Жұма, 19 Шілде 2024
Алаң 2409 2 пікір 23 Мамыр, 2023 сағат 13:19

Ресей қазақ уранындағы ізін жасыруға тырысуда

Россотрудничествоға барлық мүмкін тетіктер арқылы, Росатомның қазақ уранының жартысын қолына түсіруіне байланысты негативті жуып шаюға тапсырма берілді. Кремльге бағынатын, Қазақстанда жұмыс істейтін Sputnik.kz, Zakon.kz ақпарттық порталдары Ресейдің урандағы үлесін азайтып көрсететін ақпараттар тарата бастады, деп жазады DALA INSIDE

Жақын арада Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов сынды Россотрудничество пулындағы саясаттанушы/блогерлердің материалдары да жарық көрмек. Онда қазақ уранын Ресей өндірсе, онда тұрған ештеңе жоқ деген месседждер айтылатын болады. Бірақ Россотрудничество үлкен проблемаға тап болуда - оның қазақтілді аудиторияға сөзі өтетін тұлғасы болмай тұр. Тек оппозицияның бір жас өкілімен келісімге келгендей болған. Бірақ ол тек Ресейдің Қытайға қарсы астыртын ақпараттық ойындарына ғана көмектесе алатынын білдіріп отыр.

Росатом Қазақстандағы ең ірі уран запастары жатыр деп болжанған «Буденовское» кен орнының жартысын өз бақылауына алған болатын. Осы стратегиялық жүрістен кейін, 2-3 жыл айналасында қазақ жеріндегі уран өндірісі бойынша Ресей Қазатомпроммен теңеседі, ал 5-7 жылда, егер басқа ойыншылардың үлесін астыртын сатып ала бастаса, тіпті бізден артық өндіре бастауы мүмкін.

Росатом «Буденовское» кенішінің 49 пайызына иелік ететін Степногорск тау-химия комбинатын (СТХК) Яков Клебанов пен Василий Анисимовтан сатып алды. @NRG_monitor дерегі бойынша, салықтарды есептегенде мәміле құны 1,6 миллиард долларды құраған. Росатом үшін бұл тамаша келісім. Ал Қазақстанға одан еш пайда түспеді. Клебановтар кезінде осы комбинатты Кәрім Мәсімовтың көмегімен арзанға алған еді. Бұл жердегі басты сұрақ, неге қолында басым опционы бар Қазатомпромға осы акцияларды сатып алуға мүмкіндік берілмеді?

Росатомның СТХҚ-ны сатып алуын дайындайтын қимылдар басталғанда, Қазатомпромның көптеген топ-менеджерлері қарсылық білдіріп, жұмыстан кете бастаған болатын. Олар бұл былыққа араласқысы келмеді. Ал Қазатомпромның акционері бұл мәселеде белден басып жіберді. Бірақ «Самұрық-Қазынаның» да оны өздігінен шешпегені, түпкі шешімнің сол жағалаудағы ең үлкен кабинетте немесе Кремльде қабылданғаны анық. Ең қызығы, біз стратегиялық уран запасымызды олардың қолына ұстата салуымыз үшін, Ресей бізге қандай уәде берді? Бұған жауап жоқ.

Бас Прокуратура өзі үшін бұл мәселені қарындаштың ұшына түртіп қойды, дейді DALA INSIDE дереккөзі. Қазір болмаса да, 7-8 жылдан кейін үлкен қылмыстық істер қозғалатыны анық. Жауапты тұлғалар істі болар, дүркіреп сот процестері өтер. Бірақ Қазақстан қолын кеш сермеп қалмай ма?

5 жылдан кейін жаппай электромобильдерге өтетінімізді айқын болжауға болады. Такси, көлік, автобус, комбайн, эксковатор, бәрі тоқпен істеп, жаңа типті батареяларға ауысамыз. Сол кезде бензин/дизель құнсызданып, электр тұтынуымыз қарыштап артпақ. Сонда уранның болашақтың отыны болатыны сөзсіз. Ертең алтынға бағаланатын дүниені қазір бақырға, су тегінге беріп отырған қылығымыз еш логикаға сай келмейді.

Ресей СТХҚ-ны сатып алғанымен, ол жерге әлі қанатын жайып, орнығып үлгермеді. Сондықтан қазақ қоғамындағы осы сұраққа қатысты толқулардан қорқады. Себебі, жер мәселесі сияқты халық көтерілсе, Қазақстандағы құзырлы орган келісімді заңсыз деп тауып, комбинатты мемлекет меншігіне қайтарып алуы мүмкін. Сол себепті Россотрудничество оппозиционерлердің тамырын баса бастады. Росатом да қазақ аудиториясымен жұмыс істеуге бюджет бөлуді ойластырып отыр. Росатомның Россотрудничествомен ортақ жобасы туралы алдағы уақытта айтамыз.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Абай мұрасы

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Досым Омаров 1296
Ой түрткі

Әлмерек абыздың оралуы - Елге діннің оралуы

Бақтыбай Айнабеков 2029
Көршінің көлеңкесі

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Бейсенғазы Ұлықбек 2075