге барады ғой. Бизнесте тұрақтылық керек. Африкада жердің бетінде жатыр, ал біз жердің астына кіріп кеттік. Бизнесте мемлекет бізді демеп, жағдай жасап отыру керек. Мен бизнесті жиырма жасымда бастадым, қазір 44-мін. Қазір тәжірибем мол, бірақ маған бизнесті қайтадан бастайсың ба десе, мен бастамас едім. Кәсіпкерліктің жолы өте қиын. Адамға көп ешнәрсе керек емес. Мен тамағымды жай инженер болып та табамын. Қазіргі жастар да ақымақ емес қой, бизнес жасау қиын екенін біледі. Сондықтан барып шенеунік болайын дейді. Меніңше, негізі капитал байлық емес, адам капиталы. Сондықтан адам ретінде қалыптасу мен үшін маңызды. Өз-өзін толық қалыптастыру жолында жұмыс істеу керек. Адам өз-өзіне сұрақ қою керек. Әртіс болса, жақсы әнімді айттым ба, жазушы болсам жақсы кітабымды шығардым ба дегендей.
- Кәсіпкерлікке қайтып бармас едім дейсіз. Көп салада тәжірибелі маман ретінде сізді билікке шақырса, министр болуды ұсынса барар ма едіңіз?
- Жоқ. Адам қай салада мықты, сонда қалуы керек. Болғысы кеп жүргендер көп қой. Солар істей берсін. Мен бизнестің адамымын. Осы салада ғана істейтінімді нақты айта аламын. Жақсы бизнесмен жақсы шенеунік бола алады деген шынайылыққа жақын. Ал жақсы шенеунік жақсы бизнесмен бола алады дегеннің мүмкіндігі аз деп жатады. Мен кәсіпкерлерді мақтап отырғаным емес. Бизнестегі адам өз тамағын өзі тауып жүрген адам. Ал шенеунікке мемлекет жалақысын, жұмыс істеу үшін бюджетін бөліп береді.  Ал ол оны уақытылы игеріп, ісін жүргізсе бір жөн. Сондықтан маған еркіндік керек. Мен қай салада болсын бастаған нәрсені аяқсыз қалдырған емеспін.
- Бизнесте қандай деңгейге жеттім деп ойлайсыз?
- Мен әр нәрсені әлемдік тәжирибемен салыстырамын. Атқаратын дүниелер жетерлік.  Бізде жағдай жасалса, олардың ата-бабасы істеген, бірнеше ұрпағы жасаған дүниені біздің бір-ақ ұрпақ жасап салуы мүмкін. Оған біздің біліміміз де,  күшіміз де жетеді. Ол үшін құқықтық және қаржылық жағдай жасалу керек. Жоғарыда айтқандай арзан, ұзақ мерзімді несие беруден басталады.
- Қайырымдылық шараларын көп жасайсыз. Қолдау көрсетіп жатқан бастамаларыңыз, спортқа, өнерге көрсетіп жатқан қолдауыңыз жетерлік. Мұндай қадамға кәсіпкерлердің бәрі бара да бермейді.  Сізге өздері ұсыныспен келе ме, әлде осы мақсатта өзіңіз ізденесіз бе?
- Бұл орайда бизнесте жүргендер, жай адамдар деп бөлуге болмайды.   Бір тиыны болмаса да, бір ауыз жылы сөзі де жетеді қайырымдылықта.  Әркім өзінің мүмкіндігінше қолдау көрсете алады. Ол адамның тәрбиесіне байланысты. Адам болған соң біз де ойлаймыз, артымда қандай ісім қалды деп. Өзім ғана бола берсем деуге болмайды. Мүмкін менің жаратылысым солай шығар. Мен адамдарды екіге бөліп қараймын. Біреуі берсем десе, біреуі ала берсем дейді. Ал жасап жатқан қайырымдылыққа келсек, бұл қасиет қазақтың қанында бар емес пе?! Ата-бабаларымыздың небір өнегелі істері, ғибратты сөздері бізге үлгі болуы тиіс. Қарақан басымызды ойлап отыра берген болмас. Істелмей жатқан дүниені көрсем, ешкімге айтпай өзім істегенді жақсы көремін. Мысалы, «Дарабоз» байқауын өткізіп  жатқанымызға  8 жыл болды. Осы салада мультфильм жоқ, ертегі жоқ, кітап жоқ деп жатамыз. Сондықтан сол бастаманы көрейік деп, Жазушылар одағымен бірге балалар әдебиетіне шығармашылық бәйге ұйымдастырдық. Қазір жылына 700-800 шығарма қосылады. Бір жыл бойы шығармалар іріктеліп, соның ішіндегі он екісін таңдап, балаларды қорғау күні, 1-ші маусымда қорытындысын шығарамыз. Жүлдегерлер қомақты қаржысын алады және шығармаларды кітап қылып шығарамыз. Сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстарына көмектесіп келемін. Себебі ата-бабамыздың жеткен жетістіктерін білуіміз керек. Келер ұрпақ білуі тиіс. Жалғыз қазақ қана таңқалатындай емес, әлем таңдай қағатындай дүниелер елімізде табылып жатыр. Ал спорт саласына келсек, қазақ өзі жауынгер халық қой. Тіпті білімге жете алмаса, спортпен намысты жібермей қазақтың мықтылығын көрсетсін. Сол үшін қолдап жатамыз. Биыл өз ауылымда ағылшын тілінде тереңдетіп оқытатын физика-математикалық гимназия ашуды қолға алып жатырмын. Облыс әкімі де қолдауын көрсетіп жатыр. Қаладан мамандарды тарту үшін оларға үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Олар балаларға жақсы білім берулері үшін жақсы жалақы тағайындауды көздеп отырмын. Бұл жобаға байланысты арнайы қор құрдым. Ауылдың балалары табиғатынан білімді, дарынды болып келеді. Сондықтан оларға барлық мүмкіндік жасау үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Шынар Шәкен

"Халық сөзі" газеті

0 пікір