ҚР СІМ-іне сұрақ: Константин Затулин Байқоңырда не істеп жүр?
Қазақстанға аттап басуы мұң болған Константин Затулин Байқоңырда жүр деген ақпарат кешелі-бері елді шулатты.
Тоқаев Луганск және Донецк сепаратистері жариялаған «ергежейлі мемлекеттерді» мойындамайтынын айтқаннан кейін: «Қазақстанда Украина сценарийі қайталануы мүмкін» деген, сонымен қоса «еліміздің бірқатар аймағы тарихи тұрғыдан Ресейге тиесілі» деп көкіген кісәпір Константин – Ресей МемДумасының депутаты.
Осы сөзден кейін паспорт тексеру аймағында оны Қазақстанға өткізбей қойған. Сол Затулин «Газета.Ru» сайтына екінші күн қатарынан Байқоңырда жүргенін айтыпты.
«Біз кеше Мәскеуден Байқоңырға келдік. Қазақстан кеденшілерімен құжаттық тексеру барысында мәселе болғаны рас. Біз сол тексеру аймағында біраз уақыт жоғалтуға мәжбүр болдық. Шекарашылар мені неге өткізбей тұрғанын нақты айтпады. Біз елшілікке мәселені жеткізген соң, бұл түсініспеушілік шешілді», – дейді Затулин.
Затулин сөзіне сенсек, оның қазақ жеріне келуінде саяси астар жоқ екен. Ол тек Байқоңырда теннис турнирін тамашалап, қаладағы ресейліктермен кездесуді көздепті. Айтпақшы, Қазақстанның біртұтастығына нұқсан келтіретін даулы пікірдің иесі: «Екі ел арасындағы достық қатынасты нығайтуға күш саламын», – дейді.
Abai.kz