Президенттiң вето қоюына негiздер жеткiлiктi
Әйелдердiң зейнет жасын ұзартуды былтырғы жылдан берi қаузап жүрген Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко ақыры мұнысын ақтайтын салмақты дәлелдi тапқандай. Осы күнге дейiн ананы бiр, мынаны бiр сылтауратып, түрлi себептердi алға тартқан бас банкир ендiгi жерде “егер әйелдердiң зейнет жасын көтермесе, бюджеттен алдағы он жылда зейнеткерлерге бөлiнетiн сома 19,6 миллиард долларға жетедi” деп қойып қалды. Байыпты сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.
БАС БАНКИРДIҢ ДӘЛЕЛДЕРI
Григорий Александрұлының өзi әйелдердiң зейнет жасын көтеру бастамасы өзiне тиесiлi емес деп ат-тонын ала қашқаны бар. Десек те, былтырғы жылдан берi бұл тақырыпқа тым көп мойын бұрып, пiкiр бiлдiрген соның өзi. Бастапқыда бұл бастамаға қарсы шыққан еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi артынан аталған заң жобасын дайындауға кiрiстi. Таяқтың бiр ұшы Ұлттық банк заң жобасын жасауға және ұсынуға құқы жоқтығына барып тiрелетiндей. Сол себептi халықтың наразылығын тудырған заңды Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi дайындап, ұсынуға мәжбүр болды.
Әйелдердiң зейнет жасын ұзартуды былтырғы жылдан берi қаузап жүрген Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко ақыры мұнысын ақтайтын салмақты дәлелдi тапқандай. Осы күнге дейiн ананы бiр, мынаны бiр сылтауратып, түрлi себептердi алға тартқан бас банкир ендiгi жерде “егер әйелдердiң зейнет жасын көтермесе, бюджеттен алдағы он жылда зейнеткерлерге бөлiнетiн сома 19,6 миллиард долларға жетедi” деп қойып қалды. Байыпты сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.
БАС БАНКИРДIҢ ДӘЛЕЛДЕРI
Григорий Александрұлының өзi әйелдердiң зейнет жасын көтеру бастамасы өзiне тиесiлi емес деп ат-тонын ала қашқаны бар. Десек те, былтырғы жылдан берi бұл тақырыпқа тым көп мойын бұрып, пiкiр бiлдiрген соның өзi. Бастапқыда бұл бастамаға қарсы шыққан еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi артынан аталған заң жобасын дайындауға кiрiстi. Таяқтың бiр ұшы Ұлттық банк заң жобасын жасауға және ұсынуға құқы жоқтығына барып тiрелетiндей. Сол себептi халықтың наразылығын тудырған заңды Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi дайындап, ұсынуға мәжбүр болды.
Соңғы кездерi тiсқаққан сарапшылар Григорий Александрұлының келтiрген дәйектерi бос, сылбыр және жалаң эмоцияға негiзделген деген пiкiр бiлдiрiп жүр. Айтса айтқандай-ақ, бастапқыда Г.Марченко гендерлiк теңдiктi алға тартқан-ды. “Зейнет жасын теңестiру жөнiндегi ұсыныс бұрыннан бар. Алайда қазақстандық журналистика ар-ұят түсiнiгiнен жұрдай болғандықтан, оны маған қыстыра салды. Менiңше, бұл – бiрқатар журналистiң маған жасаған арамзалығы. Бұл мәселенi талқылау керек. Бiрақ талқылағанда да нақты сандарды негiзге алып, сабырмен қарау керек”, – дедi Г.Марченко былтырғы жылы маусым айында өткен баспасөз мәслихатында. – Зейнет жасын көтеру – жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң емес, бiрыңғай зейнетақы жүйесiнiң, қажет десеңiз, гендерлiк теңдiктiң мәселесi. Бiзде зейнет жасындағы 2 миллион әйел бар, ал зейнетке шыққан ер адамдардың саны – 800 мың. Бiр елде 50 пайыз протестант, 50 пайыз католик тұрады делiк. Протестант он жылға ұзақ өмiр сүрсе де, зейнетке бес жыл бұрын шықса, мұндай қоғамда не болар едi? Варфоломей түнi болар едi. Сондықтан әйел ағзасының ерекшелiктерi немесе бұл қоғам әйелге әдiлетсiз деген сылтауды алға тартқанша, сандарға қараңыз”.
Осы жерде сөзiн бекiте түсу үшiн Қазақстандағы әйелдердiң жағдайын Ұлттық банкте қызмет ететiн әйелдермен салыстырып өттi. “Ұлттық банктегi басшылық орындардың 53 пайызы әйелдердiң еншiсiнде. Ұжымның 67 пайызы – әйелдер. Тең еңбек үшiн әйелер ерлермен тең жалақы алады. Ұлттық банктегi әйелдерге арналған дәретханалар саны да ерлердiкiнен екi есе көп. Бiзде декреттiк демалыстағы әйелдер елдегi осы орташа көрсеткiштен он алты есе көп. Себебi оларға дұрыс қарайды, жұмыс берушi оларды қанап, жұмыстан шығаруға тырыспайды. Ұлттық банкте гендерлiк теңдiк принциптерi сақталады және құрметтеледi. Сондықтан Ұлттық банктегi әйелдер зейнет жасын теңестiрудi қолдайды”. Бұл орайда елдегi жалпы әйелдер қауымын бiр ғана мекемеде қызмет ететiн нәзiк жандылармен салыстыру қаншалықты орынды деген сұраққа ол бас қатырып жатпады.
Ендi сенатқа жеткен Марченко Жоғары палата депутаттарын “үрейлi” сандармен қорқыта бастады. Айтуынша, әйелдердiң зейнет жасын көтермесе, 2023 жылға дейiн зейнеткерлерге бюджеттен төленетiн сома 19,6 миллиард долларға жетпек. Ал бұл зейнетақы жүйесiн банкротқа ұшыратады. Мұны естiген бiрқатар депутат шынында да алаңдап қалды.
Бас банкирдiң алға тартатын тағы бiр дәлелi – 60 жылдан кейiн мұнайдың таусылатыны. Сарапшылар алдағы 60 жылды ойлау – бiздiң шенеунiктерге тән емес қасиет дейдi. Шенеунiктердiң мұнай таусылғаннан кейiнгi өмiр не болмақ деген мәселеге бас қатырып, соның негiзiнде шешiм қабылдауы – елiмiзде бұрын-соңды болмаған таңғажайып оқиға.
Кеше Ұлттық банк ақпарат құралдарына зейнетақы жүйесiнiң модернизациясына қатысты жиi қойылатын сұрақтарға жауап жiберiптi. Онда әйелдердiң зейнет жасын ұзартудың себептерi түсiндiрiлген. Ұлттық банктiң мәлiметiнше, бұл ұсыныс сонау 1997 жылдан берi айтылып келедi екен. “1997 жылы 12 мамырда ҚР үкiметi бекiткен зейнетпен қамту жүйесiн реформалау жөнiндегi тұжырымдамада ерлер мен әйелдердiң зейнетке шығу жасы 2016 жылға дейiн бiрте-бiрте теңесетiнi айтылған. Бұдан бөлек 2011 жылдың қыркүйегiнде зейнетақы жүйесiнiң дамуы жөнiндегi ұсыныстар әзiрлейтiн комиссия құрылды”.
Осы ақпаратта Ұлттық банк Г.Марченконың бұған дейiн келтiрген деректерiн тағы бiр мәрте қайталап, қайсыбiреулерiн кестемен бекiте түскен. Шешiмiнiң дүрыстығын дәлелдеу үшiн Германия, КСРО, Грекия мысалдарын алға тартқан. Мұны былай қойғанда, Ресейдiң мысалына сiлтеген. Бұл ретте бiздiң Ұлттық банк зейнет жасын ұзартудан бiржолата бас тартқан Ресей үкiметiне былай деп кеңес бередi: “Ресейдегi ерлердiң өмiр сүру жасының орташа ұзақтығы – 63,8 жас, әйелдердiкi – 75,5 жас. Орташа болжаммен бұл 2030 жылға қарай сәйкесiнше 68,9 және 78,9 жасқа дейiн көтерiледi. Ал жұмыс iстейтiн адамдардың саны қысқарып, жұмыс iстейтiн азаматтар мен зейнет жасындағылардың арақатынасы арта бермек. Егер зейнет жасын ұзарту, еңбек өтiлiн арттыру тәрiздi шаралар қолданбаса, Ресей Федерациясы зейнетақы қорының тартатын тапшылығы арта бередi”. Зейнет жасын ұзартпаймыз деп нүкте қойған Путинге бiздiң Ұлттық банктiң бұлайша ақыл айтуы тiптi күлкiлi ендi.
“ОН ЖЫЛДАҒЫ ҮНЕМ – 365 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ”
Бiз Марченко келтiрген дәлелдер қаншалықты сенiмдi деген сұрақты сарапшыларға қойып көрдiк. Оның iшiнде әйелдердiң зейнет жасын көтермесе, бюджеттен зейнеткерлерге төленетiн сома он жылдың iшiнде 19,6 миллиард долларға жетедi деген дерек қаншалықты рас деген мәселеге тоқталдық. Бұл есептеудi Ұлттық банктегi актуарийлер жасаған едi.
“Бiрiншiден, бұл есептеулер осы күнге дейiн еш жерде жарияланбады. Ал бұл маңызды мәселе болғандықтан, барлық мәлiметтер ашық және қолжетiмдi болуы керек. Есептеулердi жасырып, осының негiзiнде мәлiмдеме жасау бұған сенiм бiлдiруге мүмкiндiк бермейдi, – дейдi Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ. – Екiншiден, 19,6 миллиард доллар немесе 2,9 триллион теңге – бұл 2023 жылы төленетiн барлық зейнетақы сомасы бойынша болжам. Егер инфляцияны шегерiп тастасақ, бұл 2013 жылы 0,9 триллион теңгеге тең. Қазiр бюджеттен осы бағытта төленетiн сома да осы 0,9 триллионға тең. Бiрақ нақтылы бюджет те өсiп жатыр. Айталық, соңғы он жылда ол 7 есе өстi. Алдағы он жылда ол кем дегенде 3-4 есе өсуi керек. Демек, бюджеттен зейнетақы төлемдерiне жұмсалатын сала мөлшерi салыстырмалы түрде өзгермейдi. Мұндай нақтылы сандарды салыстырмалы талдаусыз көрсету қисынсыз. Үшiншiден, белгiлi бiр шара туралы сөз қозғағанда жалаң сандарды алға тартпай, бұдан түсетiн үнемдеудiң әсерi туралы айту керек. Зейнетақы жасын көтерудiң арқасында 2014-2023 жылдар аралығында үнемделетiн жалпы сома 365 миллиард теңге болмақ. Бұл цифр инфляция көрсеткiшi шегерiлген 2013 жылғы бағаларда көрсетiлген. Айтпақшы, бұл есептеулерде бiрыңғай жүйеден зейнетақы алатындардың қатары бiртiндеп азаятыны есепке алынбаған. 2018 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң ендiрiлгенiне 20 жыл толмақ. Демек, 1998 жылға дейiн зейнетке шығып, бiрыңғай жүйеден зейнетақы алып отырғандардың қайтыс болу процесi өсе бередi”, – дейдi экономист.
“ҮКIМЕТКЕ ЖАҢА КАДРЛАР КЕЛУI КЕРЕК”
Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар ӘЛIБАЕВ та 19,6 миллиард доллар деген санға күмән келтiрдi. “Бiз бұл соманы есептедiк. Ол тым асырылып көрсетiлген. Алдағы он жылда бюджеттен зейнеткерлерге төленетiн қаржы асып кетсе 2,3 миллиард долларға жетеқабыл. Марченконың әлгi цифрды қандай саусақтан сорып алғанын бiлмеймiн. Бiрақ шындыққа жанаспайтыны көрiнiп тұр. 58-63 жас аралығындағы әйелдердiң азғантай бөлiгiне сонша қаржы жұмсалса, онда олардың жұмыс iстемей-ақ қоюына болар едi”, – дейдi сарапшы.
А.Әлiбаев қоғам наразылығын тудырған заң жобасын қабылдауға ешқандай экономикалық, әлеуметтiк, саяси негiздер жоқ дейдi. Себебi бюджеттiң кiрiс бөлiгi қатты тапшылық көрiп отыр. “Мұнай бағасы төмендедi, тау-кен шикiзатының құны түстi, шағын және орта бизнес құлдырап, салық аз түсуде. Ал өнеркәсiп атымен жоқ. Сондықтан Жәмiшев түрлi айлаға басып, қарызға ақша алудың жолдарын iздестiрiп жатыр. Бюджетке түсетiн ақша тапшы болғандықтан, шенеунiктерге кiрiс бөлiгiн толтырыңдар немесе шығыс бөлiгiн қысқартыңдар деген бұйрық берiлдi. Толтыру мүмкiндiгi аз, сондықтан олар баяғы халық есебiнен қысқартуға кiрiстi”.
Ол сондай-ақ заң қабылданған күннiң өзiнде мемлекет бұдан түк ұтпайды деген пiкiр бiлдiрдi. “Президенттiң бұл заң жобасына вето қоюға негiздер жеткiлiктi. Сонда бұл дұрыс және мықты қадам болар едi. Наразылық төмендеп, билiкке сенiм артар едi. Ал былайша, мемлекет заңнан түк ұтпайды. Себебi мемлекеттi тиiмсiз басқару жүйесi бүкiл үнемдеудiң әсерiн жоққа шығарады. Түптеп келгенде, үкiметке кадрлық реформа керек. Бюджет қаржысын жұмсаудың тетiктерiн реттейтiн жаңа адамдар қажет. Бюджет қаржысын тиiмдi жұмсауды ретке келтiрсе, қыруар ақша үнемдеуге болар едi. Айталық, бюджет қаржысын мақсатты жұмсау немесе мемлекеттiк сатып алуларды үнемдеудiң арқасында бүкiл әлеуметтiк мәселелердi шеше алар едiк. Қазiргi шенеунiктер мұны бiлмейдi емес, жақсы бiледi. Бiрақ оларға осы жүйе тиiмдi. Себебi өз мүддесiн осындай жолмен шешiп жүр”.
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
"Жас Алаш" газеті