Жастардың әдебиеттегі рөлі. Өткеннің ескегі
Семей өңірі тума таланттардан кем емес. Сол себепті қазіргі әдебиетке келген жаңа толқынның ірі өкілі аудармашы, айтыс ақыны және әдебиет тарихының зерттеушісі атанып, өзінің сан қилы талантымен әдеби ортаны тамсандырып жүрген жас дарын Ерік Омарғалидан «жастар және әдебиет» төңіріндегі өз ойын ортаға салуды өтінген еді. Ерік бауырымыз сөзге келмей Абай кз оқырмандарына арнап төмендегі маржандай ойларын ақ қағаз бетінде төгілдіріп ұсына білді. Сонымен пікір - бізден, тұщыну - сізден. Жас талап әдебиетшінің өзіндік ой толғамын қабыл алыңыздар!
Балалар әдебиеті - төл әдебиетіміздің өскелең де балауса-балғын саласы деп ескеремін. Бастау-қайнар бұлақтарын салған саралар болды. Оның өзі бір абырой. Ол сала — ауыз әдебиет үлгісінде озық дегенімізбенен де...
Қалай дегенмен де, оның өзіндік өрнегімен өсу, өрге ұмсынып өркендеу жолдары бар. Айталық: мектепке дейінгі аралық; бастауыштық; орта буындық; жоғары буындық; - болып жалғасып кетеді. Әдебиет жанры да соған сай ерекшеленеді.
Балалар әдебиеті дегеніміз таным-тағылым мен әрі мөлдір білім беретін сана саңлауындағы «шексіз қияли әлемдегі» өмір оқулығы екені даусыз.
Біздің елдегі қарқыны, қарыштау сатысы биіктеуде ме? Белгілі межесіне жетті ме, қалай?
Кәдуілгі, әлгі.. зырылдауық комиксі былай тұрсын. Анимелік те жаңашылдық белең алғалы қаша-а-а-н... Бұл, бірақ, біздің өлкеде емес...
Зере... Зәмзәгүл әжелердің заманы, кинодан болмаса, көзден бұл-бұл ұшқаны да ақиқат. Көкжәшігіңді пысқырмайтын слышкім «аити-роб» ғаламына дендеп кеттік қой, түге.
Ендігі бұ мәселенің түп-төркініне ойыссақ.
Кітаптар (балалар әдеби шығармашылығы) жазылады, егер, авторлар көктей дүркіресе. Ал оған қызығушылық таныту керек пе деп ойлаймын өз басым. Бірсін-бірсін екшеле келе, кесек шығармалар — драматургия синтезімен экранға шықпақ. Міне, балалар әдебиетінің бір жарық тұсы осында жатса керек-ті. Жоқ, мүлдем жоқ деп айтудан ада-аулақпын. Құдайға шүкір, бар. Баршылық. Бар кінәрат, дүмбілез қоғам назарын аудартуда болып отырған секілді. Олай дейтін себебім, аздаған шоғыр шығармашылық өкілдері үкіметтен жеке дара, осыған орай бір пәрмен- қуат қажетсінетіндей...
Қолдау болса, шешімдер шығарып, бағдарламалар бекітсе... Балалар әдебиетінің келешек сапары дамитынына имандай сенемін, сенгім келеді!
Әдебиет - халықтық әпсанадан құралады десек, одан еш қателеспеспіз. Тұжырым бұл. Дегенмен де, әр халықтың өз ауыз я жазба әдебиеті болады. Онсыз, оның өткен фольклоры мен бүгінгі, ертеңгі үні - мұнар.
Әрбір дәуірдің жаршысындай, әдебиеттің өз өкілдері толқын - толқын, лек -легімен толассыз келіп отырады. Құдды бір асқар таудан тасып аққан тасқын судай...
Замана желіне қарсы желқайықтай теңізде еркін жүзген ұлт жанашырларының лепес те көпес туындылары соның мысалы іспетті. Ахаң айтпақшы: «ел - бүгіншіл, менікі - ертең үшін». Осынау тәмсіл сөздің күш -құдіреті тереңге бойлатып, жұмыр құйқаңды шымыр еткізетіні рас та.
Шығыс ойшылдары да көп толғаған, толғанған да осы - «асыл сөз», - ардың ісі - ол Әдебиет. Ешбір ұлт, мұнсыз, ұлттығын, еркіндік ойын сақтай алмас, сірә да.
Ғасырлардың қатпар дарақ - парақтарында қашалған әдеби мазмұндар - өзіндік қуатын жоғалтқан емес. Қайта әсіре жаңғырып, жаңару үстінде. Қай ұлттың болмасын, онда - болмысы, арман - мұраты асқақ жырланып, алтын тастай жазылған...
Батыс халықтар Әдебиеті - өзінше өрнек салына әуен - үйлесімді келгеніменен, ол да «ұлы жүректер» дүрсілі, халық - жады, сана сәулесі. Көнесі бар, ортаңғысы, кейінгісі, жаңа посмодерндік түр - нақыштысы... бәр - бәрі түптеп қазсаң, бір тамыр, бір үнде... Тек айырмашылығы: Уақыт пен Әліпбиінде соныланады.
Ал біздің бүгінгі Әдебиет айдыны қандай? Тереңінде ме, жоқ әлде, қайызында ма?
Оның белді - белгілі өкілдері кімдер? Міне, сұрақтың мөрлісі, ойдың зерлісі сонда тұр.
«Жалынмен оттан жаралған» - КИЕЛІ СӨЗДІ, сом болаттай соққан - алыптарына мың тағзым.
Қош. Енді, жастар, яғни бүгінгі әдебиетке оралайық. Буынды әдебиетке, туынды түр салған, жалынды да дарынды жастар қатары көбеймесе, сейілмес. Қуантарлық, қуанарлық. Құп. Олар не жазып жүр? Оларды қандай мәселе ойландырады? Күрделі соқпақ жолдың дара тұрғандары қайда бағыт алып барады? Соңғы аялдамасында не, нелер күтпек? Әйтеу, ұзын - ырға бітпес, тұйықсыз қағажу «сұрақтар» толастамай тұрары хақ.
Түркілік сарын - толғауларға татиды ма - Солар?
Тәңірдің көлеңкесінде екенін сезді ме - Бұлар? Біртабан шолу жасаудың өзі де, қандайлық болсын, тереңдеу пайым - пәлсафасына ой - жүйені шырмап әкетеді... Елге мәлім, телесандықтың «ұлттық арнасындағы» әдеби апталық бағдарлама аталатын «Үркер» соған саф дәлел. Поэзия...Проза... Қос алып кемедей творчество дүниесі - Әдебиет саумалын сапыратын даңғыл жол сынды. ...Жә, жақсы делік. Ендігінің сөзі түзу. Өткеннің тезі неде, немен өлшенеді? Өлшенді?
Шекспир несімен әйгілі еді?!
Пушкин ше?! Одан... Онан арғысын да...
«Кезегімен тізсең, тіпті таусылмас...».
...Абайды кеміріп жүргеніміз ақиқат. Фарабисіз Біз – Шығыс емеспіз! Күлтегіндер арыда...
Адамдықтың асыл нәсілі - Әдебиетте!
Өркениет - жаһандану процесін оны аттап, бастан өткермес те.
Осы орайда, көрнекті жазушымыз, Сайын Мұратбековтың мына бір сөзіне үңілсек пе деймін: «Жастар туралы сөз – болашақ туралы сөз. Жастарға қамқорлық – болашаққа қамқорлық. Әдебиет әлеміне жаңа қадам басқан жас жайында жиі сөз қозғап отыру – оның жаңа бүр жара бастаған балаң творчествосының жапырақ жаюына, буынының тезірек бекуіне жәрдемі тиері сөзсіз.» - депті, шіркін! Бұдан асып мен де ештеңе алып - қоспағаным жөн шығар?! Сөз тәмәм.
Ерік Омарғали
Abai.kz