Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 2173 1 пікір 23 Мамыр, 2023 сағат 11:44

Қытаймен электронды сауда қызып тұр...

Кешегі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатынан мәлім болғанындай Қазақстанның ішкі өндірісі қарқынды даму үстінде екен.

Қазіргі күні Қазақстан 106 елге өңделген өнім экспорттап жатыпты. Бұл мәліметті Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев өз аузымен айтты.

«Өңделген өнімдер экспорты өткен жылы 26,5 млрд АҚШ доллары болды. Биыл 1-тоқсанда өңделген өнімнің сыртқы саудасының жалпы көлемі 18,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кездегі көрсеткіштен 32 пайызға жоғары. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 63 пайызға өсті. Осы кезеңде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 5,9 млрд АҚШ долларын құрады. Өсім 7,6 пайызды көрсетті. 2025 жылы 41 млрд АҚШ долларына жеткізу көзделген», - деді ол.

Вице-министрдің дерегінше, еліміз экспортқа мыс, мыс катодын, ферроқорытпалар, уран, мұнай өнімдерін, күміс, ұн, мырыш, табиғи газ шығарады.

Өңделген тауарлардың негізгі импорттаушылары Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Ұлыбритания, Жапония, Қырғызстан, Грузия, Ауғанстан болған.

Министр мырза сондай-ақ, Қазақстан Қытаймен сауда-саттықтың жаңа форматын енгізетінін де шүйіншіледі.

Атап айтқанда Қытай аумағында өңдеуші кәсіпорындар құрылысымен айналысатын компаниямен келісімшарт жасалған.

«Олар бізге Қазақстанда аймақ құруды, оған Қытайда тұтынылатын түрлі өнімдерді өндірушілерді орналастыруды, экспорт алдындағы тексеру жүргізуді ұсынады. Зертханалар, техникалық реттеу, барлық лицензиялар сол жерде болады. Яғни, Қазақстан аумағында машина не контейнер мөрленіп, Қытай аумағындағы сатып алушыларға тоқтаусыз жекізіледі. Бұл сауда-саттықтың жаңа форматы. Біз оны Қытаймен тәжірибеден өткіземіз. Оларда әлемнің өзге бірде-бір елімен мұндай сауда жоқ. Біз соған қол жеткізе алдық. Мұны Қазақстан Үкіметі тарапынан ілгерілеушілік дер едім», - дейді Қайрат Төребаев.

Сонымен бірге биыл тағы 70 отандық компания Alibaba платформасына шығарылады екен.

«Министрлік шағын және орта бизнес үшін электрондық коммерция нарығына қолжетімділікті жеңілдету үшін ынтымақтастыққа және бірлескен жұмысқа дайын. Біз олардың мол тәжірибесін пайдалана отырып, өз күш-жігерімізді қазақстандық кәсіпорындарды цифрлық нарыққа шығаруға бағыттаймыз. Экспорттаушыларды қаржылық емес қолдау құралдарының бірі - отандық экспорттаушыларды Alibaba.com электрондық платформасына шығару. 2020-2022 жылдары Alibaba платформасына 220 компания орналастырылды. Платформада орналасқан компаниялар үшін шағын сайттар құрылады. Платформада жұмыс істеу және өз тауарларын жылжыту үшін оқыту вебинарлары өткізіледі.

«Аталған кезеңде бағдарламаға қатысушылардың жиынтық сату көлемі шамамен 225 млн АҚШ долларын құрады. Биыл біз алтын аккаунттар ұсыну жұмысын жалғастырамыз және тағы 70 компания аталған мүмкіндікке ие болады», - деді Қайрат Төребаев».

Миллиард халқы бар Қытай нарығының біздің ел үшін үлкен мүмкіндік екені белгілі. Десе де қоғамда Қытаймен жақындасудың зардабын айтып жатқан наразы көңіл де бар. Пайданы көздегендердің шетелдіктерге сатуға тиым салынған ауылшаруашылық жерлерін Қытай сайттарына, электронды саудаға шығарып жатқан жайттерде отқа май құйғандай болды. Бір жағынан электронды сауданы дамытып, оған қоса визасыз байланысты қатар алып жүру – екі ұшты шешім сияқты. Ең бастысы қазіргі зат бағасы шарықтаған қиын заманда пайдадан гөрі, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407