Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 2904 11 пікір 19 Сәуір, 2023 сағат 12:56

Үкімет отырысы: Президент не дейді, Үкімет не дейді?

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңейтілген Үкімет отырысы өтті.

Жиында премьер-министр Әлихан Смайылов, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Облыс әкімдері, министрлер, партия, фракция жетекшілері қатысты.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, қаңтар-наурызда елдің ЖІӨ 4,9 пайызға өскен.

«Биыл Жаңаөзен қаласында жалпы қуаты 900 млн текше метр жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталады», - деді Смайылов.

Үкімет жетекшісінің айтуынша, кейінгі төрт аптада елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттамаған. Наурызда инфляция төмендеген.

Еңбек шиеленістері туралы айтқан вице-премьер Алтай Көлгінов батыс өңірлерде «кейбір кәсіпорындарда қауіп сақталып отыр» деді. Бірақ кәсіпорындардың атын атамады.

«Қазақстанда мұнай-газ өндіретін кәсіпорындарға сервистік қызмет көрсететін компаниялармен еңбек келісімшарттары 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартуы мүмкін», - деді вице-премьер Алтай Көлгінов.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың ауасын жақсарту үшін газдандыру жүріп жатыр деді. «Қазір 12 мыңнан астам абонент, N1 және N2 жылу орталықтарындағы 16 қазандық, 13 автономды жылу станциясы газға көшірілген», - деді ол.

Жуырда Астанадағы жаңаөзендік мұнайшылардың наразылығынан кейін елде мұнай-газ компанияларына қызмет көрсететін мердігер компаниялармен келісімшартты ұзарту мәселесі айтыла бастаған еді. Бұл Астанада қазір ҚазМұнайГаз және жаңөазендік мұнайшылармен жүргізіліп жатқан келіссөз кезінде де айтылған. Қазір келіссөз жалғасып жатыр.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Биыл 39 мың жұмыс орны, соның ішінде 32,5 мың тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлап отырмыз», - деді.

Оның айтуынша, жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін облыс бюджетінен 1,4 млрд теңге бөлінген.

Ноғаев еңбек дауына байланысты есептік кезеңде 17 еңбек дауы тіркелгенін,қазіргі таңда 5 еңбек дауы шешіліп, 12-сі мониторингте тұрғанын айтты.

Тоқаев: «Мұнай-газ саласына қарап отырған Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылданды», - деді.

Оның айтуынша, «мұнайшы болғысы келетін жастар көп, бірақ бұл дұрыс емес. Мұнай қоры таусылған кезде аймақтағы ахуал күрделі болып кетуі мүмкін».

Билік өңірді дамыту үшін түрлі бағдарламалар қабылданғанын бұған дейін де айтқан, алайда жергілікті тұрғындар одан нәтиже аз деп санайды.

Үкімет кеңесінде былтыр апат болған Екібастұз жылу орталығын жаңарту қажеттігі, апатқа жол бермеу маңыздылығы айтылды. Бұған қоса, қаладағы ГРЭС-1 энергоблогын іске қосып, ГРЭС-2-нің екі жаңа блогын сала бастау керектігі айтылды.

Бұған дейін жергілікті БАҚ Екібастұздағы екі энергоблокты салуға Қытай компаниясы қызығушылық танытып отырғанын жазған.

Бірқатар аймақта наразылық туғызған жанармайдың қымбаттауы туралы Тоқаев тарифті амалсыз көтеруге тура келетінін айтты.

«Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек», - деді президент.

Тоқаев Астанадағы су тапшылығы «құрылыстың көбеюі» себеп болғанын айтты. Ол бұл бір қаладағы ғана емес, тұтас аймақтағы ірі мәселе деп, халықты суды үнемдеуге шақырды.

Тоқаев иесіз иттерге қатысты көп шағым түскенін алға тартып, «билік өкілдері мұнымен айналыспайды, жағдай бақылаудан шығуы мүмкін» деп ескертіп, шара қолдануға үндеді.

Тоқаев бұл сөзін елде жануарларға қатыгездік жасалғаны жөнінде ақпарат жиі шығып жатқан шақта айтып отыр. Жануарларды қорғаушылар иесіз ит, мысық және өзге де жануарларды азаптағандарға жауапкершілікті күшейтуді ұсынып келеді.

Қалалардың сыртқы келбеті, көркін сынаған Тоқаев Шығыс Еуропа, Балқан елдерін мысал ретінде келтіріп, ол жақта тек қала билігі ғана емес, қала көркін жақсартуға жергілікті тұрғындар да атсалысып жатыр деді.

Президент Ұллтық қордан қаражат ала беруді доғару керегін айтты.

«Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым. Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажет жағдайда, дағдарыс кезеңінде пайдалануымыз керек.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жан басына шаққандағы қаржыландыру институтын, әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тарту үшін толық көлемде пайдалану қажет», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырғанын еске салды.

«Қазір мемлекеттік жоспарлау жүйесінде 163 құжат бар. Оның әрқайсысы орташа алғанда 40 іс-шараны қамтиды. 2010 жылдан бері созылып келе жатқан тапсырмалар бар. Тапсырмалардың өзектілігін қайтадан мұқият қарау қажет. Қағазбастылық керек емес.

Мен соңғы кездегі жаһандық үрдістерді ескеріп, 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырдым. Бұл ұзақ мерзімге арналған құжат болуға тиіс. Онда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар айқындалуы керек. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары өзектілігін жоғалтты деп ойлаймын. Сол себепті жаңа құжат әзірлеу қажет. Онда еліміздің орта мерзімге арналған мақсат-міндеттері нақты белгіленуге тиіс.

Бұл құжат мемлекетімізді дамытуға қатысты барлық мәселені қамтуы қажет. Сайлау алдындағы бағдарламам да ескерілуі керек. Оған Мәжіліс сайлауында жеңіске жеткен «Аманат» партиясы бағдарламасының негізгі тұстарын қосқан жөн. Басқа партиялардың орынды ұсыныстарына да баса мән берген абзал»,-деді ол.

Тоқаев қазір арқаны кеңге салып отыруға уақыт емес екенін ескертті.

«Жүктелген міндеттерді орындау үшін дереу іске кірісу керек. Тапсырмалар мүлтіксіз және уақтылы орындалуға тиіс. Әйтпесе, салдары ауыр болады. Реформалардың нәтижесін әрбір азамат нақты сезінуі қажет», - деді ол сөз соңында.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588