Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 3842 5 пікір 20 Сәуір, 2023 сағат 14:52

Қазақ жер-су аттарының шетел архивтеріндегі атаулары

Жоңғар Алатауы ма, әлде Үйсін Алатауы ма? Теке ме, әлде Уралск пе? Қызылжар ма, Петропавл ма?

Қазақ жер-суларының карталық деректемелері

Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Алатау қазір Жоңғар Алатауы (кейде Жетісу Алатауы) деп аталады. Тарихи карталарға көз жүгіртейік. 1728 жылы бүкіл қытайды билеген шүршіттің Юнчжэн патшасының Еуразия картасы баспадан шықты. Карта шүршіт тілінде сызылды. 1760 жылдары шүршіт (Мәнжу) патшасы Цяньлун француз картографтарының көмегімен өзінің әйгілі картасын баспадан шығарды. Ол Юнчжэн картасындағы қазақ жерлерін көшіріп сызғаннан бөлек, қазақ жерінің басқа жерлерін толықтап, картаға енгізді. Біз үшін маңыздысы – аталмыш екі картадағы қазақ даласының жер-су аттары еді. Балқаш көлінің жанына Алак алин деген тау сызылады. Алин шүршіт тілінде тау деген мағына береді. Алак – Алатаудың жоңғарша немесе шүршітше аты еді. Өйткені 1728 жылдары Жетісу әлі де Жоңғар хандығының билеуінде болатын.

(Карта 1) 1728 жылғы шүршіттің Юнчжэн картасындағы Алатау

Клапроттың 1836 жылғы Орталық Азия картасында аталмыш тау Алатау деп аталды, «Жетісу», «Жоңғар» деген құрамы жоқ.

(Карта 2)

Одан ертеректегі 1831 жылғы Левшин картасында Алатау «Үйсін Алатауы» деп аталды. Левшин картасында Алатаудың күнгей жағында Сүйік Аблайхановтың жайылымдық өңірі көрсетілген.

Ағылшын жиһанкезі Аткинсон [Thomas Witlam Atkinson (1799–1861)] 1847-1853 жж. аралығында қазақ даласын аралап шығады. Оның ұлы Алатау Тамшыбұлақ Аткинсон 1848 жылы 4 қарашада қазіргі Қапал жеріндегі Тамшыбұлақта дүниеге келген. Әкесі оған туған жерінің атымен Алатау Тамшыбұлақ (1848-1906) деп ат қояды. Алатау Тамшыбұлақтың ұрпақтары Алатау деген фамилиясын қазірге дейін қолданып келеді. Сондықтан Жоңғар Алатауының 18-19 ғасырдағы өз аты «Алатау» немесе «Үйсін Алатауы» болған.

Қазақтар Сүйікті Сөк Төре деп те атайды, ағылшын деректерінде Сұлтан Соук, орыс деректерінде Суюк деген атпен танымал, Абылай ханның ұлы, ел айтқандай 52 жыл бойы жалайыр, шапырашты руларын басқарған. Левшин картасында Сүйіктің иелігіндегі жерлерде жалайыр, шапырашты рулары көрсетілген. Осы арада ескерте кететін жәйт, Үйсін Алатауы деген атау Сүйікке қарасты ұлы жүз үйсін руының атынан шыққан.

1825 жылғы орыс архивінде үйсіндер туралы мынадай мәлімет кездеседі: «Үлкен Ордадағы (ұлы жүздегі) қазақтарды жалпы үйсіндер деп атаған. Олар бес руға бөлінеді: 1) Дулат, 2) Албан, 3) Жалайыр, 4) Шапырашты, 5) Суан».

Сүйік Сұлтан және оның отбасы

(Карта 3)

Левшин картасында Алатаудың күнгей жағында Сүйік Аблайхановтың жайлымдық өңірі. Аталған карталар қазақ тарихынан сыр шертетін маңызды карталардың аз ғана бөлігі болып табылады. 18-19 ғасырлардағы басқа карталарды тәптіштей қарасақ, мұнан да көп тарихи деректерді кездестіреміз. Бұлар тек карта емес, қазақ хандығының тарихи шекарасынан мәлімет беретін бірінші қол материалдар болып табылады.

19 ғасырдың орта шенінен кейін орыс ғалымдары аталмыш тауға шартты түрде «жоңғар» сөзін қосып, жаңа атау жасап шықты.

Абылайдың ұлы Сүйіктің осы картадан кезігуі қазақтың мемлекеттік шекарасы тарихы үшін құнды материал болып табылады. Сүйіктің әкесі Абылай ханның өзі де 1766 жылғы Цяньлун картасында аталады, онда Абылайға қарасты ел «Абылай қазақтары» деп көрсетілген.

(Карта 4)

Цяньлун картасындағы Абылай Қазақтары

Хандарымыздың, сұлтандарымыздың әлемдік карталарда кезігуі қазақ мемлекеттілігі және оның шекарасы туралы құнды дерек болып табылады. Екі картада да қазақ хандығының шығыс шекарасы тайға таңба басқандай көрсетілген.

19 ғасырдағы Еуропа жиһанкездерінің еңбектерінде қазақ жеріндегі жер-су аттары көбінесе қазақша атаулар бойынша аталды. Мысалы, мажар ғалымы, түркітанушысы Арминий Вамбери өзінің «Орталық Азияға Саяхат» атты еңбегінде Петропавлды «Қызылжар» деп атайды. Әйгілі ғалым Зәки Уәлидиддің 1942 жылы сызған Түрік елі картасында Қазақстанның солтүстігіндегі қалалар түгел қазақша атымен көрсетілген: Qyzyl-yar (Petropavlovsk), Ombi (Omsk), Talqala (Orsk), Teke (Uralsk), Üyšik (Guryev), Yedi-tam (Alash Orda. Semipalatansk). Әрине, Зәки Уәлиди мұны ойдан құрастырған жоқ, қазақша атауын тарихи деректермен қоса, сол кезде қазақтардың өз атауы бойынша алғаны анық. Қазіргі Атырау қаласының тарихтағы қазақша аты Үйшік, ол «кішкене үй» деген мағына бермейді, көне түркілік ұш+ық сөзінен құралған: ұш бірдеңенің ұшы, өзеннің ұшы, ық-жұрнақ. Осыдан орыстың учуг сөзі шықты. Аталмыш сөздің мағынасы «өзеннің төменгі жағын буып, балық ұстайтын жер», немесе «өзеннің ұшын буып, балық ұстайтын жер». Үйшікте ежелден балық ұстайтын осындай жер болған.

(Карта 5)

Зәки Уәлидиддің 1942 жылы сызған Түрік елі картасындағы қазақ қалалары.

Жер атында тарих хатталған. Осы аталған қазақша жер аттары 1766 жылғы Цяньлун патшаның шүршітше картасында да кезігеді.

Жеті-Там қазіргі Семейдің қазақша аты. Орыс деректерінде Семь палат топонимі XVIII ғасырдың басында пайда болды. 1718 жылы орыс солдаттары Семь палат қамалын салды. Қамалдың аты сол жердегі діні құрылыстың атымен аталды. Михайл Федорович патшаның Түмен губернаторына 1616 жылғы жарғысында бұл монастырь Тас мешіт деген атпен аталады. Тарихи әдебиеттер мен карталарда оны Доржіхит (Доржи монастырі) деп те атайды. Мысалы, Филипп Йохан фон Штраленберг (1676–1747) картасында Семейдің орысша аты (Семи Палат) мен жоңғарша аты (Тархан Джурчи Зумее) аталады. Осы арадағы Тархан Джурчи будда ламасының аты, Зумее жоңғарша сүме немесе монастыр деген мағынада.

Семей (орысша Семи-дің қазақша дыбысталуы) өз атауын осы хиттің (бұтхананың) аман қалған жеті ғимаратынан алды. Жеті-Там атауы Семи Палат атауымен қатар шықса керек. Қазақтың жер-су аттары тарихында қос тілді немесе үш тілді жер аты қатар өмір сүрді. Мысалы, Клапроттың 1836 жылғы картасында Талдықорғанның шығысындағы Ақсу өзені Цаған-усу немесе Ақсу деп көрсетілді. Жоңғарша-Қазақша бір мағына беретін өзен аты. Әрине, Жеті-Там атауы да осы заңдылыққа сәйкеседі.

Абрамов Н.А. Областной город Семипалатинск. — Записки Русского географического общества по отдел. этнографии. Книга I. Спб, 1861, 115, 116, 117.

(Карта 6)

1730 жылғы Штрахленберг картасындағы Семей.

(Center for Geographic Analysis, Harvard University)

Аталмыш мақала автордың мына монографиясы бойынша қысқартылып жазылды: Nurlan Kenzheakhmet. European-Chinese Imperial Maps and Gazetteers Related to the Kazakh (Qazaq) Khanate and Its Adjacent Regions from the 16th to the 19th Centuries. OSTASIEN Verlag, 2023.

Описание родов Старшего жуза 1825 г. Казахско-Русские Отношения в XVIII-XIX веках (1771-1867 годы).

Atkinson Thomas Witlam. Oriental and Western Siberia: A Narrative of Seven Years' Explorations and Adventures in Siberia, Mongolia, the Kirghis Steppes, Chinese Tartary and Part of Central Asia. Hurst and Blackett, Publishers (London), 1858.

Vámbéry Arminius. Travels in Central Asia. New York, 1865, 438.

Нұрлан Кенжахмет

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1973