Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Мәйекті 2728 0 пікір 30 Мамыр, 2023 сағат 15:34

Психолог: Бала тәрбиелеудің қандай типтері бар?

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақта. Жас ұрпақтың тәрбиесінің алғашқы түпқазығы отбасынан  бастау алады. Отбасында берілген тәрбие баланың қандай азамат болып қалыптасатынына тікелей әсер етеді. Осы ретте біз отбасылық психолог Балабек Сақтағановтан сұхбат алып, бала тәрбиесі турасында сұрақтарымызға жауап алдық.

Гипер қамқорлық пен тәрбие берудің айырмашылығы бар

Көп ата-аналар «балалардың тұратын үйі бар, тамағын тауып беріп, сұрағанын алып беріп отырмыз» деп, материалдық тұрғыда қамтамасыз етуді тәрбие беру деп ойлап қалады. Тәрбиелеу дегеніміз – ата-ана мен балалардың өзара ынтымақтасып, біріккен іс-әрекетінің және ары қарай алға қойған мақсатқа ұмтылуының көрінісі.

Балаға қамқор болуды да көбіне гипер қамқорлықпен шатастырамыз. Мысалы, енді өсіп келе жатқан бала «нан турайын» десе, «жоқ, сен қолыңды кесіп аласың, өзім тураймын» деп, «ыдыс жуайын» десе, «жоқ, сен дұрыс жуа алмайсың, өзім тез, ұқыпты жуамын» деп балаға әрекет жасауға  мүмкіндік бермейді.

Ата-ана бәрін өзі істейді де, бала кейін алдынан шығатын қиындықтар, мақсатқа жетудегі кедергілерден өтуге қабілетсіздеу болып қалады. Басқалардың көмегіне жүгінеді.

Тәрбие беру дегеніміз – балаға жасаған іс-әрекетіне қарай мақтап, бағалап отыру. Мысалы, бала есеп шығарса, «сен ақылдысың», үйдегі қоқысты шығарып келсе, «сен еңбекқорсың», үйді жинап қойса, «сен ұқыптысың», тоқсандыққа беске шықса, «сен ерекшесің, күштісің» деген сияқты әрбір жасаған іс-әрекетпен баланың қабілетін байланыстырып отыру. Сонда ғана бала түсіне бастайды. Жасалған әрекет пен жағымды мотивация, стимулды байланыстырғанда баланың бойында бірте-бірте бейсаналы түрде іс-әрекет жасағанда, еңбектенгенде ғана олар белгілі бір тұлғаға айнала алатынын, ортада еленетінін түсіне бастайды. Гипер қамқорлық пен тәрбие берудің осындай айырмашылығы бар. Баланы қараптан-қарап мақтай беруге болмайды. Қамқорлыққа ала беруге болмайды.

Жұбайлар баланы дүниеге әкелуге дайындық жасауы керек

Бала тәрбиесінің қай жастан басталауы деген үлкен сұрақ. Психологияда көптеген бағыт бар. Трансперсоналды психологияда «баланы жатырға түскен сәттен бастап 9 ай ішінде тәрбиелей аласың» дейді. Гуманистік психологтар «бала өмірге келгеннен бастап тек жақсылықты, ізгілікті бойына сіңіріп, тек қана жақсыны көрсетіп тәрбиелей аласың» дейді. Менің ойымша, бала тәрбиесіне екі жұп шаңырақ көтергеннен күннен бастап дайындалу керек.

Жұбайлар өздерін рухани әрі физиологиялық тұрғыда даярлау керек. Дұрыс тамақтанып, ізгі ортаға қосылып, жақсы адамдармен араласып, балағат сөздерден, қисық-қыңыр сөйлеуден тыйылып,  темекі, алкогольді тұтыну сияқты зиянды әрекеттерді тастағаны дұрыс. Нашар әрекеттің бәрі адамның бойыннан негатив энергия бөледі.  Ниеті, жүріс-тұрысы түзелген адамнан психологиялық, физиологиялық сау бала дүниеге келеді.

Бала іште жатқан кезде жұбайлар бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болғаны абзал. Аяғы ауыр әйелге мүмкіндігінше ыңғайлы жағдай жасау керек.

Баланы қатқан принциппен тәрбиелеу мүмкін емес нәрсе

Баланың мінез-құлқы әр түрлі ситуацияларға байланысты өзгеріп отырады.Мәселен, «балаларға ешқашан өтірік айтпаймын, осы принципті ұстанамын» деген болмайды. Өмір болған соң, біреудің көңілі үшін өтірік айтамыз, қаламаған нәрсеге келісе саламыз. Ғалымдар «адам күніне жоқ дегенде 100-ге тарта өтірік айтады» дейді. Қарапйым мысал, «Жағдайың қалай?» десе, «жақсы» дейміз. Шындығында жақсы ма,  жаман ба өзімізге аян. Зиянсыз өтірік осыдан басталады. Сондықтан баланы белгілі бір қатып қалған принциппен өсіру деген болмайтын нәрсе. Бәрі баланың мінез-құлқы, темпераменті, типіне байланысты.

Егер холерик болса, оның пікірімен санасып, қатты ашуына тимей сөйлесу керек. Сангвиник болса, онымен күліп-ойнап қарым-қатынас жасайсың. Кейде бір нәрсені ұмытып кетсе, оған кешіріммен қарау керек. Флегматик болса, оны қаттырақ қадағалап, жұмсап, оның ширауына, тезірек қимылдауына, тез шешім қабылдауына бейімдеу керек.

Меланхоликке бір жұмыс тапсырсаң, ол аяғына дейін жеткізеді. Бірақ ақырын істейді. Мұндай балаларға қатаңдық танытпау керек. Осындай мәселелер бар. Бір отбасында, бір әке-шешеден туса да, әр баланың жаратылысы әртүрлі болады. Оның әрқайсысын тәрбиелеуде өзіндік тәсіл керек.

Ұрып-соғу – тәрбие емес

Ұрып-соғып тәрбиелеу ешқашан жақсы нәтиже бермейді. Баланы ұрып-соғу – жазалау, мақтау, марапаттау, қуанту, сыйлық беру сияқты тәрбиенің бір әдісі. Ұрып-соғып тәрбиелеу баланың тұйықталуына әкеледі. Бала ішкі сезімдерін жасырып, өкпелейді, ызаланады. Өсіп, азамат болған кезде өзінің толық қабілетін аша алмайды. Көкейінде «біреудің алдында кінәлі болып қалам ба?!» деген ой тұрады. Тұрақсыз болады, тез ашуланып қалады. Ұрып-соғып тәрбиелеудің нәтижесінде баланың бойында ата-анаға, ортаға деген теріс көзқарас қалыптасуы мүмкін.

Балам мені бағады деу – бала санасына артық жүк салады

Баланы өмірге әкелуді әке-шеше шешеді. Бала өмірге келген соң оны бағу ата-ананың міндеті. Балаға бейсаналы түрде «осы мені асырайды, қартайғанда аузыма су тамызады» деп жауапкершілік арту әлі өмірге көзқарасы қалыптасып үлгірмеген адамға артық, қажет емес жүк болады. «Әке-шешемнің үмітін ақтай алмай қалам-ау» деген ой баланың әртүрлі қиындыққа тап болуына әсер етеді. Мұндайда психикасы бұзылып, агрессия пайда болу мүмкін. Болмаса іштей өз-өзіне ренжіп, көңілі толмай , қабілетін толық аша алмауы мүмкін. Ата-ананың бала алдындағы міндеті – оның жағдайын жасау, дұрыс тәрбие беру, осы өмірге бейімдеу, қанаттандыру, балаға рухани, материалдық тұрғыдан көмектесу, қолдап отыру.

Баланың ата-ана алдындағы міндеті – берген тәрбиені бойына сіңіре отырып, дұрыс азамат болып қалыптасу. Ата-ана баласына асыраушы ретінде қарамай,  оның ел алдында дұрыс адам болып өмір сүріп кетуіне күш салу.

Бала тәрбиелеу типтері бойынша ата-ананың тәрбие беруінің 3 түрі болады.

Ата-ана «менің ғана айтқаным дұрыс, айтқанымызбен жүресің, біз не әперсек соны киесің, соны жейсің, отыр десе отырасың, тұр десе тұрасың» деп баланың пікірімен санаспайтын болса, бұл – автократиялық тип.

Демократиялық тәрбиелеу түрі бар : баламен ақылдаса отырып, баланың пікіріне мән бере отырып, ата-ана мен баланың ойын ортаға салып, тең дәрежедегі қарым-қатынас орнату болып саналады.

Ал либералдық қарым-қатынас дегеніміз – ата-аналардың жұмыстан қолы тимей, балалардың тәрбиесін тыс қалдыруы. Бала өмірге көзқарасын өзі қалыптастырып, не нәрсені дұрыс деп санаса, сол жолмен жүреді. Ата-ананың рөлі бұл жерде төмендеп кетеді.

Баланы қатарынан қалдырмауға күш салу керек

Әке-шеше баланы өмірге әкелген соң, оның қатарынан қалмай өмір сүруіне мүмкіндік туғызуы керек. Қазіргі уақытта өмір күреске, бақталастыққа , бәсекелестікке толы. Сондықтан балалар да сол бәсекелестікке қабілетті болуы керек. Қатарынан қалмау дегеніміз – баланың ортасы қандай киім киіп жүр, қандай техника ұстап жүр, қандай жерлерге барып жүр дегенге саяды. Бала содан қалмауы керек. Өзінде болмай қалса, ол өзін қатарынан төмен санайды. Бұл бірте-бірте баланың ортада орнының төмендеуіне әкеледі. Әрине, бұл баланың бүкіл айтқанын орындау дегенді білдірмейді. Жағдайды түсіндіруге болады. Дегенмен де төмен отбасының баласы жоғары отбасының балаларымен қатар жүретін болса, бұл  баланың психикасына әсер етеді. Өзіне, ата-анасына, қоғамға, мемлекетке деген реніш тууы мүмкін. «Неге мен осы отбасында тудым екен, мен неге жақсырақ отбасында тумадым» деген ойға әкеледі.

Адам ойларға бақылау жасай алмайды, ой ағыны адамға келеді, кетеді. Балаларды мүмкіндігінше қатарынан қалдырмауға, бәсекелестікке қабілетті болуына мүмкіндік жасау керек. Айтқанға өте қарапайым нәрсе, бірақ бұл баланың бәсекелестікке қабілетті болуына әсер етеді.

Ең бірінші ата-ана бір-біріне деген махаббатын көрсетуі керек

Отбасында әке мен ана жылы қарым-қатынаста болуы керек, бір-біріне махаббаты бар екенін, сүйіспеншілігі бар екенін көрсетуі керек.

Әке-шешесі ит пен мысықтай болып отырып, балаға «Сен дұрыс бол!» деп айта алмайды. Өздері арақ ішіп, темекі шегіп отырып «Сен ішпе, шекпе!» деп айта алмайды. Ең бірінші әке мен ана дұрыс жолмен жүріп, дұрыс әрекет жасауы керек. Соны көріп өскен бала да қайталайды. Бала отбасында көрген тәрбиесін, іс-әрекеттері мен сөздерін есейгенше дұрыс, қалыпты деп қабылдайды.

Балаларға бүкіл махаббатты төгу керек. Күніне жоқ дегенде 5-6 рет маңдайынан сүйіп, иіскеп, мейіріңді көрсету керек. Жақындап қасыңа келгенде құшақтап, баланы жақсы көретініңізді сөзбен емес іспен білдіріп отыру керек. Бала ешқашан өзін көршінің баласымен салыстырмау керек. Әрбір бала ерекше, әрбір бала тұлға. Балаға артықшылықтарын алға шығарып, кемшін тұстарын жетілдіруге мүмкіндік беру керек. Баланың пікірін үнемі тыңдау керек. Айтқанын соңына дейін тыңдау керек. Баланың пікірімен санасу керек. Ата-ана баланы құрметтейтін болса, бала да есейгенде ата-ананы құрметтейтін болады.

Қазтай Аяна Серікқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052