Жазушылар Одағы: Келесі төраға кім болмақ?
Мамыр айының он екісі күні Жазушылар одағының кезекті құрылтайы өтеді. Құрылтайда қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері талданып, Одақтың жаңа төрағасы сайланбақ. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде, әдебиетші қауым арасында гу-гу әңгіме жүріп жатыр.
2018 жылы ҚЖО-ның Басқарма Төрағасы болып ақын Ұлықбек Есдәулет сайланған. Ол төрағалық еткен тұста көптеген жас қаламгер Одақ мүшелігіне өтті, Халықаралық әдеби форумдар да ұйымдастырылды. Төрелігін оқырман, жазарман қауым айта жатар. Ал кезекті сайлау несімен қызық?
Тура бір ай бұрын ҚЖО Басқарма төрағасының орынбасары болған ақын Ақберен Елгезек өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында: «Мен бүгіннен бастап Қазақстан жазушылар одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан Құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ» деген жазба қалдырды. Екі күннен соң төрағамен бас араздығы жоқ екенін айтып, «спектакль» сөзінің мәнін өзінше түсіндірді және сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді.
Іле-шала жазушы Арман Әлменбет ҚЖО төрағалығына өзін ұсынатынын мәлімдеп, бағдарламасын жариялады. Кеше, сәрсенбі күні, жазушы-драматург Думан Рамазан фб-парақшасына қазіргі Одақтың жай-күйін жазып, «Мен де өз кандидатурамды ұсынамын» деді. Ол да бағдарлама әзірлеген екен. А.Әлменбет Д. Рамазанды дебатқа шақырып еді, бірақ ол үзілді-кесілді бас тартты.
Мұның алдында Ұлықбек Есдәулет БАҚ-қа берген сұхбатында сайлауға қайта түсетінін және өзін Ақордадағы кураторы да қолдайтынын айтқан. Үш қаламгерден басқа төрағалыққа тағы кімдер үмітті.
Ұзын құлақтан жеткен ақпар бойынша, жазушы Мереке Құлкенов, ақын Ғалым Жайлыбай, ақын-жазушы Нұржан Қуантайұлы да бақ сынап көрмек екен. Дегенмен бұл туралы қаламгерлердің өзі жұмған аузын ашпай отыр.
Осы жолғы сайлаудың бұрынғы сайлаулардан ерекшелігі сол – қаламгерлер алдағы бес жылда атқаратын жұмыстарын бағдарлама ретінде дайындап, халыққа ұсынды. Бұған қоса, оны орындаймын деп те қасам ішті.
Ал Жазушылар одағы керек пе, жоқ па – жалпы жұрттың пікірі екіге жарылады. Бір білетініміз, қасиетті қарашаңырақтың басшылығына кім келсе де, бес жылдан кейін жоғарыдағы сұраққа нүкте қойылатыны анық.
Abai.kz